Жасампаздық жолындағы жиырма жыл

Биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толды. Бұл кезең еліміз үшін де, елмен етене араласқан «Нұр Отан» партиясы үшін де ерекше жарқын істерге толы жемісті жылдар болды. «Нұр Отан» – саны жағынан да, ұйымдастыру аспектісі жағынан да елдегі қуатты, жетекші партия деңгейіне көтеріліп, даму барысы дараланған, бағыт-бағдары айқын саяси институтқа айналды.

ҚОҒАМДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАН –
САЯСИ ИНСТИТУТҚА

 Партия құрылған күннен бас­тап-ақ бағдар­ламасында тұжы­рым­­­далған міндеттерді ойдағы­дай жүзеге асыру үшін барлық сы­нақ­тарға дер кезінде назар ау­да­рып, өз тұжырымдамасын жетіл­діріп қана қоймай, оны нақты іс­тер­мен дәлелдеп келеді. Бүгінде елі­міздің әлеуметтік-экономикалық жаңару, даму жолында жасалып жат­қан түрлі бағдарламалар мен стратегиялық маңызды құжаттар ел мерейін әлем алдында асырып, Қазақстанның дамыған 30 ел­дің қатарына кіру ұмтылысын ай­қын­дай түсуде.  Осы тұста Мемлекет басшысы, Партия Төрағасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев даму­дың даңғыл жолына жетелер межелі жұмыстар жоспарланған, ел­дік идеологияның басты құжаты – Қа­зақстан халқына Жолдауын арнады.
Қазақстан халқының бай-қуатты және тұрақты өмір сүруі­не бағытталған бұл Жолдау  «Нұр Отан» партиясының ал­­дына да өзіндік міндеттер жүктейді. Біріншіден, Елбасы, Партия Төрағасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқаты­ның өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын кеңінен насихаттау. Екіншіден, ондағы міндеттерді уақытылы, сапалы, жүйелі жүзеге асыруға халықты жұмылдыру.  Үшіншіден, оның орындалуына қоғамдық бақылауды күшейту. Ең бастысы – еліміздің табысты даму жолында жүктелген осы міндеттерді абыроймен атқару.
Елбасының  Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру мақсатында барлық аймақтық және аумақтық филиалдарда спикерлер пулы жасақталып, 1 аймақтық, 9 аумақ­тық  ақпараттық-насихаттық топ елді мекен тұрғындарымен кездесулер өткізуде. Бұл жұмыстарға Парламент депутаттары да арнайы келіп, әрбір елді мекен тұрғындарымен белсенді жұмыс жасады. Партия жанындағы қоғам­дық бақылау комиссиялары Жолдау міндеттерін орындаудағы әрбір орган басшыларының есебін тыңдап, қызметіне саяси баға беріп, талдау жүргізіп отыр.
Елбасы жаңа Жолдауында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясын жаңа мазмұн бағыттармен толықтыру қажет екенін атап өткені белгілі. Осыған орай,  нұр­отандықтар күнделікті идеоло­гиялық жұмыстарда «Рухани жаңғыру» бағдарламасына, құн­дылықтар мен жаңғыру идеясының жаршысы ретінде оның мәні мен маңы­зын  кеңейтуге басымдық беруде. Бұл жұмыстар арнайы әзірленген медиа-жоспарға ен­гізі­ліп, олардың БАҚ-тар мен  әлеу­меттік желілерде насихатталуы бақылауға алынған.

ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛ –
ӨРЕЛІ ІСТЕР
БАСТАМАШЫСЫ

  Партияның Саяси Кеңесінің кең­ей­тілген отырысында Ұлт Көш­басшысы, Партия Төрағасы Н.На­зарбаев нұротандықтарға партия­ны жүйелі  түрде жаңғырту мәсе­­лесін алға қойып,  партиялық кадрлармен жұмысты күшейту, жер­гілікті өкілдік органдарында партияның рөлін арттыруды тап­сырды. Бүгінгі күні партия фи­лиа­лы өз жұмысын толығымен жаң­­ғыртып, заман ағымына сай жаңа­­шылдыққа бетбұрыс жасау бағы­­тындағы Елбасы тапсырмаларын өңірде қарқынды жүзеге асыруда.
Осы орайда цифрландыруды жүзеге асыру, шағын және орта биз­несті қолдау, сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосуға бағытталған  20-дан астам әлеуметтік, стратегиялық жобаларды  қолға алды.
Мәселен, облыс дамуының салаларын цифрландыру аясында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орта­лығында коммуналдық қызметтерді қосуға, техникалық шарттарды беру бойынша геоақпараттық онлайн сервис іске қосылды. Мұнда кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасы бойынша тегін, 40-тан астам қызмет түрлері көрсетіледі. Бұл өз кезегінде кәсіпті жаңадан бастаған азаматтар үшін инженерлік комму­никацияларға қажетті құжаттарды уақыт жоғалтпай, бір жерден электронды түрде алуға жағдай жасап отыр. Жоба аясында алғаш рет біздің өңірде жер телімдеріне онлайн аукцион өткізіліп, оған 100-ден астам азамат қатысты. «Геоақпараттық онлайн сервис» жобасы республика бойынша үлгілі жоба ретінде танылып, Мемлекет басшысынан оң бағасын алды.
«Нұр Отан» партиясы «Цифр­лық Қазақстан» жобасы аясында өз қызметін сандық жүйеге көшіріп қана қоймай, еліміздегі ІТ саласын дамытуды бастап кетті. Ол үшін ІТ орталықтар мен ІТ-сыныптар ашып, тегін білім алуға мүмкіндіктер жасап отыр.
ІТ мамандар даярлау жобасы аясында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітап­­хана базасында оқырмандар, соның ішінде жас­тардың іскерлік кездесулер мен шеберлік сабақ­тарын өткізуге бағытталған IT парк  алаңы, «Коворкинг» орталығы мен «Book» кафе қарқынды жұмыс істеуде. Мұндай «Коворкинг» орталықтары барлық аудандарда да ашылып, жастарға қызмет етуде.
«Бірыңғай онлайн кітапхана – білім орталық­тары» жобасы шеңберінде кітап қорларын электрон­­ды форматқа көшіру жұмыс­тары да облы­сымызда  қар­қынды қолға алынды. Қазір өңір­дегі 209  мемлекеттік  кітапхананың 129-ы интер­нет жүйесіне қосылса, оның 70% ауылдық  кітап­ханалар. Бүгінде бұл кітапханалар заманауи жабдықтармен жабдықталып, оқырмандар, со­ның ішінде жас­тардың барлық қажетті іскерлік кездесулері мен шеберлік сабақ­тарын өткізуге ыңғайлы қарым-қатынас орталығына айналса, ІТ-тех­­нологияларды қолдану арқылы балалардың білім алуына қолжетімділікті арттыру бағытында өңірде 13 ІТ сынып ашылып, бүгінде 650 бала тегін білім алуда.
Мұнан бөлек,  жергілікті бюджет есебінен Қызыл­орда қала­лық қосымша білім берудің оқу-әдістемелік орталығынан «IT-IMAQORDA» атты балаларға ар­налған технопарк ашылды. Мұнда жас жеткіншектердің ақ­парат­тық-техникалық бағытта шығар­ма­шылығын дамыту мақсатында 12 жаңа кабинет ашылып, 150-дей өрен жаңа саланы меңгеруде.
Қазан айында Партия Төр­ағасының Бірінші орынбасары  Мәулен Әшімбаев Сыр өңіріне келіп, осы бағыттағы жұмыс барысымен танысты. Сапар барысында өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысандарда болып, облыстық партия активімен кездесті. Онда атқарылған жұмыстарға риза­шылығын білдіріп, Жолдауда көз­делген  міндеттердің орындалу барысын партия қатаң бақылауда ұстайтынын айтты.

ІЗГІЛІККЕ БАСТАЙТЫН
ПАРТИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР

  Еліміздің басты рухани құн­дылықтары айқын көрініс тапқан Мемлекет басшысының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жұмыстар да партия назарынан тыс қалып жатқан жоқ. Бұл бағытта жыл сайын облыстық деңгейде БПҰ арасында рухани және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған отбасылық өнер сайыстарын өткізу игі дәстүрге айналды.
«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы бойынша жасалған әлеуметтік карталарға сәйкес, әр ардагерге жан-жақты қолдау көрсету үшін партия мүшелерімен жасотандықтардың ішінен ұйымдастырылған еріктілер  жұмыс жасайды. Жақында осы жоба аясында Қазақстан халқы ассамблеясымен бірлескен жұ­мыс­тар нәтижесінде қазыналы қарт­тарымыздың тұрмыстық жағ­дайларын жақсартуға, әлеуметтік белсенділігін дамытуға, бос уақыт­тарын тиімді өткізуге бағытталған «Достық үйінен» белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. Орталық егде адамдардың белсенді өмір салтын ұстауының тиімді құралы ретінде олардың қарым-қатынас клубтарын ұйымдастыруды ғана емес, сонымен бірге этномәдени бірлестіктердің, аналар кеңестері мен қоғамдық келісім кеңестерінің және басқа да құрылымдардың қатысуымен өткізілетін іс-шара­ларға қарт адамдардың қатысуын қамтамасыз етуді қолға алып отыр. Осы орайда орталықта ұрпақтар сабақтастығын дамыту мақсатында ардагерлеріміздің жинаған өмірлік және кәсіби тәжірибелерін сақтау мен қолдану мақсатында менторлар клубы да жұмыс жасайтын болады. Орталық жұмысынан бөлек  зейнет жасындағы азаматтардың бос уақыттарын сауықтыру шараларымен өткізуіне жағдай жасау мақсатында облыс орталығындағы «Евразия», «Сейхун» спорттық сауықтыру кешендерімен және Жалаңтөс Баһадүр атындағы №1 облыстық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебімен келісімдер жасалды. Енді зейнеткерлер «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында аталған орындарда тегін және тұрақты түрде спортпен айналысуда.
Ағылшын тілін тегін оқытуға бағытталған «English for jastar» жобасы аясында өңіріміздің 7 ауданында 11 ерікті (волонтер) 350-ден астам ауыл балаларына ағылшын тілін тегін үйретті. Сондай-ақ, нұротандықтардың бастауымен құрылған водомствоаралық сараптама топтары мектеп асханаларына мониторинг жүргізді. «Мектеп асханалары» партиялық жобасының негізгі мақсат-міндетінің орындалуына жұмыс жасауда.
Азаматтарды, соның ішінде жас ұрпақты саламатты өмір салтына қалыптастыру мен еліміздегі бұқаралық спортты дамыту мақ­са­тында «Мектептердегі футбол алаңдарын жаңғырту» жобасы қолға алынуда. Қазіргі  682 арнайы спорт алаңының 78-не жөндеу жұмыстарының қажет­тілігі анықталды. Бұл ретте спорт алаңдарын мемлекеттік-жеке­мен­шік әріптестік жолымен жаң­ғыртуға басымдылық берілді. Мектептегі футбол алаңдарын тек сабақ барысында ғана емес, сабақтан тыс уақытта салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығына айналдыру жұмыстары жүріп жатыр. «Денсаулық сабақтары» партиялық жобасы шеңберінде медицина саласы мамандарының қатыстырылуымен балаларға салауатты өмір салтының негіздері  түсіндіріледі. Барлық қалалық, аудандық емханаларда мектеп оқушыларына арналған ашық есік күндері ұйымдастырылуда.
«Нұр Отан» партиясы ҚР Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрлігімен және «Мем­лекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ бірлесіп қолға алған  өмірде қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетіп, өзекті әлеуметтік проб­лемаларды шешуге бағытталған «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауы биыл біздің өңірде де өтіп, үздік жоба иелері марапатталды.

ҚОҒАМ ТЫНЫСЫНЫҢ
ТАМЫРШЫСЫ

Партияның сайлауалды бағдар­ла­масын салалық бағыт бойынша жүзеге асыруға негізделген облыстық мәслихаттағы депутат­тық фракция мүшелері жетекшілік жасайтын 7 сарапшы топ құрыл­ған. Облыстық мәслихаттағы депу­таттық фракция мүшелері өңір халқының әл-ауқатын жақсарту, эко­но­миканың өсу қарқынын жеделдету, елді мекендердің инфра­құрылымын онан әрі қарай дамыту мақсатында өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешімін табуына жұмыс жасап келеді.
Партия жанындағы консульта­тивті кеңесші органдар жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Осы орайда «Қазақстан - 2050» Демократиялық күштері аймақтық коалициясының, Бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асырылуын бақылау  жөніндегі  об­лыстық қоғамдық кеңес пен партия жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту жөніндегі «Мирас» кеңесінің жұмысын ерекше атап өту керек.
Бүгінде интернетке қол жеткіз­ген әрбір азамат үйінен шықпай-ақ, «Электронды партия» жобасы арқылы «Нұр Отанға» өтініш жасай алады. «Нұр Отан» партиясына қоғам тынысындағы қайбір мәселені болмасын назарда ұстау міндеттелген. Осы орайда облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев,  қала аудан әкімдері мен орынбасарлары, басқарма басшылары, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қоғамдық қабылдаулар өткізіп, тұрғындар мәселелерінің шешімін табуына ықпал етуде.
Жалпыөңірлік партия филиа­лының жабырқаған жанның жана­рындағы мұңды сейілтіп, жанына жылулық ұялатып, халықтың әлеуметтік аз қам­тылған топтарын қолдау бағытындағы жұ­мыстары көптеп саналады. Бұл жұмыстарға партияның бар­лық құрылымдық бөлімшелері де жұмыла кірісуде.  Партиялық бақылау инспекциясы, партия жа­нындағы қоғамдық бақылау топтары «Кедергісіз келе­­шек» партиялық жобасы аясында  түрлі ұйым, меке­мелерге, жолау­шылар тасымалымен айна­­­лы­­са­тын  автобустарға арнайы рейдтер жасап,  мүм­кіндігі шек­теулі азаматтардың еркін кіріп-шығуына қолайлы жағдай туғызу жұмыстарын жүргізуде.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы жанынан Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес құрылды. Осы кеңес аясында көпбалалы аналарды қолдау мақсатында Бірыңғай әлеуметтік терезе деп аталатын жаңа жоба бастау алды. Жаңа жоба партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінде жұмыс істейді және мемлекет тарапынан берілетін кез келген әлеуметтік қолдау туралы ақпараттар мен нақты көмек алуға мол мүмкіндік беретін болады.

СЫРДЫҢ БОЙЫНДА 50814 НҰРОТАНДЫҚ БАР

Қазір облыс бойынша партия­ның 11 аумақтық  филиалында 50 мыңнан астам мүшесі бар. Партия мүшелерінің барлығы электрондық орталықтандырылған дерекқорға енгізіліп, тіркелген. Сапалы пар­тия­лық кадрлар жиынтығын қалып­тас­тыру бағытында «Нұр Отан» партиясы Саяси менеджмент ака­де­миясы мен ҚР Президенті жа­нын­­дағы мемлекеттік басқару ака­­­­демиясының бірлескен саяси оқу­­ларына партия белсенділері қаты­сып, білімін жетілдіруде. Бү­гін­гі күні  облыстың партиялық кадр­­лық резервіне 484 нұротандық енді. Алдағы уақытта сайлан­балы ор­гандар мен саяси лауазымдарға осы кадрлық резервтен үміткерлер ұсы­нылатын болады. Бұл өз ке­зе­гінде партия мүшелерінің бел­­сенділігін арттырып, жауап­кер­­шілігін күшейтуге ықпал ете­ді.
Партияның негізгі күші бас­тауыш партия  ұйымдары болған­дықтан, филиалға  қарасты 272 бастауыш ұйымдарының жыл сайын облыстық, республикалық байқауы ұйымдастырылып, үздік бастауыш партия ұйымдары бағалы сыйлықтармен марапатталып келеді. Аймақтық партия ұйымдарының жеңімпаздары республикалық байқаулардан да жүлделі орындар алуда.
Қараша айында өткен республикалық форумда 6 мың бас­тауыш партия ұйымдары арасынан «Теміржол» партия филиалына қарасты «ҚазТемірТранс» бастауыш партия ұйымы бірінші орынды иеленді. Бұл –  партия филиалдары мен  бастауыш ұйымдарының Партия Төрағасы жүктеген идеологиялық мақсаттардағы негізгі міндеттерді сапалы, нәтижелі орындаудағы жетістік.

ҚАНАТЫ ҚАТАЙҒАН
«ЖАС ОТАН»

«Нұр Отан» партиясы жанын­дағы «Жас Отан» Жастар қанаты ресми түрде қоғамдық бірлестік ретінде 2008 жылдың 14 мамыры күні I съезде бекітілгенімен, ұйым тарихы 2000 жылдан бастау алады. Алғашында белсенді жастар тобы ретінде құрылған қозғалыс қазір қазақстандық жастардың басын біріктіруші ядроға айналды.
Жасотандықтардың «Білім орта­лығы», «English for jastar», «Сәтті қадам», «Бизнес ментор», «Digital Nation» жобалары аймағымызда табысты жүзеге асуда. Өткен жылы жасотандықтардың саны 12 000-ға жуықтады.
Жастар қанатының бастамасы­мен түрлі ба­ғыттағы шаралар да жүйелі жүргізілуде. Жасотан­дықтардан құралған еріктілер топтары халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесінде жыл бойы жұмыс жасады. Биыл өңір жастарына кәсіпкерлік, тұрғын үй, бос жұмыс орындары жөнінде ақпарат беру мақсатында «Open Consultation» жобасын іске қосты. Жоба аясында 1000-ға жуық азамат ақыл-кеңес алды. Сонымен қатар облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының жанынан «Қызылорда жастары» атты ерікті жастар корпусы құрылып, оның құрамына 6 еріктілер тобы бірігіп, түрлі бағыттардағы жұмыстарды жүргізіп келеді.
«Сәтті қадам» партиялық жобасы аясында жасотандықтар облыс оқушыларын түрлі мем­лекеттік мекемелер мен кәсіпорындарға саяхат жасатып, олардың жұмысымен таныстыруда. Мұндағы мақсат – мектеп оқушыларының дұрыс мамандық таңдауына ықпал ету. Сонымен қатар өткен жылы облыс әкімінің тікелей қолдауымен республикалық деңгейде пікірсайыс  алаңын ұйымдастырды.

ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ –
ПАРТИЯ АЙНАСЫ

Былтыр аймақтық, аумақтық партия филиал­дарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне барлығы 3196 өтініш түскен. 1839 адамға ауызша кеңес берілген. Қабылдаулар барысында тек кеңес берумен шектелмей,  тұрғындар мәселелерінің шешілуі – басты нәтиже. Бү­гінгі күнге тұрғындар өтініші қанағаттандырылып, оң шешімін тапқан мәселелер саны – 1135. Қазір жаңа заманауи технология дәуірі, тұрғындарды өтініштері бойынша скайп байланыс жүйесімен қабылдаулар өткізу жүргізілуде. Бұл жүйенің мақсаты – шалғай ауылдық елді мекен тұрғындарының өз өтініштерін білдіруге мүмкіндік беру болып табылады. Жыл қоры­тындысымен жүйе арқылы 21 қабыл­дауда 27 азаматтың өтініші тың­далып, 17 азаматтың мәселесі оң шешімін тапты. Жалпы былтыр жеке қоғамдық қабылдаулар мен республикалық акциялар аясында, азық-түлік, құрылыс заттары, жұмысқа орналастыру секілді көмектерді қоспағанда, әлеуметтік аз қамтылған 143 отбасына  4 млн теңгеге жуық қаржылай көмек көрсетілді.
Мәслихат депутаттарының сайлаушыларымен байланысының бір бағыты – облыстық мәслихат депутаттарының «Депутат блогы». Оның қорытындысымен 26 облыстық мәслихат депутатына 150 өтініш түсіп, барлығы қаралды.
Қазір республикалық қоғам­дық қабылдау бөлмесінде министр­лік­ тер мен Парламент Мәжілісі депу­таттарының қабылдауында 5 қала  тұрғыны барып, тиісті кеңестер алды.  

СЪЕЗД ҚАРСАҢЫНДАҒЫ СЕРПІН

«Нұр Отан» партиясының құ­рыл­­­­ғанына 20 жыл толуына орай 27 ақпанда Елорда төрінде  партияның ХVIII съезі өткелі отыр. Әрине, іргелі ұйымның  пәрменді ісін  күн санап арттырмасақ, артқа шегінуге болмайды. Съезде партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын талқылау, Партия Жарғысына өзгер­тулер мен толықтырулар енгізу, партиялық органдардың есеп­терін тыңдау, партия Саяси кеңесінің құрамын жаңарту секілді мәселелерді талқылау жос­парланып отыр. Осыған сәйкес, «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы», «Жасампаздық және әлеуметтік даму кезеңі», партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы облыстық партия филиалының барлық құрылымдық бөлімшелерінде егжей-тегжейлі талқыланды. Жақында облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен барлық 11 аумақтық партия филиалдарынан сайланған 250 делегаттың қатысуымен облыстық партия филиалының кезектен тыс XXІІІ конференциясы өтіп, «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІІІ Съезіне қатысуға Сыр өңірінен 61  делегат сайланды.
Елбасы айтқандай, уақыт сынынан өткен партияның тәжірибесі қай мәселеге де тың серпіліс қоса алады. Осы 20 жылда елдің береке-бірлігін арттырып, халықтың табысы мен тұрмыс салтының өсуіне, әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына ба­ғыт­талған жұмыстарды жүйелі жүзеге асырып отырған «Нұр Отан» партиясының аймақтық филиалы Мемлекет басшысының әрбір бастамаларына идеялық дем беруші ғана емес, алға қойылған міндеттерді шешу үшін қоғамды жұмылдырудың шынайы діңгегі болатындығына сенім мол.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 ақпан 2019 г. 782 0