Техникалық бақылауды жеңілдетеді

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде екі жылдан бері инфрақұрылымды дамытуға, адам капиталын жақсартуға, экономика саласын цифрландыруға және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама және "SmartСity" тұжырымдамасы аясында біздің облыс­та көптеген жобалар бастау алғаны белгілі. Солардың қатарына тағы бір жоба қосылып отыр. 

Облыстық әкімдікте облыс әкімінің орынбасары Ев­гений Кимнің төрағалык етуімен өткен басқосуда "Smart Systems A.E." ЖШС басшысы Серік Жақсылықов "Qurylys Online" жобасын таныстырды. Облыстық сәулет және құрылыс бақылау басқармасының тапсырысы бойынша жасалып отырған бұл жоба құрылыс саласын бақылау, мониторинг жүргізу және кеңес берудің электрондық платформасын қа­лыптастырады. Қазіргі таңда құрылыс бақылау саласында қағазбастылық, ВІМ технологиясының толық ен­гі­зілмеуі, нысанды үнемі қадағалау мүмкіндігінің бол­мауы, нысанды өткізу және құжатын рәсімдеудің бел­гі­лен­ген мерзімде атқарылмауы се­кілді бірқатар мәселелер бар.

Тәжірибе көрсеткендей, көп­теген нысандар бойынша құрылыс барысы туралы есеп беру жасалмайды, жасалса да толық емес немесе уақытылы тіркеліп өткізілмеген болып шығады. Бұған құрылыс нысан­да­рының қашықта орналасуы немесе бір маманға өткізу мерзімі сәйкес келген бірнеше нысанның жүктелуі секілді себептер әсер етеді. Яғни, бір адам бірнеше нысан бойынша атқарылған жұмыстардың есебін жасап үлгірмейді.

Ал жаңадан енгізіліп отыр­ған "Qurylys Online" жобасы облыс көлемінде салынып жатқан барлық құрылыс нысандарына техникалық бақылау жұмысын жеңілдетуге бағытталған. Ол біріншіден, қағазбастылықты азайтады. Екіншіден, тех­ни­калық қадағалау жасау­шы­лардың уақытын үнемдейді. Үшіншіден, тексеруші орган мен есеп беруші тұлғалар арасындағы сыбайлас жем­қорлықтың ықтимал тәуекел­дерін азайтады.


Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 наурыз 2019 г. 643 0