Қызылордада көлік апатынан сал болып қалған жігіт ән кешін өткізді

Қызылордада көлік апатынан соң сал ауруына ұшыраған жас жігіт Бақдәулет Әбділдаұлы ән кешін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақдәулет 1999 жылы Сырдария ауданының орталығы - Тереңөзек елдімекенінде дүниеге келген. 2015 жылы жазатайым көлік апатына ұшыраған ол төрт жылға жақын уақыттан бері қаншама отаны бастан өткізді.  Оның бұрыннан ән айтуға әуестігі бар еді. Тағдырдың жазуына қасқайып қарсы тұра білген жас жігіт өнер өлкесінде өз өрнегін айшықтауға барынша талпыныс жасап келеді. Саналуан әндерді нақышына келтіре шырқайтын ол өз орындауындағы әуендерді әлеуметтік желіге жүктейтін болды. Соның арқасында қазір Бақдәулеттің өнерінен жергілікті жұртшылық жақсы хабардар болып үлгерді. Осылайша тыңдармандарының бірі жас өнерпазбен байланыс орнатып, ән кешін өткізуге ұсыныс жасады.

Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентіндегі №11 мектеп-лицей ұжымы осындай игілікті істің ұйытқысы болды. Олардың ұйымдастыруымен С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық кеші болды. Сондай-ақ, бұл ізгі іске жергілікті «Жас Отан» жастар қанаты қолдау білдірді.

«Біздің мектеп оқушылары Бақдәулетпен байланыс орнатқан екен. Жас әнші көпшілік арасында танымал. Осылайша Бақдәулеттің ән кешін өткізу жөнінде шешім қабылданды», - дейді №11 мектеп мұғалімі Мақпал Нәріпбаева.

Өнер шарасында Бақдәулет өз орындауындағы әндермен көпшілік ризашылығына бөленді. Концертте «Өлшеулі өмір», «Әке-ана», «От жігіт», «Шүкір ет» әндері шырқалды. Жас жігіттің өнер кешінде жергілікті әншілер Үміт Медеуова, Баян Бектұрғанова жылы лебіздерін білдірді.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 ақпан 2019 г. 591 0