КҮЛПАШТЫҢ КӘСІБІ

Бизнеспен айналысу бар да, оны ойдағыдай дөңгелентіп кету бір бөлек. Қиын істің қиюын келтіріп, табыс көлемін толықтыра түскендер қатарында жалағаштық Күлпаш Қанатбаева да бар.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары тәуекелге бел буып, кәсіп­керлікке бет бұрған іскер әйел қазір еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық дамуына, өркениетті ел болуы жолында еңбек етіп, өңірдің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүр.

Кәсіпкер 1995 жылға дейін аудандық тұ­тынушылар ода­ғында сатушы болыпты. Кейін кәсіп­керлікке бет бұрып, өз ал­дына шаруашылық құрады. Ал­ға­шында қолдағы ірі қараны бағып, ет бағытында жұмыс жа­саса, кейін ет, сүт өнімдерін на­рыққа шығарып, төрт түлікті бор­дақылау ісін қолға ала бас­тайды.

– Әркімнің өз сүйікті ісі болады ғой. Менің таңдауым осы салаға түсті. Қораны асыл­тұқымды малға толтыруға мем­лекеттік бағдарламалар демеу болғанын айрықша атап өткім келеді. Қазір, қожалықта 200-ден аса сиыр, 100-ден аса жылқы малы бар, – дейді кәсіпкер.

Айта кетейік, іскер әйел 2005 жылы «Қанатбаева» шаруа қожалығын ашқан болатын. Қазір шаруашылықтың 497 гектар жері бар. Бастаған кәсібін одан әрі дамыту мақсатында 2011 жылы «Сыбаға» бағдарла­масы­мен «Агронесие корпорациясы» АҚ-нан 8,5 млн теңге несиеге қол жеткізді. Бұл қар­жыға 2 бас асылтұқымды бұқа мен 47 бас аналық сиыр алды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында мал басын көбейтіп қана қоймай, оны асылдандыру, бордақылау бағытында жұмыс жасап отыр.

Әр жылдары табысты еңбек еткен кәсіпкер 2014 жылы «Құлан» бағдарламасына қаты­сып, нәтижесінде асылтұқымды айғыр және 40 бас бие сатып алды. Сондай-ақ, өз қаражаты есебінен сыйымдылығы 90 бас мал бордақылау алаңын, жанынан мал сою цехын ашты. Кейін 2016 жылы халық игілігі үшін мал базарын іске қосты. Айта кеткен жөн, бұған дейін өңір тұрғындары қала орталығына барып, мал саудалау­шы еді. Міне, енді кәсіпкердің жеке қаражатымен ашылған мал базары көптің сұранысын орын­дап, тұтынушылардың қажеттілігін өтеп келеді. Өз цехында бордақыланған малдың экологиялық таза ет өнімімен өңірдегі 5 балабақшаны, 4 мектепті және жазғы тынығу лагерін қамтамасыз етіп отыр.

Өңірдің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген кәсіпкер жұмыссыздық мәсе­лесінің оңтайлы шешілуіне де ықпал жасап келеді. Қазіргі кезде 20-ға жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткен. Мұнан бөлек, ол қайырымдылық шарасынан да шет қалған емес. Өз отбасының тіршілік қамын емес, ел қамын ойлайтын кәсіп­кер тұрмысы төмен отбасыға ылғи көмектесіп отырады. Аудандағы жұмыссыз жүрген 5 қызды оқытып, аспаз сертификатын алуға жәрдем берді. Сондай-ақ, кенттегі мүмкіндігі шектеулі жандарға қарайласып, тұрмысы төмен отбасы балаларын жазғы тынығу лагеріне жіберуге демеушілік жасады.

Осындай жомарттығымен ел­дің ыстық ықыласына бөлен­ген Күлпаш Қанатбаева әр жыл­дары толағай табыс­тар мен үлкен жетістіктерге қол жет­кізді. Кәсіпкерліктің көк­жиегін кеңейтіп, табыс­ты ең­бек еткені үшін Ауыл шаруа­шы­лығы министрінің «Құрмет» грамотасымен, облыс әкі­мі­нің алғыс хатымен, «Үздік отба­сы­лық кәсіпкер» номинациясы­мен, малшылар слетінде «Озат шаруашылық» номинациясы бойынша ІІ дәрежелі диплом­мен марапатталып, өткен жылы «Еңбек ардагері» медалі табысталды. Ал, жуырда ғана ұйымдастырылған ауыл әйел­дері форумына қатысып, «Үз­дік фермерлік және шаруа қожа­лығы» номинациясын иеленді.

– Жұмыс арасында жүріп, уақыт тапшылығына қарамастан, аудан, облыс көлемінде ұйым­дас­тырылған спорттық шара­ларға да қатысамын. Бұл ден­сау­лыққа аса пайдалы және кейінгі жастар бізге қарап үлгі алады. 2018 жылы Байқоңыр қаласында өткен облыстық халықтық спорт ойындарында 2-ші орын иелендім. Ардагерлер арасында өткен жеңіл атлетикадан ұзақ қашықтыққа жүгіру, ұзындыққа секіру, мылтық ату сайысында облыс бойынша жүлделі бірінші орын бұйырды. Жастайымнан атқа мініп өскесін де спортты жаным сүйеді, – дейді ол.

Міне, қазақ қыздары осындай қиын істерді ұршықша иіріп жүр. Күлпаш ана құдай қосқан жары екеуі 3 ұл, 2 қызды тәрбиелеп, өсіріп жеткізді. Қазіргі таңда ұл-қыздарынан 13 немере, 3 шөбере сүйіп отыр.

Шынар БЕКБАН

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 наурыз 2019 г. 480 0