ҚҰБЫРҒА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Елімізде пластикалық құбыр шығаратын өндіріс орындарының өнімдеріне сұраныс артуда. Себебі, су, кәріз жүйелерін ауыстыру мен оңтүстік өңірлерді газдандыру ісі қарқынмен жүріп жатыр. Шиелі ауданына сапар барысында біз «Қазақстанның мұнай-газ химиялық компаниясы «Кемикал» ЖШС Қызылорда филиалына арнайылап ат басын бұрған едік.
Шиелі кентінің бір шетіне орналасқан кәсіпорынға ерте­летіп табан тіредік. Бізді филиал директорының орынбасары Арман Әбдіқадыров қарсы алып, өндірістегі жұмысты көрсетті. Зауыттағы толассыз тірлік көңіл то­ғайтады. Заман талабына сай іс атқарып тұрған өндіріс ең­бек­керлері өздеріне жүктелген мін­детті мінсіз орындауға талпынуда.
«Аталған құбыр зауыты 2009 жылы Алматы қаласында ашылған. «КНК «Кемикал» ЖШС еліміздегі өндірістік мүмкіндігін үздіксіз дамытып келе жатқан бірден-бір жүйе құраушы мекеме десек те болады. Біздің кәсіпорын осы компанияның филиалы саналады. Зауытта, жалпы, су және газ жүйесіне қажетті түрлі құбырлар шағарылады. Беріктігі өте жоғары. Өндірілетін өнім отандық талаптарға толық сай келеді. Яғни, сапалы. Өткен  2018 жылы 1,6 млн қума метр өнім өндірдік», – деді А.Әбдіқадыров кәсіпорын қызметін баяндай жүріп.  
Айтуынша, алматылық фирма бұрынғы «Химпродуктресурс» мекемесін 2010 жылы са­тып алған. Жұмысшыларын қыс­қартпай тұрақты жұмыс жа­сап келеді. Бүгінгі таңда жұмыс­шылар төрт ауысыммен еңбек етеді.
«Өндірістік процесс соңғы үлгідегі автоматты құрыл­ғы­лармен жабдықталған. Бәрі са­қадай-сай жұмыс атқарып тұр. Пластикалық құбыр сапасы жағынан темірге қарағанда әл­деқайда жоғары және коррозияға әлдеқайда төзімді. Жарамдылық мерзімі ұзаққа барады. Өнімдер кемінде 50 жылға жарамды. Оны тексеріп отыратын арнайы зертханамыз бар. Олар өнімнің сапасы үшін жауап береді», – деп толықтырды ауысым шебері Мұхит Кенеев.
Айта кетейік, жергілікті кәсіпорын су және газбен жабдықтау жүйелерінде қолдануға арналған құбырдан өзге өндірістік бағыттағы құбырлар шығаруға мамандандырылған. Қазір мұнда 5 техникалық желі жұмыс істеп тұр. Жұмыстың басым бөлігі авто­матты түрде жүзеге асады. Өндіріске қа­жет­ті барлық техника Германиядан әкелінген. Немістің «Крас Маффай» фирмасының қон­дыр­ғылары. Жергілікті еңбек­кер­лерді арнайы мамандар келіп оқытқан, кейіннен тәжірибе алмасқан.  
– Біздің кәсіпорынға тап­сырыс­тың көп бөлігі жаз мезгілінде келеді. Бүгінгі таңда «КНК» Кемикал» ЖШС – полимер шикізатын сатып алып, оны өңдеумен айналысатын еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірі. Біз тұтынушы тапсырысы бойынша жұмыс жасаймыз. Мысалы, қазіргі таңда өндірген өнімдерімізді өзіміздің аймақтан өзге Түркістан, Маңғыстау және Павлодар облыстарына жі­беріп жатырмыз. Тапсырыстың ау­қымды бөлігі, яғни 70 проценті «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық ком­­паниясына тиесілі. Осы ком­па­ния­мен ұзақ мерзімді келісім-шартымыз бар, – деді бас дирек­тордың орынбасары.
Кәсіпорында өндірілетін полиэтилен құбырларының диаметрі әртүрлі. Мәселен, су және газ тартуға 50-630 мм-ге дейінгі құбырлар пайдаланылады. Ал өндірістік мақсаттағы құбырдың диаметрі 90 мм-ден 195 мм арасы. Мұндай көлемді құбыр уран өндірісі үшін аса қажет болып саналады.
Кәсіпорынның байырғы ма­ман­­дары­ның бірі Мұхит Кенеев осы аудандағы Жуан­төбе ауылдық округі Алғабас ауы­­лының тұрғыны. «Мұнда «Хим­продуктресурс» мекемесі жұмысын бастаған 2003 жылдан бері тұрақты еңбек етіп келемін. 2011 жылы ауысым шебері болып бекідім. Жұмысым өзіме ұнайды. Жалақысы да ойдағыдай»,– дейді ауысым шебері.
Айта кетейік, мұнай қал­ды­ғынан жасалатын полиэтилен грануласы елімізде Павлодар қала­сында ғана шығарылады. Алайда, ол «КНК Кемикал» кә­сіп­орындарының технология­сы­на сәйкес келмейді екен. Сол себепті, өндіріске қажет шикізат Ресей мен Қытайдан, Оңтүстік Кореядан жеткізілсе, арнайы химиялық қоспалар Германиядан әкелінеді. Кәсіпорын қазір жүзден астам жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

Шиелі ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 ақпан 2019 г. 876 0