« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жалағаш ауданындағы шаруа қожалықтар мал басын көбейту мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып келеді. Соның нәтижесінде төрт түлік басы былтыр едәуір өскен. Өткен жылы мүйізді ірі қара 34 мыңға, жылқы мен түйе 15 мыңға жуықтаған. Елу мыңға тарта ұсақ малы тағы бар.
Өңірде 88 шаруашылық тікелей атакәсіппен айналысуда. Оның 70-тен астамы «Сыбаға», «Құлан» бағдарламаларына қатысып, 125 миллион теңгеден аса несиемен қаржыландырылыпты.
Редакцияның қым-қуыт тіршілігінен бір сәт арылып, түс ауа Таң ауылына қарай жеңіл көлікпен тартып кеттік. Мақсат – сол ауылдан 3 шақырымдай әрірек, теріскей беттегі «Сарыкөл» алқабындағы мүйізді ірі қара шаруашылығын көзбен көру еді. Біз мінген «Нива» көзді ашып-жұмғанша Таңға жеткізді. Айтпақшы, бұл ауылдың күріш өсіруден Жалағаштағы алдыңғы елді мекен екенін де айта кету керек.
Шаруашылық басына жеткенімізде «Сарыкөлден» бері қарай табын-табын сиыр қораға қарай құлап жатыр екен. Әзірге, жері ашық, қар қалың жаумаған аймақта бұлар бір мезгіл сыртта жайылатын сияқты. Қоңы таймаған малға жан-жақтағы қалың шеңгел мен жыңғыл арасы ықтасын болып, арасындағы қалың шөп жайылымға жетіп-ақ тұр. Әрі жазда жиналған жем-шөп қоры да шаруашылықтағы мал күйінің жақсы екенін айғақтап тұрғандай.
«Доспанов» мүйізді ірі қара мал шаруашылығын асылдандыру бағытындағы қожалықтың иесі Кенжебек ағамызбен осында таныстық. Өрістен келген малды кешкі жайлаудың қамында жүрген ол өз кәсібі туралы күнделікті ісін атқара жүріп, ақтарыла айтып берді.
– 2015 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 12 миллион теңгеге 120 бас аналық пен 4 қазақтың ақбас бұқасын алдырып, осы «Сарыкөл» аймағында атакәсіпті бастап кеттік. Шыны керек, үкіметтің жеңілдетілген несиеге қол жеткізудегі көмегі біздің жұмысымыздың ілгері басуына себепші болып отыр, – деп бастады әңгімесін шаруашылық төрағасы.
Кенжебек Доспановтың айтуынша, бұдан басқа шаруашылықты жүргізуге қажетті құрал-жабдықтар мен жұмысшылар жататын шағын тұрғын үй және жем-шөп дайындауға арнайы техника сатып алуда жеңілдетілген лизингтің көмегі көп болған. Сонымен қатар, Зеңгі баба тұқымының майдаланып кеткенін сөз еткен Кенжебек ақбас сиыр тұқымының артықшылығын да жасырмады.
– Шыны керек, мұнда айырмашылық жер мен көктей. Бұрынғы бабаларымыз өсірген мал тұқымы қазір сирек. Мысалы, біздің шаруашылықтағы ақбас тұқымды сиырдың 10 айлық төлінің өзі, күтуін келістірсең 130-140 келі ет береді. Енді қараңыз, жай қазақы сиырдан туған 10 айлық бұзауды жемдеп баққанның өзінде 80 келі зорға шығады. Менің басты арманым – сиыр тұқымын асылдандырып қана қоймай, оның санын көбейтуге жұмыс жасау, – деп ағынан жарылды Кенжебек.
Шаруашылықта екі жыл сайын аталық мал ауыстырылып тұрады. Биыл үшінші рет төрт ақбас бұқа әкелінетін көрінеді. Арнайы субсидия арқылы қол жеткізіп отырған осындай нәтижелі жұмысқа разылығын білдірген кәсіпкер жем-шөпке де бұрынғыдай жеңілдік жасалса, атакәсіпті жандандыруға құлшынатындар көп болады деген ойын да айтып қалды.
Тағы бір жаңалық, мұнда Түркістан облысындағы Сарығаш ауданына қарасты Көкпекті ауылынан 7 бас асылтұқымды қошқар алдырып, қой тұқымының сапасын арттыруда жұмыстар басталып кеткен. «Алтын Асық» бағдарламасы арқылы 200-ге жуық қой алыпты. Қырықтың үшеуіне шыққан жігіт ағасы енді Ойсылқара тұқымын көбейтсем деген ниетін жасырмады.
– Тәулігіне 1 тонна сүт шығаратын шағын зауыт салғым келеді. Ол үшін жоқ дегенде 250 бас аналық сиыр болу керек. Бұйырса, осыған сәйкес, мал басын көбейтуге тынбай еңбек етудеміз, – дейді кәсіпкер жігіт.
Жергілікті жерден екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған Кенжебектің атакәсіпке адалдығына қуандық. Еңбекқор азаматқа сәттілік тіледік. Әрине, мұның барлығы бір күнде немесе бір жылда іске аса қоймайтын шаруа. Қорыта айтқанда, ерінбеген адамға жасалар жұмыс, табылар табыс көзі де жетерлік. Біз осыны кәсіпкер Кенжебектен байқадық та. Әр түліктің қоңын байқап, жем-шөбін үзбей беріп, таң азанмен күн батқанға дейін оның төккен тері мен тынбай еткен еңбегінің нәтижесін көрер күн алыс емесіне сенім білдіріп, аудан орталығына кері қайттық.
Былтыр Жалағашта мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар 56 миллион теңге көлемінде субсидия алыпты. Алдағы уақытта аудан бойынша осы салаға қатысты жүйелі жұмыстар өз жалғасын таба бермек. Ауыл шаруашылығындағы мал шаруашылығы өнімдері – ет, сүт, жұмыртқа мен жүннің үлес салмағын арттыру, асылтұқымды шаруашылықтар-репродукторлар құру, ет бағытындағы МІҚ малын бордақылау шаруашылығын ашу бағытында қосымша жұмыстар жүргізілетін болады.
Ержан ҚОЖАСОВ,
Суретті түсірген
М.Ахметов.
Жалағаш ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |