« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазақтың ән өнерінде өзгеше өрнек салған Кенен Әзірбаевтың 135 жылдығы Сыр елінде аталып өтті. Өнер қайраткері, екі мәрте «Ленин» және «Құрмет белгісі» орденін алған халық ақынына арналған «Ән кемеңгері» атты тағылымды шараға Жетісу жерінен келген Төрткен Кененқызы қатысты.
Өз шығармашылығында ондаған эпикалық жыр-дастандарды жырлап, тыңдаушысының құлақ құрышын қандыра білген ұлы тұлғаның тойы Қорқыт баба жерінде аталып өтуінің де өзіндік сыры бар. Жамбылдай жыр алыбын ұстаз тұтып, Сырда туған Нартай ақынмен дос-замандас болған Кенен атаның осы тойы Жетісу мен Сыр бойындағы ән өнерінің тоғысуының тым әріде жатқанының тағы бір дәлелі, үзілмес достық нышаны болып табылады.
Облыстық филармония ұйымдастырған кеште қызылордалық дәстүрлі әнші-жыршылар Кенен атаның әндерін әуелетіп, айтыс-толғаулары мен арнауларын нақышына келтіре орындады. Ұлттың ән өнерін ұлықтаған кеште облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов шараның рухани тағылымы мол, құндылығы ерекше екендігін айтып өтті.
– Қазақ жері таланттар шоғырына бай. Соның бірі – Жетісу ән мектебінің көрнекті өкілі, бүгінгі ұрпақ сабақтастығы аясында 135 жылдық мерейтойы тойланып жатқан Кенен Әзірбаев. Біз ұлттық құндылықтарымызбен мақтануымыз қажет. Сондай құндылықтың бірі – қазақтың ән өнері. Бабалар мұрасына баса назар аударуда бүгінгі кеш соның бір айғағы болып тұр. Кенен атамыз тек әнші емес, ақындық пен жыршылықты, сал-серілікті, айтыс өнерін бір бойына қалыптастырған адам. Осындай тұлғаның талантын тани түсу, ұрпаққа ұлықтау біздер үшін бұлжымас қағида болуы керек, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Кеште қонақ болған ақынның қызы Төрткен Кененқызы барлық сырбойылықтарға шексіз алғыс айтты. Ақ батасы мен шынайы тілегін жаудырған ол Кенендей халық ақынын дәріптеген қызылордалықтардың бұл игі ісі көпке үлгі болатынын да айтып қалды.
– «Сыр елі – жыр елі» деген құлаққа сондай бір жағымды естілер сөз ғой. Осындай қасиетті жерде өзге облыстарға үлгі боларлықтай жақсы дүние көрсетіп жатырсыздар. Әкем мен Сырда туған Нартайдың достығы ол бір бөлек әңгіме. Бұрындары басқалай еді. Әр облыс өзінен шыққан белгілі азаматын мадақтаумен шектелетін. Бірақ, ол азаматтар заманында өзі туған өлкеге емес, тұтас елге қызмет қылды емес пе?! Сіздер жақсы бастама көтеріп отырсыздар. Кенендей даңқты тұлғаларды дәріптеу – барша елге игі іс, үлкен үлгі деп есептеймін, – деді Төрткен Кененқызы.
Өнерде шекара жоғы рас. Бүгінде Кенен мен Нартай ақын арасындағы шығармашылық байланыстың ұрпақпен бірге жалғасарына сенім мол. Шарада қазақ өнерінің қазанын қайнатқан Кенендей алыптың қызы Төрткен анамызға дәстүрлі жоралғымен қамзол кигізіліп, иығына орамал жабылды. Өз кезегінде ақынның қызы аймақ халқына Кенен ұрпақтары атынан алғысын білдірді.
Ержан ҚОЖАСОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |