ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН МҮМКІНДІК АЛАҢЫ

Жастар жылының Сыр еліндегі шымылдығы кеше облыс орталығында бірқатар шарамен түрілді. Мұнда алдымен «Евразия» спорт кешені мүмкіндіктер алаңына айналды.

Олай дейтініміз, оқушы, студент, жұмыссыз – әртүрлі санаттағы жас­тар үшін арнайы мамандар күні бойы түрлі бағытта кеңес берді. Атап айтқанда, көптеген мекеме бос жұмыс орындарын, кәсіби бағыт-бағдар ұсынды. Сондай-ақ, өңірлік бағдарламалар бойынша кеңес алуға жағдай жасалды. Оның ішінде «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», облыстық басқармалар, бірқатар жоғары және арнаулы орта оқу орындары жастарға өз салалары бойынша сұрақтарына жауап қайтарды.

Шараны ұйымдастырған «Жас­тар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Жасұлан Алдабергенов жастар арасындағы жұмыссыздық пен тұрғын үй мәселелерін шешу бағытындағы жұмыстың күшейе түсетінін жеткізді. Оның ішінде кәсіпкерлікті дамытуға ерекше ден қойылып, қолдау көрсетіледі.

2019 жылдың Жастар жылы болып жариялануы, әсіресе, өмірден өз орнын таппай жүрген жастар үшін үлкен мүмкіндік болғалы тұр. Орталықтың рекрутинг және бизнес-инкубатор бөлімі осы орайда қандай да бір кәсіпке қызығатын қыз-жігіттерді қызмет көрсету салаларына бейімдеуге ынталы.

– Бірқатар мекемемен арадағы келісімшартқа сәйкес мамандардың алғашқы легі наурыз айында жұмысқа кіріседі. Сонымен қатар, біздің тағы бір мақсатымыз – жастардың бизнес жоба­ларын жүзеге асыруға ықпал жасау, – дейді бөлім басшысы Сәдірбек Жұмабеков.

***

Түстен кейін облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің қатысуымен Студенттер сарайында «Senin ýaqytyń» атты жастармен кездесу өтті. Білім, мәдениет, ғылым, спорт саласында биіктерді бағындырған белсенді жастармен өткен кездесу креативті идея мен ұтымды ұсыныс алаңына айналды. Жиынның мақсаты айқын, Жастар жылына орай жастардың тың бастамалары мен сауалдарын анықтау, өзекті мәселелердің шешімін табу.

Жиында Руслан Рүстемұлы қоғамның қозғаушы күші жас­тар екенін атап өтіп, аға мен жас  буын арасындағы байланыс, өзара сабақтастық туралы сөз қозғады.

–    Ел тәуелсіздік алып, даму­дың даңғыл жолына түскен сәтте Елбасы алдымызға төрт міндетті қойды. Бірінші, тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалау, екінші, әлеуметтік бағдарланған қоғам құру, үшінші, нарықтық экономиканы қалыптастыру, төртінші, қоғамдық ой-сананы қайта жаңғырту. Елдегі барлық жұмыстар осы төрт міндеттің аясында атқарылады, – деді Руслан Рүстемұлы. 

Бүгінде облыста жастар мәселесі шешімін тауып, жұмыссыздар қатары азайып, кәсіпкерлікке бет бұрушылар саны артқан. Айталық, өткен жылы аймақта алғаш рет өткен «Zhas Рroject» жобасында 244 жеңімпазы қайтарымсыз грант иеленген.

Кездесуде облыстық жас­тар саясаты мәселелері бас­қармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов жастар бастамалары мен ұсыныстары негізінде жол картасы даярланып жатқанын атап өтті.

Жастар бұл жиында аймақта ерекше көңіл бөлінуі керек істерді, ауқымды жобаларды шешімін қарастыра отырып жеткізді. Айталық, «Жаңажол» ЖШС директорының орынбасары Нұрлыбек Елемесов жастарды еңбекке баулитын «Жақаев ізбасарлары» атты жобаны биыл да жүзеге асыру туралы ұсынысын айтса, Қазалы ауданынан келген қолөнерші бойжеткен жастарды қолөнерге баулитын мектеп ашу туралы ойын білдірді. Жиында жас мамандардың ауыл шаруашылығы саласына бейімделуі, дипломды ғана емес, ауылдағы істің көзін білетін, еңбекке қабілетті маман болуы керектігі де ерекше айтылды.

Жастарды елең еткізген жаңа жобаның бірі – Қорқыт атаның өмірі мен өнеріне арналған анимациялық фильм түсіру және облыста анимациялық студия ашу идеясы. Ұтқыр ойдың иесі – Сүлеймен Демирель атындағы университеттің 4-курс студенті, қызылордалық жас Бағлан Төлебай. Ол былтыр көрерменге жол тартқан «Мұзбалақ» мультфильмін жасаушылардың бірі. Сондай-ақ, ол осы кезге дейін ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақтың электронды нұсқасын даярлап, ұлт мұрасын жаңа заманға бейімдеп, бүгінгі балалардың да танып-біліп өсуі үшін еңбек етуде. Руслан Рүстемұлы талантты жас, мультипликатордың бұл ұсынысына қолдау танытып, ал­дағы уақытта анимациялық фильм түсіру жобасы қарастырылатынын жеткізді.

Жиында жас отбасыларды тұрғын үймен қамту мәселесі де қозғалды. Бүгінде, Сырдарияның сол жағалауында бой түзеген жаңа қалада наурыз айынан бастап тұрғын үйлер берілетінін айта кету керек. Кәсіпкерлердің қолдауымен бой көтерген мұндағы көпқабатты үйлердің бағасы шаршы метріне – 120 мың теңге. Бұл республика бойынша ең төменгі баға. Жиында дарынды жастарға берілетін «Сыр үміті» сыйлығы биыл жалғасын тапса деген де ұсыныс айтылды. Осы кезге дейін 100-ден аса жас Сыр үмітіне баланса, облыс әкімінің орынбасары екіжылдық үзі­лістен кейін бұл сыйлық биыл тағайындалатынын атап өтті.

***

Жастар жылының ашылу салтанаты аясында одан бөлек, «Мұз айдыны» спорт ке­шенінде мәдени-көпшілік, спорттық шаралар өтті. Баскет­болдан өткен облыстық ашық турнирде аулаішілік клубтардың мүшелері мен студенттерден құралған 15 команда бақ сынасты. Шара жергілікті өнер­паздардың концерттік бағ­дарламасымен «Евразия» спорт кешенінде қоры­тындыланды.

«СБ» тілшілер тобы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 ақпан 2019 г. 405 0