ШАҺАР КЕЛБЕТІ – ӨҢІР ШЫРАЙЫ

 “Бәйтерек” шағын ауданындағы жерлер толық игерілмесе қайта алынып, кезекте тұрған тұрғындарға берілетін болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.

– 2016 жылдан бастап “Бәйтерек” шағын ауданынан 6000-нан аса тұрғынға жер телімі берілді. Барлық инфрақұрылымы жүргізілген, кәріз жүйесі мен газ, телефон желісіне дейін барып тұр. Биыл берілгеніне 3 жыл толады. Алайда, игерілу қарқыны өте баяу. Қазіргі күні 500-дей тұрғын ғана жерлерін көтеріп, тіршілігін жасап жатыр. Қалған жер телімі игерілмейтін болса, талапқа сай қайта алынады. Әу баста тұрғындарға ол жердің 3 жылға жалға берілетінін, сол себепті оны мақсатты түрде пайдаланса ғана өз атына ауыстыра алатынын ескерткен болатынбыз. Оған дейін тіпті сата да алмайды, – деген Н.Мәшбекұлы тұрғындарды қазіргі сәтте “жер мен үй алып берем” деп халықтың ақшасын қағып жүрген алаяқтарға алданып қалмауға шақырды. Сондай-ақ,  жер мен үй тек кезекпен берілетінін баса айтты.

Қазіргі таңда қалада 152 мың шаршы  метрді құрайтын 46 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Өткен жылы жалпы ауданы 473 мың 209 шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілген. Бүгінгі күні 2017-2021 жылдарға арналған “Нұрлы жер” тұрғын үй құрылысы бағдарламасы арқылы сол жағалауда былтыр басталған 320 пәтерлік 7 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына республикалық бюджеттен 2,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Ал, арендалық 4 тұрғын үйдің құрылысын жалғастыруға облыстық бюджеттен 432 млн теңге, ипотекалық 4 тұрғын үйге 392 млн теңге қаржы қарастырылып отырған көрінеді. Бас жоспарға сәйкес бой  көтерген жаңа қаланы ауыз сумен қамту, газ, электр қуатымен жабдықтау және абаттандыру жұмыстарына республика мен облыстық бюджеттен 1,7 млрд теңге қаралған.

Жалпы Қызылорда қаласының даму көр­сеткіші жоғары. Қаланың бюджеті жылдың басында 42 млрд теңге көлемін­де бекітіліп, жыл қорытындысымен 51 млрд теңгеге жеткен. Бұл бюджеттің 21 процентке ұлғайғанын көрсетеді. Аталған қаржының 41%-і білім саласына, 18%-і құрылысқа, 14%-і шаруашылық бағытындағы жұмыстарға жұмсалуда.

Аймақ басшысының бастамасы­мен 2018-2020 жылдар “Жаппай кәсіп­керлікті қолдаудың үш жылдығы” болып жарияланды. Осы рет­те шаһардың кәсіпкерлік саласында оң өзгерістер орын алуда. Мәселен, жыл көлемінде қала кәсіпкерлерінің өз қаражаты есебінен жалпы құны 8,2 млрд теңгені құрайтын 73 нысан іс­ке қо­сылып, жаңадан 1726 жұмыс орны ашыл­ған. Облыста жұмыс істеп тұр­ған кәсіпкерлік субъектілерінің 48,8%-і Қы­зылорда қаласының үлесінде. Қа­лада мемлекеттік бағдарлама да жоғары деңгейде орындалуда.  Былтыр “Нәтижелі жұмыспен қам­ту және жаппай кәсіпкерлікті дамы­тудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы” шеңберінде  906 млн теңгені құрайтын 179 жоба қар­жыландырылса, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша  7,3 млрд теңгені құрайтын 76 жоба мақұлданып, 52 жобаға 63,8 млн теңге қайтарымсыз қаржы ретінде берілді. Бұл “Индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының” қалада қарқынды жүріп жатқандығын білдіреді.

Сыр өңірінде ауылшаруашылық саласына басымдық көп беріледі. Бұл тұрғыда өткен жылы саланың жалпы өнім көлемі 6,5 млрд теңгені құрады. 2017 жылмен салыстырғанда 4%-ке өскен. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында аймақтардағы жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартып, шағын шаруа қожалықтарын ірілендіру міндеттемесін қойған болатын. Осыған сәйкес қаланың 390 шаруа қожалығы бірігіп, 27 ауыл шаруашылығы өндіріс коо­перативі құрылып отыр. Сондай-ақ, өңірде дақылдар мен егіс көлемін әртараптандыру мақсатында 7969 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, күріштің әр гектарынан 51 центнерден өнім алынған. Ал, саланы қолдау мақсатында мемлекет тарапынан 300 млн теңгеге жуық субсидия берілген. Өнімді экспорттау бойынша Ресей, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан елдеріне 12 мың тонна күріш, Қытайға 50 тонна өсімдік майы жіберілген.

Жиын барысында алда атқарылатын маңызды жобалар да сөз болды. Оның ішінде биыл өңдеуші өнеркәсіп саласында қуаттылығы жылына 197 мың тоннаны құрайтын шыны зауыты  мен молибден ұнтағын өңдеу зауыты іске қосылады және 400-ден аса жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар, Жаппасбай батыр көшесінде бой түзеген 600 орындық мектепті ел игілігіне беруде осы жылдың үлесінде. Білім беру мекемелерінің санын арттыру мұнымен тоқталмақ емес. Алдағы уақытта сол жағалауда 900 орындық, “Арай” ықшам ауданы мен “СПМК-70” ауданында  600 орындық, Қызылжарма елді мекенінде 900 орындық, “Саяхат” шағын ауданында 300 орындық мектеп ғимараттары салынатын болады. Оған қоса Әл-Фараби көшесіндегі №261 мектептің жанынан 150 орынды қосымша ғимарат салынады. Оған 167 млн теңге қаржы қарастырылыпты.

Басқосуда айтылған тағы бір жағымды жаңалық – “Сыр Ана” кешені қайта жаң­ғыр­тудан өтеді. Яғни бірнеше жылдан бері пайдаланылмай тұрған кешен, халықтың демалатын саябағына айналады. Бұдан бөлек, Жібек жолы даңғылында ұзындығы 2,5 шақырым, жалпы ауданы 87500 шаршы метрді аумақты алатын аллея, скверлердің құрылысы басталады. Сонымен бірге Тәуелсіздік даңғылы, Бейбарыс  Сұлтан кө­шесінен Жібек жолы – “Қызылжарма” кана­лы­на дейінгі аралыққа ұзындығы 4,6 ша­қырымды құрайтын  магистральді жол құ­ры­лысы жүргізілсе, Тұңғыш Президент саябағы мен Рәміздер алаңы аралығында жал­пы көлемі 36 гектарды құрайтын жаңа демалыс саябағы да салынбақ. Мұның барлығы жылдың аяғына дейін пайдалануға берілетін болады.

Жиын соңында баяндамашыға БАҚ өкілдері тарапынан бірқатар сұрақтар қойыл­ды. Оның ішінде жер беру, мектеп құрылысы, қала тазалығы, көпбалалы аналар мәселесі кеңінен көтерілді.  Қала әкімі барлық сұрақтарға нақты әрі тұшымды жауап қайтарды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 ақпан 2019 г. 564 0