ДАМУДЫҢ СЫРЫ – БІРЛІКТЕ, ТАБЫСТЫҢ СЫРЫ – ТІРЛІКТЕ

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың есепті кездесудегі баяндамасы


Кеше Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрда облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың халық алдында есеп беру кездесуі өтті. Жиында аймақ басшысы өткен жылды қорытындылап, алдағы жоспарларды баяндады.

Есепті кездесуге ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Ж.Сүлейменов, ҚР Президенті Әкімшілігінен Н.Тілешев, Премьер-Министр кеңсесінен М.Сұлтанғалиев, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Б.Әбдірайым, «Қазатомпром» «ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Г.Пірматов, «АстанаГаз КМГ» АҚ Бас директоры С.Мақашов қатысты. Жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың басшылары, мәслихат депутаттары, аймақтағы барлық 264 елді мекеннің өкілдері және халықтың барлық топтарының, саяси партиялар мен қозғалыстардың, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық кеңестердің, сондай-ақ еңбек ұжымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды.

Ардақты ағайын!

Құрметті әріптестер!

Өңірдің сан-саласын қамтыған, даму жолымызды бұрынғыдан да жетілдіріп, болашаққа ұмтылдырған, түрлі оқиғаға толы тағы бір жыл тарих қойнауына енді. Бұл өз қиындығы мен қызығы мол жыл болды.

Өздеріңіз білетіндей, жұмысымыздың ашықтығы үшін біз жыл сайын облыс әкімінің Іс-қимыл жоспарын бекітіп, бұқаралық ақпарат құралдарында жария­лаймыз. 2018 жылға арналған Іс-қимыл жоспарының негізгі басымдықтары ретінде жаппай кәсіпкерлік пен адами әлеуетті дамыту, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мәселелері, бағалардың негізсіз өсімін болдырмау, экономиканы әртараптандыру және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен халықаралық қаржылық ұйымдар арқылы инфрақұрылымды дамыту, экономиканы цифрландыру деп белгіледік.

Жоспарға 302 шара енді, оның 255-і (85%) орындалды, ал, қалған тұрақты және ұзақмерзімді шараларды биыл іске асыруды жалғастырамыз.

Жұмыс нәтижесін бағалау үшін цифрға жүгінбесек болмас.  Сөйтіп, бірқатар көрсеткіштерге тоқталсам деймін.

2013-2018 жылдары облыс экономи­касына 1,7 трлн. теңге тікелей инвес­тиция тартылды. Былтырғы жылдың өзін­де инвестиция көлемі 25,5%-ға артты, инвестицияның өсімі көп жағдайда кәсіп­орындардың өз қаржысын салу (22,4%) есебінен болғанын атап өткім келеді.

Өнеркәсіп саласы бойынша 2013 жылдан бастап 70-тен астам жаңа өндіріс орны пайдалануға берілді.

Бұл саладағы еңбек өнімділігі тек соңғы жылдың өзінде 25%-ға артты. Қазір бұл көрсеткіш бойынша біз рес­публиканың орташа нәтижесінен асып кеттік (КЗО – 16,5 млн теңге, ҚР – 10,9 млн теңге). Бұл – саланың сапалы даму  деңгейіне дәлел.

2018 жылы өңдеу саласында өнім өн­діру 2013 жылмен салыстырғанда 31,6%-ға, республика бойынша 11,9%-ға артты.

Соңғы үш жыл ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі инвестиция көлемі 2,3 есе, жалпы қосымша құн көлемі 12%-дан астам, шикізаттық емес өнім экспортының көлемі 22,7%-ға ұлғайды.

Жалпы өңірлік өнім құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі екі есе өсті (2012 жылғы 2,3%-дан 2017 жылғы 4,9%-ға).

Бұл – аймақтар арасында экономика құрылымын өзгерту қарқыны бойынша ең үздік көрсеткіш.

Ауыл шаруашылығында қызылор­да­лық күрішшілер жыл сайын астық өндіру бойынша орнатқан өз рекордтарын жаңартуда. Тәуелсіздік жылдарында 2017 жылы тұңғыш рет күріштің рекордтық көлемі – 500 мың тоннадан астам өнім жиналды. Соңғы жылдары сорттардың өнімділігін арттырудың есебінен 1,5-2 есе артық жиналуы қамтамасыз етілді. Егер бізде бұрын егістіктің 40%-на қатардағы күріш тұқымы себілсе, қазір біз жоғары өнім беретін тұқымдарды ғана пайдаланудамыз.

Барлық мал басы бойынша біз аймақтағы ең табысты деген 1993 жылғы  деңгейден асып түстік.

Бірнеше жыл ішінде облыстың жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) құрылымындағы ауыл шаруашылығының үлесі 2,5%-дан 3,7%-ға өсті. Бұл да біздің сапалы өзгерістер жо­лы­мен дамып келе жатқанымыздың белгісі.

Соңғы алты жыл ішінде балық аулау екі есеге өсті.

Облыста 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның 4-і 2013 жылдан кейін салынған. Нәтижесінде, балық өнімдерін экспорттау 10 есеге артты.

6 жыл ішінде 3 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Облыс орталығының өзінде 2013-2018 жылдары 15 жаңа шағын аудан салынды. Тұрғын үйді берудің жылдық көлемі 2,6 есе өсті (2013 жылғы 270 мың шаршы метр­ден 2018 жылы 700 мың шаршы метрге).

Жалпы алғанда, 2017 жылы, негізінен апатты тұрғын үй мәселесі шешілді. 2013 жылдан бері үйлері апатты деп танылып, кезекте тұрған 645 отбасы жаңа пәтерлерге ие болды.

Соңғы 4 жылда жеке тұрғын үй секторында 29  мың жер учаскелері инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді.

Облыс бюджеті 2,2 есеге өсті: 2013 жылғы 122 млрд. теңге болса, ағымдағы жылы 254 млрд. теңгеге жетті. Ал, биылғы жыл соңында бюджеттің көлемі 300 млрд.теңгеге жетеді деп күтілуде.

Өңіріміз жан басына шаққанда әлеуметтік салаға (әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт) бөлінетін қаржы бойынша бірнеше жылдан бері елімізде көшбасшылық орында келеді. Нәтижесінде, 2013 жылдан бері әлеуметтік салаға қатысты  200-ден астам жаңа нысан пайдалануға берілді.

Апатты жағдайдағы денсаулық сақтау орындарының   86 пайызы шешімін тапты.

Үш ауысымдағы мектептер мәселесі шешілді.

Апатты мектептердің орнына 37 жаңа мектеп салынды.

2015 жылы «Балапан» бағдарламасы мер­зімінен бұрын орындалып, 3-тен 6-жас­қа дейінгі балалар 100% мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен қамтылды.

Балабақшаның 71%-ы – жеке.

2013 жылдан бастап бізде мұндай балабақша саны екі есеге өсті.

Қызылорда мектептерінің 2017 және 2018 жылдардағы түлектерінің 97%-ы орта және жоғары оқу орындарына түсті.

Қызылорда облысы – өзінің 520 түлегін Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында Ресей Үкіметінің грантымен оқуын ұйымдастырған еліміздегі бірден-бір аймақ (520 қыз-жігіт). 

Бұдан басқа, 2013 жылдан бас­тап көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, әсіресе, ауылдық жерден шыққан талапты балаларды оқытуға облыс әкімінің арнайы  гранты тағайындалды.

Қазір 900 жас аймақта еңбек ресурс­тары балансына сәйкес облысқа қажетті мамандықтар бойынша еліміздің белді жоғары оқу орындарында білім алуда.  

«Серпін» бағдарламасы аясында Қызылорда мектептерінің 4 мыңнан астам  түлегі солтүстік және орталық аймақ­тардың оқу орындарында оқып жатыр.

Алты жыл ішінде 69100 жаңа жұмыс орны ашылды, оның 60098-і – тұрақты. Осы жылдар ішінде жұмыссыздық деңгейі  5,2%-дан 4,8%-ға азайды. Соңғы бес жыл бойына бұл көрсеткіш еліміздегі орташа көрсеткіштен асқан емес. Бұл жұмыс күші мол оңтүстік өңір үшін маңызды жетістік болып табылады. Бұған қоса, жастар жұмыссыздығының деңгейі 2013 жылғы 7%-дан  2018 жылы 4,2%-ға төмендеді.

Қызылорда қаласы және облыстағы 7 ауданның 4-нің орталығы, Байқоңыр қаласы газбен қамтамасыз етілді.

Нәтижесінде, аймақ тұрғындарының 64%-ы табиғи газды пайдалануға мүм­кіндік алды. 

Аймақ республика бойынша тұрғын­дардың 98 пайызын орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету бойынша жоғары көрсеткішке ие.

Мұнай өңдеу көлемінің айтарлықтай төмендегеніне қарамастан, соңғы 4 жылда алғаш рет 2017 жылы Қызылорда облысы жалпы өңірлік өнімнің көрсеткіші бойынша 2016 жылғы деңгейден 100,8% көтерілді.

2018 жылдың нәтижелері толық шығарылған жоқ, алайда, өткен жылдағы жалпы өңірлік өнімнің көрсеткіші болжам бойынша 2017 жылдан да жоғары болады деп отырмыз. Облыс соңғы үш жылда ең қарқынды дамыған бес аймақтың қатарында!

Бұндай жетістіктерге қол жеткізу жолында бірқатар қиындықтар болғанын айту керек. Соңғы 6 жылда аймақта мұнай өндіру 10,7 млн тоннадан 6,4 млн тоннаға дейін азайды. Тек 2018 жылдың өзінде мұнайдың 420 мың тоннасын жоғалттық, ағымдағы жылы болжам бойынша тағы 1,1 млн тонна кем өндірілмек. Барлық өнер­кәсіп өнімінің 73%-ның мұнай өн­діру­мен байланыс­ты екенін ескерсек, бұл экономиканың барлық саласына тікелей немесе жанама әсер ететіні түсінікті ғой. Сондықтан, Мемлекет басшысы нақтылағандай, біз 2013 жылдан бастап индустрияландыру арқылы экономиканы әртараптандыруды алдымызға басты міндет етіп қойдық.

2018 жылы аймақта өңдеу секторына салынған инвестиция көлемі 37,6%-ға өсті.

Индустриялық-инновациялық даму­дың мемлекеттік бағдарламасы (ГПИИР) аясында жүзеге асырылып жатқан  24 жобаның 19-ы 50%-дан 100%-ға дейін жоспарлы қуаттылығын игерді. Олардың ішінде 12 кәсіпорын жоспарды 100%-дан аса орындады. Соңғы жыл ішінде олар шығарған өнім көлемі (32%-ға) және экспорт көлемі (33%-ға) үштен бірге өсті. Бір ғана «Баласауысқандық» ванадий кен орнындағы экспорт көлемі 70%-ға (2017 жылы – 128,5 тонна, 2018 жылы – 218 тонна аммоний метаванадаты), «Аралтұз» АҚ-ның экспортқа шығаратын өнім көлемінің үлесі 61-ден  72%-ға артты. Оның үстіне, 2018 жылы «Аралтұз» АҚ алғаш рет экспортқа 462 тонна тұз өндіріп, украин нарығына шықты.

Ал, биылғы жылы Украинаға жеткізу көлемін тағы  3 есеге және Ресей нарығына шығаруды 20%-ға ұлғайту жоспарланып отыр.

2018 жылдың соңында біз еліміздегі аса ірі өндіріс орындарының бірі – тампонажды цемент зауытын мерзімінен бұрын іске қостық. Бұл да экспортқа бағдарланған өндіріс болып табылады. Қазірдің өзінде кәсіпорын 11 мың тоннадан астам цемент өндіретін негізгі компонент – клинкер шығарса, үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап зауыт толығымен цементтің өзін өндіре бастайды.

Өткен жылдың қазан айында «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылыс жобасын (657 млн. АҚШ доллары) іске асыру басталды, қаржыландыру мәселесі Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы шешілді, негізгі мердігері болып «Доберсек» неміс компаниясы бекітілді.

Аралдағы кальцийлендірілген сода өндіру зауытының құрылысы (93,5 млрд. теңге) бойынша жұмыстар басталды – қазіргі уақытта зауытқа инженерлік инфрақұрылымды жүргізу мәселесі қарастырылуда.

Шыны зауытының (36,7 млрд.теңге) құрылысы барысындағы кездескен ке­дер­гілерге қарамастан, биыл алғашқы қазақ­стандық табақша шыны өнімін шы­ғаруды жоспарлап отырмыз. Расында, бұл өн­дірісті жүргізу 2018 жылы аяқталуы тиіс деп есептегенбіз. Алайда, өкінішке қа­рай, бізге қатыссыз себептермен зауытты іске қосуды 2019 жылға шегеруге тура келді.

Қазір осы жобаны жүзеге асырудың барлық міндеттерін China Triumph International Engineering» (Чайна триумф интернешнл инжиниринг) қытайлық трансұлттық компаниясы өзіне алды – компанияның әлемде 43 шыны зауытының құрылысын салғанын айту керек.

Компанияның Бас директоры Пенг Шоу мырза таяуда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен Астана қаласында өткен кездесуінде алғашқы өнімді осы жылдың қазанында шығаратынын мәлімдеді. 

Сондай-ақ, инвестор биыл смартфондар мен планшеттерге арналған 0,2 мм-лік ультражұқа шыны шығаратын екінші зауыттың құрылысы басталады деп сендірді. Компанияның жоспарында автокөліктердің алдыңғы әйнегі мен құрышталған (брондалған) шыны шығаратын үшінші зауыт құрылысын салу да бар.  Оның жобасы  көктемде ресми таныстырылмақ.

Осылайша, еліміздің оңтүстігінде, Қызылордада, бүтіндей шыны кластері құрылады деуге әбден болады.

Үстіміздегі жылдың соңына қарай біз Арал ауданында балықты терең өңдейтін  өндірісті және Қармақшы ауданында жылына 1500 тонна өнім өндіретін құс фабрикасын іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Көктемде Қызылорда қаласында  тұз­ды қайта өңдейтін зауыттың және жылына 5 мың тонна өнім шығаратын ет ком­би­натының құрылысын бастайтын боламыз.

Әрине, біз шикізаттық емес сектордың тұрақты дамуына күш салғанмен де аймақ үшін мұнай-газ саласының ролі әлі де ұзақ уақыт негізгі өндіріс болып қала беретінін түсінеміз. Бұл – факт. Бізде мұнай-газ өндіруді дамытудың резервтері де бар. Бұл жайында сәл кейінірек баяндаймын.

Әлемдік экономиканың  құбылып тұрғанынан сабақ ала отырып, біз әрдайым келешек шағын және орта бизнесте екеніне көз жеткіземіз. Оның үстіне, алдымызда мүмкіндігінше өз-өзін жұмыспен қамтитындар мен жұмыссыз азаматтар санын  барынша тиімді жұмысқа тарту міндеті тұр.

Айта кету керек, біз 2018 жылдың басында үй-үйді аралап, өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз 97,5 мың адамның 70%-ын ресми түрде тіркеп, сол арқылы оларды  еңбекпен қамту мүмкіндігі туды. Яғни, 68 мың адам заңдастырылып, жаңа мамандық игерді, жұмыспен қамтылды, өз кәсіптерін ашып, салық пен зейнетақы жарнасын төлей бастады! Бұл – ауқымды жұмыс! Ағымдағы жылы қалған 30 мың адамды өнімді еңбекке тарту бағытында жұмысты қарқынды жалғастырамыз. 

Осы мақсатқа жету үшін облыс­та жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығын жарияладық.

Өзін-өзі қамтығандардың зейнетақы жүйесі, әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорларының толық құқылы қатысушылары болуы үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде бірыңғай жиынтық  төлемі енгізілді.

Естеріңізде болса, өткен жылы біз «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың ке­шенді Жол картасын» әзірлеп, 2018 жылы оны жүзеге асыруға барлық қаржыландыру көздерінен 32 млрд. теңге жұмсалды!

Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған мыңнан астам адам жалпы 4,3 млрд. теңге көлемінде шағын несие алып, 1,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген шағын бизнестің 1000-нан аса жобасын жүзеге асырды.

«Бизнестің жол картасы - 2020» мем­лекеттік бағдарламасы аясында несиенің проценттік ставкасын субсидиялау бағыты бойынша жалпы құны 9,8 млрд. теңгеден астам 153 несие мақұлданды.

Несие бойынша кепіл ретінде шағын және орта бизнестің 65 субъектісі жалпы құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын мемлекет кепілдігіне ие болды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық.

Одан бөлек, біз бизнес аясын кеңейту әрі кәсіп бастауға қолайлы климат қалыптастыру, тиімді жағдай жасау арқылы әкімшілік кедергілерді жеңілдету және қысқартуға барынша күш салып келеміз.

Өздеріңізге белгілі, республикада алғаш болып 2017 жылы Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының жанынан «бір терезе» қағидатымен жер, сәулет және құрылыс, инженерлік желілерді қосу, тағы басқа мәселелер бойынша 70-тен астам қызмет түрі тегін көрсетілетін толық форматты «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» құрылды. 2018 жылдан бастап орталық инженерлік желілердің техникалық шарттарын электронды форматта бере бастады. Бұл аталған қызметті алу уақытын 3 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

Ашықтықты қамтамасыз ету мақ­са­тын­да өткен жылдан бастап Өңірлік кәсіп­кер­­лер палатасының алаңында бизнес қа­уым­­дастығының міндетті қатысуымен жер те­лімдері аукцион бойынша өткізіліп келеді.

Ал, жақында -  9 ақпанда жер телім­дерін алу бойынша алғаш рет қызмет алу мерзімін тек қана қысқартып қоймай, жемқорлықты жоюға мүмкіндік беретін онлайн аукцион өткізілді.

Бүгінде Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы өзге өңірлер үшін үлгі болып отыр. «Қызылорда облысының кәсіп­керлерге қызмет көрсету орталығына» басқа аймақтардан тәжірибе алмасу үшін делегациялар келуде.

Осылайша, өткен жылы біз жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің санын 13%-ға арттырып қана қоймай,   тіркелген субъектілердің үлесін 75%-дан 83%-ға өсіруге қол жеткіздік. Бұл олардың тұрақтылығы мен белсенділігінің жоғарылағанын көрсетеді. Бұған қоса жылдық айналымы  2 млн. теңгеден асатын шағын және орта бизнес субъектілері 2 есе өсті, бұл бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің 24%-ын құрайды.

Демек, бұл оларды қолдау шара­ла­ры­ның тиімді болғаны және бұл өзінің нә­ти­жесін беріп жатқанын көрсетеді емес­ пе?!

Сол себепті, 2018 жылғы рейтинг нәтижесімен біздің облысымыз шағын бизнесті жүргізуге қолайлы үздік аймақ аталып, нәтижесінде 2018 жылдың жел­тоқсан айында Мемлекет басшысынан арнайы «Алтын сапа» сыйлығын алды. 

Ағымдағы жылы біз осындай «Жол картасы» шеңберінде бизнестің дамуына тағы 34 млрд. теңге  жұмсауды қарастырып отырмыз!

Айтпақшы, биылдан бастап біздің облыста жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша өңірлік бағдарлама жұмыс істей бас­тайды. Көпшілік тұтынатын тауарлар шы­ғаратын – мата, тігін, тері өндірісін, тамақ өнеркәсібін құруға берілетін 10 млн. теңгеден 20 млн. теңге көлеміне дейінгі несие Өңірлік инвестициялық орталық ар­қылы 5 жылға 8 пайызбен берілетін болады. Осы мақсатқа, алғашқы кезеңінде біз 800 млн теңге қаржы бағыттауды жоспарладық.

Біз жеңіл өнеркәсіпті дамыту тақы­рыбын неліктен көтердік?! Аға ұрпақ өкілдері біздің аяқ киім фабрикамыз қандай сапалы өнімдер шығарғанын біледі. Таза теріден тігілген балалардың аяқ киімі тек бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы республикаларда ғана сұранысқа ие болып қалған жоқ, тіпті, экспортқа да шығарылды!

Қызылорда тігін фабрикасының қан­дай өнімдер шығарғанын, оның қанша кө­лемде болғанын да аға буын ұмытқан жоқ.

Мысалы, төсек-орын жабдығын өзімізде тігуге болса, оны қазір неліктен Қытайдан тасимыз!?  Міне, мәселе!

Бұның барлығын жаңғыртуға болады және керек,  оған қажетті қаржы да, шикізат та, жұмыс күші де өзімізде бар. Нарықтың бұл орны бізде бос тұр. Бұл табысты бизнес қалыптастырып, жұмыс орындарын құруға берілген, әсіресе, әйелдер үшін,  нақты мүмкіндік.

Міндетті медициналық сақ­тандыру жүйесінің енгізілуімен бизнесті дамыту бойынша жұмыстар ерекше маңызға ие болып, 2020 жылдың  қаңтарынан бастап Қазақстан халқы медициналық көмекті жаңа режимде ала бастайды. Егер де жұмыс істеп жатқан азаматтарға байланысты бәрі де түсінікті болса (олардың тұрақты жарнапұл төлейтін көзі бар), ал, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар өздері үшін өзі төлеуі тиіс болады. Сондықтан, біздің міндетіміз осындай азаматтардың табыс табуына және олардың медициналық сақтандыру қорына ақша аударып тұруына жағдай жасауымыз қажет. Ал, жаңа жұмыс орындарының басым бөлігі ауылда және агроөндіріс секторына жататын шағын және орта бизнес саласындағы кәсіпкерлік арқылы қамтамасыз етіледі. Сондықтан, біздің өңір үшін агроөнеркәсіп кешенін дамытудың да маңызы зор.

Егер естеріңізде болса, біз 2016 жылы агроөнеркәсіп кешенінің артта қалып қойған салаларын дамыту  мақсатында, біріншіден, экспорт өсімін арттыру, екіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Агрокарта» деп аталатын аймақтық аграрлық саланы дамыту бағдарламасын қабылдадық. Бұл жұмыстар өз нәтижесін бере бастағанын айту керек.

Бірнеше жыл қатарынан біз ауыл шаруашылығында өн­ді­ріс көлемінің және басқа да көр­сеткіштердің өсіп келе жат­қанын анық байқаудамыз. Тек соң­ғы жылдың өзінде ауыл шаруа­шы­лығындағы жалпы өнім көрсеткіші – 1,6%-ға, тамақ өнім­дерінің өндірісі – 4%-ға, еңбек өнімділігі үштен бір есеге дейін өскен. Бұған қоса, біздің аймағымызда еңбек өнімділігі еліміздің орташа көрсеткішінен 37%-ға артық. Бұл, біріншіден, салаға салынып жатқан инвестицияның, техникалық қайта жарақтандыру және жаңа тех­нологияны ендірудің жоғары қарқынымен тікелей байланысты.

Соңғы жылдары ауыл шаруа­шылығына салынған инвестиция көлемі 10%-ға өсті. Егер 2013 жылы агроөнеркәсіп кешеніне салынған инвестиция көлемі бар болғаны 1 млн. АҚШ долларынан сәл ғана артық болса, 2018 жылдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 15 млн. АҚШ долларынан асты.

Бұл біздің еңбеккерлердің қаржылық мүмкіндіктері мен даму көрсеткіштерін көрсетеді.

Кез келген бизнестің жоғары же­тістігі – бұл өнімін экспортқа шығару. Ал, ауыл шаруашылығында біз бәсекеге қабілетті және экс­портқа бағытталған өнім шығаруды үйрендік.

Тек соңғы жылдың өзінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі 27%-ға өсті, ал, оның 97%-ы өңделген өнім үлесіне тиесілі. Дәл қазір біздің алдымыздағы міндет шикізат өңдеуді қамтамасыз ету және сыртқы нарыққа сапалы дайын өнім шығару мақсаты тұр.

Бүгін күрішшілерге ерекше алғысымды білдіргім келеді.  Судың тапшылығынан 2018 жылдың қиын болғанына қарамастан, күріш­шілереміз күріштен мол өнім жинап, 473 мың тонна өнімге (гектарына 54 центнер) қол жеткізді.

Қазір біз өз күрішімізбен Моңғолия, Түркия және Ауғанстан нарығын игеріп жатырмыз. Осы орайда, ирандық күріш сорттарын өндіру бойынша қабылданған шаралар күріш егістігінің тиімділігін біршама көтеруге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда оның алғашқы партиясын – 500 тонна ирандық күріш сортының келісін 810 теңгеден жөнелту туралы келісімдер жасалуда. Бұл қазіргі экспорттық бағадан 4 есе жоғары!

Сондықтан, күріш егістігін да­мытуды алқаптардың көлемін ұл­ғайту есебінен емес, күріш өндіру­дің тиімділігі мен оны өткізуді арттыру есебінен көтеру қажет.

Сондай-ақ, егіншіліктің дамуы суарылған жерлерге қатысты болғандықтан, қазір біз егіншілікте жоғары табыс әкелетін және суды аз қажет ететін дақылдар алқабын ұлғайтуға, сонымен бірге, мал шаруашылығын дамытуды қамтамасыз ету үшін жемдік және жем-шөптік астық егісіне ерекше көңіл бөліп отырмыз.

Мысалы, 2018 жылы күріш егісі 3 мың гектарға азайды, соны­мен бірге, егіс алқабын әр­тараптандыру мақсатында, жем-шөпке қолданылатын  басқа дәнді дақылдардың (күріштен басқа) көлемі 582 гектарға ұлғайды. Сондай-ақ, майлы дақылдардың егіс көлемі 1717 гектарға, картоп, көкөніс, бақша өнімдерінің егісі 192 гектарға ұлғайды.

Осылайша, майлы дақылдар егісі (әсіресе, мақсары) 2013 жылғы 1659 гектардан 2018 жылы 8404 гектарға ұлғайды. Бұл мақсары майы өндірісін ұйымдастыруға мүмкіндік беріп, 2018 жылы 50 тонна өнімнің алғашқы партиясын тұңғыш рет Қытай нарығына шығара алдық. Енді жыл сайын Қытайға 2,4 мың тоннадан кем емес мақсары майын шығаруға келісіміміз бар.

Тек осының есебінен ғана өсімдік шаруашылығының өнім­дерін экспорттаудың 28% өсімін қамтамасыз етуге болады екен.

2018 жылдан бастап соя сияқты жоғары табыс әкелетін дақылдарды және жем-шөптік дақылдар – судан шөбі, бал құмайды (сахарное сорго) ендіру жұмысы басталып кетті.

2019 жылы күріш егісін тағы 2171 гектарға азайта отырып, жем-шөп егісін 4068 гектарға, картоп, көкөніс, бақша өнімдерін 1293 гектарға ұлғайту жоспарланып отыр.

Осы ретте, күріш әрқашан біздің өңіріміздегі негізгі егіншілік түрі болып қала беретінін айтқым келеді.

Біріншіден, бұл дақылды өң­деуге бізде қолайлы табиғи кли­маттық жағдай бар, екіншіден, жер қыртысындағы минералды тұздардың көп болуына, ыза­ сулардың таяу жатуына байланысты облыстың суармалы жерлері үнемі екінші рет сорлану процесіне түсуге бейім.

Ал, күріш егісі арқылы жердің мелиорациялық жағдайы жақсарып, күріш атызына судың жайылуы тұзды шайып, жер қыртысының тұздылығын төмендетуге септігін тигізеді.

Сондықтан, күріш егісінсіз қатты сорланған жерлерде басқа дақылдардан жоғары өнім жинау мүмкін емес.

Яғни, бұл – күріш экологиялық дақыл деген сөз! Сол себепті, суармалы су бойынша болжамға байланысты, жыл сайын күріш егісін 80-85 мың гектарға орналастырамыз деп жоспарлап отырмыз.

Сонымен бірге, таяу жылдары 51 мың гектар жаңа суармалы жерлерді ендіруді қамтамасыз ету жоспарлануда. Осы ретте, суармалы су мәселелерін ескере отырып, жаңа суармалы жерлер тек суды аз қажет ететін дақылдар: соя, мақ­сары, жем-шөптік дақылдар, су­дан шөбі, жүгері және т.б. егісін қамтамасыз етуге арналатын болады.

Қазір біздің міндетіміз – ауыл шаруашылығы экономика­сын түбегейлі өзгерту. Күріш шаруа­шылығынан бөлек, артта қалып келе жатқан салалар – құс шаруа­шылығын, сүт және ет бағытындағы мал шаруашылығын, жылыжай өндірісін, жеміс-жидек дақылдары өндірісін, май шаруашылығын дамытуды мақсат етіп отырмыз.

2016-2018 жылдар ішінде құс шаруашылығы бойынша   5 жоба жүзеге асты. Соның нәтижесінде тек соңғы жылда біз жұмыртқа өндіруді 24% және құс етін өндіруді 15%-ға арттыра алдық. Баяндағандай, жыл соңына қарай Қармақшы ауданындағы  ет бағытындағы құс фабрикасын іске қосамыз. Бұл өзіміз өндіретін құс етімен қамтамасыз етуді бүгінгі 0,7%-дан    46,8 %-ға арттыруға мүмкіндік береді.

Біз үш жылда 331 гектар жеміс-жидек дақылдарын және жүзімдік ектік, испан технологиясы бойынша 2 гектар автоматтандырылған өнеркәсіптік жылыжай құрылысы аяқталуға жақын.

Үстіміздегі жылы Шиелі ауданындағы 1200 басқа арналған сүт фермасының құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз («Сыр Агро – и К» ЖШС).

Облыстың буферлік аймақтан шығуы ет өндірісін аграрлық сала­дағы басым бағыттардың біріне айналдырды.

Ет бағытындағы мал шаруа­шылығын дамыту аясында өткен жылы Шиелі ауданында бір мезетте 1000 бас малды бордақылайтын  ірі мал бордақылау  алаңы салынды. Бұл  осымен облыстағы ауқымы жағы­нан төртінші мал бордақылау алаңы.

Мал өнімділігін арттыру мақ­са­тында «Сыбаға» бағдар­ламасы аясында шет елден 1300 бас асылтұқымды сиыр сатып алу қаржыландырылды. Алғашқы 120 бас асылтұқымды сиыр облысқа жеткізілді.

2017 жылы біз экспортқа барлығы 2,2 мың бас қой ғана шығара алдық. Ал, 2018 жылы экспортқа қой шығару көлемі  4 есеге (Ресейге, Иранға 8191 қой жөнелтілді) артты. Бұдан бөлек, алғаш рет союға арналған мүйізді ірі қара малын экспортқа шығаруды бастадық. Өкінішке қарай, халықаралық стандарттарға сай келетін ет комбинаты болмағандықтан, басқа облыстардың ет комбинаттары арқылы экспортқа шығаруға тура келіп отыр. Осы жылы шешуге тиісті тағы бір міндетіміз – биыл Қызылорда қаласында бір күндік қуаты 200 бас мүйізді ірі қара мал және 1000 бас уақ мал союға арналған заманауи  ет комбинатын салуды жоспарлап отырмыз. Бұл жобамен облыстық мәслихат депутаты Мнажаддин Өтеев айналысып жатыр.

Жоғарыда айтып өткенімдей, осы жобалардың барлығы аталған саланың тұтастай қарқынды дамуын қамтамасыз етіп, сонымен бірге, басқа іргелес салалардың – жем өндірісінің, жүн, тері, қалдықтарды өңдеудің дамуына  локомотив болады. Сонымен қатар, бұл өңіріміздің азық-түлік қауіпсіздігін де қамтамасыз етпек.

Қызылорда облысы күріш, тұз және балықты ғана экспорттай алады деген ойдан арылу керек.  Біз мұны ісімізбен дәлелдеп отырмыз!

2016 жылы біз көп жылдардан бері алғаш рет бақша өнімдерін экспорттауды жаңғырттық, 2017 жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне, Иранға, Моңғолияға және Өзбек­станға көкөніс пен мал экспорттауды бастадық, айтып кеткенімдей, 2018 жылы алғаш рет Қытайға мақсары майын жөнелттік. Облыстың агроөнеркәсіп кешеніндегі экспортталатын өнімдердің тізімі тек соңғы 6 жылда 3-тен 15 түрге көбейді. Бұл біздің мүмкіндіктеріміздің шегі емес, облыстың экспорттық әлеуеті өте ауқымды!

Дегенмен, біздің өнімдеріміз сапа жағынан ғана емес, бағасы жағынан да бәсекеге қабілетті болуы керек.

Сонымен бірге, ауа райына, табиғат әсерлеріне және басқа да бірқатар факторларға тәуелді болғандықтан, ауыл шаруашылығы өндірісі – ең осал бизнес екені мәлім. Құрғақшылық я болмаса шамадан тыс ылғалдылық, тыңайтқыштың жеткіліксіздігі немесе нормадан артық қолданылуы, жәндіктер мен аурудың тарауы егіннің немесе мал басының бір бөлігін жойып жіберуі мүмкін.

Ал, цифрлық технологияны енгізу табиғи факторларды бақылауға, нақты бизнес-үдеріс­терді жобалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол шығындарды азайтуға мүмкіндік жасайды, демек, біздің өнімдерімізді сапасы жағынан ғана емес, бағасы бойынша да бәсекеге қабілетті ете алады. Сол себепті, ауыл шаруашылығында цифрлық технологияны дамытуға, жерді дәлме-дәл есептеуді енгізуге, ауыл шаруашылығы техникаларын GPS-құрылғыларымен жабдықтауға айрықша көңіл бөлген дұрыс.

Осының барлығы ауыл шаруашылығы дақылдары өнімділігін көтеріп қана қоймайды, сонымен бірге, оларды өндіруге жұмсалатын шығындарды азайтады, яғни, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырады деген сөз.

Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу жүйесін дамытуға тиіспіз, бұл баға тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда бізде «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жанындағы Тұрақ­тан­дыру қоры  тиімді жұмыс істеу­де, ол негізгі азық-түлік тауар­лары түрлерінің бағасының көтеріліп кетуіне жол бермеуде. Енді бізге фермерлер өз өнімдерін делдалсыз өткізе алатын, қала тұрғындары төмендетілген бағамен сауда жасайтын көтерме-бөлшек сауда жасайтын логистикалық орталық құру қажет. Оған қоса, көрші Өзбек­станның соңғы кездегі жоғары даму қарқынын ескеру де қажет.

«Байқоңыр» ӘКК-ге, облыс­тық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы басқармаларына, Қызылорда қаласының әкімдігіне Қарағанды облысының тәжірибесін зерттеп, бір ай мерзім ішінде осындай орталық құрылысын жуық арада өзімізде салу жөнінде нақты ұсыныс енгізуді тапсырамын.

Балық шаруашылығы қайтадан облыс экономикасының маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Айтып кеткенімдей, соңғы 6 жылда балық аулау 2 еседей, ал, балық өнімдерін экспорттау 10 еседей өсті! Мысалы, осы жылы бірінші рет  Қытайға 80 тонна балық өнімдерін жібердік.

Агроөнеркәсіп секторын дамытудың арқасында біз тұтыну бағаларының негізсіз өсуін болдырмауға қол жеткізіп отырмыз.

Сонымен бірге, бөлшек тауар айналымының оң динами­касы байқалады (101,3%), бұл тұр­ғындардың сатып алу қабі­летінің аздап өскенін көрсетеді. Айта кету керек, соңғы статистика бойынша аймақ тұрғындарының нақты жалақы индексінің де (100,4%), нақты ақшалай кірістер индексінің де (107,9%) біршама өсуі байқалған.

Айтпақшы, осы жылдар ішін­де орын алған экономикалық қиын­дықтарға қарамастан, кәсіп­орындарда қызметкерлерді жаппай қысқартуға жол бермедік және жұмыссыздық деңгейін бірнеше жыл қатарынан 4,8% шегінде бірқалыпты ұстап тұра алдық, бұл – орташа республикалық көр­сеткіштен жоғары емес.  Дегенмен, қайталап айтайын, біздің өңір үшін бұл оңайға соқпайды, әсіресе, қазір мұнай және уран өндірісі төмендеп жатқанда және кейбір кәсіпорындар, оның ішінде мұнай сервисімен айнылысатын компаниялар кейде өз жұмыстарына нұқсан келіп жатса да, қызметкерлерінің жаппай қысқартылуына біздің ұсыны­сымыз бойынша жол бермеуде.

Әлеуметшіл басшы азаматтарға ризашылығымды білдіремін!

2018 жылы электрондық еңбек биржасын енгізу арқылы аталған цифрлы алаңда жұмыс беруші мен жұмысқа орналасуға ынталы азамат «кездесетін» тиімді нәтижеге қол жеткіздік. Аталған ресурс арқылы біз бір жыл ішінде 13 149 адамның тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік бердік. Бұл жүйе республика бойынша азаматтардың жұмыспен қамтылу шегін кеңейтті, оның үстіне бұны үйден шықпай-ақ жасауға мүмкіндік берді. Жұмыс берушіге де делдалсыз жоғары білікті маманды іздестіріп, артық қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік туды.

Бірақ, мұның өзі жеткіліксіз. Біз жұмыс орындарының қайда және қашан құрылатынын, қандай мамандық иелері бізге қажет екенін және болашаққа кімдерді дайындаймыз, қанша адамды жұмысқа тұрғыза аламыз, осының барлығын айқын көре білуіміз қажет.

Сондықтан, облыстық жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағдар­ламаларды үйлестіру басқармасына бюджеттік бағдарламалар әкім­ші­лерімен бірлесе отырып 1 нау­рызға дейін әр ауданның және Қы­зылорда қаласының әлеуметтік-эко­номи­калық ерекшеліктеріне негіз­делген Жұмыс орындарын құру картасын әзірлеуді тапсырамын.

Оған қоса, Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес, экономиканы жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар басталды, ал, бұл кәсіпорындардың белгілі бір бөлігі банкротқа ұшырайды дегенді білдіреді. Бұл – жалпы қабылданған әлемдік тәжірибе, дегенмен, аудандар мен Қызылорда қаласының әкімдеріне, облыс әкімінің орынбасарларына және әлеуметтік қорғау органдарының басшыларына бірден ескерткім келеді: бірде-бір адам жұмыссыз қалмауы тиіс. Сондықтан, біз өте қысқа мерзімде қанша адамның жұмыстан босатылуы мүмкін екенін және осындай жағдай орын алғанда бұл отбасылардың өмір сүруге қаражатсыз қалмауы үшін кімді жұмысқа орналастыратынымызды, кімді қайта даярлайтынымызды және тағы басқа не істей алатынымызды анықтауымыз керек.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы жылдың 30 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында тұрғын­дардың кіріс және өмір сапасы бұл еліміздің негізгі басымдықтарының бірі, мемлекет дамуы­ның басты критерийі екенін айтты. 

Біз 2017 жылы облыс тұрғын­дарының әлеуметтік осал топтарын қолжетімді тұрғын үймен барынша қамтамасыз етуді алдымызға міндет етіп қойдық. Осы үшін «Орда» тұрғын үй құрылысының «Жол картасын» әзірледік. 

Алғаш болып, осы бағдар­ла­маның мүмкіндіктерін апатты үйлерде және жатақханаларда тұра­тын тұрғындар пайдаланды. Биыл «Орда» жол картасы аясында көпқабатты үйлерді салушы компаниялардан 120 мың теңгеден сатып алуды жоспарлап отырмыз. 2019 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы кейін сатып алу құқығымен берілетін, сол жағалауда орналасқан 248 пәтерді құрылыс компанияларынан сатып алу туралы меморандумға қол қойылды.

Сол жағалаудағы бірінші шағы­н ау­данның алғашқы тұрғындары кезегіне сәйкес жаңа пәтерлерінің кілтін «Наурыз» мейрамына қарсы алады.

Несиелік баспана барлық көп­балалы және жас отбасыларға, мүгедектер мен тұрғындардың кейбір басқа топтарына қолжетімді емес екенін ескере отырып, пәтердің кепілдік жарнасына бар болғаны 500 мың теңге төлей отырып, 19 жылға дейінгі мерзімге баспана алу үшін кезекте тұрған азаматтарға беріледі.

Осылайша, енді, кезекте тұрған мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы, немесе некеде кем дегенде 2 жыл тұрған, жасы 35-ке келмеген, 2 баласы бар отбасы бар болғаны 35-тен  43 мың теңгеге дейін төлем жасап, үйлі бола алады. Нақтылап айтайын – кепілдік жарнасы 500 мың теңге ғана, банк міндеттемелерімен белгіленген пәтер құнының алғашқы жарнасы туралы сөз жоқ.

Осылайша, біздің өңірлік «Орда» бағдарламасы Елбасының «7-20-25» бастамасының әлеуметтік жалғасына айналды.

2019 жылы тек бюджет қара­жаты есебінен 17 арендалық және 17 несиелік үй, барлығы 1478 пә­тер, оның ішінде 6 үй – Қа­залы ауданының Әйтеке би кен­тінде және облыс орталығының сол жағалауында бой көтерген 1370 пәтерлік 28 үй пайдалануға беріледі.

Соңғы 6 жылда біз тұрғын үй құрылысының тұрақты өсуін қамтамасыз етіп келеміз. Облыс алып құрылыс алаңына айналды! Тек 2018 жылдың өзінде 700 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 14,3%-ға, 2013 жылға қарағанда 3 есеге артық. Тұрғын үйдің айтарлықтай үлесі халықтың өз қаражаты есебінен де жүргізілуде (614 мың шаршы метр), бұл бір жағынан біздің азаматтарымыздың әл-ауқатының өсуін көрсетеді.

Мысалы, 2017 жылмен салыс­тыр­ғанда 2018 жылы халықты тұр­ғын үймен қамту 34,6%-ға артқан.

Жеке тұрғын үй құрылысы алаңдарын дайындау жұмысы ағымдағы жылы да жалғасады. Бұл өзі – аса ауқымды жұмыс!                         

2018 жылы 4,5 мыңнан артық жер теліміне инженерлік коммуникация тарттық, ағымдағы жылы жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін тағы 3384 жер теліміне инженерлік коммуникациялар  жүргізіледі.

Өздеріңіз білетіндей, біз 2017 жылы Қызылорда қаласындағы Сыр­дария өзенінің сол жағалауын­дағы құрылысты бастап кеттік.

Уәде бергенімдей, 2018 жылы сол жағалаудан 1925 жылы «Қазақ» деген атауды қайтару туралы тарихи қаулы қабылданған бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызбасын негізге ала отырып, «Рухани жаңғыру» орталығы ғимаратын салып, пайдалануға бердік.

Ал, жаңа аудандағы жас отбасыларға жайлы болу үшін  320 орындық балабақша салынды. «Болашақ» университетінің кампусы да аяқталуға жақын. Ағымдағы жылдың сәуір айында ІТ-паркі бар Жастар ресурстық орталығы жастардың игілігіне беріледі. Бұл биылғы «Жастар жылында» жастар үшін үлкен сый болады деп ойлаймын.

Алдағы бірнеше жылда мұнда Неке сарайы,  дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты мен жатақханасы, 3500 орындық көпфункциялы жабық футбол манежі, музыкалық драма театр, көпсалалы аурухана, сауда-жәрмеңке кешені  және басқа да көптеген нысандар салынады.

Нысандардың толықтай қолже­тімділігі бұл заманауи қаланың инфрақұрылымын дамыту үшін міндетті жағдай болып табылады.

Осылайша, жеке инвестор­лардың күшімен сол жағалауды дамыта отырып, біз мемлекетке де, бизнеске де қолайлы, облыс үшін жақсы жобаны іске асыратын боламыз. Өйткені, мысалы, бюджет қаражаты есебінен инженерлік ком­му­никацияларды жүргізіп, біз өткен жылы инвесторлар есебі­нен бүтіндей шағын ауданды тұрғыздық.

Ал, ағымдағы жылы «Шіркейлі» каналы арқылы салынатын көпірдің құрылысын аяқтай отырып, біз сол жағалауды «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көліктік дәлізімен жалғап қана қоймаймыз, сонымен бірге, Қызылорда қаласының тарихи орталығынан халықаралық автомагистральға тікелей шығуды қамтамасыз етеміз.

Басқаша айтқанда, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағи­дат­тарын пайдаланып, жеке инвесторларды тартып және ынталандыра отырып, біз аймақ үшін маңызды мәселелерді шешеміз.

Біз қазір мемлекеттік-жеке­мен­шік әріптестік негізінде экономиканың барлық бағыттары: білім саласы болса да, денсаулық сақтау саласы болса да, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы болса да және экология, тағы басқа да бағыттардағы жалпы құны 34 млрд. теңгені құрайтын 118 жоба бойынша  жұмыс жасап жатырмыз.

Егер сандармен сөйлесек, мемлекеттен бөлінген инвестицияны есептемегенде, 2018 жылдың қорытындысымен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2017 жылмен салыстырғанда   26%-ға артты. Мемлекет басшысы айтқандай, мемлекеттік қыз­метші жұмысының тиімділігін экономикаға тарта білген бюджеттен тыс инвестиция көлемімен бағалау қажет. Нақты бюджеттен тыс. Бұл дұрыс деп ойлаймын.

Баспана мәселесімен бірге ауызсумен қамтамасыз ету және газдандыру  мәселелерін де шешіп келеміз. Бүгінгі күні облыс халқының 98%-ы ор­та­лықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген және халықтың 64%-ы табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылдары  Қызылорда қаласы мен 7 аудан орталығының 4-ін газдандырдық.

2017 жылы Байқоңыр қаласына газ берілді. 2018 жылы қалған 3 аудан орталығы: Жосалы, Жалағаш және Тереңөзекке газ жеткізілсе, ал 2019 жылы кентішілік газ тарату желілерінің құрылысын салуды бастаймыз.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық саласы шығынды көп қажет ететін сала екенін айтудың өзі артық деп ойлаймын. Бұл саланың барлық мәселелерін бір сәтте шешуге  әрдайым қаражат жетпейді. Ал, мәселелерді шешу қажет! Сондықтан, Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы бұл мақсатта бюджет қаражатынан бөлек халықаралық қаржы институттарының ресурстарын да тарттық.

Қазіргі уақытта Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп, 4 жоба бойынша, атап айтқанда: жолаушылар тасымалы жүйесін жаңғырту, әсіресе, облыс орталығының коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту (жылу-, су-, электрмен жабдықтау) бойынша  жұмыс жасаудамыз.

Бүгінгі таңда жобалар аясында бөлінген қаражатқа коммуналдық кәсіпорындардың техникалық жағ­дайларын едәуір жақсарта алдық. Сондықтан, 2018 жылы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын Қызылорда қаласының ауызсумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғыртудың жобалар бойынша кейбір компоненттерін қайта қарадық, оңтайландырдық.  Осылайша, қарызға алынатын қаржының көлемі 28 млн. АҚШ долларына азайтылатын болды. Бұл коммуналдық кәсіпорындардың несие жүктемесін әжептәуір деңгейде төмендетті.

Сонымен бірге, бұл ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан газдың, жылумен жабдықтау, сумен қамту, су айдау қызметтерінің тарифтерін 5%-дан 22%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Қоқыс шығару тарифін де төмендету бойынша мәселені қарастырып жатырмыз.

Енді өте маңызды әлеуметтік салаға келейік.

Білім саласында білім сапасын көтеру бағытындағы жұмыстар жалғасып, өз нәтижесін беруде. Нәтиже: ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша орташа бал – 85,8. 2017 жылмен салыстырғанда 3,4 балға жоғары.  320 мектеп түлегі «Алтын белгіге» ие болды. Екінші жыл қатарынан мектеп түлектерінің 97%-ы жоғары оқу орындары мен колледждерге түсуде.

Осы жерде, әрине, еңбектері мен төзімділіктері үшін ұстаздарымызға зор алғыс айтамыз!

Сіздерге дүниедегі ең қымбатымыз – балаларымызды сеніп тапсырамыз. Сіздер, құрметті педагогтар, балаларымыздың ержете келе, қым-қуыт өмір ағымында  адаспай, өздерінің өмірлік және кәсіптік жолдарын дұрыс табуына жауаптысыздар.

Өйткені, өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие беру, ұлттық құн­дылықтарды сақтап, патриотизм рухында тәрбиелеу – аса маңызды. Және де бұл тек жалаң ұран емес, жастарымыз өз елінің дамуына жұмсайтын терең білімі болуы керек. Себебі, білім экономикасында нақты табыстарға жеткен елдердің ғана көшбасшы бола алатыны әлдеқашан дәлелденген. 

Жастар – кез келген мемлекет үшін қарқынды күш. Сондықтан, біз балаларымызға қолдау көрсетуге, дамуына және өзін-өзі жетілдіруіне барлық шараларды қабылдауымыз керек. Сол себепті,  Мемлекет  басшысы биылғы жылды – «Жастар жылы» деп жариялады.

Естеріңізде болса, ынтымақ­тас­тығымыздың арқасында 2014 жылдан бастап мектептеріміздің 500 түлегі Ресей Федерациясы Үкіметінің гранты бойынша Ресей­дің жетекші инженерлік жоғары оқу орындарына  оқуға қабылданды.

Алғашқы 32 студент  оқуларын аяқтап, 2018 жылы  елге оралды және бүгінгі таңда облыс кәсіп­орындарында жұмыс жасап жатса, 42 түлек оқуларын магистратурада жалғастыруда. Осы жылы 123 түлектің оралуын күтіп отырмыз.

Сондай-ақ, 2018 жылы Мәс­кеу және Санкт-Петербургтағы ин­женерлік жоғары оқу орындарына тағы 58 мектеп түлегі оқуға кетті.

Бұл жоспарды – балаларымызды Ресейдің жетекші оқу орындарында оқытуды орындадық. Сіз бен біздің  ендігі міндетіміз, оларды жаңа деңгейге көтеру – дүниеде белгілі «Барқыт лигасы» («Лига плюща») университеттерінде білім алуларына қол жеткізу. Егер алдымызға өршіл міндеттер қоймасақ, онда мүлде ешнәрсеге  қол жеткізу мүмкін емес!

Сондықтан, облыстық білім бас­қармасына балаларымызды Гарвард, Йель, Принстон, Колумбия университеттерінде (яғни, «Барқыт лигасы» - «Лига плюща» университеттері) оқытуға әзірлейтін оқу орталығын құруды тапсырамын. Бұл мәселе осы жылы шешілуі тиіс. Егер, қажет болса, облыс әкімі грантының бір бөлігін осы мақсатқа бағыттайық.

Айтпақшы, 2018 жылы ауылдық жерлердегі аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларын Қазақстанның маңдайалды жоғары оқу орындарында оқыту үшін облыс әкімі грантының санын екі есеге арттырдық және олардың санын жыл сайын 205-ке жеткіздік.  Жалпы алғанда, бүгінде 900-ге жуық адам осындай грант иегері атанып отыр.

Енді біз алдымызға облыс­тағы 50%-дан кем емес мектеп түлектерінің жоғары оқу орын­дарының студенттері болуы міндетін қоямыз.

Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан әлем, жаңа трендтер бүгінде білім саласының алдына ауқымды міндеттер  қоятынын дұрыс түсінуіміз керек.

Уақыт мұғалімнің біліктілігінде сапалы өзгерістердің қажет екенін көрсетуде, одан үлкен білімділікті, жобалық ойлау, дискуссияны ұйымдастыру іскерлігі және кәсіби консультант қызметін атқара білуін талап етеді.

Қазірдің өзінде мектеп оқу­шылары мен студенттер өз оқыту­шыларымен «әр тілде сөйлейтіні» жиі байқалады. Бұл сауал бірінші кезекте балаларға емес, бізге – олардың тәлімгерлеріне арналады.

Педагогтың балаларға тек сапалы білім беруді ғана емес, оның әмбебап болып қалыптасуын да өзіне міндет етіп қойғаны жөн. Білім басқармасына және оқу орындарының басшыларына, тіпті, баршамызға мектепке дейінгі мекемелерде, мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында білім беру деңгейін қалай арттыруды ойластыру қажет деп ойлаймын.

Оңтүстік Африка универси­теттерінің бірінде  әрқайсысымыз терең түсінуді қажет ететін бір хабарландыру ілініп тұр. Мәтіні – білімнің қаншалықты маңызды екені жайлы.

«Кез келген ұлтты құртуға атом бомбасын немесе қашықтықтан әрекет ететін зымыранды пайдалану қажет емес.

Тек білім сапасын төмендетіп, оқушы­лардың емтихандардан көзбояушы­лықпен өтіп кетуіне рұқсат берсе, жетіп жатыр.

Науқастар осындай дәрігер­лердің қолынан өледі. Осындай инженерлер мен құрылыс­шылардың қолынан шыққан ғимараттар қи­райды. Осындай экономистер  мен бухгалтерлердің қолынан ақша жоғалады.

Осындай заңгерлер мен сот­тардың қолынан әділдік жойылады.

Білімнің күйреуі – бұл ұлттың күйреуі!»

Бұл сөздермен келіспеу мүмкін емес!

Мемлекет жыл сайын білім саласын дамытуға, саланың ма­териал­дық-техникалық жабдықталуына, білім берудің жаңа әдістемесін енгізуге және жастар үшін білім гранттарын арттыруға орасан зор қаражат салып келеді. Мысалы, Қызылорда облысында бюджеттің барлық шығынының 38%-ы білім саласына тиесілі! Бұл – ең көп қаржыландырылатын сала!

Сондықтан, Мемлекет басшы­сының «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылдау жайлы бастамасы да қоғамда зор ықыласпен қабылданды. Алайда, бұл заң мұғалімдерге тек қана лайықты әлеуметтік стандарттар ғана емес, сонымен қатар, олардың кәсібилігіне ерекше жауапкершілік пен жоғары талап қоюы  қажет деген ойдамын.  Білім сапасына баса назар аударатын кез келді деп есептеймін!

Менің ойымша, бұл істе салмақты әрекет қажет, мысалы, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары  өздерінің жеке коммерциялық мүдделерін емес, білім беру сапасын жақсартуға бұрылуы керек.

Сонымен қатар, мектепке дейінгі тәрбиенің сапасы да маңызды. 2018 жылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 7 жаңа балабақша салынса, жеке балабақшалардың саны 11-ге артты. Алайда, біздің мекемелердегі мектепке дейінгі тәрбие мен білімнің сапасы қай деңгейде? Олардың жұмыс тәжірибесін таратуға лайықтылары санаулы-ақ! Былайша айтқанда, табысты адамның жетістігі де, аутсайдердің айырмашылығы да бала бойында 3 жасқа дейін қалыптасатыны ғылыми  дәлелденген және бұл жерде мектепке дейінгі мекемелердегі педагогтарға үлкен жауапкершілік артылады (сондай-ақ, әрине, ата-анаға да).

Жер қойнауына неғұрлым көп инвестиция салсақ, олардың қорлары азаятыны белгілі. Бірақ, адам ресурсына қаншалықты көп инвестиция салсақ, олар соншалықты құнды бола түседі. Жастардың білімі, біліктілігі мен дағдылары – кез келген ұлттың ең маңызды және ең қымбат ресурсы, экономикалық өсім мен  барлық игіліктердің негізгі күші мен көзі.

Денсаулық сақтау саласы маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.

Соңғы 5 жылда алғашқы меди­ци­налық-санитарлық көмек көрсету ны­сандарының 63%-ы жаңартылды.

Соңғы 6 жылда салынған 57 нысанның 49-ы апатты құры­лыстардың орнына қайта салынды. Қалған 8 нысанның құрылысын алдағы екі жылда аяқтауды көздеп отырмыз.

Өздеріңіз білетіндей, 2016 жылдың тамыз айынан бастап Байқоңыр қаласында облыстық медицина орталығының филиалы өз жұмысын бастаса, ал, 2018 жылдың қаңтарынан 25 мыңға жуық қазақстандық азаматқа қызмет көрсететін емхана іске қосылды.

Сондай-ақ, 2018 жылы Арал ауда­нының Бекбауыл, Қазалы ау­данының Өркендеу және Сырдария ауданындағы Ақжарма елді мекендерінде 3 жаңа амбу­латория, Арал және Қазалы аудан­дарының орталық ауруханалары пайда­лануға берілді, Шиелі аудандық орталық ауруханасының құрылысы аяқ­талуға жақын, ал, таяу күндері Жалағаш аудан­дық ауруханасының да құрылысын бастайтын боламыз. 

Сонымен қатар, біз қазір Қызылорда қаласында онколо­гиялық бөлімшесімен қоса 300 төсекке арналған көпсалалы ауру­ха­наның құрылыс жобасын дайындап жатырмыз. Жоба өте үлкен (жобалық құны шамамен 34 млрд. теңге), нысан өте маңызды болмақ және оны, айтқанымдай, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында  облыс орталығының сол жаға­лауында салуды жоспарлап отырмыз.

Естеріңізде болса, бірнеше жылдардан бері аймағымыз үшін өзекті болып табылатын ауру түрлерінің «Жол картасын» жүзеге асыруды тәжірибеге енгізіп келеміз.

Қазір тұрғындардың өлу көрсеткішінің 52%-ын анықтайтын 5 ауру тобы бойынша 5 «Жол картасын» іске асырып жатырмыз. Бұл карталарды жүзеге асыру 2020 жылға дейін есептелінген.

Негізгі созылмалы аурудың асқынуы мен өлімге әкелуін төмендету үшін 2018 жылдың маусым айынан облыстағы барлық алғашқы медициналық-сани­тарлық көмек көрсету ұйымдарына созылмалы ауруды басқару бағдарламасы енгізілді. Бағдарламаға есепте тұрған науқастардың 12%-ын құрайтын 7000-ға жуық науқас пен 3 нозология (қан қысымы ауруы, созылмалы жүрек ауруы, қант диабеті) қамтылды.

2018 жылы облыстағы барлық стационарларға заманауи теле­ме­дициналық кешендер орнатылды.

Сондай-ақ, 2018 жылдың өзінде 720 дәрігер мен 767 маман шетелдік клиникаларда өздерінің білімдерін жетілдіріп, біліктіліктерін арттырды.

Нәтижесінде, 2018 жылдың қоры­тындысымен жалпы өлім көрсеткіші – 1,8%-ға, қанайналымы жүйесі ауруының өлімі – 10,4%-ға, жарақат алу, уланып қалу және оқыс жағдайлар – 4,6%-ға, қатерлі ісік ауруы 19,2%-ға жуық төмендесе, бірінші дәрежедегі онкологиялық ауру  анықталуының көрсеткіші – 15%-ға артты.

Нәрестелер өлімі көрсеткішін төмендету үшін ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, облыста пилоттық режимде нәрестелер өлімі көрсеткішін: туа бітті ақау дамуын – 29,6%-ға және оқыс жағдайларды – 44%-ға төмендетуге мүмкіндік беретін жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі балалар үшін патронажды қыз­меттің әмбебап прогрессивті моделі енгізілді.

Сонымен қатар, 2018 жылы Қазақстанда алғаш болып Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының (БДҰ) «Денсаулық аймақтары» Еуропалық жүйесіне кірдік. Бұл Еуропалық аймақ елдерінде енгізілген озық техно­логияларға қолдау көрсетуге, ден­саулық сақтаудың интеллектуал­ды әлеуетін қалыптастыруға және біздің өңірде алғашқы меди­циналық-санитарлық көмек көр­сетуде ең жақсы әлемдік тәжірибеге бейімделуге мүмкіндік береді.

Осы себепті, медицина сала­сындағы мамандар тапшы­лығын азайту үшін 2016 жылдан бастап Қазақстанның 5 жетекші жоғары оқу орнында облыс әкімі грантымен 42 резидент білім алуда. Осы жылы бізге қажетті мамандықтар бойынша алғашқы 16 білікті дәрігерді күтіп отырмыз.

Ал, 2018 жылы жалпы тәжірибе бойынша 30 дәрігерді оқытуға арнайы грант бөлінді.

Денсаулық сақтау саласы – әр­қа­шан біздің жұмысымыздың басым бағыт­тарының бірі болған және әрдайым солай болып қала береді.

Кез келген  елдің болашағын дәрігерлер мен мұғалімдер ғана айқындайтынына дау жоқ, осыдан-ақ бұл салалардың біздің өмірімізде басымдығын көруге болады.  

Спорт  саласында, облыстық бюджеттің қаражаты есебінен аймақтың жеті елді мекенінде (Жанқожа батыр, Мәдениет, Ақжарма, Еңбекші, Түгіскен ауылдары мен Сексеуіл, Төретам кенттері) 2018 жылы спорттық кешендер салдық.

Сонымен бірге, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке инвесторлардың қаражаты есебінен тағы да 5 денешынықтыру-сауықтыру кешені (Таң, Жалағаш ауданы, Бестам, Төңкеріс, Шиелі ауданы, Жаңақорған кенті және Сүттіқұдық, Жаңақорған ауданы) салынып, толықтай жабдықталды, 2019 жылдың 1 қаңтарынан оқу-жаттығу жұмыстарын бастап кетті. 

Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионды қайта жабдықтау жұмыстары басталды.

Спортты дамыту бойынша қабыл­данған шаралар денешынықтыру және спортпен айналысушылардың санын 28,3%-ға жеткізді, 2017 жылға қарағанда 1,3% артық.

Сондай-ақ, Әлем және Азия чемпионаттарына  қатысқан спортшыларымыз  131 медаль жеңіп алды,  оның ішінде – 47 алтын, 42 күміс  және 41 қола медаль. Қазақстан чемпионатына қатысқан  спортшыларымыз  облыс қанжығасына 1348 медаль, оның ішінде 441 алтын (421 күміс және 486 қола)  байлады.

2018 жылы Қазақстан Премьер-Лигасының Чемпионатында  «Қайсар» футбол клубы жоғары  5-орынға ие болды.

Үстіміздегі жылы Қызылорда облысының  тарихында  тұңғыш  рет  ерлер арасында бокстан  рес­публикалық чемпионат  өткізіледі. Бұдан басқа, осы жылы облыс аумағында  әлемнің  10 елінің, сондай-ақ, АҚШ спортшыларының қатысуымен Халықаралық  парадзюдо турнирі өткізілмек.

Рухани биіктік пен қоғамдық сананы қалыптастыруға мәдениет саласының  үлкен әсері бар.

Сондай бір үлкен жұмыс­тарымыздың  ең маңызды нәтижесі – 2018 жылы 28 қарашада Маврикий Республикасында өткен ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт Атаның рухани мұраларының  Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енуі.

Бұл жұмыстарды біз төрт жыл бойы Түркия және Әзербайжан еліндегі әріптестерімізбен бірлесіп жүзеге асырдық. 

Ұлы Қорқыт бабаның мұра­ларын  Дүниежүзілік  мәдени мұра тізіміне енгізу бастамасы  бізге тиесілі.

Бүгінгі күні барша түркі әле­мінің рухани тәлімгерінің шығармаларын тек сақтап  қана қоймай, оны болашақ ұрпаққа  жеткізіп,  ұлы бабамыздың мұрасын насихаттау – аса маңызды.

Тұтас түркінің өтінімін мойындау бұл маңызды  жетістік қана емес, сонымен бірге, үлкен жауапкершілік.   Бес жылдан кейін біз Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі   үкі­метаралық Комитет алдында өзі­міздің Қорқыт ата мұраларын таныту бағытында атқарған жұмыс­тарымыз бойынша есеп беруіміз қажет. Сондықтан, біздің алдымызда жасалатын қыруар жұмыс бар.

Өз мәдениетімізді, ұлттық кодымызды сақтау –  «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасындағы негізгі шарттардың бірі. Аймақтық Рухани жаңғыру орта­лығының  (елімізде аналогы жоқ) бар күші және дәстүрлі өнер жоғары оқу орнын құру жобасы  осы мақсатқа бағытталған. Тарихымыз бен  ұлт­тық дәстүрлеріміз – халықтың өт­кені мен бүгіні  және болашақ көк­жиектерін біріктіретін платформа.

Ондаған жылдар қордаланып,  өңірдің дамуын айтарлықтай тежеген әлеуметтік мәселелерді еңсеру үшін біз, алтыншы жыл қатарынан бюджеттен тұрғындардың жан басына шаққандағы әлеуметтік шығыс мөлшерін өте жоғары мөлшерде қамтамасыз етіп келеміз (2018 ж. – 179,8 мың теңге. ҚР  бойынша орташа – 111,5 мың теңге). Осы көрсеткіш бойынша, атап өткенімдей, біз бірнеше жыл бойы елімізде көшбасшылық орынды иеленіп тұрмыз.

Алайда, 2018 жылғы облыс бюджеті бұрынғыша, бірінші кезекте, барлық әлеу­меттік міндеттерді орындауға бағыт­талғанына қарамастан, өңірді дамытуға 56 млрд. теңгеден астам  бюджет қаражаты жұмсалды. 2018 жылы тек әлеуметтік нысандардың 40-тан астамы (42) салынды, оның 30-ы 2018 жылы іске қосылса, 12-нің құрылысын осы жылы аяқтаймыз. Айтып өткенімдей, бар-жоғы 6 жыл ішінде облыста 200-ден аса әлеуметтік  нысан салынды.

Қылмыстық және тәртіп­бұзушылық профилактикасы бойынша   жұмыстар маңызды  басым­ дық болып қала береді. Облыс бойынша  тіркелген  қылмыстық  заңбұзушылық  бір жылдың ішінде 8,2%-ға қысқарды.

Ішкі істер органдарының жұмыс  сапасына материалды-техникалық  жаб­дықталуы әсер етеді. Бұл мәселеге  жыл сайын айтарлықтай көңіл бөлініп келеді, өткен жылы  аталған мақсаттарға облыстық бюджеттен 1 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Нәтижесінде, бүгінгі таңда қылмыс деңгейі жағынан Қызыл­орда облысы  тұрақты және  қауіпсіз аймақтардың бірі болып табылады.

Мемлекет басшысы өмір сүру сапасын  мемлекеттің  ең маңыз­ды басымдықтарының бірі  деп  айқындаған болатын. Бұл  өмір сүруге қажетті  барлық сала­ға, тұрғын үйге де, білімге де, денсаулық сақтауға да, қоғамдық көлікке де  қатысты.

Алайда, қазіргі заман талабына сай бұл салаларды цифрландырусыз, онлайн сервисінсіз қамтамасыз ету мүмкін емес. Уақыт  жаңа амалдарды талап  етеді!

Цифрландыру үдерісін қар­қынды дамыту үшін бірінші болып 2018 жылы  облыстық санды технологиялар басқармасын құрдық. Бір жыл ішінде экономиканың түрлі салаларын цифрландыру бойынша 29 жобаны жүзеге асырып, қазіргі уақытта  тағы 52 жобамен жұмыс жасаудамыз.

Мысалы, медициналық көмек­тің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында үйден шықпай-ақ дәрігер қабылдауына жазылуға немесе дәрігерді үйге шақыруға, дәрігер тарапынан берілген емдік нұсқаулықтар мен лабораториялық зерттеулер нәтижесін қарап отыруға болатын жоба іске қосылды.  

Ата-аналар үшін балалардың  балабақшаға қабылдау кезегін бақылап отыратын «электронды балабақша» автоматты жүйесі енгізілді.

Елімізде бірінші болып іске қосқан бірегей жоба – «112-Бірыңғай  кезекші диспетчерлік қызметі». Енді барлық  101, 102, 103, 104, 112 төтенше қоңыраулары 112  нөміріне қабылданады. Бұл шешімге келуімізге не түрткі болды? Төтенше жағдайға тап болған адам кейде абдырап, қажетті қызмет нөмірін есіне түсіре алмай қалады. Ендігі жерде бір қоңырау арқылы барлық қажетті қызметтерге дабыл қағуға болады. Жедел түрде!

Ағымдағы  жылдың жоспарында қоғамдық көліктерде билет берудің электронды жүйесін енгізу, Қызылорда қаласы бойынша интеллектуалды жылдамдық өлшеу құралдары мен бейнекамералар орнату, білім беру, денсаулық сақтау және спорт  мекемелеріндегі бос орындарға маман іріктеу кезінде сыбайластыққа жол бермеу үшін  педагогтар мен қызметкерлердің біліктілік талаптарына сәйкестігін өздігінен тестілеу және іріктеу арқылы таңдау жүйесін енгізу, т.б. жобалар қаралған.

«Ипподром» шағын ауда­нында пилот­тық режимде «Ақылды тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы», «Ақылды мектеп», «Ақылды емхана», «Ақылды аялдамалар», «Ақылды көлік» және «Ақылды инклюзивтік қоғам» жобасын жүзеге асыруды бастаймыз. Бұл нені білдіреді?

Мысалы, «Ақылды мектеп» жобасы бойынша оқушының сабаққа қатысуын бақылай алатын электронды тіркеу карточкасын енгізу (бала қашан мектепке кірді, қашан шықты, келген-келмегенін тексеру, т.б.), асхана, көлік ақысын карточкамен төлеу, мектеп және қала кітапханаларына бару, т.б ұсынылады.

Салаларды цифрландыру – біз үшін жаңа бағыт. Әрине, жобаны жүзеге асыруда кейбір кемшіліктер болуы мүмкін. Бірақ, біз жобаларды жетілдіріп, жақсартып отыратын боламыз. Біздің алдағы мақсатымыз – еліміздегі цифрландыру бойынша көшбасшылар қатарында болу.

Құрметті жерлестер!

Әлемдік дағдарыстарға, тір­ші­ліктегі кейбір жекелеген қиын­дықтарға, көмірсутегі шикі­затын өндірудің тө­мендегеніне қарамастан, Сыр өңірі қарқынды даму үстінде. Сонымен қатар, шешімі даму қарқынын күшейте түсетін, әрі облыс тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағ­дайын жақсартуға толығырақ мүм­кіндік беретін бірқатар мәселелер де бар.

Сондықтан, біздің бастамамызбен осы жылдың 7 ақпанында Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Үкіметтің және орталық мемлекеттік органдардың қолдауынсыз, өңіріміз өздігінен шеше алмайтын Қызылорда облысының өзекті мәселелері арнайы қаралды

Біз көтерген мәселелердің БІРІНШІ БӨЛІГІ су шаруашылығы, соның ішінде Солтүстік Арал жобасы болды.

Мемлекет басшысы бастама­шылық еткен «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы аясында Арал теңізін екі бөлікке бөлетін (Солтүстік және Оңтүстік) «Көкарал» бөгеті су жинайтын құрылысы салынған болатын.

«Су тасты да теседі» дегендей, 2017 жылдың қазан айында гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін зерттейтін комиссия «Көкарал» бөгетінің су жинайтын құрылысының оң жағынан жағажайлық құлама сумен шайылып, бүлінгені анықталды. Ал, бұның зардабы аз болмайды. Шұ­ғыл шаралар қабылдамасақ, біз Кіші Аралды жоғалтуымыз мүмкін, ал, бұл – 27 млрд текше метр су деген сөз.

Сонымен бірге, бөгетте (плотина) балық қорғайтын құрылғылар болмауы себебінен балықтардың қырылуы орын алды.

Сондай-ақ, Арал теңізінің сағасында жаңа арна пайда болды, соның салдарынан су да, балық та Сырдария өзенінен «Көкарал» бөгеті арқылы Үлкен теңізге кетіп жатыр. Ал, су айналымының болмауынан Кіші Арал теңізінде сорлану процесі басталуда.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә.Сағын­таев­тың Арал қаласына 2018 жылдың наурызындағы  жұмыс сапары кезінде мәселені талқылау барысында «Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасының техникалық-экономикалық негіз­демесін облыс әкімдігі әзірлейді, ал, Үкімет оның жобалық-сметалық құжаттамасы мен жүзеге асуына қажетті қаражат бөледі деген шешім қабылданған болатын.

Осы жылдың сәуір айында техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу аяқталады. Сол себепті, біз Мемлекет басшысының қарауына жобаны 2019 жылдың басынан қаржыландыруды бастау жөнінде ұсындық. Мәселенің құны – 4 млрд. теңгедей.

Апатты жағдайдағы «Қызылорда» су торабының бүлінуі де орасан зор шығын әкелуі мүмкін. Өздеріңіз білетіндей, 2014 жылдан бері автокөліктер онымен жүрмейді,  тыйым салынды.

Ауылшаруашылығы министр­лігіне жобалық-сметалық құжат­тамасын әзірлеуге бюджеттік өтінімі ұсынылды. Алдын-ала есеп бойынша құрылыс жұмыстарының құны 4,4 млрд. теңге,  соның ішінде, жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу құны – 198 млн. теңгені құрайды. (Қызылорда қаласына, 38 елді мекенге, 400 мың халыққа – қауіп!)

Мамандар пікірі бойынша, су торабын кешенді жөндеу бойынша жобаны жүзеге асыруды жуық арада бастау қажет.

Сонымен бірге, жыл сайын вегетациялық кезеңде бізде судың тым тапшылығы жағдайында өтетініне көңіл аударсақ, біз Қауіпсіздік кеңесінің қарауына көлемі 600 млн. текше метр «Күміскеткен» су қоймасын және шоғырландыру көлемі 1,5 млрд. текше метр «Қараөзек» ағысында су қоймасын салу мәселесін қойдық.

Біз көтерген мәселелердің ЕКІНШІ БӨЛІГІ мұнай-газ саласын дамытуға байланысты болды.

Бірінші кезекте Қызылорда облы­сының аумағында көмірсутегі шикізат­тарының жаңа кен орындарын барлау үшін толық масштабтағы геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу мәселесі.

Бүгінгі күні жұмыс істеп тұрған мұнай ұңғымаларының 98 пайызы сулана бастаған, ал, Қызылорда облысында мұнайды бұрғылау 1,5-2 мың метр тереңдікте ғана жүргізіледі, 3,5 мың тереңдікте жүргізілген кейбір зерттеулер күткен нәтиже бермеді.

Сондықтан, іздеу-бағалау жұмыстарын 5-7 мың метр тереңдікте жүргізу мүмкіндігін қарастыруды сұрадық.

Сондай-ақ, Қызылорда облысының жер қойнауын пайдаланушылары өндірген мұнайды экспортқа шығару көлемін көбейтуді сұрадық. Мәселе мынада, қазіргі кезде өңіріміздегі мұнай компаниялары  өндірілген мұнайдың 80 пайызын ішкі нарықта іске асырады, тек бар болғаны 20 пайызын ғана экспортқа шығара алады. Бұл ішкі нарықты - Павлодар және Шымкент Мұнай өңдеу өнеркәсіптерін қамтамасыз ету міндеттемелеріне байланысты.

Сонымен бірге, экспортқа қарағанда, ішкі нарықтағы баррель құны бірнеше есе арзан. Осылайша, компанияларымыздың жыл сайынғы шығындары есебі бойынша  500 млн АҚШ долларын құрайды

Сол себепті, біз облыстың мұнай компаниялары үшін тым болмаса өндірілген мұнайдың 50 пайызын экспортқа бағыттауға  мүмкіндік жасауды сұрадық. 

Және біз үшін тағы бір маңызды мәселе – газ өндіруді көбейту мәселесі.

Бүгінгі күні облыс бойынша бос газдың болжамдық қоры 138 млрд текше метрді құрайды.

Өзбек жағы Арал теңізіндегі өз бөлігін белсенді игеріп жатқанын ескерсек (Қарақалпақстанда жақында жылына қуаттылығы 4,5 млрд текше метр газды қайта өңдейтін Үстірт газохимиялық кешені пайдалануға берілді), оның қазақстандық тараптағы бөлігін тез арада зерттеу қажет деп есептейміз.

Дегенмен, мұнай компанияларын газ өндіруге ынталандыру үшін газға әділетті баға қою қажет.

Өкінішке қарай, бүгінгі жағдай мынадай, мұнай компанияларына ілеспе газды жер қыртысына қайта айдау, жай ғана жағып жіберу немесе әрі кетсе өз қажеттілігіне жарату тиімдірек. Себебі, «ҚазТрансгаз» акционерлік қоғамының ұлттық операторына жіберілетін өндірілген немесе қайта өңделген «құрғақ» газдың бағасы тіпті, оның өндірудегі өзіндік құнын да жаппайды (2018 ж. – 10,8 мың теңге, 2019 ж. – 11,8 мың теңге, яғни, өзіндік құнынан 19-20 есе төмен).

Біз газға я болмаса бірегей баға қою, я болмаса Қызылорда облысының газөндіруші компанияларына тауарлық газдың   50 пайызын сыртқы нарықта жүзеге асыруға, ал, 50 пайызын ұлттық операторға қалыптасқан жағдайда сатуды міндеттеуге рұқсат беруді ұсындық.

Бүгінгі күні газ бүкіл әлемде жоғары сұраныстағы энергоресурс, және оны жай ғана жаға салу, меніңше, қателік болмақ. Оған қоса, Мемлекет басшысы елді ауқымды газдандыру және көмірсутегі шикізатын тереңірек қайта өңдеу міндетін қойған кезде мұндай бейберекетсіздікке баруға болмайды. Сонымен бірге,  газ өндірудің көлемін көбейту өңірде мұнай өндірудің төмендеуінен болған шығындарды біршама өтеуге де мүмкіндік берер еді деп ойлаймыз.

ҮШІНШІ БӨЛІК инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, әсіресе, Қызылорда қаласындағы жылу электр орталығын жаңғыртуға қатысты болды.

Жұмыс істеп тұрған жылу электр орталығы 50 жылдан астам уақыт қолданыста келеді және облыс орталығындағы тұтынушылардың 70 пайызын ғана жылумен қамти алады.

1991 жылы Кеңес Одағының ыдырауына байланысты өзбек көмірінің жеткізілімін тоқтатып, Қызылорда жылу электр орталығы қазандықтарын қажетті техникалық икемдеу жұмыстарын жүргізбей, күлі көп Екібастұз тас көмірін жаға бастады. Бұл жабдықтар элементтерінің толық тозуына әкелді, нәтижесінде 5 қазандық қолданыстан шықты.

Олардың жұмыс жүйелерінің бұзылуынан шаң мен күлге толып, 1998 жылдың қаңтарында қазандық цехының  төбесі де құлады. Үйінді астында қалпына келтірілмейтін 2 қазандық қалды және 2 қазандық қатты зақымданды. Осының салдарынан Қызылорда қаласы 1998 жылы түгелдей жылусыз қалды (бүгін залда отырғандардың көпшілігі сол кезеңді ұмытпаған шығар деп ойлаймын).

Қазір бар болғаны бұрын зақымданған екі қазандық қана жұмыс істеп тұр.

Жылу электр орталығының негізгі жабдығы өзінің нормативтік ресурсын тауысып бітті деуге болады, келешекте тоқтап қалу қаупі бар.

Сонымен бірге, Қызылорда қаласы орталықтандырылған ыстық су жүйесі жоқ жалғыз облыс орталығы болып табылады. Мен мұны облыстағы жұмысымның алғашқы күнінен бастап айтып келемін. Бұл мәселені шешу үшін, бірінші кезекте, жылукөзінің қуаттылығын ұлғайту қажет.

Бұл мәселелерді шешу үшін, сондай-ақ, көпқабатты тұрғын үй секторының негізгі бөлігінің жылусыз қалуын болдырмау үшін, біз екі су жылытатын жаңа қазандық құрылысы мен жылу орталығы үшін газтурбиналық құрылғыларды ескісінің орнына жаңасын сатып алу жөнінде мәселені қойдық.

Сонымен қатар, «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды» автокөлік жолының құрылысына да қатысты мәселе көтерілді.

Егер осы жолды ретке келтіретін болсақ, онда бұл тек біздің облысымыз үшін ғана емес, Ақтөбе, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы үшін де, сондай-ақ, Өзбекстан Республикасы үшін де еліміздің орталық аймағымен арадағы қатынасты айтарлықтай қысқартқан болар еді. 1000 шақырымға дейін.

Сондықтан, жуық арада жолдың осы бөлігін реконструкциялау жұмыстары басталуы қажет деген ойдамыз.

Тағы бір, көтерілген МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ЖЕКЕ БӨЛІГІ  Байқоңырға арналды.

Мемлекет басшысының жалға алу қатынастарынан «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалануға біртіндеп көшу жөніндегі тапсырмасына сәйкес арнайы үкіметаралық комиссия аясында ресейлік әріптестермен ғарыш айлағын да, Байқоңыр қаласын да дамыту мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылуда.

Тараптардың Байқоңыр кеше­ніндегі ұзақмерзімді ынтымақ­тас­тығы­ның Тұ­жы­рымдамасы қабыл­данды. Үкімет­аралық комиссия шеңберінде Үкіметтің қолдауымен проблемаларды шешудің нақты жолдары мен тетіктері нақтыланды.

Үкімет қаулысымен Байқоңыр қаласына іргелес жатқан Төретам мен Ақай елді мекендерімен бірге дамытудың Бас жоспары бекітілді. Қаланы ұзақ мерзімді дамытудың бірлескен бағдарламасы қабыл­данды.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Үкіметімен бірлескен Байқоңыр қаласын және іргелес Төретам, Ақай ауылдарын дамытуға  арналған бюджетке қаржыны ұлғайту шаралары зерделенуде.

Бірақ, Байқоңыр қаласының Ресей мемлекетінің құзыретінде екенін ескерсек, оның айрықша мәртебесі мен тәртібі ондағы бизнестің дамуын тежеп отырғанын айту қажет. Нәтижесінде, жаңа жұмыс орындарын ашуға кедергілер көп. Сонымен қатар, салық тәртібі мен ком­муналдық қызметтердегі жо­ғары  тариф деңгейлері кәсіп­кер­­лердің  белсенділіктерін бәсең­детуде. Қалада кәсіпкерлікті қол­дауға  өз тиімділігін көрсеткен қазақ­стандық бағдарламалар жұмыс жасамайды. Сондай-ақ, қала­ның инфра­құрылымдық дамуына қатысты да көптеген мәселелер баршылық.  

Біз бұл проблемаларды  7 ақпанда өткізілген Қауіпсіздік кеңесінде баяндадық және екі ұсыныс айттық.

Біріншіден, «Байқоңыр» кеше­нінде «Байқоңыр» экономикалық еркін аймағын құру. Тәжірибе көрсеткендей, Қазақстан мен Ресейдің ұлттық заңнамаларында көзделген инвесторларды қол­даудың стандартты шаралары «Байқоңыр» жағдайында жұмыс жасамайды, ал, экономикалық аймақ құру Байқоңыр кешеніне қазақ­стандық-ресейлік және ше­телдік инвестицияларды қалып­тасқан жағдайда тартуда ең тиімді құрал болмақ.

Екіншіден, Қазақстанның ғарыш саласын, сондай-ақ, Байқоңыр қаласының дамуын қамтамасыз ету мақсатында ғарыш айлағын жалға беру үшін Ресей Федерациясы  төлейтін   қаражатты ($115 млн) ғарыштық кешенді дамытуға, оның 20%-ын Байқоңыр қаласы мен оған іргелес жатқан, қазір  шын мәнінде қаланың шағын аудандары болып табылатын Төретам және Ақай елді мекендерінің  проблемалық мәселелерін  шешуге және қаланың перспективті дамуына жұмсау.

Осылай дұрыс және әділ болады деп есептейміз.

Болашақта Ресей тарапы қаланы жалға алудан бас тартатын күні де келуі мүмкін,  сол кезде бізге бір мезетте мол қаражат іздеуге тура келеді. Сондықтан, біз Ресей қаланы қамтамасыз етіп отырған кезде, жылдамдатылған қарқынмен инженерлік және әлеуметтік инфра­құрылымды жаңартып, кеңейтуіміз,  сондай-ақ, қалада жаңа баспаналар мен әлеуметтік нысандар салуымыз керек деп есептейміз.

Біз көтерген мәселелердің СОҢҒЫ БӨЛІГІ  ана мен баланы және мүгедектерді әлеуметтік қорғау және осыған байланысты заңнамалық актілерді дамыту мәселелері болды.

Күшінде тұрған заңнамаға өзгеріс енгізу тез арада  орындала қояр іс емес екені тү­сінікті, бұл жерде, әрине, әбден зерттеу керек. 

Мемлекет басшысы біздің барлық ұсынысымызды қолдады.

Үкіметке тиісті тапсырмалар берілді. Аймақтың салалық және өңір­лік басымдықтарын ескере отырып, Қы­зылорда облысының әлеуметтік-эконо­микалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған  арнайы Кешенді жоспары әзір­ленетін болады. Оны ел Үкіметі бекітеді.

Бұл орайда, біздің барлық ұсы­нысымызды іске асыру үшін алдымызда Орталықпен ауқымды жұмыстар күтіп тұр.

Осы мезетті пайдаланып, өңірі­міздің барша халқының атынан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Сыр елінің, Арал өңірі тұрғындарының өзекті мәселелеріне көрсеткен қолдауы үшін шын жүректен ризашылығымызды білдіруге рұқсат етіңіздер!

ЕЛБАСЫ ӘРДАЙЫМ ЕЛІМЕН БІРГЕ!

Қадірлі жерлестер!

2018 жылы атқарған жұмыс­тарымыздың толық есебі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.

Бүгінгі сөзімде осы жұмысы­мыздың тек маңыздыларына ғана тоқталып өтуді жөн көрдім.

Бүгінгі есепті кездесудің ашық­тығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігінің ресми интернет-ресурсында, Youtube (ютюб) сервисінде және Facebook (фейсбук) әлеуметтік желісінде онлайн режимінде тікелей эфир арқылы бүкіл облыс жұртшылығының назарына ұсынылуда.

Сонымен қатар, барлық аудан әкімдіктері мен Байқоңыр қаласымен арнайы бейне-конференц байланысын орнаттық. Ұсыныс-пікірлер қалдыру үшін онда хатшылықтар жұмыс жасауда.

Халықтың ұсыныстары мен пікірлерін жинақтау үшін барлық әкімдіктерде және адамдар көп шоғырланатын орындарда жәшіктер орналастырумен қатар, арнайы «Сall-орталық» («Кол-орталық») және сайт ашылды.

Алғашқы талдау көрсеткендей, сауалдардың басым көпшілігі жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, тұрғын үй және коммуналдық сектор, сондай-ақ, абаттандыруға қатысты болып отыр.

Барлық сұрақтар екі апта ішінде қаралып, жауаптары беріледі. Мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берілген.

Дегенмен, жұртшылық жиі көтеріп жүрген мәселелердің кейбіріне қазір жауап берсем деймін.

Құрметті жерлестер!

Біріншіден, көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қорғау мәселесіне айрықша тоқталып кетсем деймін. Бүгін осы залда да дәл осы сауалды қойғысы келіп отырғандар біраз болуы керек.

Бұл – соңғы аптадағы жұртшы­лықтың ең көп талқылап жатқан тақырыптарының бірі.

Сол үшін біз арнайы 6-шы және 9-шы ақпанда облыс әкімі орынбасарларының, қала әкімінің, облыстық, қалалық мекемелер басшыларының қатысуымен 2 рет азаматтарды қабылдау өткіздік.

Нәтижесінде көпбалалы аналар мен жалғызбасты аналар тарапынан қойылған сауалдар жинақталып, мәселелердің тізімі түзілді. Түскен сауалдардың барлығына талдау жасалуда. Ұсыныстар негізінен, тұрғын үй алуға жеңілдік, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдерді көбейту және басқа да жеңілдіктер (коммуналдық қызмет, дәрі-дәрмек, білім, қоғамдық көлікте жүру) төңірегінде болды.  

Айта кету керек, өзекті мәселе тек біздің облы­сымызда ғана емес, бүкіл ел бойынша бар.

Тек біздің өңіріміздің өзінде 36 мыңдай көпбалалы ана болса (4 және одан да көп), оның ішінде 18,5  мыңдай ана төрттен астам кәмелет жасына жетпеген бала тәрбиелеп отыр.

Өкінішке қарай, мәселенің барлығын жер­гілікті жерде, жергілікті бюджет қара­жаты есебінен шешу мүмкін бола бермейді. Сондықтан, біз сауалдарды бірнеше бөлікке бөліп қарастырудамыз: аудандық және қалалық деңгейде, облыстық деңгейде және орталық деңгейде шешілетін мәселелер деп.

Аудандық, қалалық және облыс­тық дең­гей­дегі мәселелерді өз күшімізбен шешеміз. Бұл орай­да жергілікті мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясының активі мен Қоғамдық кеңес мү­шелерінің түсіністігі мен қолдауына иек артамыз.

Облыс әкімінің орынбасарлары Қ.Д.Ысқақов пен С.Ж.Сүлейменовке жақын арада әлеуметтік жағдайы ауыр отбасыларды (көпбалалы отбасылар, мүгедектер, жетім балалар және т.б. әлжуаз әлеуметтік топтар) баспанамен қамтамасыз ету мақсатында арнайы аймақтық бағдарлама жасақтауды тапсырамын.

Ал, өз күшімізбен шеше алмайтын мә­селелердің барлығын жинақтап, өз ұсы­ныс­тарымызды Үкіметтің Елбасы та­ғайындаған Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев басқаратын арнайы жұмыс тобына жолдайтын боламыз.

Дәл осындай жұмыс топтары біздің облыста, аудандар мен Қызылорда қаласында да жасақталды. Оларға облыс, аудан және Қызылорда қаласы әкімдерінің орынбасарлары жетекшілік етеді.

Бүгінде облыста құрылған арнайы комиссия ауыл мен аулаларды аралап,  көпбалалы ана­лардың жағдайымен жіті танысып, оларға ең бірінші кезекте қандай көмек қажет екенін анықтауда.

Жинақталған проблемаларды бір күнде, я болмаса бір айда толық шешіп тастауға ешқан­дай мүмкіндік жоқ екенін түсінуіміз қажет. Бұл мәселелердің кейбірін шешу үшін еліміздің заңнамаларына да тиісті өзгерістер енгізу қажет.

Проблема бар, мемлекеттік органдар оларды ретіне қарай шешу жолын қарастырып, жұмыс істеп жатыр. Сондықтан, енді ашуды ақылға жеңдіріп, шыдамдылық танытып, барлығымыз осы жағдайдан оңтайлы жол табу жағын ойластырайық. Бұл істе, әрине, қоғамдық бақылау болуы керек деген ойдамын!

Екіншіден, облыс орталығындағы қалаішілік кіші жолдар мәселесі туралы. Жол жөндеу жұмыстары бюджет шығыстарының ішіндегі ең қымбаты екенін айта кеткен жөн. Сондықтан, әрине, күрделі учаскелердің барлығын бірден қамтимыз деп айта алмаймын. Оған бюджеттің мүмкіндігі бола бермейді. Десек те, осы жылы біз қалада «Шағын жолдарды дамыту» арнайы бағдарламасын жүзеге асыруды бастаймыз. Әзірше, осы мақсатқа 3,3 млрд. теңге бөлу жос­пар­лануда, бұған Қызылорда қаласындағы 132 көшенің құрылыс-жөндеу жұмыстары жүр­­гізіледі. Соның арқасында «Сая­хат», «Сәулет», «Арай», «Ипподром», «Коммунизм», «КБИ», «Шанхай», «Титов» және т.б. ша­ғын аудандарындағы жолдардың біраз бөлігі қалыпқа келтіріледі.

Бағдарлама 3 жылға есептелген (2022 жылға дейін). Қалаішілік жолдардың мәселесін толықтай шешу үшін ең аз дегенде 9 млрд. теңге. қаржы қажет!?

Келесі мәселе – қалған үш ауданды газдандыру жөнінде. Биыл  Жосалы, Тереңөзек және Жалағашқа газ жеткізілуде, ендігі кезекте кентішілік газ өткізу желісінің құрылысына кірісеміз. 

Бұйырса, биылғы жылдың қазан айында аудан орталықтарының тұрғындары, сонымен бірге, әлеуметтік нысандар газды пайдалана бас­тайды. Келесі кезекте – 16 тіректі елді мекендер.


Ал, енді сұрақ-жауаптарға көшейік.

Әрине, бәріне бірдей уақыт жетпеуі мүмкін.

• Сондықтан, оны  тиімді пайдалану үшін бірінші кезекте залда отырған жерлестеріміздің ұсыныс-пікірлерін тыңда­сақ.

• Содан кейін, аудандарда бейне-байланыс арқылы қатысып отырған тұрғындардың пікірлеріне кезек берсек.

• Әрі қарай, байланыс орталығы және онлайн-сервис арқылы түскен сауалдарға көшсек.

• Қорытындыны осы залдан түскен сұрақ­тармен аяқтасақ.

Арнайы жәшіктерге, сайтқа, байланыс орта­лығына, хатшылыққа түскен барлық ұсыныс-пікірлер мен сауалдар менің тікелей бақылауымда болады. Оларға міндетті түрде жауап беріледі және бұқаралық ақпарат құралдары мен әкімдіктің веб-порталында жарияланады.

Міне, залда арнайы микрофондар тұр. Рет-ретімен өздеріңізді таныстырып, көкейде жүрген сауалдарыңызды қойсаңыздар. Сондай-ақ, жазбаша да ұсыныстарды беруге болады. Оны мына жерде хатшылыққа тапсырыңыздар.

Олай болса, сұрақтарға кезек берейік. Сіздерді тыңдауға дайынмын.


Есепті баяандамадан кейін облыс әкімі жиналғандар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.


Д.Әбдібеков, «Ақжол» шаруа қожалығының төрағасы: – Биыл Сырдария өзеніндегі судың жағдайы қалай болады? Өйткені шаруаларды су жетіспеушілігі алаңдатып отыр.

Облыс әкімі: –  Өткен жылы су тап­шы­лығынан Қазалы ауданында бірқатар күріштік алқабы күйіп кетті. Биыл жауын-шашын мөлшері өте жақсы, біршама жоғары. Өткен жылы «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су  реттегішінде жиналған су көлемі қажетті көлемнен 1 млрд текше метр кем болды. Су ресурстары комитетімен байланысқанымызда, «Шардарада» 5,2 млрд,  «Көксарайда» 3 млрд текше метр су болады деп жоспарланып отыр.

Өз тарапымыздан да қол қусырып отыр­ғанымыз жоқ. Облыста 3 млрд текше метр тас­қын су жинайтын 6 жобаны іске асыру жос­парланған.  600 млн текше метр су жинайтын «Кү­міскеткен» және 1,5 млрд текше метр су жинайтын «Қараөзек» су қоймаларын салу бойынша жұмыстар жасалуда. «Күміскеткен» және «Қараөзек» су қоймалары туралы Елбасы Үкіметке тапсырма берді. 

О.Ербаев, «Арайлым» ШҚ төрағасы: – Мен мал шаруашылығымен айналысамын. Соңғы кезде асылтұқымды малға субсидия беру тоқтап қалды. Алдағы уақытта осы бағытта қандай көмек болады?

Облыс әкімі: – Ережеде сатып алынған отандық асылтұқымды малдардың ұрғашы төлдеріне субсидия төлеу тоқтатылған, алайда сатып алынған асылтұқымды бұқаларға субсидия төлеу қарастырылып отыр. Асылтұқымды малдарды шетелден сатып алып, рес­публика бойынша басын көбейтуге, «ҚазАгро» арқылы жаңадан «Сыбаға» бағдарламасы бойынша шет елден мал сатып алу үшін жеңілдетілген 4 пайыздық сыйақымен 15 жылдық мерзімге несиелеу жолдары қарастырылып отыр. Оларды тасымалдауды операторлар арқылы жүзеге асыру мүмкіндігі бар. Мемлекет тарапынан шет елден сатып алынған асылтұқымды мүйізді ірі қараның ұрғашы төлдеріне 225 мың теңгеден субсидия төленетін болады.

Н.Әуесханов, Арал ауданы, Жақсықылыш кентінің тұрғыны: – Біздің кентте 6 мыңнан астам халық тұрады. Арал қаласына жақын орна­ласқан Жақсықылышты газға қашан қосады?

Облыс әкімі: – Жоғарыда тіректі елді мекендерге газ жеткізуге кірісетінімізді айтып өттім. Арал ауданында Жақсықылыш, Сексеуіл және Шижаға –  тіректі елді мекендер. Жақсықылыш кентіне газдандыру жұмыстарын бастауға  400 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жобаның жалпы құны – 766 млн теңге.

«Аралтұз» АҚ жұмыс көлемін ұлғайтып, модернизация жасап жатыр.  Кальцийлендірілген сода зауыты салынбақ. Сондықтан осы кентті газдандыру арқылы көптеген әлеуметтік, өндірістік мәселелер шешім табады.   Бюджеттің жағдайы көтерсе биыл бітіреміз. Болмаса ендігі жылдың бірінші жартыжылдығында Жақсықылыш толыққанды газдандырылады.

Қ.Нағашыбаев, Қызылорда қаласының тұрғыны: – Облыс әкімінің атқарған жұмыстары халықтың көз алдында. Менің айтпағым, Қызылорда қаласы осы атауымен 100 жыл өмір сүрді. Меніңше, бұл атау өз миссиясын орындап болды. Сондықтан қаламызға өзінің байырғы Ақмешіт немесе Алашорда деген  атауы берілсе...

Екінші сауалым, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға тіс протезін салдырып беру жағы шешім тапса екен.

Облыс әкімі: – Алаштың арыстарының, Қы­зыл­орданы астана еткендегі Сұлтанбек Қожановтың сөздерінде Қызылорданы  неліктен бұлай атағаны айтылады. «Қызыл» сөзі тек большевиктермен байланысты емес. Түрік қағанаты, Күлтегін дәуірінен бері бар. Сондықтан осыған орайлас тарихты зерттеуге Рухани жаңғыру орталығының мамандары кірісіп, өз ұсыныстарын берсін.

Ал тіс протезіне келсек, тиісті шешім қабылдап, көмектесуіміз керек. Бұл мәселе меди­циналық көмектің кепілдендірілген көлемінен алынып тасталған соң қиындық туындап отыр. Алда Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып шешеміз деп ойлаймын.

А.Қалышов, Қызылорда қаласының тұрғыны: – Қаланың шет аймағы саналатын «Сәулет» шағын ауданының тұрғынымын. Біз тұратын ауданда көшелерге байланысты мәселелер шешімін тауып келеді. Әлде де болса, қолайсыз ауа райы кезінде жаяу жүргіншілерге қиындық туындайды. Алдағы уақытта шет аймақ көшелерін жөндеуге қаншалықты көңіл бөлінеді?

Облыс әкімі: – Жақында қала әкімімен бірге кіші жолдарға қатысты бағдарламаны қарадық. Қаланың кіші көшелерінің мәселесін толық шешу үшін кем дегенде   9,3 млрд теңге қаржы қажет. Барлығы – 332 көше. Биылдан бастап кіші көшелерді жөндеу үшін үш жылға арналған арнайы бағдарлама қабылдап, 3,3 млрд теңге қаржы қарастырып отырмыз. Бұл қаржыға 132 көше жөнделеді. Қазір 500 млн теңгесі бөлінді. Мамыр айында жөндеу жұмыстары басталады. Ең негізгі Жібек жолы, Әл Фараби, Қорқыт ата көшелері, қалаға кіреберіс жолдар салынып бітті. Енді кіші жолдарды жөндеуге кірісеміз.

А.Нұров, Байқоңыр қаласының тұрғыны,  – Байқоңырдағы ғарыштық саланы оңтайландыруға байланысты қысқартулар болғаны белгілі. Осыған орай Қазақстан азаматтарын жұмысқа орналастыру мәселесі қалай шешім таппақ?

Облыс әкімі: – Байқоңырда соңғы 3 жылда 3 мыңнан астам адам жұмыстан қысқарды. Оның жартысынан астамы қазақстандықтар. Біз ғарыш айлағын бірігіп пайдаланудың «Бәйтерек» бағдарламасы аясында өз ұсыныстарымызды бердік. Жалға беруден түсетін қаржының 20 проценті Байқоңыр қаласы мен Ақай, Төретам ауылдарының инженерлік инфрақұрылымдарын жаңғыруға жететінін есептеп шығардық. Еркін экономикалық аймақ құру, бизнесті дамыту туралы да ұсыныстарымыз бар. Қаладағы кәсіпкерліктің дамуына оның статусы мен режимі кедергі келтіріп отыр. Сондай-ақ тарифтердің жоғарылығы мен қолданыстағы салық тәртібі де әсерін тигізуде.

Ғарыш айлағында 4,5 мың  нысанды түген­деп,  іске қосуға болады. Мәскеудің «Лужники» стадионының аумағындай алып ғимараттар бар. Оның бәрі ширек ғасырдан бері бос тұр. Үкі­метаралық комиссия, «Роскосмос» бас­шылығы барлық мәселеге, әріптестікті жетіл­діруге қатысты ұсыныстарға түсіністік танытып отыр.

Айтпақшы, Мәскеу авиация институтының Байқоңыр филиалы жыл сайын 25 грант бөл­генмен оған 5 адам түскен. Біздің жастар ғарышты игеру саласына, кейін отандық жобаларды жүзеге асыруға құлықсыз ба? Мен біздің түлектерімізді МАИ филиалында білім алуға шақырамын.


Аймақ тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарды 400-100 нөмірі бойынша және сайтта қойды. Облыстың барлық ауылдық әкімдіктерінде орнатылған арнайы жәшіктерде сұрақтар жиналды. Есепті кездесудің тікелей көрсетілімі «Qyzylorda» облыстық телеарнасының эфирінде, «Қызылорда облысының әкімдігі» ресми «facebook» парақшасында және «youtube» әлеуметтік желілері арқылы жүзеге асырылды.

Келіп түскен 206 сауалдың 18-і тұрғын үйге, 10-ы жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелерге, 31-і коммуналдық проблемаларға, 17-сі білім, денсаулық, мәдениетке, 36-сы кәсіпкерлік және жер мәселесіне,102-сі басқа да мәселелерге қатысты.


Онлайн режимде келген сауалдың бірін археолог Ж.Сұлтанов жолдаған.

– Былтыр ежелгі Сығанақ қалашығының аймағы қоршалды. Енді Жібек жолы бойындағы маңызды ескі қаланың бірі – Жанкент қалашығына зерттеулер мен қайта қалпына келтіру жұмыстары қашан жүргізіледі?     

Облыс әкімі: – Бізде облыстық тарихи-мәде­ни мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес бар. Жылына екі рет жиналып, атқарылған жұмыс­тардың, сарапшы комиссияның есебі тыңдалады. Ежелгі қаланың археологиялық қазба жұмыстарына облыстық бюджеттен 8 млн теңге, республикалық бюджет есебінен реставрациялық жұмыстарға 40 млн теңге бөлінді. Қалашықтың қорғау аймағы белгіленді. Алдағы уақытта Жанкент қалашығының тарихи кезеңі бейнеленген стелласы орнатылып, археологиялық парк қалыптастырылады. Үлкен жолдың бойындағы Сығанақ, Қорқыт ата кешендері туристік әрі рухани нысанға айналып келеді. Сондықтан жобалар одан әрі жалғаса береді.

Б.Өтебаев, Шиелі ауданының тұрғыны: – Өткен жылы біздің ауданда цемент зауыты іске қосылды. Жергілікті жастар Қытайда оқып келіп, сол жерде жұмыс жасауда. Алдағы уақытта қытайлықтар осы зауытта қала бере ме? Әлде жергілікті жастар олардың орнын баса ма?

Облыс әкімі: – 24 айда салынуы тиіс зауытты 14 айда іске қостық. Негізгі компонент  – 11 мың тоннадан астам клинкер шығарылды. Сәуір айынан бастап негізгі өнім – цемент шығарылады. Құрылыс кезінде қытайлық мамандарды тартуға рұқсат бердік. Сәуір айында қондырғыларды қосу-жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, құры­лысқа тартылған қытайлық азаматтар өз елдеріне қайтады. Өндірістік процесте зауытта 80% қазақстандықтар жұмыс жасайды, 20% қытайлық мамандар алдағы 3 жыл бойы инновациялық технологияларды пайдалануды және өнім шығаруды үйретеді. Алдағы уақытта зауытта толығымен жергілікті кадрлар жұмыс істейтін болады.      

 Т.Маханов, медицина саласының ардагері: – Аймақ басшысының облыста атқарып жатқан жұмыстарына халықтың ризашылығын жеткізгім келеді. Аймақтар рейтингінде біздің облыс үнемі жоғары көрсеткіштерімен танылуда. Елбасының «Қазақстанның дамуын бір ғана Қызылорданың көрсеткішінен айқындауға болады» дегені бар. Кәсіпкерліктің өркендеуін де жоғары бағалады.

Даму барлық салада бар.  Дәрігер ретінде айтсам, материалдық база жыл өткен сайын жаңарып келеді. Барлық аудандарда жаңа ауруханалар, емханалар салынуда. 

Тағы бір айтарым, ағайын, қолымыздағы барды бағалай білейік. Алға қойған мақсатты жұмыстардың жүзеге асуына үлес қосайық. Елімізде татулық, тыныштық болсын.      

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.


Сонымен қатар, бейнеконференция арқылы барлық аудан мен Байқоңыр қаласы байланысқа шықты.

Сәулехан Исмағұлов, Арал ауданы, Ақбасты ауылының тұрғыны:

– Құрметті Қырымбек Елеу­ұлы, Ақбасты ауылының ауызсу тап­шылығын айтқалы келдім.  Бірнеше рет жерді қазғанымен тұщы ауызсу шыққан жоқ. «Арал-Сарбұлақ» топтық суына қосады деп естіп едік, сол жұмыс қашан басталады?

Жауап: – «Арал-Сарбұлақ» топ­­тық су құбыры Арал, Қазалы ау­дандарындағы 90 елді мекеннің 67-сін сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Тоқабай, Абай, Ақбасты – алшақ орналасқан елді мекендер. Суының сапасы өте төмен. Сондықтан өткен жылы облыстық бюджеттен Тоқабай, Абай, Ақбасты ауылдарын топтық су құбырына қосу үшін қаржы бөлініп, сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Ақбастыға ауызсу жеткізу үшін 3 млрд теңге көлемінде қаржы керек. Үкіметке ұсынысымызды бердік. Алдағы екі-үш жылдың ішінде ауызсу мәселесі шешімін табады деп ойлаймын.

Самат Мұсаев, Қазалы ауданының тұрғыны:

– Қырымбек Елеуұлы, сіз­дің баян­­­дамаңыздан облыс көле­мін­­де ат­қарылған жұмыстармен та­ныс­­тық. Қазалы халқының аты­н­ан қызметіңізге алғыс айтамыз. Шы­нында да соңғы кезде облыс көлемінде көптеген ауқымды жұ­мыстар атқарылып келеді. Жақында ғана Елбасының қолынан марапат алдыңыз. Еңбегіңіз табысты болсын. Менің қойғалы отырған сұрағым көптің көкейінде жүрген сауал деп ойлаймын. Біріншісі, ауданнан ауыл­дарға қатынайтын жолдардың сапасы өте нашар. Осы жолдарға биыл жөндеу жұмыстары жүргізіле ме? Екінші сұрағым, Сырдария өзенінің Әлсейіт учаскесінен салынып жатқан көпір құрылысы тұрғындар игілігіне қашан беріледі?

Жауап: – Биылғы аудандық деңгейдегі автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеуге республикалық бюджеттен 1 млрд 573 млн теңге бөлінді. Аудандық маңызы бар «Қазалы-Кәукей» бағытындағы жолдың жөндеу жұмыстары өткен жылы басталды, биыл жалғасын табады. Бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан Абай ауылы арқылы Өркендеу ауылынан шығатын жолды жөндеу жұмыстарын былтыр бастадық. Биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ал Әлсейіт учаскесіндегі көпір құрылысы 1 шілдеде аяқталады.

Жұмахан Әлиұлы, Байқоңыр қаласының тұрғыны:

– Мен 1994 жылдан бері Бай­қоңыр қаласында тұрамын. Бізге ауызсу Сырдария өзенінен тазартылып, водоканал мекемесі арқылы  жеткізіліп отыр. Алайда, су сапасы нашар және қысымы аз. Су жүйелері,  яғни құбырлары 25 жылдан аса уақыт болса да күрделі жөндеу көрмей келеді. Осы мәселенің оң шешімі табыла ма?

Жауап: – Біз Байқоңыр қала­сының сумен жабдықтау, канализация жұмысына техникалық барлау жасадық. Жоба өте ауқымды, 17 млрд теңге қаражат керек. Қазір жобалық-сметалық құжатына 122 млн теңге қаржы бөлуге ұсыныс бердік. Шамамен, 2020-2022 жылдары осы жоба іске асады.

Жұман Едігеев, Жалағаш ауданы, М.Шәменов ауылының тұрғыны:

– Қырымбек Елеуұлы, облыс­тағы апатты және үш ауысымды мек­тептердің жойылуына жұмыс жасап келесіз. Ол үшін рахмет. Біздің апатты жағдайдағы №34 мектептің құрылысы қашан басталады, жаңа мектеп салынады ма?

Жауап: – Облыста 2013 жылы 37 апатты жағдайдағы мектеп бол­ған, бәрін жаңадан салдық. Бірақ өмір болғасын бәрі болады. Жаңақорғандағы №169 мек­теп және Жалағаш ауданы М.Шә­ме­нов ауылындағы №34 мектеп апатты жағдайда тұр. М.Шәменов ауы­лындағы мектеп жерасты суының көтерілуіне байланысты болған жағ­дай. Сондықтан облыстық бюджет­тен Жаңақорғандағы мектепке 500 млн теңге бөлінді. Ал Шәменов ауы­лын­дағы мектеп үлкен емес, әзірге 100 млн теңге қаржы қаралуда. Осы жаз айында құрылысы басталады. Жыл аяғына дейін бұл мектептердің құ­ры­лысы аяқталады деп жоспарлануда.

Зылиқа Сыздықова, Сырдария ауданы, А.Тоқмағамбетов ауылының тұрғыны:

– Құрметті Қырымбек Елеу­ұлы, А.Тоқмағамбетов ауылының емханасы ескі, құрал-жабдықтары да ескірген. Сондықтан заман талабына сай жаңа емхана салынса деген тілегіміз бар.

Жауап: – Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жалпы құны шамамен 1 млрд теңгені құрайтын Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған ау­дан­дарының елді мекендерінде 9 дәрігерлік амбулаторияны іске қоса­мыз. Аудан әкімі Ғ.Қазантаев айтып отыр, А.Тоқмағамбетов ауылында биыл жаңа емхана салынады.

Бақыт Жәлімбетов, Шиелі ауданы, М.Шоқай ауылының тұрғыны:

–    Біздің ауыл үлкен, 3 мыңдай тұр­ғын бар. Біздегі мәселе ол – таза ауыз су. Осы мәселе шешімін таба ма?

Жауап: – Шиелі ауданының елді мекендерін таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2013 жылдан бастап «Жиделі» топтық су құбырының құрылысы жүргізіліп келеді. Онда 8 ауылды топтық су құбырына қосу қаралған. Қазір 4 ауыл қосылды. Қалған ауылдар бойынша жұмыстар жалғасуда. Биыл республикалық бюджеттен М.Шоқай, Тартоғай ауыл­дарындағы құрылысты бастауға әрқайсына 300 млн теңге қаржы бөлінді, 2020 жылы аяқталатын болады.

Анарбек Баймұратов, Жаңа­қорған кентінің тұрғыны:

– Біздегі күрделі мәселе тұр­ғын­дарды таза ауызсумен қамтамасыз ету. 2017 жылы су құбырлары жүргізіліп бастағанда қуанып едік, бірақ мердігер мекеме жұмысын толық аяқтамай, ауызсумен қамту мәселесі шешімін тапқан жоқ. Биыл осы мәселе шешіле ме?

Жауап: – Алаңдауға еш негіз жоқ. Кентке ауыз су тарту жобасы 3 жылға жоспарланған. Жоба қатаң бақылауда. Күн жылынса жұмыс басталады.  Бүгінгі күнге 193 шақырым су құбыры тартылды. Жобада қаралған 4 млрд теңге игерілді. Биыл кенттің ауыз суы өз шешімін табатын болады.

Айнұр Батталова.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 ақпан 2019 г. 1 189 0