МЕН ҮШІН КҮТПЕГЕН СЫЙ, БҰЛ...

8-наурыз. Бұл да күнтізбедегі қарапайым күн. Бірақ дәл осы күні алабөтен аура қалыптасып, әлем де, әйелдер қауымы да құлпырып кеткендей әсер қалдырады. Наурыздың бұл күні несімен ерекше? Байқасақ, бәріне себеп адамдардың ойы мен ықыласы. Нәзік жандар «ертеңгі күн қалай өтеді?» деп мерекедегі ерекше сәтті қиялдаса, азаматтар сый таңдап, оларды қуантуға асығады. Әдемі көрініс. Біз бұл жолы мереке қарсаңында әр түрлі мамандық иелерінің пікірлерін топтастырдық.

Осы кезге дейін мерекеде ерекше есте қалған сәт болды ма? Сізге ең көп тарту етілетін әрі сіз басқаларға жиі таңдайтын сый қандай?



Адия Сайын, дзюдошы:

– Мерекеде көбіне спорттық жарыстарда не жолда болады екенмін. Айталық, өткен жылғы 8-наурыз пойызда өтті. Көңіл-күйім түскен жоқ, себебі Талдықорғандағы ел чемпионатында жеңімпаз атанып, мәре-сәре қуанышта жүрген едім. Мерекелік құттықтауды тек ұялы телефон арқылы ғана қабылдаймын деп ойлағанмын. Бірақ, бәрі мен күткеннен өзгеше болды. Жаттықтырушым пойыз ішінде жаңа Iphonе телефонын сыйға тартты. «Елге жеткесін әперермін» демей, алдын ала қуантуды ойлап, сыйлық сыйлағанына риза болдым. Шыны керек, мәселе сыйда, оның қымбат, арзан, үлкен не кіші болуында емес, шын ниетпен табыс етілуінде ойлаймын.
Әлбетте, маған көп тарту етілетін сыйлықтың көшін кимано бастайды. Оған қоса гүл міндетті түрде тарту етіледі. Ал өзім мереке иелеріне сырға, сақина секілді әшекей бұйымдар бергенді ұнатамын.

Әйелдер мерекесін жұмыста қарсы алған кезіңіз болды ма? Сіз үшін қандай құттықтау ерекше көрінеді?

Оразгүл Алипхашова, күзетші:

–Өткен жылғы 8-наурызда да, тіпті жыл басы Жаңа жыл мерекесін де жұмыста қарсы алдым. Жұмыс барысы болса да, балаларым улап-шулап арнайы құттықтап келеді. Мейрам күні үш келінім сыйлықтарымен  бірге дәмді тағамдар әзірлеп әкеліп, басқа да қызметкерлерді шақырып, мерекелік дас­тарханнан дәм татқанбыз. Күзетші болсам да, мінезімнің қатал болмағандығынан шығар, жоғары оқу орнындағы бұл қызметімді қатты ұнатамын. Өзім де жасымда Мәскеуде білім алғандықтан әрі барлық студенттерді бес баламмен қатар көретіндіктен, үнемі тілекші болып, олардың жетістіктеріне қуанып отырамын.
Мен үшін балаларымның «мама, мерекеңізбен құттық­таймын!» деген сөзінен артық сый жоқ. Олар­дың аман-есен жүргенінің өзі – бағасы жоқ байлық.


Әсия Нұрлыбаева, тележурналист:

Тілшілердің мерекеде демалмай, ел арасында жүретіні белгілі. Сіз 8-наурызды қалай қарсы аласыз әрі атаулы күнге орай эфирге кімдерді арнайы шақырдыңыз? Мейрамда есте қалған ең ерекше сәт қандай?

− Әйел – нәзік жаратылыс, бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербететін күш-қуатқа, парасатқа ие жан. Ал 8-наурыз – әр әйел үшін ерекшелігі бар, ауқымы мол мереке. Сондықтан да болар, республикалық емес, халықаралық деңгейде тойланады. Бұрын тұрмысқа шықпаған кезімде бұл күнді достарымызбен атап өтетінбіз, ал ақ босаға аттап, жаңа ортаға қадам басқаннан кейін әр мерекенің атап өтілуі, тойлау деңгейі өзгереді. Мереке қазақ келіндері үшін отбасында басталатын секілді, тіпті шаңырақта тойлаудың маңызы ерекше, ол сыйластық пен құт-берекені арттырады. Қазақ келініне тән ибалылықпен қонақ күтіп, туған-туыс, әйелдер қауымына ақ дастархан жайып, мейман ету негізгі міндетіміз деп білемін. Сондықтан, әр мейрамды ағайын-туыстармен бірге атап өтуге тырысамын.  
Ал биыл тікелей эфирде алғыс арқалап жүрген ақ халатты абзал жандармен сұхбаттасып, олардың ел алдындағы абыройлы міндетімен бірге әйелге тән қасиетін, парасатын халыққа жеткізуге тырыстық.
Мерекеде есімде қалған ерекше сәт, осыдан бес-алты жыл бұрын студент інімнің анам екеумізге Астанадан мерекелік сәлемдеме жібергені. Ол кезде мен де ЖОО-да білім алатынмын, Алматыдан мерекеге орай үйге арнайы келгенімде, інімнің тосын сыйы күтіп тұрды. Сол кезде студент бауырымның сыртта жүрсе де, бізді қуантуды ойлаған ниетіне, бауырмалдығына мейірленіп, қатты риза болғанмын.

Мерекеде сауда саласындағы кәсібіңіздің жұмыс уақыты өзгереді ме? Жарыңыздың не сыйлары белгісіз, ал сіздің қалауыңыз қандай?
 
  Назерке Қоблан,
кәсіпкер:
–Біздің мейрам болғанына қарамастан, жұмыс уақытын өз­герт­пейміз. Себебі, қыз-келіншектердің жұмысы көп, қызметі қашанда қарбалас. Мерекеде бірі қонаққа киіп баратын жаңа көйлек іздеп жүрсе, бірі жақынын қуанту үшін сыйлық алуға келеді. Талғамға лайық таңдау жасауға көмектесу – біздің міндет. Бұл күні қыз-келіншектерді қуанту үшін дүкеніміздің атынан бет күтіміне арналған құралдарды сыйға тартпақшымыз.
Ал мен үшін жарымның шын жүректен жасаған әрбір сыйы қымбат. Отау құрғанымызға бір жылдан асса да, әр айда үйленген күнімізге орай бір-бірімізге тәттілерден сыйлық алып беру отбасылық дәстүрге айналды. Сондықтан, бұл жолы да тарту-таралғысыз қалдырмайтынын, тосын сый даярлап жүргенін сеземін.
Айдана ЖҰМАДИНОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 наурыз 2019 г. 1 174 0