Сырдың футболдан бас командасы Түркиядағы жолдастық кездесуін түркімендік "Алтын Асырмен" түйіндеді. Қасқырлар бұл кездесуде қарсылас қақпасына жауапсыз 4 доп соғып, түркімен чемпионын айқын басымдықпен жеңді. Стойчоның шәкірттері кездесу басталысымен ""Алтын Асырдың" қақпасын торуылдаумен болды. Кездесудің 34-ші минутында Карлитос әріптесі Мақсат Байжановтың көмегімен қақпашымен жеке дара шығып, матчтың алғашқы голын салды. Мұнан кейін қос тарап допты бағамдаумен ойынның бірінші бөлігін аяқтады.
Кездесудің екінші бөлігінде қасқырлар қарсыласына 3 доп енгізді. Ойынның 60-шы минутында Асхат Тағыбергенның асырған добына Марат Хайруллин бірінші жетіп, есепті еселеді. Бұл голдан кейін "Алтын Асыр" есеңгіреп, көп жаңылды. 76-шы минутта Шоқан Абзаловқа қарсы тәртіп бұзып, төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Нүктеге келген Братислав Пунощевац есепті 3-0-ге ұлғайтты.
Ойынның бітуіне санаулы сәттер қалғанда Марк Гурман қарсылас қапасына 25 метрден шірене теуіп, есепті 4-0 ге жеткізді. Осылайша, қасқырлар қарсыласын оңай еңсеріп, Түркиядағы жолдастық кездесуін түйіндеді.
"Қайсар" ФК баспасөз қызметі