Қала әкімі аналарға құрмет көрсетті

Кеше Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қатысуымен 8 наурыз - Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында қаламыздағы аяулы аналарымызға, аруларымызға құрмет көрсетілді. Ақ жаулықты аналарымызды мерекелерімен құттықтаған қала басшысы отбасында көп баланы тәрбиелеп өсіріп отырған аналар еліміздің мақтанышы, мемлекетіміздің үлкен тірегі екенін барлық қошемет, көрсетілетін барлық құрмет әрқашан аналарға арналатынын атап өтті.
Осы күні қалада еліміздің тыныштығына ұйытқы болып, бала тәрбиесіне үлкен мән беріп, бүгінгі өркениетті қоғамды қалыптастыруға зор үлес қосып жүрген 3 мың 500-ден аса Батыр аналармыз болса, төрт немесе одан да көп бала тәрбиелеп отырған жас аналардың саны 6 мыңнан асты. Жасы 100-ге жеткен үш кейуанамыз болса, Ұлы Отан соғысына қатысқан бір ардагеріміз бар.
Бүгінгі қоғамда нәзік жандылар тек қана отбасының шамшырағы ғана емес, түрлі саланы меңгерген кәсіби маман иелері. Әсіресе, денсаулық сақтау, білім, мәдениет, журналистика, қаржы, кәсіпкерлік, әлеуметтік қамсыздандыру сынды халқымыз үшін ең маңызды салаларда қызмет етеді.
Қалалық әкімдік құрылымында мемлекеттік қызметкер ретінде 200-ден астам адам қызмет етсе, солардың 50 пайызға жуығы нәзік жандылар. Ең бастысы олардың көбісі міндеті мен жауапкершілігі жоғары қызметтерді атқаруда.  
Мәселен, бюджетімізді бекітетін мәслихат хатшысы, қала әкімінің аппарат басшысы, халықты әлеуметтік қамту бөлімінің басшысы, білім бөлімінің басшысы, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы - әйел.
Аяулы аруларымыз ең негізгі және ең маңызды салаларда қажымай қара нардың жүгін көтеріп, ер азаматтармен тең дәрежеде аянбай еңбек етуде.
Сөз соңында қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы тәуелсіз еліміздің атын шығарып, көк байрағымызды биіктен көрсететін чемпиондарымызды, елі үшін тер төгіп аянбай еңбек ететін қайраткер тұлғаларымызды, кірпік қақпай ел іргесін күзетер жауынгерлерді, халыққа қайырымы мол жомарт жүректі жандарды, ұрпақ пен ұлт тәрбиесінің міндетін арқалаған ұстаздарымызды және осында отырған баршамызды дүниеге әкелген алтын құрсақты аналарға алғысын айтты. 
 
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 наурыз 2019 г. 351 0