ЖАНСАМАЛ, ҚҰРАЛАЙ, АҚМАРАЛ

Бәрі әлеуметтік желідегі бейнеүзіктен басталды. Онда АҚШ-тың Вирджиния штатының тұрғыны Тереза Пармер Ханкокты Бельгияға конференцияға келген жерінен сонда тұратын қазақ қызы қонаққа шақырғаны көрініп тұр. Терезаның таза қазақ тілінде айтқан әңгімесі елең еткізді. 

– Қазақстанның Қызылорда облысы, Шиелі ауданында ағылшын тілінен сабақ бер­дім.  Ол жақта мені өз қызын­дай көретін отбасым, ата-анам  бар. Қазір Вирджиния универ­ситетінде испан тілінен дәріс оқимын. Жолдасым Майкл-Ханкок Орта Азия, оның ішінде қазақ тарихын зерттеуші. Үш қызымыз бар. Аттары – Жансамал, Құралай және Ақмарал. Шиеліні әлі күнге дейін сағы­намын, – деді.

Көзінен мейірім нұры төгіл­ген қыздың сөзін қайта-қайта тыңдадым. Шынайылығы бай­қалды, Шиелімен байланысты естеліктерді айтқанда жүзінен сағыныш табы сезілді.

Тереза шиеліліктермен хабар­ласып тұра ма екен? Сұра­ғыма жауап іздеп, біздің басы­лымның аймақтық тілшісі Нұрмахан ағаға телефон шалып ем,  осыдан 5-6 жыл бұрын отбасымен төркіндеп келгенін айтты. Содан Терезаның осы елдегі ата-анасы Нұрлан мен Эльмира Шонабаевтарға хабарластым.

Эльмираның американдық қызды өз балаларынан кем көрмейтіні Тереза туралы ай­та бастағаннан-ақ аңғарыл­ды. Әңгіме арасында даусы жа­рықшақтанып, көңілі бұзылып тұрғанын байқадым.

– Ол 3 жыл бойы менің тәрбиемде болды. Сол кездерді өміріміздің ең жарқын сәттері ретінде үнемі еске алып отырамыз. 2003 жылы тұңғышым – колледжге, екінші ұлым қазақ-түрік лицейіне оқуға кетті де, отағасы екеуміз қалдық. Балаларды сағынып жүргенімізде Терезаға ата-ана болу туралы ұсыныс түсті. Алғашында тілі бөлек, діні басқа адамға қалай үйренісеміз деп уайымдадық. Американдықтардың өмір салтына үйренген адамға біздің тұрмысымыз қолайсыз емес пе?

Бірақ Тереза ауылдың өмі­ріне, күнделікті тірлігіне бейім­делді. Аз уақытта үй тірлігімен айналысуды, қонақ күтуді, тамақ пісіруді үйреніп алды. Бізді өзіне тән әдет бойынша атымызбен емес, «папа, мама» деп атайты­нын бірден айтты. Ол кезде өрт сөндіру қызметінде жұмыс істеймін. Терезаға төккен ана­лық махаббатымның өтеуі шығар, көп ұзамай Аймираш қызымды дүниеге әкелдім. Ол кішкентай нәрестеге туған әпке­сіндей жанашыр болды. Қо­лынан түсірмей көтеріп жүріп, сабағына әзірленетін.

Бірде менің аяғым ауыр күйіме алаңдап, әкесі жоқта сиырды падаға қосып барып, жұмысқа кеткенін көрші-қолаң, әріптестері көріп таңқалды. Қайда барса да, қолынан кітабы түспейді. Адам жатырқамайды. Ағайын-туыстың тойы, шақы­рысына ертіп барамыз. Сөйтіп тек біздің үйдің ғана емес, тұтас әулеттің қызына айналды. Ол біз­дің халықтың балаға төгетін мейі­рімі мен махаббатына қызы­ғатын. 

Терезаның ерекше қасиет­тері – жүрегінің тазалығы, адам­ға жанашырлығы, ішіне бө­тен пікір сақтамайтыны. Ауа райы ма, ішкен ас-суы жақпай қалды ма білмеймін, бірде қызуы көтеріліп науқастанып қалды. Әжелерімізден көрген ырым бойынша жерұшық бердім. Алғашқыда қатты шошыды. Кейін өзі «мама ауырып тұрмын, ұшықтаңызшы» деп тұратын болды. Қазақтың халық еміне сенімі күшейіп, осы тақырыпты кеңінен зерт­теу­ге ықыласы ауды. 

Қызымыз еліне қайтарда қимай қоштастық. Әбден бауыр басып қалыппыз. Аймираш сіңлісіне сағатын, әмиянын ес­телікке қалдырып, өзін ұмыт­пауын тапсырды.  Вокзалда тұрып «мама, екеуіміз сөмкемізді ауыстырып алсақ қайтеді, бір-бірімізді еске алып тұрайық» деп ұсыныс айтты. Сол жерде ағайын-ту­ыс, ұстаздар қауымы құша­ғы­мыздан әзер босаттық. Қы­­зымыз американдық сал­қынқанды міне­зін үш жыл ішінде қазақ­тың көңілшектігіне өзгертіп алыпты. Айтпақшы, жиналған жұртты «руым – шашты» деп күлдіргені бар.    

Тереза еліне қайтқан соң, араға жыл салып Шиеліге келген. Әбден сағыныпты, ағайын-туыс пен әріптестерді аралады. Кейін 2013 жылы күйеуі Майклмен және тұңғышы Жансамалмен төркіндеп қайтты. Аунап-қунап, сағынышын басып, кетерде тағы да қимай қоштасыпты.

– Күйеу баламызға естелік ретінде не сыйласақ екен деп ойландық. Сөйтіп өз таңдауына салдық. Майкл шежіре кітапты таңдады. Кейін өзім науқастанып, Түркияға барып емделуіме тура келді. Сол кезде Тереза қызым өз балаларыммен бірге уайымдады. «Жазылып кетесіз» деп жігер беріп, қаржылай көмектесті. Қазірдің өзінде туған күнімізді, мерекелерді ескерусіз қалдыр­майды. Сыйлық жіберіп тұрады. Үзбей хабарласады. 

Тереза қазақтың «перзенттік парыз» деген сөзін түсінеді. Бізді  Америкаға шақырып, бәрімізді қонақ етуді армандайды. «Маған жасаған жақсылықтарыңызды, төккен мейіріміңізді қалай өтесем екен? Сіз келгенде үйде ит үрмеуі керек, барлығы таза тұруы керек» деп үнемі әзір­леніп жүреді. Алла жол берген күні Америкаға да  барамыз, – дейді Эльмира.

Терезаның қыздарына қа­зақ­ша есім беруінің де сыры бар екен. Шиеліде сабақ беріп жүргенде Ақсамал деген оқу­шыны ағылшын тілінен ҰБТ-ға дайындап, шәкірті «Алтын белгіге» ие болыпты. Келесі жылы Құралай деген оқушы да ұстаздарының еңбегін қайтарып, озық шы­ғыпты. Қыздарының атын Ақ­самалдың құрметіне Жансамал және Құралайдай болсын деп ырымдап қойған. Ал кішісі Ақмаралдың есімі Алматыда қазақ тілін тереңдетіп үйреткен өз ұстазының құрметіне бері­ліпті.   

Бірге жұмыс іс­те­ген Кенже­гүл Жакенова 2011 жылы Тереза тұрмысқа шық­қанда тойға барыпты.

– Мұхит асып, тойға қа­тысып келудің өзі оңай емес. Мен қазақы дәстүрмен шашу шашып бардым. Өз қызымызды ұзатқанда дүние-мүлік дайындаймыз ғой. Сол дәстүр бойынша көрпе-төсегімді әзірлеп, «Алматы-Амстердам-Детроит-Вирджиния» бағытымен ұш­тым. Тереза Шиелінің құрты мен шәйін сағынғанын айтты. Той үстінде келуімнің мәнісін, қа­зақ жерінің бір түпкіріндегі – Шиеліде Терезаны жақсы көретін адамдар барын айттым. Біздің дәстүріміз бойынша қыз төркіні жасайтын жоралғыларды көрсеттім, – деді сұхбаттасымыз.

Тереза мен Майкл Ханкоктар қазір өз салалары бойынша докторлық қорғаған. Университте жұмыс істейді. Орта Азия және Қазақстан тарихын зерттеуші Майкл гранттық жобаны жеңіп алса, отбасымен Қазақстанға келгісі бар. 

Қазақтың кең құшағына кім сыймаған? Мұхиттың ар­ғы жағынан келген қызды жат­сынбай, бір баласы етіп тәр­биелеген аналардың ақ пейілі мен адалдығы  дөңгеленген дүниенің тепе-теңдігін ұстап тұрған шығар, бәлкім.


Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 ақпан 2019 г. 863 0