« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жанынан ашылған «Қызылорда» білім тарату орталығында оқу-әдістемелік семинар өтті. Семинарда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сейілбек Нұрымбетов, «UKAZ Group» ЖШС бас директоры Андрей Черноморов және институттың бас директоры Бақытжан Дүйсембеков сөз сөйледі.
Облыста негізінен «Лидер», «Янтарь» және «Маржан» сорттары өсірілуде. Өткен жылы ауа райының қолайсыздығынан «Лидер» сортын еккен солтүстік аудандардағы бірқатар шаруашылықтар дұрыс өнім ала алмай қалған. Қазіргі институт «Сыр сұлуы», «Ай-Керім» сорттарын сынақтан өткізу бағытында жұмыстар жүргізуде. Бұл жаңа сорттарға үлкен үміт артылып отырған жайы бар. Болашақта олардың тұқымын көбейту міндеті тұр.
«Жаңартылған сорт бұрынғы егіліп келген сортпен салыстырғанда жоғары өнімділігімен, ауруға төзімділігімен, сапасымен және ең бастысы жергілікті жерге бейімделуімен ерекшеленбейтін болса, онда оны ауыстырудың ешқандай қажеттілігі жоқ». Бұл пікірді институттың бөлім меңгерушісі Құрманбек Бәкірұлы келтірді.
Күріштің ауыспалы егісінің жаңа үлгілері және топырақты өңдеудің ресурс үнемдегіш технологиялары жайлы өз кезегінде күріш институтының өкілі Имамадин Шермағамбетов айтып берді. Ол бұрынғы қалыптасқан сегіз танапты егістік бүгінде біраз өзгеріске түскенін жеткізді. Диқан қауымы ауыспалы егістікті сақтай бермейді. Жоңышқаны үш жыл, түйежоңышқаны екі жыл еккеннен кейін сол алқаптарға күріш еккен абзал. Егер де жоңышқадан кейін жерді қайта жырту керек болса, түйежоңышқадан соң жерді жыртудың қажеттілігі жоқ. Ол өзі бірден органикалық қорекке айналып кетеді. Оның орнына егілген күріштен әдетте мол өнім алынып жүр. Сондай-ақ арпа, күздік бидай сияқты дәнді дақылдар немесе мақсары секілді майлы дақылдарды да ауыстырып егудің мерзімін сақтай білген жөн.
Семинар барысында минералды тыңайтқыштарды беру әдістері мен егілетін тұқым сапасын арттыру жайында институттың басшысы Бақытжан Дүйсембеков пен ғылыми қызметкері Хасис Жамантықов айтып өтті. Олар ең бірінші кезекте ғылыми тәжірибелерге сүйене отырып жұмыс жүргізу қажеттігін алға тартты. Ауыспалы егістікте егілетін әрбір дақылға минералды тыңайтқыш берудің өзіндік тәртібін сақтай білу қажет. Институт мамандары Қазақстанда шығарылатын барлық тыңайтқыштарға зерттеу жүргізген. Соңғы кездері калий тыңайтқышы егістіктерде қолданылмай жүр. Керісінше азот-фосфор көбірек беріліп жүр. Ал сульфат-амоний қолданылған жерлерде ауру түрі көбейгендіктен, оны пайдалану шектелген. Оның орнына амофос беріле бастады. Құрамында фосфор болғандықтан оның пайдасы көп. Бірақ ғалымдар фермерлерді тым препаратшыл болмауға шақырды. Оның орнына органикалық тыңайтқыштарды көбірек беруге тырысу керек.
Ал тұқымды сауықтыру мәселесі аса маңызға ие, сондықтан міндетті түрде фитосараптамадан өтуі тиіс. Өйткені, тұқымның сыртында да, ішінде де зиянды аурулар бар. Соларды анықтағаннан кейін профилактикалық шараларды өткізіп, дәрілеп сауықтыру қажет болады. Сауықтырылған тұқымнан алынатын өнім көлемі 40%-ға дейін артады. Тұқымды дәрілеудің де өз талаптары бар. Тұқымда бірнеше ауру түрі табылса, оны бір ғана препаратпен сауықтыру мүмкін емес. Саңырауқұлақ ауруына бір бөлек, бактериялық ауруларға бір бөлек дәрі беріледі. Дәрілеп болғаннан кейін витаминмен және пайдалы микроэлементтермен сауықтыру да ұмыт қалмауы тиіс.
Семинарда «Сингента Қазақстан», «UKAZ Group» мекемелерінен Е.Жасақбаев, А.Төлеуов және А.Кенжебеков секілді ғалымдар мен білікті мамандар өңірімізде көктемгі егіс жұмыстарының өзекті мәселелері, тұқыммен қамтамасыз ету және оның өнімділігін көтерудің инновациялық жолдары, тыңайтқыш, өсімдік аурулары мен зиянкестеріне қарсы қолдануға ұсынылатын жаңа препараттар туралы кеңінен мағлұмат берді. Мысалы «Смерч», «Оливер», және «Солито» гербицидтері Шиелі ауданында сынақтан өткен. Ал ресейлік «АгроХимПром» компаниясының Қазақстандағы өкілі Аят Раджапов компаниясының күріш тұқымын сауықтыруға арналып шығарылған жаңа өнімі «Зеребра агро» препаратын таныстырды.
Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының өкілі Шәбден Бекмұхамедов фермерлік қожалықтарға арналған машиналар мен жабдықтардың жетілдірілген, Қазақстанның оңтүстік аймақтарына бейімделген түрлері туралы ақпаратпен бөлісті. Олардың қатарында соқа, жер тегістегіш, культиватор, сеялка, косилка секілді техника мен жабдықтар түрі бар. Бұл техникаларды сатып алушылар үшін 25% субсидия қаралған.
Фермерлер үшін ғылыми-зерттеу орталықтарының жаңалықтарынан хабардар болып отыруы өте маңызды. Ғалымдармен жиі кездесіп тұру еңбекке өнбек әкелмек. Елбасы Жолдауында ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастырған жөн деп тапсырма қойғаны белгілі. Осыған байланысты «Қызылорда» білім тарату орталығы базасында өңірдің ауыл шаруашылығы саласы мамандарының кәсіби біліктіліктерін көтеруге арналған оқу семинарларын өткізіп тұруды жоспарлап отыр. Оның жоспарын осы орталықтың жетекшісі Жанұзақ Байманов таныстырды.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |