ЖОМАРТТАР КӨШІ ЖАЛҒАСАДЫ

Жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған қазақылықтың кейінгі ұрпақ бойына көшпеуі мүмкін емес. Мұның мысалын өмірдің өзі дәлелдеп келеді.

Осыдан біршама уа­қыт бұрын газетімізде бес балалы отбасына өз есебінен 3 бөлмелі пәтер берген қызылордалық құ­­­ры­­лысшы кәсіпкер Те­мірхан Әлім­құлов жайында жазған едік.

Әдетте бұл кісілер аты-жөнін атауды жөн санамайды. «Оң қо­лың­ның бергенін сол қолың көр­месін» деген қазақтың тамаша қағи­дасын ұстанады. Алайда, «берген қол алған қолдан қайырлы» дегендей, ді­ні­мізде «жария садақа» деген де тәмсіл бар. Бұл жайында Құранда «Егер садақаларыңды ашық түрде берсеңдер жақсы. Ал, егер жасырсаңдар әрі оны кедейлерге бер­сеңдер, өздерің үшін қайырлы. Ол сендердің жаман істеріңді өшіреді» делінген.

Біздің айтпақ болып отыр­ға­нымыз осы төңіректегі әңгіме, ол – мынау.

Жақында ­«Фейсбук» желісінде Астанада өрт­тен қаза болған 5 сәбидің қазасына көңіл айтып, сосын «хабарласқан көп­­балалы ана болса, оған өз есебімнен пәтер әпе­руге дайынмын» де­ген маз­­мұнда жасы отыздың шама­сын­дағы жас кә­сіп­кердің бейнетас­пасы жарияланған бо­­­­­латын. Бірақ, хабар­ла­су­­­шылардың қай жер­ге өті­ніш беруі керек­тігін біл­­дірсе де кәсіпкер аты-жөнін атамаған еді.

Бейнетаспа әлеуметтік же­лі­дегі «Жаға ұстатты» тобында жария­лан­ған­дықтан мен топ же­текшісі Динара Смайловамен бай­ла­ныс­тым. Астаналық ба­уы­­ры­мыз­дың аты-жөні Жандарбек Садықов болып шықты. «Кэш» ломбард дүке­нінің қожайыны екен.

Жуырда Динара тағы бір жақсы жаңалықты жария етті. Жандарбек Ақмола облысы Целиноград ауданы Қосшы ауылының тұрғыны, көп балалы ана Қарабаеваға үй сатып алып беріпті.

Біз сөзін жерге тас­тамаған, уәдесін желге ұшырмаған жас кәсіпкерді талайға үлгі боларлық ісімен жанымызға жақын тұтып отырмыз. «Елім» дейтін ерлеріміз осындай азаматтар ғой. Бәрекелді!


Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 ақпан 2019 г. 480 0