Жаңа көпір күре жолға жалғайды

«...Ағымдағы жылы «Шіркейлі» каналы арқылы салынатын көпірдің құрылысын аяқтай отырып, біз сол жағалауды «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көліктік дәлізімен жалғап қана қоймаймыз, сонымен бірге, Қызылорда қаласының тарихи орталығынан халықаралық автомагистральға тікелей шығуды қамтамасыз етеміз» – деді облыс әкімі жуырда өткен есепті кездесуде.

Жалпы құны 838,691 млн теңге болатын көпір құрылысын қарағандылық «Сервис НС» ЖШС жүргізуде. Жоспар бойынша нысан 9 айда салынып бітуі тиіс. Межеленген уақытта аяқтауға толық мүмкіндік бар. Біз бұған күні кеше көпір құрылысы басында көз жеткізгендей болдық.

– Шіркейлі өтпелі көпірін салу былтыр қазан айында басталды. Мердігер мекемемен келісім-шарт арқылы жұмыс жасап жатырмыз. Құрылыс жұмыстары стандартқа сай жүруде. Қазір алғашқы бетонды тірек блогының құрылысы тұрғызылып жатыр. Барлық жұ­мыс кестеге сай орындалуда. Егер бұл көпір іске қосылса, онда алдағы уақытта облыстың дамуына өз септігін тигізеді деп ойлаймын, – деді «СтандартСтройСервис» ЖШС директоры Асылбек Қалышев.

Көпірдің ұзындығы 102,8, ені 20,9 метрді құрайды. Сонымен бірге 2 жаяу жүргінші жолы да қарастырылған. Құрылыс монтаж жұмыстарына 706,553 млн теңге бөлінген. Қазір құрылыс басында 61 адам жұмыс жасауда. Сонымен қатар, сол жағалау мен Шіркейлі көпірін жалғайтын  5 шақырым жол да салынып жатыр. Бүгінгі күні оның 1,4 шақырымы бітті.

Жаңа көпір – жаңа тіршіліктің айғағы. Төрт жолақты көпір пайдалануға берілгенде Шіркейлі, Нағи Ілиясов, Шаған секілді күре жол бойындағы ауылдарға барып келу ондаған шақырымға қысқарады. Яғни тұрғындардың үлкен жолдан қаланың жаңа және ескі орталықтарына тікелей шығып, уақыт үнемдеуіне мүмкіндік береді.

Ендігі меже құрылыс жұмыс­тарын маусым айында аяқтап, ел игілігіне беру. Ал оған толық жағдай бар дейді құрылыс басындағылар.



Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 ақпан 2019 г. 503 0