СЫР МЕДИЦИНАСЫ СЕНІМДІ ҚОЛДАУҒА ИЕ

Соңғы 5-6 жыл көлемінде әлеуметтік салада оның ішінде, денсаулық сақтау саласын дамытуда  облыс әкімінің қолдауымен ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Осының негізінде Сыр елі республика көлеміндегі өзге аймақтар арасында әлеуметтік салаға ең көп қаржы жұмсап отырған бірден-бір облыс ретінде танылды. Бұл жөнінде облыс әкімі жуырда өткен есепті кездесуде де айтқан еді. 

Сыр медицинасының заман талабына сай жарақ­тан­дырылуымен қатар, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде мамандар біліктілігінің  маңызы зор.  Өйткені, білікті кадр – сапалы қызмет кепілі. Осы орайда кадрдың қадірін білген аймақ басшысы салада маман тапшылығын жою бағытында бірқатар тың бастамаларды көтеріп,  өзге өңір­лерге үлгі көрсетіп келеді.

Мәселен, 2016 жылдан бас­тап облыс әкімінің гранты негізінде еліміздің 5 жоғары оқу орнында 42 жас даярлана бастады. Олардың алғашқы легі биыл оқуын аяқтап, туған жерге келіп қызмет етуге әзір. Атап айтқанда, 2019 жылы – 16, 2020 жылы – 15, 2021 жылы – 10, 2022 жылы 1 дәрігер резидентураны бітіреді.

– Облыс әкімінің еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе, маман тапшылығын жою бағытындағы бастамалар оң нәтиже көрсетіп отыр. Рес­публикада біздің өңірде ғана облыс әкімінің арнайы грантымен мамандарды резидентурада оқытудамыз. Бізге жетіспейтін мамандар негізінен, акушер-гинекологтар, неонатологтар, анестезиолог-реаниматологтар, фтизиатрлар, рентгенологтар, психиатрлар. Бұлардың бәрі – ең қиын, жауапкершілігі ең жоғары мамандықтар. Бұлар бізде ғана емес, бүкіл еліміз бойынша тапшы.  Бұл ретте облыс басшысы мамандар тапшылығын жоюда үлкен әрі батыл қадамға барды. Біздің облыстың бұл бастамасын көрген өзге өңірлер резидентурада оқытуды енді қолға ала бастады,– дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының персоналды басқару және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Зәуреш Сарыбаева.  

Тәжірибелі 30 дәрігерді даяр­­лау үшін биыл тағы облыс әкі­мінің арнайы гранты бөлінді. Оған мектеп және медициналық колледж оқушылары арасынан үздіктер іріктеліп алынды.

– Облыс әкімінің арнайы грантымен оқуға түскен оқушылар жатақханамен қам­тылған.  Біз олардың жағдайын үнемі бақылап отырамыз. Бакалавр бойынша да бізден басқа ешқандай облыс маман даярлап жатқан жоқ. Сондықтан біз мұны мақтанышпен айта аламыз. Бакалавр бойынша оқып жатқан мамандар негізінен бастапқы медициналық көмек көрсету ұйымдарында жалпы тәжірибелік дәрігер, жалпы хирург болады. Осы қарқынмен біздің облыс екі жылда маман тапшылығын жояды деп ойлаймын,– деген Зәуреш Сағатқызы облыста былтыр тапшылық 205 дәрігерді құраса, биыл 137-ні көрсетіп отырғанын айтты.

Бөлім басшысының айтуынша, дәрі­гер жетіспеушілігі бүгінде бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымдарында сезіледі. Себебі, сол деңгейде көрсетілетін қыз­мет сапасын арттыру мақ­сатында аймаққа тір­кел­ген халық санын 2200-ден 1800, 2020 жылға 1500-ге дейін жеткізу жұмыстары жүр­гізілуде. Осы орайда өткен жы­лы 23 қосымша аймақ ашылып, 1 аймаққа тіркелген халық саны 1689-ға жетті.  Қосымша аймақтардың ашылуы өз ке­зегінде дәрі­гер­лерді қажет етеді. Десе де, бұл да ше­шімін табуда.

– Әсіресе, ауыл­дық жерлерде маман тап­шы­лығын түгел жойдық. Бүгінде аудандарда ваканция жоқ. Бұл да атқарылып жат­қан ауқымды жұ­мыстардың нәти­жесі. Мысалы, 2017-2018 жыл­дары 145 жас ма­ман облыстың денсаулық сақтау саласына тартылып, оның 60 проценті бастапқы медициналық санитариялық көмек көрсету ұйымдарына жіберілді. Осылайша БМСКК ұйымдарының дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 95 процентке жеткізілді, – деді  және сөзінде З.Сарыбаева.

Салада дәрігерлер тапшы­лығын жоюдың тағы бір әдісі – мамандардың біліктілігін көтеру, қайта даярлау. Бұл бағытта республикадағы же­текші медициналық оқу орын­дарымен меморандумдар жа­­­салып, тығыз байланыс орнатылып келеді. Соның негізінде ақ халаттылардың білімін шың­­дап, кәсібилігін арттыру үшін жергілікті бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Мәселен, өткен жылы 767 маман білімін жетілдіріп, 720 дәрігер шеберлік дәрістеріне қатысып, құзыреттіліктері мен біліктіліктерін көтерген.

Алыс-жақын шет ел­дер­дің ірі клиникаларынан білік­­тілік курстарынан өтіп, көрген-білгендерін, көкейге түй­гендерін қызмет барысында кәдеге асырып жүргендер де аз емес. Атап айтқанда, былтыр Корея мемлекетінде – 7, Қызылорда облысы мен Татарстан Республикасы арасындағы екіжақты қатынасты дамыту жөніндегі Жол картасы аясында 157 маман біліктіліктерін көтеріп қайтты.

Кореяда болып, біліктілігін жоғарылатқандардың бірі – Жанна Қалдыбаева. Ол об­лыс­тық перинаталды ор­та­лығы бас дәрігерінің неонаталогия ісі бойынша орынбасары. 2012 жылы Литваның Каунас қаласында тәжірибе жинақтаған Жаннаның Кореяда көрген-білгендері тіпті бөлек.

– Былтыр маусым айында облыс әкімінің қолдауымен Кореяның Сеул қаласындағы Се­веранс клиникасында екі апта тәжірибеден өтіп келдік. Ол клиникада шала туылған нәрестелердің әсіресе 1000 грам­­ға дейінгі шақалақтардың тірі қалу көрсеткіші 95 процент екен. Бізде 65 процент. Сон­дықтан олардың нәрестелерді күту тәжірибесі бізге өте қызық болды. Ол клиникаға тек Сеул­ден емес, жан-жағындағы қала­лардан да науқастар көптеп келеді. Біз барғанда 45 нәресте ем алып жатты. Олардың бәрі ауыр науқас. Клиника АҚШ-тың әдіс-тәсілдерін пайдаланады екен. Мамандары да сол жақтан оқып келеді. Екі аптада үйренгенім көп болды. Жұмыстардың бәрі жүйеленген. Жұмыс жүктемесі біздегідей көп емес. Әркім өзіне тиесілі ғана шаруасын істейді де, қалған уақытта ғылыми жұмыспен айналысады. Ал, материалдық базасына келсек, олардағы құрал-жабдықтар біздің орталықта да тұр. Яғни, оларда тұрған құ­рыл­ғылар, түрлі қажетті қон­дырғылар бізде де бар. Осыны көргенде қатты қуандым. Біз де ешкімнен кем емеспіз деген мақтаныш сезімі кернеді бо­йымды. Екі аптада алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын, – дейді.

Кореяда білімін жетілдіріп, тәжірибеден өткен маманның бірі – Қызылорда қалалық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-хирург, эн­доскопист Бауыржан Жұман­дықов.

– Ол жақта ота жасаудың тың тәсілдерін үйреніп, медицина саласының соңғы жетіс­тіктерімен таныстым. Көңілге түйгеніміз көп болды. Медицина – күн сайын жаңарып отыратын сала. Сон­дықтан үнемі ізденіс, үздіксіз білім қажет. Ол үшін осындай шаралардың маңызы зор екені белгілі. Кореялық әріптестерімізден үйренгеніміз бүгінде кәдемізге жарап жатыр,– дейді ол.

Салаға маман тарту, дәрігерлердің біліктілігін арттыру жолындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек. Өйткені, сапалы қызметтің басында білікті кадр тұратыны белгілі.

 

Айнұр БАТТАЛОВА.

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 ақпан 2019 г. 508 0