КӨҢІЛ АУЛАҒАННАН КЕМІП ҚАЛМАЙСЫҢ

 Қыс мезгілі қытымырлық жасамағандықтан шығар, биылғы көктем ерекше. Қай күні азанғылық ұлпадай аппақ қар жауды. Оны біреулер «құс қанаты» деп атады. Сірә, жыл құсының ұшып келер кезімен байланысты айтылса керек. Енді біреулер «наурыздың ақша қары» деп жатты. Кәдімгі  «Қыз Жібектің ақтығы, Наурыздың ақша қарындай, Ақ бетінің қызылы, Ақ тауықтың қанындай» деп дастандарда жырланатын «ақша қар» осы болар. «Жібектің сұлулығын қаңтарда немесе ақпанда жауған қарға емес, наурызда жауған қарға теңеуде не сыр бар?» деген сауалдың жауабын сол күні жауған қардың әдемілігін тамсана тамашалаған соң тапқан сияқтымыз. Осындайда әйел жанының сұлулығы, гүлдей нәзік бола тұра тастан берік табандылығы туралы өнегелі әңгіме тыңдағың келеді.

Сегізінші наурыздың қар­саңында кеудесінде қос жұлдызы жарқыраған Сәлима Жұмабекова апаның жаңа қонысының есігін қақтық.

– Қазір жасым ұлғайды. Жасымызда бейнетті белшеден кешіп жүріп еңбек еттік, қарағым,– деп бастады сөзін Батыр ана. – Әкеміз соғысқа кеткенде үйелмелі-сүйелмелі 3 бала қалдық. Анамыз Ақсалы асырап жеткізді. Аса қажырлы кісі еді. Шешемізді сирек көретінбіз. Күн шықпай кеткеннен, жұлдыз туа бір арқа отынын арқалап келеді. Бала болсақ та, үйге ие болу керегін түсінетінбіз. Несін айтасың, айналайын, ол заман қайтып келмесін. Шешем марқұмның ғұмыры күтумен өтті. Демі үзілер шағында «ағаң сыртқа шығып кетіп еді ғой, келді ме?» деп сұрады. «Ағасы несі?» деп қорқасоқтап тұрмын. «Әкеңді айтам, Жұмекең келді ме?» деп сұрады. Сөйтсем күйеуін үйден әл әзірде шығып кеткендей күтіп жатыр екен, – деп бір түйіндеді.

Анасы есіне түскенде көңілі босап, көзіне жас алды. Өзі сияқты соғыс балаларының қиын тағдыры, шешелері кешкен бейнет туралы айта отырып, бүгінгі заманның игіліктеріне шүкіршілік қылды.

– Өз анам мен енем қолымда болды. Шешемнің 53 жасында көзі көрмей қалды. Кешкісін жұмыстан келгенде айлығымнан 10 сомды екіге бөліп, 5 сомын енеме беремін. Бәріне естіртіп өз анама «апау, біз сізді бағып-қағып отырмыз, сіз маған кейімейсіз ғой әрі құдағайсыз. Мына айлығымды енеме бергелі жатырмын» деймін. Енем мәз боп қалады. Сосын былай шыға бере өз шешемді де алдап қоямын. Сосын «иә, дұрыс айтасың, айлығыңды енеңе бер» дейді. Жарықтықтар қанша ақша ұстатсаң да, аз-көп демей қанағат тұтатын.  Көңілдері жайланып,  қою шайларын ішіп отыратын. Енем қайтыс болғанда шешем «сыңарымнан айырылып қалдым» деп жылады, – деді ол.

– Апа, қазіргі жастар екі жұрт­тың арасындағы «дипло­матиялық саясатты»  реттей алмай жатады ғой. Әлде тәжірибе жетіспей ме?

– «Үлкен кісіге не жетпейді?» деп ойлайсыңдар ғой. Көбірек көңіл бөлу керек. Қазір ұялы телефон бар емес пе? Хабарласып тұр. «Сағынып қалдық, қашан келесіз?» деп, орамал-шаршы, көйлек-көнше­гіңді бер. Сенің тілеуіңді тілеп отырады. Көңіл аулағаннан кедейленіп қалмайсың. Батасын аласың, – деді. 

 Әулет пен ауылдың ғана емес, бүкіл елдің ертеңі үшін алаңдайтын Батыр ананың ой-пайымдарына көңіл аудардық.    

– Тәуелсіздікті енді алған ке­зеңде атпалдай азаматтардың «қа­зақ ел болмайды, бірін-бірі ұс­татып, арыз жазып құртады» деп күйреуіктік танытқанын да көрдім. Қазір қандай ел болдық? Бізді «киргиз, кайсак» деп кеміткендер қазір Елбасымыздан ақыл сұрайтын болды. Уақытында экологиялық апат салдарынан Қызылорда облысының тағдыры қыл үстінде тұрды емес пе? Басқа жаққа көшіру туралы да әңгіме болған. Кір жуып, кіндік кескен атамекеннен айырылып қаламыз ба деп уайымдадық. Елбасы мен оның командасындағы азаматтардың арқасында бұл қиындықтан өттік. Қазір Қызылорда – еліміздегі маңдайалды аймақ, – деді.

Сәлима Жұмабекова атақты Тұрмағамбет елінің отын жаққан, ұрпағын өрбіткен ана.

– Қазақтан небір ғұламалар, ақындар шыққанын білесің. Соның бірі – менің атам. Атын өзің айтып жібер, – деді жолынан жығылмай.

– Тұрмағамбет ақын ғой, – дедім.

– Иә, әруағыңнан айналайын сол кісі менің атам. Атам ауы­лы дәстүрін сақтап, бірлігін ұйытып отыр. Мені ешкім «келін» демеді, «балам» деді. Ер азаматтар «қарындасым» деп құрметтеді. Енем парасатты адам еді. Жолдасым жалғыз болғандықтан, «бала санын шектеме, өзім асыраймын» деді. Жасым 40-қа жетпей жесір қалдым. 11 баланы дүниеге әкелдім. Қазіргі әйелдер 2 балаға күтуші жалдайды емес пе? Біздікілер бірін-бірі бақты. Әжелерінің жан-жағында шүпірлеп жататын. Еңбектен қалмағаным – сол үлкен кісінің арқасы, – деді.

Жастарға күріш егу туралы ұсыныс түскенде бұл бастаманы бірінші болып Сәлима апа қолдады. Оның ізінен басқа да қыз-келіншектер шықты. Еңбектің бейнетінен бөлек, шиеттей балалар өсіп келе жатты. Барлығына білім алып берді, өз қолдары ауыз­дарына жеткенше аянбады. Ол кезде көпбалалы анаға берілетін жәрдемақы деген жоқ еді.

– Жазда күріш егіп, қыста ферманың баспағын бақтым. Бір үйлі жан өзіме қарап отыр. Наурыз туысымен жердің басына көшіп кетем. Күзде ел-жұрттың соңынан, сүдігер жыртып біткен соң көшіп келем. Соның өзінде «артық жер егеді, бәрінен артық өнім алатыны содан» деп арыз жазады. Ауданнан, облыстан, тіпті Мәскеуден бірнеше мәрте келіп жерімді өлшеді. Бәрі дұрыс. Күрішті баладай баптасаң, арамшөптен тазартсаң, түніменен мұздай сумен суарып, күндіз жауып тастасаң, әрине, мол өнім аласың. Күріш дегенің – тілі жоқ демесең, бала сияқты. Артық суарып қойсаң, жапырағынан төгіп тұрады. Азанымен келіп, бастарынан бір сипап өтем. Ол кезде егістікте ешкім болмайды. Бір жылы Майлыөзектің табанына еккен күрішімнен 125-тен өнім алдым. Менің өнімімді қасымдағы күрішшіге бөліп берді. Сол баяғы «артық жер егеді» деген желеу. Ала жаздай  бала-шағаммен еккен күрішімді басқа біреудің атына жазғанға ішім күйіп кетті. Обкомның хатшысы Исатай Әбдікәрімовке келдім. Болған жайды баяндап, еңіреп жылап жібердім. Арқамнан қағып, «бәрін реттейміз» деп, шәйін беріп шығарып салды.  Жарықтықтар, ел басқарған ағалардың ішінде небір асылдары өтті ғой. Менің еңбегім де бар, бірақ атақ-даңққа жетуіме осындай асыл азаматтар күш салды, – деп есіне алды.

– Апа, Мәскеуден жер өлшеуге келген өкіл не деп кетті?

– Мамыр айы еді. Үш баламмен төртеуміз белуардан су кешіп жүргенбіз. Ақбас, сабан арқалап келіп, жыңғылға қазық қағып, тәрбиелеп жатырмыз. Келгендер арықтың басында тұрып өздеріне шақырды. «Судан шықсақ, тоңамыз» деп орнымыздан қозғалмадық. Күн сап-салқын. Жақындаған соң етегімді сығып, судан шықтым. Мәскеулік өкіл су сүмелектеген сиқымды көріп, жерге бір түкірді де, жер өлшегіш құралды теуіп жіберді. «Осындай бейнет кешіп жүрген адамның үстінен арыз жазу деген не сұмдық» деп, тұратын жеріме қарай беттеді. Онда не жағдай болсын. Қыс бойы шопандар тұрған үй. Киіз үй тігуге әлі ертерек. Жатын орнымның жағдайын көріп, тіпті бас та сұқпады. Көп ұзамай ішінде желдеткіші, жарығы бар екі бөлмелі вагон келді. Несін айтайын, қалқам, қазір сол бейнеттің зейнетін көріп отырмын,– деді.

Бүгінде балаларынан өрген немере-шөберелердің ортасында мәуелі бәйтеректей жайқалып отырған Сәлима апа ең алдымен елдің тыныштығын, бірлігінің бекемделе түскенін тілейді.

– Соғыс пен жоқшылықтан көз ашпаған елдердегі ахуалға жаным ауырады. Сондай кесір мен кесапаттан елімді сақтай гөр деп отырамын. Балаларым мен немерелерімнің, ұрпағымның амандығынан асқан бақыт жоқ. Жағдайымды жасап, алдымды кесіп өтпейтін өз келіндерім, «әже, бізге келіңізші» деп таласып отыратын немере келіндерімді мерекемен құттықтаймын, – деп әңгімесін түйіндеді.               

Осылайша «еліңде қартың болса, жазып қойған хатпен тең» демекші, мәнді әңгіме мен ғибратты тәлім тыңдап, Батыр ананың батасын алып қайттық. «Құндылықтардың орны ауысып, тазалық пен сыйластыққа құрылған қатынастар азайып бара жатыр» деп түңіле бастасаңыз, үлкендерді тыңдау керек. Олар көрген бейнеттің бір мысқалын да сезінбестен «шаршадым, қажыдым» деп айтуға ұяласың. Өйткені, олар қанаттандыра алады, алған бетіңнен қайтпауға үндейді. Бар болыңыздар, асыл әжелер, жасай беріңіздер!

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 наурыз 2019 г. 1 155 0