ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙ ҚОҒАМНЫҢ АЙНАСЫ ІСПЕТТІ

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙ ҚОҒАМНЫҢ АЙНАСЫ ІСПЕТТІБиыл елімізде екінші рет әлеуметтік сала қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Елбасы Жарлығымен бекітілген кәсіби мереке аға буын өкілдеріне, әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға ұдайы қамқорлық танытып келе жатқан қызметкерлерге құрмет белгісіндей. Атаулы күн қарсаңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жазира Жылқышиевамен сұхбаттасып, саланың тыныс-тіршілігімен, аймақтың әлеуметтік қорғау жүйесінің негізгі көрсеткіштерімен танысқан едік.
– Жазира Жақсылыққызы, елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың түгелге жуығы халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталғаны белгілі. Сондықтан әңгімеміздің басында бағдарламалар нәтижесін айқындайтын негізгі көрсеткіштерге тоқталсақ...  
– Біздің еңбегіміздің жемісі жұмыссыздық деңгейінің төмендеуінен көрініс табады. Жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,2 пайызға төмендеді. Жыл бойы 8787 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланса, 1 қазанға дейін оның 7704-і құрылды. Жұмыспен қамту органдарына хабарласқан 22607 адамның, 9161-і жұмысқа орналастырылды. Олардың арасында 93 мүмкіндігі шектеулі адам, 52 жазасын өтеу орындарынан босап келгендер бар. Қоғамдық жұмыстарға тартылған адамдар саны жоспардағыдан артып түстің. Кәсіптік оқу және қайта даярлау курстарына 475 адам жолданды. Ұйымдастырылған 55 бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 4,5 мыңнан астам жұмыс іздеуші қатысып, оның 2616-на жолдама берілді.
– Елімізде қолға алынған, қарқынды іске асып жатқан «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының біздің өңірде де жүзеге асу барысы қалай?
– Жыл басынан бағдарламаға қатысушы ретінде хабарласқан 7154 адаммен әлеуметтік келісім-шарт жасалды. Бірінші бағыт, яғни инфрақұрылымдар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтамасыз ету бойынша 80 жобаға 3,0 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Аймақтағы 58 елді мекеннің инженерлік-көліктік инфрақұрылымын жөндеуге, көркейту, көгалдандыру жұмыстарына басымдық берілді.
Бүгінгі күнге барлық аудандар мен Қызылорда қаласында жобалар іске асырылып, нәтижесінде 439 бағдарламаға қатысушы жұмыспен қамтылды.
Екінші бағыт бойынша ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамытуға 1897 адамға 3 026,8 млн. теңге қарастырылған. Кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 12,9 млн. теңге (390 адам) қаралып отыр. Конкурс нәтижесінде «Қазагромаркетинг» АҚ жеңімпаз атанды. Қазіргі таңда 390 қатысушы куәлік алды. Облыс бойынша несиелендіруге 3014,0 млн. теңге қаралған, аудандардың қажеттілігіне байланысты республикалық бюджеттен қосымша 1 430 млн. теңге бөлінді. Шағын несие беретін уәкілетті орган ретінде «Байқоңыр» ӘКК ҰК және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыс бойынша филиалы белгіленді.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалы арқылы 333 адамға 605,0 млн. теңге шағын несие таратылды. «Байқоңыр» ӘКК ҰК арқылы 423 адамға 967,3 млн. теңге берілді. Өңірлік комиссия шешімімен соңғы несие алушыға жылдық сыйақы мөлшері 6 пайыздан жоғары емес болып белгіленді. 
Бағдарламаның үшінші, яғни жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бағыты аясында қатысушыларды оқытуға 2662,6 млн. теңге қаралған. Кәсіптік даярлауға бүгінгі күнге 1000 адам жолданды. Қайта даярлау курстарына 1000 адам жолдау жоспарланса, бүгінгі күнге 965 адам жолданып, 366-сы оқу курстарын аяқтап, 46-сы жұмыспен қамтылды.
2011-2012 жылдары оқу курстарын бітірген 5307 адамның 2994-і жұмыспен қамтылды, 790 адам дәлелді себептермен жұмысқа орналасуға мүмкіндігі жоқ (жоғары оқу орнына түскен, қоныс аударған, т.б.), жұмыссыз жүргені 1523 адам, бүгінгі күні сол азаматтарды жұмыспен қамту бағытында шаралар қаралуда. Әлеуметтік жұмыс орындарына 1223 адамға 277,0 млн. теңге, жастар тәжірибесіне 1253 адамға 290,9 млн. теңге бөлінді. Есепті мерзімге 803 мекеме, кәсіпорындарға 1909 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылып, оларға 229,4 млн. теңге қаржы төленді. Мерзімі аяқталған соң тұрақты жұмысқа 138 адам орналасты. Мекеме, кәсіпорындарға 1735 адам жастар тәжірибесіне жолданып, оларға 227,7 млн. теңге қаржы төленді. Мерзімі аяқталған соң тұрақты жұмысқа 90 адам орналасты.
2011-2012 жылдары облыс көлемінде 89 тұрғын үй салу жоспарланған. Қазіргі таңда 73 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Оның 71-і жеке, 30-пәтерлік және 60-пәтерлік тұрғын үйлер. Қызылорда қаласында 2012 жылы құрылысы басталған бір 60-пәтерлік, бір 30 пәтерлік және 14 жеке тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Әлеуеті төмен елді мекендерден бағдарламаға қатысуға ниет білдірген жанұялардың тізімі жасақталды. Жұмыс берушілердің қатысуымен Қазалы, Қармақшы аудандарында тұрғын үйлер салуға қаржы бөлінді.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙ ҚОҒАМНЫҢ АЙНАСЫ ІСПЕТТІ– Елбасының жыл сайынғы Жолдауларының өзегін халықты әлеуметтік қолдау мәселелері құрайды. Әйткенмен, бұрынғыдай емес, әлеуметтік көмектерге арқа сүйейтіндер азайып келе жатқан сияқты...  
– Әлеуметтік жағдай қоғамның айнасы іспетті. Бәрі де көзге көрініп тұрады. Бүгінде аз қамтамасыз етілген азаматтарға төленетін әлеуметтік көмектер мен балаларға арналған жәрдемақылар өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 5,1%-ға төмен. Атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегін, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы алушылар саны азайды. 
Облыс бойынша жаңадан құрылған тұрақты және маусымдық бос жұмыс орындарына бірінші кезекте атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қатарындағы жұмыссыздар тартылды.
Бірақ жергілікті бюджет есебінен жекелеген санаттағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін адамдарды қолдау назардан тыс қалған емес. «Сыр мейірімі» жобасы, үкіметтік емес мекемелердің мемлекеттік тапсырысы шеңберінде бюджеттен қаржыландырылып келеді. Жалғызбасты қарттарға, мүгедектерге, өзін-өзі күте алмайтын науқастарға ыстық тамақ ұйымдастырылды. «Отан», «Даңқ» ордендерімен марапатталған, «Халық қаһарманы» және тағы басқа құрметті атаққа ие болған азаматтарға, облысқа ерекше еңбегі сіңген зейнеткерлерге, бөгде біреудің көмегін қажет ететін 80 жастан асқан жалғызбастыларға әлеуметтік көмек көрсетілді. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектеріне, соғыста қаза тапқан жауынгерлердің екінші рет некеге отырмаған жесірлеріне және тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, ҰОС жылдары 6 айдан кем емес жұмыс істеген адамдарға жәрдемдесу парызымыз болып есептеледі. Ауған соғысына және Чернобыль АЭС-де болған апат салдарын жоюға қатысушылар мен мүгедектеріне, Кеңес Армиясы мүгедектеріне, Семей ядролық полигонының тікелей қатысушыларына, үйде тәрбиеленіп оқытылатын мүгедек балаларға, халықтың әлжуаз топтарынан шыққан 123 студентке білім алуға, түрлі апаттардан зардап шеккен мұқтаждарға әлеуметтік көмек төленді.
– Әлеуметтік қорғау саласының ең негізгі міндетінің бірі –мүгедектерді оңалту және әлеуметтік қолдау екені аян. Осы орайда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз...
– Мүгедектерді кресло-арбалармен, таяқтармен, балдақтармен, тифло және сурдоқұралдармен, протезді-ортопедиялық көмек түрлерімен және санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен тұрақты түрде қаржы бөлініп келеді. Қалалық және аудандық бөлімдер арқылы мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жұмыс жасалуда. Өздігімен қозғалуы қиын бірінші топтағы мүгедектер жеке көмекшілермен қамтылды. Үйде қызмет көрсетілетін жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге және мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді.
Талсуат елді мекенінде орналасқан оңалту орталығы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған. Балаларға арналған психоневрологиялық интернат үйінің жанында 20 орындық күндізгі бөлімше бар. «Ұмай», «Шапағат» және «Алақай нұр» үкіметтік емес ұйымдары арқылы Арал, Қазалы, Шиелі және Жалағаш аудандарындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды қамтыдық.
– Шетелдерден тартылатын жұмыс күшінің ағымын реттеу қалай жүзеге асуда?  
– Облысқа шетелдік жұмыс күшін тартуға 552 квота бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 453 бірлікке кеміді. Аймақтағы 14 біріккен кәсіпорындағы қазақстандық мамандардың саны 7355 адамды құрайды. Жыл бойы 316 қазақстандық азамат даярлау, қайта даярлаудан және 3105 қазақстандық біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Қазақстандық азаматтар үшін қосымша 270 жұмыс орны құрылды, 6 шетелдік маман отандық кадрмен алмастырылды.
– Бүгінде әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеудің маңызы зор. Үшжақты комиссиялар атқарып жатқан жұмыстар нәтижесі қандай?  
– Облыстық комиссияның отырысында іс-шаралар жоспары бекітілді. Қалалық және аудандық әкім орынбасарлары басшылық ететін комиссияларға тиісті тапсырмалар беріліп келісім аясында өзара қабылданған міндеттемелерді орындау бойынша жұмыстар ұйымдастырылуда.  
Комиссияның кезекті отырысында заңдылықтарға сәйкес еңбеккерлердің төлемақы құқығын қорғау, жалақының уақытылы төленуін, қарыздарын өтеуін қамтамасыз ету мәселелері, жасалған ұжымдық шарт аясында «ҚазГерМұнай» БК ЖШС қызметкерлерін әлеуметтік жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы мәселе талқыланды. 
Қордаланған жалақы қарыздарды жою және болдырмау мақсатында облыс әкімдігінде арнайы мәжілістер өткізілуде. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі меморандумдар мен ұжымдық шарттар жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде.  
Бүгінде 825,1 млн. теңге сомасына 26 әлеуметтік жобаны іске асыру туралы меморандумдар жасалынған. Оның ішінде Жалағаш ауданында құрылыс саласында 342,1 млн. теңгеге 11 меморандум, Қазалы ауданы бойынша ауыл шаруашылығы саласында 145,0 млн. теңгеге 6 меморандум, Қармақшы ауданы бойынша құрылыс саласында 4,0 млн. теңгеге 2 меморандум, Шиелі ауданы бойынша құрылыс саласында 78,0 млн. теңгеге 3 меморандум, Қызылорда қаласы бойынша 256,0 млн. теңгеге 4 меморандум әзірленген. Бұл көрсеткіш 1-ші тоқсанмен салыстырғанда 242,4 млн. теңгеге артып отыр.  
Елбасы Жарлығымен бекітілген бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз-2013» конкурсына қатысу туралы облыс бойынша меншіктің барлық нысандарындағы ұйымдар арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Облыстық, қалалық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «Парыз» конкурсына қатысу жөнінде хабарламалар облыс әкімінің web-порталына конкурс туралы хабарландыру жарияланды. Бүгінгі күнге «Парыз-2013» конкурсына аталған номинациялар бойынша қатысу жөнінде хаттар жолданып, конкурсқа қатысуға 9 мекеме ниет білдіріп отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
 Сұхбаттасқан Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА. 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ҚОҒАМ 24 қазан 2013 г. 2 174 0