Ежелгі Жанкент қалашығынан арнаулы тілшіміз Дәуіржан Елубаев хабарлайды

Қазақ даласы құпиясын ішіне бүккен көне шаһарлар мен тарихи-мәдени ескерткіштерге аса бай. Осы баға жетпес қазынаны қалың көпшілікке кеңінен насихаттау мақсатымен аймағымызға келген арнайы экспедиция сейсенбіде оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент шаһарында болды. Осы күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қазалы ауданына келіп, ортағасырлық қалада зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан экспедиция мүшелерімен кездесті.
Соңғы 3 жылдан бері еліміз бойынша бірнеше бірегей жобаны жүзеге асырған Қазақ Географиялық Қоғамының мүшесі, «Құпияға толы Қазақстан» кешенді жобасының кеңесшісі Ерлан Қарин аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевқа алғашқы екі күндік жолсапардың нәтижесін жеткізді. Сондай-ақ, ол Сыр өңірінен алған әсерлерімен бөлісіп, Қазақ Географиялық Қоғамы мен Қызылорда облысы әкімшілігі бірлесе қолға алған жобаға қолдау көрсеткені үшін Қ.Көшербаевқа алғысын білдірді.
«Құпияға толы Қазақстан» кешенді жобасы республикамыздағы аймақтар арасында біздің облысымызда 20 қазан күні басталғаны мәлім. Өткен екі тәулік ішінде аталған экспедиция мың шақырымнан астам жол жүріп, көне «Жібек Жолы» бойындағы бірнеше тарихи-мәдени ескерткіштер мен табиғи қорықта болды.

Экспедиция Сырдария ауданындағы Қалжан ахун мешіт-медресесі, Қармақшы ауданындағы Марал, Қалқай ишан кесенесі мен Қорқыт ата ескерткіш-кешенінде және Арал ауданындағы «Кердері-1» мавзолейі мен «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығында болып, аталған нысандардың елді елең еткізер ерекшеліктерін фотосурет, фотокамера объективіне алды. Өлкенің табиғи ерекшелігі мен құнды қазыналардың кереметтігіне таң-тамаша қалысты. Әңгіме барысында жоба кеңесшісі Е.Қарин жиналған материалдардың бір парасын облыс әкімі жанындағы мәдени мұраларды қорғау ғылыми кеңесіне ұсынатынын жеткізді.
Ал, Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің археология, этнография ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев аймақ басшысына Жанкент шаһарында соңғы 10 жылдан бері жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесін баяндап, экспедиция құрамындағы зерттеуші ғалымдар атынан ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Оның айтуынша, нақты кезеңде Білім және ғылым министрлігінен университеттің жас ғалымдары жеңіп алған жоба бойынша мамандар құны 12 млн. теңге тұратын 3 жылдық жобаны жүзеге асыруда. Жалпы, Жанкент қаласын ғалымдар сонау 2004 жылдан бері бірлесіп зерттеу үстінде.
Бұл бастаманы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеті көтерді. Қазіргі күні аталған университет мамандары Алматыдағы Әлкей Марғұлан атындағы археология институты және Мәскеудегі И.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институтының ғалымдарымен бірлесіп қазба жұмыстарын жүргізген. Бұған қоса, Қазалы ауданында Жанкент шаһарына қатысты бірнеше халықаралық конференциялар өтті. Ендігі жерде республикалық сипаттағы археологиялық ескерткіштің шекарасын белгілеп, оны қоршауға алу керек. Ал, алдағы уақытта «Қазреставрация» РМК мекемесінің сәулетшілерімен бірлесе отырып көне шаһардың бір бөлігінен ашық аспан астындағы мұражай жасау міндеті тұр. Ғалымдардың ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдаған аймақ басшысы айтылған ұсынысты қолдап, қаржылай көмек көрсетуге дайын екендігін жеткізіп, экспедиция соңында барлық жинақталған материалдар бойынша жоғарыда аталған ғылыми кеңеске ұсыныс өткізуді тапсырды. Сонымен қатар, Қорқыт ата кешенін қайта жаңғырту ісіне 1 млрд. теңге бөлінгенін атап өткен Қ.Көшербаев мұндай ашық аспан астындағы мұражайды Сығанақ қаласында жасау керектігіне тоқталды. Өйткені, бұл архитектуралық ескеркіштер облысымызда туризм ісін дамытуға септігін тигізбек.
Экспедиция алдағы уақытта Шірік-Рабат, Сығанақ, Сауран шаһарларында, тарихи-мәдени ескерткіштерде болмақшы.
Қазалы ауданы.