ЕЛ ТІЛЕГІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен аппарат мәжілісі өтті.
7 ақпан күні Астана қала­сында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен ҚР Қауіп­сіздік Кеңесінің отырысы өткенін хабарлағанбыз. Онда мұнай-газ саласының дамуы, Байқоңыр қаласы мен су шаруашылығын дамыту, Солтүстік Арал жобасын іске асыру, жаңа жылу электр ор­талығын салу сияқты өңірдің өзекті мәселелері талқыланды. Ел­басы наурыз айының соңына дейін 2019-2022 жылдарға арнал­ған Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды.
– Бұл бізден үлкен жауап­кер­­шілікті талап етеді. Жоспарлы жұмысты атқаруға республикалық бюджеттен қаржы сұралады. Сондықтан аймақ үшін маңызды мәселелер кешенді жос­парға енгізілуі тиіс, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, кешенді жоспарды әзірлеп, бекіту мақсатында облыстық жұмысшы тобы құрылды. Оның алғашқы жобасын қалыптастыру үшін ұсы­ныс­тар жинақталуда. Облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов осы орайда баса назар аударылуы тиіс жайттарды атап өтті.
– Қаржылық түйткілі шешілмеген жобалар да кешенді жоспарда қосымша көрініс табуы қажет. Олар – кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту, әлеу­меттік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, спорт, көлік, инфрақұрылым, туризм, өнеркәсіп, экология, табиғатты пайдалану, қоғамдық тәртіп және азаматтық қорғау салалары, – деді Қ.Ысқақов.
Хабарламашы жоспарға ен­гізіл­ген жоғары деңгейдегі іс-шара­лардың құнына қатысты мәселе бар екенін жеткізді. Құны көбіне алдын ала есептемеге сәйкес белгіленгендіктен мұндай жобалар жиі өзгертіледі. Ал бұл өз кезегінде шараны тиімді жүзеге асыруға кедергі.
Елбасы Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер жыл сайын халық алдында есепті кездесу өткізіп келеді. Биыл қаңтар-ақпан айларында облыс бойынша осындай 157 шара ұйымдастырылып, оған 27 мыңнан астам тұрғын қамтамасыз етілді. Есепті жиын­дарда 300-ден астам ұсыныс-пікір айтылды.
Мәжілістің күн тәртібіндегі келесі мәселе кездесулердің қоры­тындысына арналды. Облыс әкімі аппараты бас­шысының орынбасары Еркін Тұрабаевтың айтуынша, ұсы­ныс, ескерту-пікірлерді жи­нақтау мақсатында халық көп шоғырланатын 183 орынға арнайы жә­шіктер орнатылды. Бұл туралы тұрғындар бұқаралық ақпарат құ­ралдары арқылы алдын ала хабардар болды. Азаматтардың әлеу­меттік желілердегі белсен­ді­лігі де ескеріліп, өзара ықпалдастық және кері байланыс орнату мақ­сатында арнайы парақшалар ашылды.
– Есепті кездесулерде 334 сауал көтеріліп, жәшіктер мен call орталықтарына 364 ұсы­ныс-пікір түсті. Халықты негі­зінен денсаулық, білім, мәдениет саласының түйткілдері, инфра­құрылымды дамыту, жол жөндеу, тұрғын үй жайы, коммуналдық, әлеу­меттік мәсе­лелер мазалайтыны анықталды. Барлық сауал тиісті орындарға жолданды, – деді Е.Тұрабаев.
Аймақ басшысының был­тыр­ғы есепті жиынында 32 мәселе тізімге алынса, бүгінде оның тең жартысы орындалды. Ақпан айында облыс әкімі орынбасарларының, қала әкімінің, облыстық, қалалық мекемелер басшыларының қатысуымен 2 рет азаматтарды қабылдау өткізілген болатын. Нәтижесінде көпшілік тарапынан қойылған сауалдар жинақталып, мәселелердің тізімі түзілді. Қоғамдық қабылдаудың тиім­ділігіне байланыс­ты Е.Тұрабаев мұндай шараларды дәстүрге айналдыруды ұсынды.
Аппарат мәжілісінің қорытындысында аймақ басшысы халықты мазалаған сұрақтардың бірде-біреуі елеу­сіз қалмауы және бар­лығына бірдей анық жауап берілуі керектігін міндеттеді.
Назерке САНИЯЗОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 ақпан 2019 г. 476 0