Елбасымыз «Біз биылғы жылды тек «Жастар жылы» деп қана жариялаған жоқпыз, біз қазақстандық жастарды қолдаудың қарапайым әрі түсінікті құралдарын жасауды қалаймыз және жасауға міндеттіміз» деп өте маңызды төрт дүниені бөліп айтты. Бұл, бірінші, қолжетімді әрі сапалы білім; екінші, жұмыс орнының болуы, үшінші, тұрғын үймен қамту және, соңғысы, отбасын құруға мүмкіндік жасау.
Басында баспанасы жоқ, бір пәтерден екінші пәтерге көшіп жүрген жастың білім алуға да, жұмыс істеуге де зауқы соқпайтыны белгілі. Сондықтан, «Өз үйім – өлең төсегім» демекші, бірінші кезекте жастарды баспанамен қамтамасыз етуге арналған бағдарламаларды жетілдіру қажет деп ойлаймын. Қазіргі жастардың бейнесін сипаттайтын болсақ, жастар жақсыны да, жаманды да өзіне сіңіріп алатын «магнит» секілді. Оларда жаңа дүниелерге қызығушылық, жетістікке жеткен тұлғаларға еліктеушілік басым. Сол себепті біздің «магнитіміз» бойына пайдасыз дүниені сіңірмес үшін жастарды білім алуға, ғылым игеруге, спортпен айналысуға қызықтыра білу қажет.
Елбасымыз атап өткендей, болашақта адамдарды азық-түлікпен қамтамасыз ету басты мәселеге айналады. Демек, ауыл шаруашылығы саласындағы өнімділікті бірнеше есеге дейін арттыру қажет. Мұны білікті ғалымдардың араласуынсыз шешу мүмкін емес. Сондықтан жас ғалымдарды да осы салаға бағыттау қажет. Жастар жылында атқарушы билік жастарды ғылымға баулуға арналған жобаларды қолға алса құба-құп болар еді. Өңір жастарының әртүрлі ғылым салаларына қызығушылығын арттыратын жобалардың болмауы өкінішті.
Қазіргі кезде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасының жетекшісі, профессор Нұрбол Аппазовтың жетекшілігімен күріш қауызынан белсендірілген көмір алу бойынша ғылыми жұмыс жүргізудеміз. Күріш – әлемдегі ең маңызды тағам өнімдерінің бірі. Қазіргі уақытта әлемдік күріш өндірісі жылына 485 млн тоннадан асады. Ал Қызылорда облысы – еліміздің жетекші күріш өсіру аймағы. Күрішті жинау және қайта өңдеу кезінде қауыз, сабан түрінде көп қалдықтар пайда болады. Бүгінгі күні сабан мен қопсытқышты тиімді пайдалану – күріш фермерлерінің басты мәселесі. Бүгінде ол пайдасыз қалдық ретінде есептеліп, өртеледі. Күзде, көктемде күріштікке шықсаңыз, арнайы орыннан ауқымды түтінді байқайсыз. Бұл аймақтың экологиялық ахуалына зиянын тигізеді. Ауылшаруашылық қалдықтарынан белсендірілген көмір өндіру – ағашты шикізат ретінде пайдаланудан алып тастап, жасыл-желек кесуді болдырмайды әрі ауыл шаруашылығы қалдықтарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Біз биыл осы жобаны жетілдіріп, елдің ауыл шаруашылығы саласында тиімді жұмыс атқармақпыз.
Рахметулла ӨМІРБЕКҰЛЫ,
жас ғалым.