« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қаржыгер Қалқазбек Әжібеков алтын бесігіміз ауыл тағдырына байланысты проблемаларды: жергілікті жерлерде қосымша қаржы көздерін табу, жұмыспен қамту, тұтыну тауарларын өндіру резервтері және ауыл жағдайында өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелеріндегі түйіткілдер жайлы осыған дейін де мерзімді басылымдарда ой толғап, өзекті жайттарды көтеріп келеді. Әр мезгілде облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрген ауыл тағдырына байланысты мақалаларды жаңа ойларымен ширата түскен автордың еңбегін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Ауылда өстік. Ауылдың тыныс-тіршілігімен бала кезден таныспыз. Сол себепті қазіргі кездегі шалғайда жатқан үлкенді-кішілі ауыл тағдырына алаңдап, көкейде жүрген кейбір ойларымызбен бөліссек дейміз.
Елімізде ауылшаруашылық өндірісін дамытудың экономикалық негіздері толығынан бар. Ұлтымыздың алтын бесігі – ауылдың жағдайы қазіргі уақытта өзінің мүмкіндіктерінен барынша төмен.
Ғалымдардың пайымдауынша, еліміздің ауылшаруашылық ресурстары әлемдегі 30 елдің қатарында болғандықтан, тіпті қазіргі өндіріліп отырған өнімнен 3 есе артық өнім өндіруге мүмкіндік бар екен және сол арқылы 100 миллион халықты тамақпен қамтамасыз етуге болады. Бүкіл әлемдік тәжірибе дәлелдегендей, азық-түлік өнімдері ішкі қажеттіліктің кем дегенде 80-85 процентін жабуы керек.
Біздің елімізде астық көп өндірілетіні белгілі. Бидайды, ұнды сыртқа шығарамыз, қалған негізгі азық-түліктің бәрін де өзімізде өндіруді жандандыруымыз керек, оған мүмкүндіктер мол. 1990 жылдармен салыстырғанда, дақылдардың жалпы егіс көлемі қазіргі таңда 1,6 есеге азайса, ірі қара, қой, құс басы 1,4-2 есе ет, сүт, жұмыртқа, жүн өндіру 1,1-2,9 есеге дейін азайып кеткен. Сол жылдары елдің ішкі жалпы өнімінің ¼ бөлігінен көбі ауыл шаруашылығында өндірілсе, қазіргі таңда 5 проценттің маңында. Азық-түлік өнімділігі АҚШ-тан 3 есе, Еуропа елдерінен 2 есе, Канададан 4 есе төмен. Суармалы жерлердің 40 проценті айналымнан шықса, жайылымдықтың жартысынан астамы тиісінше пайдаланылмай отыр.
Еліміздегі 18 миллионнан асатын халықтың 10 миллионнан астамы экономикалық тұрғыдан белсенді деп есептесек, оның 7,7 миллион адамы ауылдықтарды (42,6%) құрамақ. Еңбекке жарамды халықтың ¼ бөлігіне жуығы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар категориясында болса, оның басым бөлігі тағы да ауылдықтар үлесінде. Толығырақ талдау жасар болсақ, мұнан 50 жыл бұрын ауылдықтар үлесі ел халқының жартысын құрайтын, ол кезде тек қана ауыл статусы барлардың тұрғындары ғана есептелсе, кейінгі 10 жылдықтан бері ауылдықтар санатына кент тұрғындары қосылғанымен, үлес салмағының азайып бара жатқаны рас. Иә, бүкіләлемдік урбанизация процесінде мұндай жағдай қалыпты да шығар, бірақ еліміз орасан зор аумақтарға ие болуы керек емес пе?!
Қазақ халқының алтын бесігі, ұлтымыздың рухани дамуының мәйегі, негізгі азық-түлік өнімдерін өндіруші ауылдастарымыздың жыл санап азайып, ауылдың жағдайы көңілдегідей болмай отырғаны жасырын емес. Ауылдағы жұмыс көздерінің қысқаруы, инфрақұрылымдық нысандардың (мектеп, медициналық ұйымдар, кітапхана, клуб) жабылуы осыған кері әсер етті. Республика Үкіметінің 2012 жылғы 9 тамыздағы шешімімен еліміздің 409 ауылы, негізінен қандастарымыз қоныстанған елді мекендер, келешегі жоқ ауылдар тізіміне енгізіліп, басқа жерлерге көшу ұсынылды. Осы тізімде Қызылорда облысынан 20 елді мекен енгізілсе, оның 11-інде 100-ден асатын, 3-еуінде 51-100-ге дейін тұрғын бар еді. Олардағы мектеп, медпункт, мәдени мекемелер жабылып, онда қызмет атқаратын мамандар мен ауылдағы әлеуметтік сала қызметкерлері де (мұғалім, дәрігер, фельдшер, кітапханашы, т.б.) ауылдық жерлердегі тұрмыстық, коммуналдық, әлеуметтік қызметтердің, қолдаулардың төмендігі, жетімсіздігіне сәйкес қалалық жерлерге көш түзеді. Әрине, оң өзгерістер де бар. Осы процесті одан әрі ушықтырмай, ауылдарды, ондағы тұрғындарды сақтап қалу мақсатында бірқатар істің басталғаны да рас. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді ұлғайту бағытында ұсақ шаруалардың бастарын біріктіріп, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру екпінді жүре бастады. Ақпарат құралдарының мәліметтеріне сүйенсек, елімізде өткен жылдың 11 айында ғана 777 кооператив құрылды, сонымен қатар азық-түлік өндіруге бағытталған субсидиялаудың да тиімді әдістері енгізілуде. Бұны осы бағыттағы оң қадам деуге әбден болады.
Келтірілген фактілер мен мысалдар елімізді азық-түлікпен қамтамасыз ету, ауылшаруашылық өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттырып, әлемнің 30 озық елінің қатарына қосылу үшін керекті саладағы инновациялық, институттық өзгерістер мен экономикалық өсуіне білімді мамандардың рөлі зор екендігін мойындауымыз керек. Қазіргі уақытта елімізде ауылға әлеуметтік сала мамандарының баруына бірқатар жағдайлар жасалған. Алайда жастарға елге барып жұмыс атқарғанша, инфрақұрылымы дамыған қалаларда тұрып, жұмыс істеу ыңғайлы, тиімді және перспективалы.
Елімізде Қазақстан Үкіметінің 2005 жылғы 8 шілдедегі №66 заңы бойынша ауылдық жерлерде тұрып, қызмет атқаратын денсаулық, әлеуметтік қамтамасыз ету, білім, мәдениет, спорт және ветеринария саласы мамандарына жергілікті мәслихаттардың шешімдерімен лауазымдық айлық жалақыларына 25 проценттен кем емес, жоғарылатылған төлемақы төлеу және отын алуға да әлеуметтік көмек көрсетілуі қаралған-ды. Сонымен қатар елді мекендерге жұмыс істеу үшін келген осы категориядағы мамандарға 70 есе айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 1500 есе айлық есептік көрсеткіштен аспайтын төмен процентті бюджеттік кредит беру көзделген. Бұған қоса, жергілікті атқару органдарының шешімімен аталған мамандар қызметтік тұрғын үймен немесе жалдамалы үйлермен қамтамасыз етілуі белгіленген еді.
Енді осы жеңілдіктер нақты қалай іске асып жатыр десек, біздің Қызылорда облысында аудандық мәслихаттардың шешімі бойынша лауазымдық айлық жалақыға тек 25 проценттік төлемақы төленуде (заңда 25 проценттен кем емес), отын алуға 4 есе айлық есептік көрсеткішке тең немесе 9 мың теңгеге жетер-жетпес (0,5т көмірге жететін) біржолғы көмек көрсетілуде. Жас мамандарға 70 есе айлық есептік көрсеткішке тең жәрдемақымен тұрғын үй сатып алуға несие берілуде. Қызметтік немесе жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз ету барлық жерде бірдей жолға қойылмай отырғаны өкінішті.
Ауылдарда мамандарды ұстап тұру үшін қазіргі қолданыстағы қолдаулардың жетімсіздігінен кадрлар тұрақсыздығы байқалуда. Аталған мамандардың ауылдық жерлерде қызмет атқаруын ынталандыру мақсатында оларға көрсетілетін көмектерді мейлінше ұлғайтқанымыз абзал. Ол үшін мынадай шаралар жүзеге асқаны жөн:
-ауылдық жерде тұрып, жұмыс атқарған мамандарға лауазымдық жалақыларына төленетін үстеме мөлшерін қазіргі «25 проценттен кем емес» дегеннің орнына тұрақты 50 процент деп заңмен бекітілсе;
-тұрғын үйлерді жылыту үшін керекті отынның мөлшерін жалпы үйдің ауданына қарап Үкіметтің қаулысымен бекітіп, нақтылай қатты отын, тамызықты жылдың 1 қыркүйегіне дейін жеткізіп берсе (қазір небәрі 9000 теңге банкоматына аударылуда) мұндай практика 1960 жылдан 1993 жылға дейін, әрбір шаршы метрге 50 келі көмір 12 келі ағаш отынмен қамтамасыз ету жүргізілген және мамандардың қыстан шығуы үшін толық жететін, орталықтан жылытылатын, газға қосылған үйлерге де белгіленген тарифпен қыс айларында жылу шығындары өтелсе;
– тұрғын үйін жарықтандыру үшін де арнайы нормативпен бекітілген мөлшерде электр қуатын пайдаланғаны үшін шығындарын өтеу (1993 жылға дейін 2 бөлмелі пәтерге 384квт/сағ электр қуатын төлейтін еді);
– мамандардың ауылдық жерлерге жұмыс істеуін ынталандыру үшін қазіргі төленіп жүрген көтерме жәрдемақы көлемін 150 есе айлық есептік көрсеткішке көтерсе;
– өзінің жеке тұрғын үйі жоқ жас мамандарға өздерін азық-түлікпен қамтамасыз ету, үй іргелік бау-бақшалық жер учаскесін беру, 1 бас бұзаулы сиыр немесе жылқы, түйе, 10 саулық қойды тегін беруді қарастырса, нұр үстіне нұр.
Осы әлеуметтік жеңілдіктер мен қолдаулар аталған мамандардан басқа, ауылда істейтін ауыл шаруашылығы кооперативтерінің негізгі мамандарына да (зоотехник, агроном, механик, гидротехник) көрсетілсе, ауыл шаруашылығын дамытудың, ауылдарды қайта түлетудің негізгі тетіктерінің бірі болар еді.
Алдымен
азық-түлік...
Адам өмір сүруі үшін оған алдымен тамақ керек, қоғамға қажет экономикалық, әлеуметтік, рухани құндылықтардың барлығы да сонан кейін келе береді. Ауыл шаруашылығын дамытқанда ғана еліміздің экономикалық қуаты артады, сондықтан Елбасымыз бұл саланы «экономиканың драйвері» деп атады. Тәуелсіздігіміздің бастапқы кезеңінде ауырлық басқа салалармен салыстырғанда ауыл шаруашылығына түскендіктен және оны қолдауға қаржының тапшылығына байланысты саланың еңсесі түсіп, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге қауқары болмады, ауыл халқы қалаға үдере көшті, оның үлес салмағы қазіргі таңда ел тұрғындарының 43% құрауда. Елдің ішкі өнімінің 5% ғана ауыл шаруашылығына тиесілі болуда. Осы ғасырдың басынан бастап экономиканың жандануына байланысты ауыл шаруашылығының өсімі де орташа 8%-тен өссе, таяу жылдары азық-түлік өндіруді 2,5 есеге өсіріп, бірте-бірте еліміздің жалпы өніміндегі үлесі де артпақшы.
Ашығын айту керек, осындай өсімді қамтамасыз ету үшін елде тұратындар санының тұрақталғаны керек секілді. Қазір ауылымыз жұқарды, бұрынғы колхоз-совхоз орталықтары, бөлімшелердегі тұрғындар санының азаюына байланысты мектептердегі оқушылар саны кеміді, бұрынғы бастауыш мектептер жабылып қалды, ауылдан қалаға көш жалғасуда. Мал басын өсіруде де проблема – мал азығын дайындау қиындық туғызуда, жем-шөп өте қымбат. Сондықтан мал өсіруге жағдай нашарлады. Ал, шындығында осы мәселе аса қиын шаруа емес. Мәселен, ауыл тұрғындары үшін мал азығын егу, шабу, жеткізіп беру, үйіргелік жерлерін жыртып, арық жүргізу үшін, ауылдың санитариясын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті өзін-өзі басқару органдары, әкімдіктерге 1-2 тіркемесімен, соқасымен трактор алып беру заңдастырылса. Осындай келеңсіз жағдайға, әсіресе, шалғайда қоныстанған елді мекендер ұшырауда. Қазір әлемде урбанизация процесі қарқынды жүріп жатқанынан хабардармыз. Алдағы 30 жылда жер шары халқының 66%-і қалаларда шоғырланатын болса, БҰҰ-ның есебімен 2030 жылға қарай 600 қалаға әлем өсімінің 60% тиесілі болмақ. Ал, Қазақстан урбанизация көрсеткіші бойынша 228 елдің ішінде 140-орында екен.
Ауыл халқының көшуіне ауыл мен қала халқының арасында өмір сапасы және табыс деңгейіндегі айырмашылықтар айқын байқалады, бұл теңсіздік әлі де ұлғая беруі ықтимал. Себебі, ауылдағы еңбек өнімділігі төмен, инфрақұрылым дамымаған, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін негізгі тұтынушылар алыс болуы және т.б. факторлар бар.
Біздің бәрімізді елдің стратегиялық қауіпсіздігі, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі де алаңдатады. Жоғарыда аталған келешегі жоқ ауылдар тізіміне енген жерлерге енді халықты қайта апару қиын. Бұл бір жағынан жер де, табиғат та жетімсірей бермей ме деген ой әкеледі.
1980 жылдары «ауылды қалаға теңейміз» деген ұран болды, оған жақындап та қалған секілді едік. Қазір қайта осы ұранды түбегейлі іске асыруға толық мүмкіндік бар емес пе? Елді мекендерге жол қатынасы негізінен бір ізге түсті, су құбырлары тартылып, бірқатар ауылдар газдандырыла бастады, интернет, ұялы телефон байланысы бар. Осындай жасалып жатқан игіліктің нәтижесін кім көреді, егер ел үдере көшетін болса. Сайып келгенде, ауыл шаруашылығы адамзат өмірі үшін өте маңызды сала, жұмыссыздықты азайтатын бірден-бір резерв. Бұл салада жіберілген кемшіліктер көп, оны түзету оңайға соқпас, әсіресе, сиреп қалған ауылдарға адам апару оңай емес, бірақ билік шындап қолға алса, қалпына келтіріп дамыту қиынға соққанымен, орындалатын шаруа. Бұл мәселеде құптарлық жұмыстар да іске асуда, облыс бойынша 16 ірі елді мекендер «тіректі елді мекендер» бағдарламасына еніп, олардың инфрақұрылымының дамуына, әлеуметтік-мәдени объектілерінің жаңаруы, жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасалуда. Басқа өңірлерде де құптарлық тірліктер атқарылуда. Атап айтқанда, еліміз тұрғындарының көші-қоны жоғары Шығыс Қазақстан облысында 100 ауылды абаттандыруға 1 млрд теңге бөлу межеленсе, Солтүстік Қазақстан облысында көшіп келушілер үшін ауылдық жерлерде 600 тұрғын үй салынбақшы.
Біздің облысымызда да 2001-2003 жылдары ауылдық жерлердегі мамандарды қамтамасыз ету үшін 1000 тұрғын үй салынғаны, экономикасы тоқыраған, негізінен бұрынғы мал совхоздарына әртүрлі көздерден (бюджеттен, жеке ел азаматтарынан, қорлардан) көмек көрсетіліп, елдің есін жиюына, орнықталуына септік тигізгені есімізде.
Басты мәселе – елдегі тұрғындарға барынша жағдай жасап, ауыл шаруашылығымен айналысуына көмектесу, ауылға жастарды көптеп тарту, ол үшін ипотекалық, арендалық үйлерді керек жеріне салып, ынталандыру шаралары үкіметтік деңгейде жетілдірілсе. Мұнан кейін мал ұстау, жем-шөп дайындауға көмектесуді шешу керек. 2009 жылдан іске асып келе жатқан «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы ауылдық жерлердегі кадр жетіспеушілігін жоюға бағытталған және өзінің оң нәтижелерін беріп келеді. Жақында ғана Елбасының жастармен кездесуінде ауылдық жерлерге барып жұмыс істейтін әлеуметтік сала мен ветеринария мамандарына төленетін көтерме жәрдемақыны 70 айлық есептік көрсеткіштен 100-ге көтеру туралы тапсырмасы біршама қолдау болмақшы. Осы тізімге басқа да ауылдағы мамандар енгізіліп, қазіргі қолданыстағы әлеуметтік қолдау шарасы қарастырылса. Сонымен қатар, осы мамандардың коммуналдық шығындарын (жылу, отын алу, электр энергиясы) өтеудің қазіргідей жергілікті жерлердің құзырына тапсырғаннан Үкіметтің бәріне бірдей нақты анықтаған нормативтерімен бекітіп берсе. Яғни, ең болмаса қазіргі әскери қызметшілерге төленіп жатқан тұрғынжайды күтіп ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеудің ақшалай өтемақысының айлық көлемі 3779 теңгеге теңестірсе.
Сондай-ақ, нақты ауылдың өзіне (аудан орталықтары мен кенттерді есептемей) барып қызмет атқарушы әлеуметтік-мәдени сала мамандарының лауазымдық жалақыларына төленетін үстеме мөлшері өссе құба-құп болар еді.
Түйіндей келгенде, бүгінгі ұрпақтың, биліктің елдігіміздің тәуелсіздігін тұғырда ұстау, туған жердің тұтастығы үшін күрескен арыстарымыздың аманатын ақтап, кіндік қанымыз тамған жеріміздің қажетіне жарап, туған ауылдарының қаладан кем болмайтындай деңгейге жетуіне атсалысатынына сенгің келеді. Бүгіншіл емес, ертеңгі үшін көкей көзімен ой саралау бәрімізге де маңызды деп білемін.
Қалқазбек ӘЖІБЕКОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |