« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Біз керексіз санайтын затты пайдаға жаратып, тәп-тәуір дүние жасап жатқан жандар бар. Сол арқылы қаржы тауып та отыр. Бұл да кәсіптің бір түрі саналады. Бүгінгі сөз еткелі отырған кейіпкеріміз де көшеде ең көп шашылатын пластикалық құтыны кәдеге жаратып, түрлі бұйымдар жасайды. Ол қала тұрғыны – Нәзипа Сарымсақова.
Екінші топ мүгедегі Нәзипа қос жанарының нашарлығына қарамастан, осы істі қолға алғанына 10 жылға жуықтады. Ол үшін әрбір уақыт қымбат. Шеберге бұл ой немерелерін серуенге алып шыққанда келіпті. Қоқыста жанып жатқан кұтылардың әдемі бейнеге енгенін көріп таңғалыпты. Бұдан тәуір дүние жасауға болатынына көз жеткізді. Алғашында 5 литрлік құтыларды пайдаға асырды. Одан түрлі пішіндегі бейнелерді жасап шығарды.
Бүгінде ол пластик құтыдан мультфильм кейіпкерлерін, сан алуан гүл түрлерін жасайды. Оның туындыларына балабақшалардан сұраныс жоғары. Қала тұрғындары, аудан, ауыл мектептерінің технология пәнінің мұғалімдері, балабақша тәрбиешілері мен мектеп оқушылары шеберді арнайы іздеп келіп, дәріс алады екен. Еңбекқор жан бір бөлмесін жұмыс орнына айналдырған. Онда бас сұқсаңыз, бейне бір жайқалған бау-бақшада жүргендей әсер аласыз. Тіпті, мұндағы гүлдердің тірі гүлден еш айырмашылығы жоқ. Бір қарағанда кәдімгі үйде өсіп тұрған бөлме өсімдіктері секілді. Одан бөлек жиын-тойларға кәдесый орнына қолдану үшін тапсырыс беретіндер де жиі келеді. Сыйлыққа алатындардың да қарасы көп.
Шебердің айтуынша, бұл кәсібіне көп құрал қажет емес. Қаражатты да талап етпейді. Тек су және шырындардан босаған құты болса жарап жатыр. Бір жағынан қала қоқыстан тазарады. Сонымен бірге әжептәуір табыс көзі. Әсіресе, шебердің қолынан шыққан раушан, қызғалдақ, нәркес, бәйшешек, түймедақ пен інжугүлдер көздің жауын алады. Ерекшелігі сол гүлдерге күтім керек емес. Ұзақ уақыт сақтауға болады.
Кейіпкеріміз алдымен бос құтыдан гүл жапырақтарын жасап, үлгісін салады. Балауыз шамның көмегімен пішінін келтіреді. Гүлдің атауына қарап, түрлі-түсті бояумен әрлейді. Дайын болған туындыны арнайы ыдысқа орналастырады. Содан нағыз сәнді бөлме гүлі болып шығады. Тек көп уақытты қажет ететіні қатпарлы раушан гүлі. Сондықтан бағасы да сәл қымбаттау болады. Айына шамамен 50-60 құты гүл жасап шығады.
Апамыз білген-түйгенін балалары мен немерелеріне үйретіп, келіндерін де баулыды. Бүгінде үш келіні де ене ісін жалғап, мектепте оқушылардың осы өнерге деген қызығушылығын арттыруда. Шебердің туындылары талай көрмелерден орын алып, байқауларға да қатысты. Жүлдеден кем емес.
– Осы істі қолға алғанымда әжептәуір табыс таптым. Қызығушылық танытып, сатып алатындардың қатары көбейді. Демек, кәсіп ашуға болады деп ойладым. Кәсіп те ашып, екі адамды тұрақты жұмыспен қамтыдым. Бірақ күн санап көзім нашарлай берді. Денсаулық басты байлық болғандықтан, кәсіпті тоқтатуға тура келді. Біраз уақыт ем алдым. Бірақ ішкі сезімім мен күшім қашанда істі жалғастыруға болатынын хабарлап тұрады, – дейді Нәзипа.
Өзін-өзі қайрап, үйренген кәсібіне қайта кірісті. Үнемі ізденіс үстінде жүретін шебер жұмысын жетілдіріп, жаңа гүл түрлерін жасау үшін көп еңбектенеді.
Сара АДАЙБАЕВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |