« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Мамандардың пікірінше, 2050 жылға қарай әлемде халық саны 9 миллиардқа дейін өседі. Міне, сол кезеңде ауыл шаруашылығы, оның ішінде азық-түлік өндірісі дамудың басты факторына айналмақ. Елбасы осы ретте ауылшаруашылық саласы экономикамыздың драйверіне айналуы тиіс деп үнемі айтып келеді. Өйткені, ауыл шаруашылығы өнімдерін еселеп көбейтуге Қазақстанның әлеуеті толық жетеді. Сол үшін елімізде суармалы жерлер көлемін арттырудың маңызы өте зор. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың бірден-бір жолы. Сондықтан осы салаға барынша басымдық берілуі керек. Суармалы жерлер кепілді мол өнім беретін, қайтарымы жоғары, ауыл шаруашылығының «алтын қоры» ғана емес, сол өңірлерде тұратын халықтың тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, өмір өзегі.
Елбасы Н.Назарбаев ауыл шаруашылығындағы маңызды міндеттердің бірі ретінде суармалы жер көлемін таяудағы уақыттың ішінде 600 мың гектарға арттыру міндетін алға қойып, Үкіметке нақты тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Үкіметте суармалы жерлерді дамытудың 2028 жылға дейінгі жоспары бекітілді.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – 3,5 млн гектар жерді сумен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда суармалы жерлердің ауданы 1,4 млн гектарды құрайды. Жоспар айналымнан шыққан, алайда қажетті 600 мың гектар аумақты қалпына келтіріп, жаңа 1,5 млн гектар жерді іске қосуды көздейді. Бұл жалпы түсім өсімін 4,5 есе және еңбек өнімділігінің 2 есе өсуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ 300 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Егіншілік мәдениеті ертеден суармалы жүйеге негізделген Сыр өңірі үшін Президент тапсырмасын орындау жаңа мүмкіндікке жол ашады.
Осы орайда жуырда облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен суармалы жерлерді дамытуға қатысты селекторлық жиын өткен болатын. Бұл туралы «Сыр бойы» газетінде «Суармалы жер – Сырдың алтын қоры: оны жетілдіруде жүйелі бастама бар» атты мақала жарияланды. Газетіміздің бүгінгі нөмірінде сол жиында көтерілген мәселелер туралы деректер, мамандар пікірі кеңірек ұсынылып отыр.
Алдымызда үлкен міндеттер тұр
Өткен жылы желтоқсан айында Үкімет бекіткен Cуармалы жерлерді дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданды. Негізгі мақсат – республика бойынша суармалы жерлердің ауданын 1,4 млн гектардан 3,5 млн гектарға жеткізу. Оның ішінде айналымнан шыққан, алайда талап етілген 600 мың гектар (Елбасының 2016 жылғы 9 қыркүйектегі тапсырмасы) суармалы жерлерді қалпына келтіру және жаңа 1,5 млн гектар жерді айналымға енгізу қарастырылады. Республика бойынша айналымға қосу жоспарланған 2,1 млн гектар суармалы жердің 80 мың гектары Қызылорда облысының үлесінде (3,8 процент). Жалпы, бұл шараларға республика бойынша 1 трлн 233 млрд теңге сомасында инвестиция қажет етіледі.
2018 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша облыста 249,8 мың гектар суармалы жер тіркелсе, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 214,6 мың гектар, елді мекен жерлері 12,6 мың гектар, өнеркәсіп және су қорының жері 0,3 мың гектар, орман қоры жерлері 2,1 мың гектар, босалқы жерлер 20 мың гектар болып отыр. Суармалы жерлердің құрамына талдау жүргізіліп, нәтижесінде егіс егуге мүмкіндік бар (ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 214,6 мың га, босалқы жерлер 20 мың га, орман қоры жері 2,1 мың га) 236,8 мың гектар жер анықталды. Демек, оның құрамынан 13 мың гектарды құрайтын елді мекен жерлері мен өнеркәсіп, су қорының жерлері алынып тасталды. Бұл ретте, егіс егуге мүмкіндік бар 236,8 мың гектар жердің бүгінгі күні 53,4 мың гектары пайдаланылмайды.
– Облыс басшысының суармалы жерлер көлемін 300 мың гектарға жеткізу туралы тапсырмасына сәйкес, қосымша жерлерді енгізу мүмкіндіктерін зерттедік. Нәтижесінде, суармалы жерлердің көлемін 300 мың гектарға жеткізу үшін қосымша жаңадан 116 мың гектар жерді қосуымыз қажет екендігі анықталды.
Олардың ішінде, пайдаланылмай тұрған 29 мың гектарды айналымға қосу жобасын атап өтуге болады. Өткен жылы осы жоба бойынша су нысандарын құжаттандыру жұмыстары толық аяқталып, республикалық меншікке өткізілді. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді, жалпы құны 13,4 млрд теңге. Жоба Азиялық Даму Банкінің қарыз қаражаты есебінен іске асырылатын болады, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы А.Абдуалиев.
Басқарма басшысының айтуынша, екіншісі – 87,5 мың гектар жаңадан суармалы жерлерді анықтап, айналымға қосу. Соның ішінде, бірінші кезекте Ауыл шаруашылығы министрлігіне жаңа 51 мың гектар суармалы жерлер ұсынылған. Қосымша 36 мың гектар жаңа алқапты анықтап, қосу жұмыстары жүргізілмек. Жалпы, осы бағытта бұрынғы суармалы массивтерді ашу жоспарлары туралы архив материалдары қаралып, жаңа кіші массив ашу мүмкіндіктері және қазіргі пайдаланылмай тұрған жерлердің көлемдері бойынша алдын ала зерттеу жүргізілген.
Ал, «ҚазСуШар» кәсіпорнының ақпараты бойынша облыста жобалық көлемі 223 мың гектарды құрайтын 6 массив бар болса, (Түгіскен массиві 35,8 мың га, Жаңақорған-Шиелі массиві 38,8 мың га, Қызылорда оң жаға массиві 26,3 мың га, Қызылорда сол жаға массиві 91,2 мың га, Қазалы оң жаға массиві 12,8 мың га, Қазалы сол жаға массиві 17,7 мың га) бүгінгі күні осы массивтердің 34 проценті пайдаланылмайды. Осы массивтерді және қосымша жаңа алаңдарды айналымға қосуға мүмкіндіктер бар.
– Мәселен, Қазалы ауданындағы сол жағалау массивінен, Жалағаш ауданында Жаңадария каналының бойынан, Сырдария ауданы Айдарлы ауылдық округ аумағындағы «Қатынбақан», «Құмтоған», «Доңғал», «Асансай» учаскелері және Ботабай каналының бойы, Шиелі ауданында Жөлек ауылдық округі аумағындағы «Қырғызбай», «Үшмолда», Қоғалы ауылдық округі аумағындағы «Аққұм», «Ертуған», «Бозкөл», «Маяқұм», Қоғалы учаскелері, Қызылорда қаласында оң жағалау каналының бойынан, Жаңақорған ауданында Жаңақорған-Түркістан бағытының оң жағалауындағы Талап, Сүттіқұдық, Қыраш ауылдық округтерінде жаңа жер ашуға болатынын көріп отырмыз, – дейді басқарма басшысы.
Осы жерлердің көлемін айқындау, суландыру көздері мен ирригациялық жүйелерді жүргізу мүмкіндіктерін нақтылап, зерттеу жұмыстары ұйымдастырылады. Бұл жерлерге өнімділігі жоғары, суды аз қажет ететін, сұранысқа ие және су үнемдеу әдістерін қолдана отырып өсірілетін дақылдар егу жоспарлануда. Бұл бағытта облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жұмыс жасайды. Сонымен бірге осы жұмыстарға зерттеулер жүргізуге қажетті қаржы көлемі анықталғаннан кейін, бюджеттен қаржы бөлу үшін тиісті ұсыныс енгізілмек.
Мақсат – егіс көлемін 300 мың гектарға жеткізу
– Құрғақшылық, жазы ұзақ әрі ыстық, жауын-шашын аз түсетін аймақтарда суармалы жүйе мәдени өсімдіктер өсіріп, олардан мол өнім алудың бірден-бір кепілі. Облыстың ерекшелігі – басқа өңірлер секілді бізде тәлімді егістік жер жоқ. Бұл біздің алтын қорымыз. Суармалы егіншілік – мол өнім кепілі, азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл халқын жұмыспен қамтамасыз етудің бірден-бір жолы.
Республика бойынша егістік алқаптардың 7 процентін құрайтын суармалы жерлерде егін шаруашылығындағы жалпы өнімінің 40 проценті өндіріледі. Атап өту керек, өткен ғасырдың 90-шы жылдарында ірі шаруашылықтар ұсақ қожалықтарға бөліну салдарынан гидромелиоративтік инфрақұрылымдар иесіз және тиісті техникалық күтімсіз қалды. Мұның бәрі суармалы жерлердің мелиоративтік жай-күйінің нашарлауына әкеліп, нәтижесінде суармалы жерлердің көлемі күрт азайды, – дейді басқарманың бөлім басшысы Қайрат Жансұлтанұлы.
Мәліметтерге қарағанда Үкімет бекіткен Cуармалы жерлерді дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру бойынша әкімдіктерге бірқатар міндеттер жүктеліп отыр. Онда:
– жаңа суармалы жерлердің жобалық алаңдарын айқындау;
– ирригациялық желілер салу үшін әлеуетті инвесторларды анықтау;
– жаңа суармалы жерлерді игеретін әлеуеті бар ірі жер пайдаланушылардың тізбесін әзірлеу;
– ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру және оның құрылымы бойынша ұсыныс әзірлеу;
– мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі арқылы жеке инвестордың қатысуымен жаңа суармалы жерлерді дамыту жөніндегі жобаларды іске асыру мәселесін пысықтау;
– қалпына келтірілетін суармалы жерлердегі су шаруашылығы объектілерін коммуналдық меншіктен республикалық меншікке беру мәселелері бар.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша Қазақстандағы қолданыстағы су тарифтері әлемдегі ең төменгі тарифтердің бірі, сондықтан су құрылыстары мен каналдарды қайта жаңарту және жөндеу шығындарын жабуға мүмкіндігі жоқ. Дүниежүзілік банктің есебі бойынша, су құрылыстарын қайта жаңарту және жетілдіруге 925 млрд теңге көлемінде қаржы жетіспеуі байқалса, ал ирригациялық жүйелерді қайта жаңғырту өте маңызды күйде тұр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізу бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі арқылы мынадай қаржыландыру моделінің жобасын ұсынды.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі арқылы модельдің ұсынылған схемасы бойынша: Халықаралық қаржы ұйымдары, Бірыңғай ұлттық зейнетақы қоры (ЕНПФ) немесе екінші деңгейлі банктерден Қаржы министрлігінің кепілі арқылы инвестицияларды тарту үшін арнайы қаржылық компания құрылтайшы болатын жеке әріптестіктің болуын қарастырады.
Әрі қарай, Су ресурстары комитеті мен «Мемсараптама» РМК-мен алдын ала келісіп және ирригациялық инфрақұрылым құрылысы бойынша жұмыстарды орындау үшін Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетімен су беруге тарифті келісумен жобаны іске асырудың экономикалық орындылығы ескеріліп, жобалық, техникалық шешімді анықтайды. Инвестицияны кейін қайтару – пайдаланушы ұйымдардан су пайдаланғаны үшін қаражат жинау арқылы жүзеге асырылады. Суға жұмсалған шығын (тариф) субсидия арқылы шаруашылықтарға қайтарылады.
Осы жылдың 1-тоқсанында Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық экономика және Қаржы министрлігімен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін, жаңа суармалы жерлерде іске асырылатын жобаларға мемлекет кепілдігін беру мәселесін пысықтамақ. Содан кейін, зерттеуді қажет етпейтін дайын жобалық алаңдарды игеру бойынша инвестормен жұмыс жасалады. Суармалы жерлерді игеруге инвестиция салуға қызығушылық танытып отырған кәсіпкерлер бар. Осы бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қала, аудан әкімдерімен бірлесіп, жаңа суармалы жерлерді ашу үшін әлеуетті инвесторлар тартуға жұмыс жасалатынын айтады мамандар.
Сонымен, Елбасының суармалы жерлердің көлемін ұлғайту туралы тапсырмасына сәйкес, бүгінгі күні осы мақсаттағы талаптарды қалпына келтіру және айналымға қосуда облыста жалпы құны 164,2 млрд теңгені құрайтын 3 жобаны іске асыру жұмыстары атқарылуда.
Олар – пайдаланылмай тұрған 29 мың гектар суармалы жерлерді айналымға қосу және 158 мың гектар суармалы егістіктегі ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру (ПУИД-2, ПУИД-3) жобалары.
Осы жобалардың ішінде ПУИД-2 және пайдаланылмай тұрған 29 мың гектар суармалы жерлерді айналымға қосу жобаларына енген су нысандары толық құжаттандырылып, республикалық меншікке өткізілді, ПУИД-3 жобасы бойынша құжаттандыру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.
Соның ішінде үстіміздегі жылы Жалағаш ауданында ПУИД-2 жобасы бойынша құрылыс жұмыстары басталады.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |