Ел бірлігі – ерекше байлық

 


Елбасы Н.Назарбаев “Ассамблея – еліміздегі бірлік пен келісімнің киелі бесігі, тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағы” деп құрылымның қоғамдағы маңыздылығын айқындап берген болатын. Бүгінде ҚХА атқаратын жұмыс ауқымы кеңейіп, мазмұны күн санап артуда. Себебі, Ассамблея – тек этномәдени бірлестіктерді ғана емес, бүкіл халықты бірлікке үндейтін белді ұйым. 

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы аймақтағы қоғамдық келісімді, саяси тұрақтылық пен жалпыұлттық бірлікті ны­ғай­туда жүйелі жұмыстар атқа­руда.  Мәселен, “Рухани жаң­ғы­ру” бағдарламасы аясында «Қайы­­­рымдылық керуені» акциясы, «Ұлы дала елі» тарихи-танымдық экспедициясы және «Сыр елі – достық мекені» атты жобаларын қолға алды. Сонымен бірге аймақта меценаттардың қолдауымен 798 қайырымдылық іс-шара ұйымдастырылып, 24794 адамға 270 млн 809 мың теңгенің көмегі көрсетілген. Оған қоса этномәдени бірлестіктердің қа­ты­суымен «Сыр елі – достық мекені» жобасы аясында «Славяне» этномәдени бірлестігінің 20 жылдығы, татар этномәдени бірлестігінің негізін қалаушы, белгілі ұстаз Н.Ахмадееваның 100, корей халқының ұлттық батыры Хон Бом Доның 150 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтілді. Өзбекстанның Қазақстандағы жылы шеңберінде өзбек халқының тарихын, салт-дәстүрін насихаттайтын түрлі шаралар ұйымдастырылып, «Дос­тық – баға жетпес байлық» тақы­рыбындағы салтанатты шарамен қорытындыланды.

– Біздің жұмысымыз – этно­мәдени бірлестіктерді көрсету ғана емес, ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау. Осы мақ­сатта Ассамблея жанындағы қо­ғамдық келісім кеңес­тері туралы да айтуға болады. Олар – мемлекеттік бағдар­ла­маларды, жаңа өзгерістер мен заңдарды, әкімдіктердің қолға ал­ған жұ­мыстарын әрбір тұр­ғынға жеткі­зуге барынша атсалысуда. Мы­салы, өткен жылы облыс бойынша 165 қоғамдық ке­лісім кеңесі жұмыс істеді. Олар­дың ықпалымен аймақ тұрғын­дарының 255 әлеуметтік мәселесі шешімін тауып, тиісті мемлекеттік нысандарға 109 ұсыныс берілді. Бұдан бөлек, аналар кеңесінің жұмысына да аса мән беріп отырмыз. Себебі, жастар арасында көп болып кеңесетін мәселе жетерлік. Осы­ған сәйкес Аналар кеңесі «Шаңырақ» жас қыз-келіншектер клубымен, жас отбасыларға әлеу­меттік-психологиялық кеңес беру орталығымен, «Сыр аналары» қо­ғамдық қорымен, «Бекзаттар мен бекзадалар» клубымен ты­ғыз жұмыс жасайды. Сонымен қатар, «Ұрпақтар сабақтастығы», «Қызы мен анасы» және тағы басқа маңызы зор жобаларды қолға алып келеді. Оған қоса, кеңестің ұйымдастыруымен Аналар форумын өткізу дәстүрге айналды, – дейді облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Л.Тө­решова.

Елімізде 2011 жылы “Медиация туралы” заң қабылданғандығы белгілі. Алайда, сол уақыттан бері даулы мәселені сотқа жеткізбей шешуде медиация ұйымдарының жұмыстарынан белсенділік бай­қалмаған. Бірақ соңғы жылдары аталған ұйымның жұмысына жүгінушілер қатары көбеюде.   Бүгінде өңірде 57 кәсіби және 615 кәсіби емес медиатор тіркеліп отыр. Соның негізінде кәсіби емес медиаторлар 371 дауды кеңес беру сатысында шешті, 543 дау сот алдында шешімін тапты. Ал, кәсіби медиаторлар арқылы сотқа жеткен 2351 дау қысқартылған. Осы ретте, сотқа жеткізбей, мәселені дау-дамайсыз шешуді алғаш болып қолға алған Сыр өңірі екенін айта кеткен жөн.

ҚХА-ның бастамасымен өткен жылы қыр­күйек айында өңірімізде рес­публикалық «Қазақтану» мә­дени-ағартушылық жобасы өтті. Шараның қазақы қаймағы бұ­зыл­маған Сыр өңірінен бастау алуының өзі үлкен мәнге ие. Кешенді жоба аясында ғылыми конференция, танымдық лекциялар, оқыту семинарлары, Қо­ғамдық келісім ке­ңестерінің рес­публикалық жиыны, медиация бағыты бойынша оңтүстік өңірлік семинар-тренингтері ұйым­дас­тырылды. Оған К.Мырзагелді, Б.Әбдіғали, Қ.Ергөбек, Н.Жүсіп секілді белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Облыстық ҚХА атқарып жат­қан ауқымды шаралар мұнымен толастамайды. Өңірдің барлық буын өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп, ұлт мүддесі жолында ұтымды жұмыстар жасап отырған құрылым жастар тәрбиесі бағытында да толымды тірліктер істеп, олардың  қоғамнан өз орнын табуына атсалысып келеді. Осыған орай, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы құрылды. Қазіргі сәтте ол этнос жастарын біріктіруші күшке айналды. Олардың ұйымдастыруымен «Ұлы Дала Елінің киелі мұра­сы» республикалық тари­хи-экологиялық акциясы», «Қам­қор», «Тағзым» акциясы және тарихи-экологиялық экспедициясы жүзеге асырылып, 40-қа жуық түрлі форматтағы шара өткізілді.

Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін «Алғыс айту күні» де облысымызда ерекше аталып өтеді. Қазіргі таңда бұл бағытта да түрлі шаралар қолға алынып,  бір ай бойына ауқымды жұмыстар атқарылуда.

– «Алғыс айту күні» – бұл, ең алдымен, елімізде тыныштық пен өзара сенімділік, барлық қа­зақстандықтардың бір-біріне деген құрметінің орнығуына негіз болатын идея. Мерекенің негізгі мазмұны – әрбір адамның бір-біріне жақсылық пен жылулық сыйлауы, жетім балаларға қол ұшын созу, қамқорлыққа зәру адамдарға көмектесу, үлкеннің кішіге деген сүйіспеншілігін, кішінің үлкенді сыйлауы, азаматтар арасындағы сыпайылық қарым-қатынасын дамыту, әдеп­тілік, кішіпейілділік, ізет­тілік қағидаларын дәріптеу. Өмірдің әрбір сәтін бағалай отырып, шексіз риясыз көңілмен алғыс айту, – дейді хатшылық меңгерушісі.

Өңірде 1 ақпаннан бастап өтілетін шаралар жоспары бекітілді. Мәселен, «Әлем елдеріндегі алғыс айту дәстүрлері» тақырыбында оқу орындарында лекциялар ұйым­­дастырылса, әлеуметтік желі­лер­де «Шын жүректен» атты видеоролик ұсынылды. Сондай-ақ, «Ме­нің алғысым» тақырыбында балабақшалар мен мектептерде сурет салу мен «Алғыс айту – парызым» атты оқушылар мен студенттер арасында эссе жазу байқаулары өткізілді. Мұнан басқа  «Сыбаға» қайырымдылық акциясы қолға алынды. Алдағы күндері «Алғыс арқалаған жандар» тақырыбында өткізілетін іс-шаралар барысында үлгілі отбасылармен, төтен­ше жағдайлар қызметінің құтқа­рушыларымен, «Жаныңда жүр жақсы адам» атты мерекелік кездесулер ұйымдастырылатын болады.

Жалпы, облыстық ҚХА бұдан өзге де түрлі бастамалар мен жобалардың өтуіне ұйытқы болып, ел ішіндегі бірліктің нығаюына, тұрақтылық пен келісімнің берік орнығуына атсалыса береді.



Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 ақпан 2019 г. 727 0