МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ТӘРТІБІ ҚАРАЛДЫ

Ұлт Жоспарының 12 қадамына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттары белгіленген Әдеп кодексінде «Мен мемлекеттік қызметшімін» деген кез келген жанның әрекеті мінсіз болу қажеттілігі айтылған. Алайда, аталған талап үдесінен шықпағандар бар. Жемқорлыққа жол бергендері де жоқ емес. Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында  осы мәселелер қаралды.

Кеңес отырысында Қазалы ау­данында орын алған олқы­лық­тар айтылды. Өт­кен жылы облыста сыбайлас жем­қорлық сипатындағы 139 қылмыс тіркелген болса, оның 7-і осы ауданда орын алған. Атап айтқанда, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің мемлекеттiк қыз­мет­тер атқаруға уәкiлеттi адамның қызмет бабын пайдаланып, бө­тен­нің мүлкін ысырап ету де­регі бойынша сотқа дейінгі тер­геп-тексерудің тізіліміне қыл­­мыстық іс тіркелген. Бұдан бө­лек, Басықара ауылдық окр­угі­нің әкімі Ғалымбек Сисе­н­ов заңсыз  әрекетке жол бер­­ген. Осыған байланысты қалалық №2 сот санкция­сымен округ әкіміне жасырын тергеу әрекеттері жүргізіліпті. Тексеру барысында Әйтеке би кентінде орналасқан «Тропикал» кафесінің ішінде өзінің қызметтік өкілеттігіне кіретін және лауазымына байланысты ықпал жасай алатын әрекеті үшін айтарлықтай мөлшерде пара алған жерінде ұсталған. Аудандағы бірыңғай тәртіптік комиссия ұсынған мәлімет те көңіл көншітпейді. Былтыр өңірде 83 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапқа тартылған. Жыл басынан бері осы тектес тағы 6 факті орын алып отыр. Бұл ретте аудан басшысы Мұрат Ергешбаев әкімдіктің мүдделі органдарымен бірлесе бірқатар жұмыс жүргізіп отырғанын алға тартты. Жемқорлық сипатындағы қыл­мыстардың өткен жылмен салыс­тырғанда 36 процентке азайғанын жеткізіп, алдағы уа­қытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды арттыру бағытындағы профилактикалық шаралардың тиісті деңгейде жалғасатынын баяндады.

Мұнан кейін Шиелі кентінің әкімі Ғабит Аманжоловтың тәртіптік ісі қаралды. Аудан әкімінің есеп беру кездесуі барысында республикалық «31 арна» телеарнасының түсірілім тобымен тәжікелесіп, тұрғындармен диалогта әдеп сақтамаған кент әкімінің әрекетіне Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының қызметкері қызметтік тергеп-тексеру жүргізген. Нәтижесінде бейнеқордағы сюжет зерделеніп, Ғабит Аманжоловтың тарапынан ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 5-тармағы 2 және 7 тармақшаларында көзделген мінез-құлық стандарттарының бұзылғаны анықталып отыр. Бұл орайда кент әкімі де эмоцияға жол берілгенін, бұл істің енді қайталанбайтынын жеткізді.

Жаңақорған ауданы Өзгент ауылдық округінің әкімі Жанұзақ Мырзабаев тарапынан да қателік кеткен. Округ әкімі тұрғынның өтінішіне жауап беру кезінде мазмұны бойынша негiзделген және дәлелдi, немесе дәлелiн жоққа шығаратын, не растайтын нақты деректерді қамтымаған. Ал, «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Заңның 10-бабы 1-бөлігінде өтiнiштерге ҚР заңнамасына сiлтеме жасай отырып, мазмұны бойынша негiзделген және дәлелдi, мем­лекеттiк тiлде немесе өтi­нiш берiлген тiлде жауап қай­тарылуы, арыз берушiнiң қабылданған шешiмге шағым жасау құқықтарын түсiндiре отырып, оның дәлелiн жоққа шығаратын немесе растайтын нақты деректердi қамтуы тиiс деп айқындалған. Осыған байланыс­ты Жанұзақ Мырзабаев тарапынан арызға жауап беру барысында қызметтік әдеп сақталмағаны, осы әрекеті қоғам тарапынан айтылған сынға себепкер болғаны анықталды. 

Жиын соңында кеңес мүше­лері мемлекеттік қызметтің жауапсыздықты көтермейтіні, Елба­сы үнемі мемлекеттік қыз­меттің мәртебесін арттырып, оның тиімділігін сапалы ету міндетін қойып келе жатқаны туралы ортаға салды. Қызметте адал, әділ болуға шақырды. Нәтижесінде тиісті шешім қабылданды. Шиелі кентінің әкіміне «сөгіс» түріндегі тәртіптік шара көрілетіндігі, Жаңақорған ауданының Өзгент ауылдық округінің әкіміне «ескерту» берілетіндігі айтылды.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 ақпан 2019 г. 584 0