« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
секциясы
Біздің бала кезімізде көркем әдебиеттің құдіреті күшті еді. Ауыл баласы танымал шығармалардың кейіпкеріне еріксіз еліктеп, әбден әлекке түсетін. Үлкен-кішіні жіпсіз байлаған әйгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Жекпе-жек» повесі де сондай тартымды туындылардың бірі болатын. Соны жата-жастана оқыған біздің Қаратереңнің бүкіл баласы Мұрат Батырбаев секілді атақты боксшы болмаққа талпынды. Бүкіл баласы дегенді бекер айтып отырғанымыз жоқ. Ол кезде мектептің барлық оқушысы шетінен кітап кеміретін. Қазіргідей интернет бұлағының көзі ашылмаған кезде ауылдағы ұл-қыз күн ұзаққа кітапханадан шықпайтын.
Бірақ «Жекпе-жекті» бас алмай оқып, Қызылшекара орта мектебінде балаларды дамылсыз жаттықтырған бапкер Николай Трофимовичке, оның талантты шәкірті Мұратқа қатты қызыққаныңмен, бірден боксшы болып кету оңай емес екен. Жұдырығы жуан жігіттер жеткілікті болғанымен, кәсіби былғары қолғап шебері шыға қоймады біздің ауылдан.
1977 жылы КазПИ-дің филология факультетін бітірген Сәмен Құлбарақов деген жас жігіт орта мектепке мұғалім болып келген соң қаратереңдік ұландардың боксқа талпынысының жаңа кезеңі басталды. Себебі, ауылға ару Алматының лебін ала жеткен ағайымыз кәнігі боксшы екен. Анау-мынау емес, қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлының өзінен жұдырықтасу өнерін үйренген. Әлде спорт шебері, әлде кандидат... Өзі өте сымбатты. Жігіт атаулының келістісі. Қаратереңнің қыз-қырқыны оны күнде көшеде көрген сайын «нокдаун» алады. Оны айтасың, ол бері қарай бұрылды дегенше, біздің кластағы бойжеткендердің жүрісіне дейін біртүрлі болып өзгеріп кетеді. Шиыршық атып тұрған жас жігіт келе сала ауылдан бокс секциясын ашты. Сонымен, сабақтан соң бокстан басқа ермегіміз болмады. Қара сөздің хас шебері Бердібектің «Балалық шаққа саяхат» атты повесінде «Қара бұлттай қалбиған мынау Күміс, Соғады Тұрдыбекті гүрс-гүрс», – деп суреттеп жазғанындай, кешке қарай спорт залына жиналып, бір-бірімізді аяусыз қойғыласып жатамыз.
Алайда, қанша қойғылассақ та, ешқайсымыздан боксшы шықпады. Жабайы жұдырықтасу мен жаппай төбелеске құмар ауыл балалары бокс қолғабын киіп, рингте атой салуға сонша құмартқанымен, шаршы алаңның шебері болу көп күш-жігерді талап ететіні көрінді. Сәмбі талдай Сәмен ағам біздің қабілетімізді аша алмады ма, әлде біз былғары қолғап пен жай қолғапты ажырата алмайтын миғұла болдық па, білмейміз, әйтеуір екпіндеп басталған бокс секциясының жұмысы ақыры қожырап тынды.
Есесіне ол біздің әдебиеттануға деген қабілетімізді ашты. Шетімізден қалам ұстауға құштар болдық. Күні бойы көсіліп, еркін тақырыпқа шығарма жазып отырар едік. Ағайымыз бізді қатты тәрбиелеп жібергені соншалық, өзі де боксын жайына қалдырып, әдебиеттанумен шындап айналысты. Бүгінде осы саладағы белгілі ғалымдардың бірі болды. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Тараздағы беделді оқу орнында кафедра басқарады. Оның боксшы ретіндегі бейнесі біздің санамызда әлдеқашан көмескі тартқан.
Бірақ шаршы алаңның шаңын шығаратындай шайқас көрсек, бала кездің сол бір суреті көз алдымызға келе қалатыны рас.
Сырдың
«Сары
қасқыры»
Осымен Арал теңізінің қолтығындағы шағын ауылдағы бокстың күні біткендей болған. Біз елден жырақ кеткеннен кейін мектепке келген дене тәрбиесі пәнінің оқытушылары да біраз талпыныс танытып көргенге ұқсайды. Алайда, былғары қолғап киген өрендердің ауылдан ұзап шыққанын ести қоймадық.
Жоқ күні бітпепті! Ел жақтан тай-құлындардың дүбірі тағы да естіле бастады! Ауыл іргесіндегі Кіші Арал үлкен үміттің отын жаққан соң басындағы бағын қайта тапқан Қаратереңнің білте шамдай өшіп қалған баяғы боксы қайта жанданыпты. Бұған біраз азаматтардың септігі тиіпті. Олардың салақұлаш тізімін сағыздай созбай-ақ қояйық. Бастыларын айтар болсақ, Олимпиадалық резерв даярлайтын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жалғас Бітімбаев, Қаратерең орта мектебінің директоры Кешубай Маханов, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Айдар Әмишаев, балаларды жаттықтыру үшін ауылға арнайы келген бапкерлер Тұрар Мырзалиев пен Әсет Жұмағалиевтер бұл іске барынша үлес қосады. Біздің Сәмен ағайдың заманындағыдай Алматыдан келе сала бокс секциясын аша беретін мамыражай кез емес, олар көк есік пен көп есіктің бәріне кіріп шығады. Ауыл ағалары тиісті орындарға хат жолдайды. Тым белсенділері талай мекеменің табалдырығын тоздырады. Тіпті, бұл мәселеден облыс басшылығы да құлағдар болады. Ақыры, авиаторларымен, қаламгерлерімен және суретшілерімен баршаға танылған Қаратереңде тағы бір өнерді ілгерілетуге жол ашылады.
Бүгінде бірде жүрелеп, бірде тұралап, ақыры жұмысын бастап кеткен бокс секциясының түтіні түзу ұша бастаса керек. Қаратереңнің ұландары түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлдемен оралатын болыпты. Мектептегі секцияға алпысқа жуық бала тартылған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжінің түлегі Дамир Ибрагимов бапкер боп келген соң Қаратерең боксының көші ілгерілей түскен. Бұлшық еті шымыр, ұстаздық қабілеті жоғары Дамир біздің ауылдың бірбеткей балаларының тілін тапқанға ұқсайды. Кезінде өзі де бокспен айналысып, біршама жетістікке жеткен ол теңіз жағасында балық жеп өскен қаратереңдіктердің бүгінгі буынын шынықтыруға шындап кіріскен сияқты. Талай адам қолға алып, тапжылта алмаған спорттың бұл түрінен соңғы кезде жеңімпаздардың көптеп бой көрсетуі – осының дәлелі.
Солардың ішінен Қайрат Тұрмаханов деген сары уыз бозбала суырылып шықты. Қарсыластарын шақ келтірмейді. Аудан, облыс, республика көлеміндегі жарыстарға барса, жүлдесіз қайтпайды. Тек бірінші орынға ұмтылады. Бойы бір тұтам болғанына қарамастан спорт шеберлігіне кандидат көрінеді. Оған кәнігі бокс мамандары кәдімгідей назар аудара бастапты. Жұрт сары уыз боксшыға «Сары қасқыр» деген лақап ат беріпті. Соны естігенде Бердібек ағамыздың баяғы «Жекпе-жегіндегі» Мұрат Батырбаевтың америкалық қарсыласы Питер Сандерестің лақап аты «Қисық мұрын найзағай» екені есімізге түсті.
Боксшы Мұрат рингте сол Сандерестің қисық мұрны әбден тегістеліп болғанша соққылайтын еді...
Шаршы
алаңның
шыбығы
Жақында сол «Сары қасқыр» Астанада ұйымдастырылған беделді республикалық турнирге келіп, шаршы алаңда бақсыдай ойнады. Қарсыластарын ойсырата жеңіп, финалға қиналмай жетті. Тек ақтық бәсекеде сәл асығыстық танытамын деп, есе жіберіп алды. Бірақ жеңілдім деп жүні жығылған жоқ. Көзінде от. Қимылы ширақ. Намыстан жылап жібергелі тұр. Осының бәрін әлеуметтік желі арқылы тікелей репортаж жүргізген журналист әріптесім, Ұлыбританияда білім алып, елге оралған озық ойлы оғылан Нұрбек Әмиша бокс жанкүйерлеріне түгел көрсетті. Оның өзі де аулымыздың ақ құмында аунап өскен бала. Сол күні күллі Қаратерең жұрты телефонға телміріп, кәсіби репортер Нұрбектің әр сөзін үздіге тыңдап отырды. Сөйтіп, ол «Сары қасқырдың» әжептәуір жарнамасын жасады.
Үлкенге үйір, кішіге қамқор Нұрбек інім мұнымен де шектелмеді. «Сары қасқыр» деген лақап аты бар бота тірсек бөлтірікті әйгілі боксшы, ұлтымыздың мақтанышы Қанат Исламға ертіп барады. Атағы жер жарғанына қарамастан тумысынан кішіпейіл Қанат былғары қолғап киген біздің бөлтірікпен біраз сөйлесіпті. Ең ақырында тілегін айтып, батасын беріпті. Төрткүл дүниеге танымал кәсіпқой бокс тарланының ниеті қабыл болсын дейміз де. Қанаттың Қайрат інісіне бата беріп тұрған сәтін бейнелейтін эпизод әлеуметтік желіні шарлап жүр.
Қайратты айтқанда, оның атасы, қадірменді ағамыз Тұрмахан Алмағанбетовтің есімі ойға оралады. Ол өте қажырлы адам еді. Егде тартқан шағында да ширақ жүретін. Өн бойында артық еті жоқ, сыптығырдай кісі еді. Өзі өте қарулы болатын. Біздің Қаратереңнің нөмірі бірінші спорттық бәсекесі – пішен ору. Ер-азаматтың күш-қуаты қанша бау пішен орғанымен, жаз мезгілінде қанша күде шөп жинап алғанымен өлшенеді. Пішен оруға қыры жоқ еркек босбелбеу әрі боркемік болып саналады. Ал енді сол Тұрмахан ағамыз пішен орудан алдына жан салмайтын. Қол орақты қиялап тартып, әр сілтеген сайын бір құшақ шөпті баудай түсіріп, дестелеп тастап келе жатқанда қимылына көз ілеспейтін. Боз көйлегін суға малып алып, маңдайы жіпсіп, қалың нуды жапыра жөнелетін Тұрмахан ағамның алапат екпініне бала біткен қызыға қарап тұратынбыз. Бойы ұзын болғанымен өзі ап-арық адамға осынша жігер қалай біткен деп таңырқайтынбыз. Міне, Қайраттың бойындағы бұла күштің негізі қайда жатыр?! Бұл Қайрат – ілгеріде өмірден өткен Тұрмахан ағамыз бен Аққыз жеңешеміздің Дәулетхан деген ұлынан өрбіген перзент.
Ашығын айтайық, бокстағы бағы мен бабы Қайраттың өз қолында. Ерінбей еңбектенсе, жалықпай жаттықса, тынбай тер төксе, талантты бапкер ағасы Дамирдің ақыл-кеңесіне үнемі құлақ асса, бұдан да биік белестерді бағындырған үстіне бағындыра бермек. Бұл өнерді жан-тәнімен сүйетін Дамир секілді жанкешті жаттықтырушы болмаса, қияндағы Қаратереңге кім бармақ?! Әркімнің үйінде жатып, мазасы кетіп жүргеніне қарамастан, ауылдың қарасирақ балаларын жұдырықтасуға кім үйретер еді?! Оның үстіне, ел ақсақалдары қайта-қайта хат жазып, бапкер тұрақтамайтын шалғай ауылға қаладан маман шақыра берер дейсің бе?! Ендеше, Қаратереңге бокс қолғабын арқалап келген Дамирдің бар өнерін тездетіп бойға сіңіріп алған жөн. Сырдың «Сары қасқыры» белестен белеске беттесін десек, бәріміз де оған тілеулес болуымыз керек.
Ілгеріде белгілі журналист Қыдырбек Рысбекұлы әйгілі боксшы Мақсұт Омаров жөнінде «Шаршы алаңның шынары» деген мақала жазып еді. Бұл теңеу өз дәуірінде ел-жұрттың аузынан түспейтін тіркеске айналған-ды. Жұдырықтасу өнерінің әліппесін сәтті бастаған аралдық боксшы баланы әзірге шаршы алаңның шыбығы деуге болатын шығар.
Несі бар, бабы келіссе шыбық өсіп шынарға айналмайтын ба еді?!
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |