Қызылордалық оркестр - Босния мен Герцеговинада

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы бас хатшылығының шақыруымен Қызылорда облыстық филармониясының камералық оркестрі ағымдағы жылдың 16 - 27 ақпан аралығында Босния мен Герцеговинада өтіп жатқан классикалық камералық оркестрлердің халықаралық фестиваліне қатысуда. Камералық оркестр гастрольдік сапармен Сербия және Венгрия мемлекеттерін де аралайды.

Қызылорда облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының мәліметіне сәйкес, оркестр құрамында 18 аспапта орындаушы және қылқобыз солисті Айнуза Бегімсалова бар. Оркестрдің дирижері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, композитор Анвар Акбаров және Түркиядан келген дирижер Севал Кадыоглу, көркемдік жетекшісі  - Анар Жаңбырбаева.

Концерттің ашылу салтанатында Түркияның Сербиядағы елшісі Халдун Коч қатысушыларға алғысын білдіріп, камералық оркестр фестивалі көп жылдар бойы өткізіліп келе жатқанын  айтты.

Қызылорда облысы әкімінің мәдениет саласы бойынша кеңесшісі Ержан Әбдірахманов бұл фестивальде облыстық камералық оркестрдің алғашқы қатысуы екенін атап өтті.

«Бұл біздің оркестріміз үшін өте жақсы бастама болды», - деді Е.Әбдірахманов.

Еске сала кетейік, 2014 жылы облыс әкімінің қолдауымен Қызылордада камералық оркестр құрылды. Оркестр ұжымы аймақта  табысты өнер көрсетіп, түрлі концерттерге қатысып жүр. 2016 жылдың қазан айында Алматы қаласында өткен «Әуен Фест» камералық оркестрлердің республикалық фестиваль-конкурсында және 2018 жылдың маусым айында Түркияда өткен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының 25 жылдығына арналған өнер фестивалінде үшінші орынға ие болды.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 ақпан 2019 г. 342 0