Сыр бойының тарихы түркі әлемімен сабақтас

Қызылордада «Хорезм экспедициясының Сыр өңіріндегі зерттеулерінің тарихы» атты кітап жарық көрді. А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда жаңа еңбек оқырманға жол тартты. 

Одан бұрын қонақтар «Архив-2025» бағдарламасы аясында көне кітаптар көрмесін тамашалап, зерттелмеген немесе аударылмаған ескі ғылыми дүниелермен танысты. Бүгінде облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының мамандары Жүсіп Баласағұнның «Құтағду білік» дастанының үш нұсқасын, «Қорқыт ата кітабының» Ватикан, Дрезден нұсқаларын, қазақ хандарының қолжазба хаттарын, Қалжан ахун медресесінен табылған көне кітаптарды жинақтап, аударуға және түсіндірме сөздігін әзірлеуге кірісті. Көп ұзамай олардың бас­па әрі электронды нұсқасымен танысу мүмкіндігі тумақ.

Отандық, шетелдік түркі­танушы ғалымдардың басын қосқан конференцияны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, «Рухани жаңғыру» орталығы ұйымдастырды. Онда Сыр өңірінің түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіндегі орны туралы кеңінен айтылды. Шараның кіріспесінде облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов Қорқыт ата мұраларының ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енуін аймақ өміріндегі айрықша оқиға ретінде атап өтті.

– Түркі халықтарының мәдени тарихы көне замандардан бастау алады. Оның қайнар көздері сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпаларының тарихымен ты­ғыз байланысты. Осы ретте Сыр бойы мен түркі әлемінің әдебиетін, мәдениетін тұтас қарастырған жөн, – деді ол.

Халықаралық Түркі академиясы ғылым бөлімінің аға сарапшысы Нәпіл Базылхан Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы қазақ елі үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін маңызы зор стратегиялық мақала екенін тілге тиек етті. Ал ЮНЕСКО-ның Түркиядағы төрағасы Өжал Оғуз 950 жыл бұрын жазылған «Құтадғу білік» дастанының, сондай-ақ, Қорқыт ата мұраларының түркі тектес халықтардың ортақ қазынасы екеніне тоқталды.

– Қорқыт мазарының Қазақ­станда да, Түркияда да болуы екі елдің рухани-мәдени сабақ­тас­тығын айқындай түседі, – деді ол.

Одан бөлек, жиында түр­кіта­нушылар Елбасы мақа­ла­сының «Түркі әлемінің гене­зисі» бағытындағы ғылыми ізде­ніс­те­рінің нәтижесін баяндады.


Назерке САНИЯЗОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 наурыз 2019 г. 868 0