« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Облыс агросекторының алдына егістік алқапты келешекте 300 мың гектарға жеткізу қойылып отыр.
Осынша көлемдегі алқапқа су жеткізу үшін ғылыми негізделген ауыспалы егіс жүйесіне барлық егіншілік саласы толық көшуі тиіс. Ал қазіргі таңдағы шаруашылықтардың су пайдалану тәртібі сын көтермейтіні анық.
Ауыспалы егіс көлеміндегі егістерді: төмендегі әдістермен жүргізу керек:
1. Күріштен басқа егісті бастырып суғаруды тоқтату.
2. Әр өсімдіктің суғару әдістері мен нормасын қатаң сақтау. Яғни дәнді, мал азығындық дақылдарды жолақпен суғару. Атызда уақытша арықшалар жүргізіп, атызды бірнеше жолақтарға бөліп, жолақ суға толғаннан кейін екіншісіне жалғастыру.
3. Егістік жердің тегістігін қатаң сақтап, оны жылда Мара агрегатымен тегістеп отыру.
4. Дақылдардың орналасу тәртібі сақталып, әр өсімдіктің пайдаланатын су көлемі ғылыми түрде анықталып, бекітілген көлемін қатаң сақтаған жағдайда, жылма жыл егіс көлемінің артуын ескере отырып қосымша су лимитін бөлдіру арқылы, егістік жерлерді қажетті су мөлшерімен қамтамасыз ету.
5. Бақша, көкөніс егістерін тамшылатып суғару тәсілдеріне көшіру қажет.
6. Жерасты суларын ұңғымалармен алып, оны ақ егіске пайдалану.
7. Жердің мелиоративтік жағдайын қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін күріш көлемін 85,7 мың гектардан кемітпеу.
Өңіріміздегі суармалы жер көлемін, 2028 жылға қарай, 300 мың гектарға жеткізу үшін қосымша 116,5 мың гектар алқапты қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуы тиіс. Атап айтқанда, 2020 жылдан бастап 2028 жылға дейін тиісінше жылдар бойынша: 8, 10, 11, 5, 5, 5, 10, 10, 20, 32,6 мың гектар жерді күрделі тегістеп, барлығы 116,5 мың гектар суармалы жерді қосымша іске қосу қажет.
2018 жылы жалпы суармалы егіс көлемі 184,4 мың гектар болса, оның ішінде, негізгі дақыл – күріш көлемі 87,3 мың гектар болды. Ол жалпы егіс көлемінің 47%-ін құрайды. Жылма-жыл, суармалы егіс көлемін айналымнан шығып қалған егістікті қалпына келтіру және жаңадан ашылатын суға тиімді жер аумағын арттыру көзделуде.
Шектеулі су лимитін өңіріміздегі егіс көлемдеріне тиімді пайдалану мақсатында күріш егісін осы деңгейде сақтап, яғни 2028 жылғы барлық 300 мың егіс көлемінің күріш дақылының үлесі 29%-тен асырмай суды аз тұтынатын диверсификациялық малазықтық және майлы дақыл көлемдерін арттыру қажет. Бұл қазіргі таңдағы өзекті мәселе. Мал санының жыл сайын артып келе жатқаны белгілі. Малазықтық дақылдар көлемі мен өнімділігін арттыру жем-шөптің берік қорын жасауға мүмкіндік туғызады.
Жоғарыдағы суармалы жер көлемін арттыру іс-шаралары нәтижелі іске асқан жағдайда тұрғындарға қосымша жұмыс көздері ашылып, өндірілген өнімдер облысымыздың ішкі сұранысын қанағаттандырып, халықтың экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсартады.
Жаңадан ашылатын жерлерді жобалау үшін өңірдегі негізгі мақсат –Суармалы жерлерді дамыту. Ол үшін:
1. Су көздеріне тиімді жақын жерлерді қарастыру.
2. Суғарудың прогрессивтік тәсілдерін тиімді пайдалану.
3. Айналымнан шығып қалған жерлерді бірінші кезекте қалпына келтіру.
4. Суармалы егістің барлық көлемдерінің мелиоративтік жағдайына мониторинг жасап отыру.
5. Өңірімізде суармалы жердегі ғылыми негізделген ауыспалы егіс жүйесін қатаң түрде сақтау.
6. Егіске суды су пайдалану жоспарына сәйкес қатаң сақтау.
7. Инженерлік жүйеден тыс жайсаң жерлерге күріш дақылын екпеу.
8. Каналдың су өткізу қабілетінен жоғары көлемде егіс орналастырмау шараларын орындау керек.
Бүгінгі таңға дейін ірі шаруашылықтардың майдаланып, жер телімдері аз көлемде бөлініп, ішкі шаруашылық су жүйелері мен гидроқұрылымдары қараусыз қалды. Еліміздің экономикалық ахуалына байланысты егістік алқаптардың мелиоративтік жағдайларына қажетті көлемдегі қаражаттар толық бөлінбеді. Жылдар бойынша жинақталған күрделі мәселелер, атап айтқанда, айналымнан шыққан жерлер, суға тиімді жаңадан ашылған жерлерді іске қосу бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Жоғарыдағы аталған іс-шараларға жұмсалатын қаржы көздері келешекте егіншілік саласын дамытып, өнімділігі мен сапасы артып, бағасы төмен өніммен ішкі сұранысты қанағаттандыруға және келешекте экспорттық әлеуетті шешуге толық мүмкіндік туғызады.
Елбасының суармалы жер көлемдерін арттыру шараларына сай өңір басшысының, оны іске асыру бағыттарына жоспар жасауы өте қажетті, батыл қадам.
Облысымызда 249841 га егіс алқабы болса, оның 178,6 мың га инженерлік дайындалған жерлер. Бүгінгі күні 53413 гектар суармалы жердің жағдайы қанағаттанарлық емес, ал 100 мың гектардан астам жерде қолданылып отырған суару желілері түбірімен жақсартуды қажет етеді. Кешенді қайта жаңарту алаңы 16,5 мың гектарды құрайды.
Суармалы жерлердегі су тапшылығын тудыратын тағы бір фактор, ауылшаруашылық дақылдарын суаруға су үнемдегіш технологияларды кеңінен пайдаланбау. Сондықтан суару барысында суармалы жерлерге берілген су мөлшерінің 40%-ке дейінгі мөлшері пайдасыз сүзілуге және булануға шығындалады. Аймақтағы күріш алқаптарындағы ауыспалы егіс элементтерінің талаптарға сай болмауына және атыздарға берілетін суға есептеуді жүргізудің мүмкіндігі болмауына байланысты күріштің суару нормасы тым жоғары болып отырғаны белгілі.
Дегенмен, соңғы жылдары біршама шаруашылықтар өз күштерімен мелиоративтік техникалар (МАРА лазерлік тегістегіш, экскаватор) алып, коллекторлы-дрендік жүйелерді тазалап, атыздарды тегістеуге қол жеткізуде. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде гектар шығымдылығы артып, суды үнемдеуге қол жеткізілуде. Алайда, осындай оңтайлы жағдайда шаруашылықтар нақты қанша су үнемдеді, ол күріш өндірісі экономикасына қандай әсерін тигізді, топырақ-мелиоративтік жағдай қалай өзгеруде, неге суару режимі арқылы арамшөптермен күреспейміз деген сұрақтарға жауап жоқ және шаруашылықтардың қолынан келе бермейді. Осы бағытта Елбасының қойып отырған талабы – ауылшаруашылық саласындағы еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру, барлық тауарөндірушілерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы жобадағы күрделі мәселелерді оңтайлы шешіп, барлық ауылшаруашылық саласында атқарылатын жұмыстарды ғылыми бағыттағы оңтайлы тәжірибелер мен озық шаруашылық нәтижелеріне сүйене отырып жүргізбесе, алдағы қойылатын талаптардың орындалуы жыл санап күрделене түсетіні анық.
Өңірде күрішті суаруды автоматтандырылған қондырғыны пайдалану жүйесіне көшіру су жетіспеушілігін біршама төмендетеді. Облысымыздың 2018-2028 жылдар аралығындағы даму перспективасында суармалы егістік жер көлемін 300 мың гектарға жеткізу жоспарланған.
Бұл мақсатқа пайдаланылмай тұрған 29 мың гектар суармалы жерлерді айналымға қосу жобасы және жаңадан болжанатын суармалы массивтер жоспары арқылы қол жеткізуге мүмкіндік бар. Біздің аграрлық саламыз жартылай шөлді, шөлді аймақтарда орналасқандықтан, егіс егу- суландыру арқылы жүргізіледі. Қазіргі уақытта қолданыстағы 185 мың гектар егістік жерлерде күріш, дәнді, майлы, малазықтық, бақша, көкөніс дақылдары егілуде.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2016 жылғы 19 тамыздағы №367 бұйрығымен Қызылорда облысында тұрақты суаруға 2016-2025 жылдарға арналған су пайдалану шектеулі лимиті 4159,9 млн текше метр мөлшерде бекітілген. Күріш дақылынан басқа дақылдарды суару барысында су үнемдегіш технологияларды (тамшылатып суару, т.б.) кеңінен пайдалану, агротехнологиялық шараларды (танаптардың тегістігі, ғылыми бекітілген суару нормалары мен әдістерін, ауыспалы егістік жүйесін) қатаң сақтау арқылы жер көлемін ұлғайтып, су мөлшерін үнемдеуге, сондай-ақ бәсекеге қабілетті жоғары өнімге қол жеткізуге мүмкіндік туады.
Жоғарыда аталған шараларды ескере отырып, ауыл шаруашылығының 2018-2028 жылдар аралығындағы даму перспективасындағы дақылдарға қажетті су лимиттері анықталды. Ол тұрақты суаруға 4878 млн текше метрді құрады. Бүгінгі таңдағы тұрақты суаруға пайдаланып отырған 4159,9 млн текше метр су лимитін қосымша 718,1 млн текше метрге ұлғайтуды қарастыру қажет. Есептеулерге сүйенсек, 2018 жылы егілген күріш көлемі 87,3 мың гектар оған 3564,75 млн текше метр су берілген. Сол секілді дәнді дақылдар егілген 8 мың гектарға – 52 млн, майлы дақылдар өсірілген 10,33 мың гектарға – 99 млн, малазықтық дақылдар егілген 61,5 мың гектарға – 307,5 млн, көкөніс, бақша дақылдары өсірілген 17,25 мың гектарға – 135,12 млн, барлығы 184,38 мың гектарға бөлінген су лимиті 4159,9 млн текше метрді құрады.
2028 жылы 300 мың гектарға егілетін ауылшаруашылық дақылдары: оның ішінде болжанған 85,7 мың га күріш егістігі, берілетін су мөлшері 3499,42 млн, дәнді дақылдар 22,5 мың гектар – 146,25 млн, майлы дақылдар 120,5 мың га – 602,5 млн, көкөніс, бақша дақылдары 30,8 мың га – 241,27 млн текше метр болмақ. Жалпы 300 мың гектар суармалы жерге тұрақты суаруға 4878 млн текше метр шекті суару лимиті бөлінуі тиіс.
Қорыта айтқанда, күріш атыздарына су беруді басқару мен есепке алу қондырғыларын құру және басқа ресурс үнемдеуіш технологияларын ендіру нәтижесінде күріштің суару нормасы 22498 м3/га көлемінде болып, облыс көлемінде бекітілген 24500 м³/га салыстырмалы жағдайда су шығыны 8% үнемделеді, күріш атыздарын талаптарға сәйкес тегістеу нәтижесінде оны 1,5 тәулікте суға толығымен бастыруға қол жеткізілуі тиіс. Жоба аясында күріштің су режиміне байланысты атыздарға суды беру мен кәрізге жіберуді және ол жерден өтіп жатқан су көлемін тәулік бойы есепке алуды қамтамасыз ететін және күріштік басында жұмыс жасайтын сушылардың жұмысын жеңілдететін жаңа патенттелген құрылғылар күріштік алқаптарға орналастырылу керек. Көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемін 15-20% тамшылатып суару жүйесіне көшіру қажет.
Қанағат БЕГАЛИЕВ,
Ы.Жақаев атындағы
Қазақ күріш
шаруашылығы ғылыми-зерттеу
институтының бөлім меңгерушісі.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |