« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
Біздің замандастарымыз, бүгінгі ұрпақ небір айтулы оқиғаларға куә болып келеді. Осыдан жиырма үш жыл бұрын ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сол уақыттан бері Ұлт көшбасшысы, Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміздің тәуелсіздігін нығайту мақсатында жұмыс жүргізіп келеміз. Күні кеше үш мемлекеттің – Қазақстанның, Ресейдің, Беларусьтің Президенттері Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойды. Бұл да айтулы тарихи оқиға болып саналады. Ал енді мұндай одақ не береді, қандай пайдасы бар, ұтарымыз не, ұтыларымыз не деген сұрақтар қарапайым тұрғындарды мазалары даусыз. Шамамыз келгенше оған жауап іздеп көрелік.
Әрине, бұл жерде құр сәуегейлікке бара алмаймыз. Саясаттанушылар, экономистер, сарапшы мамандар сөздеріне ден
қойған дұрыс. Бірден айта кету керек, олардың басым бөлігі, тіпті түгелдей
дерлік, Еуразиялық интеграцияның
келешегінен зор үміт күтетіндігін жасырмайды. Солардың бірі – Еуразиялық
интеграция институтының директоры Жанаргүл Құсманғалиева Еуразиялық
экономикалық одақ құрамына қосылуға бүгіннің өзінде көптеген мемлекеттер ниет
танытып отырғанын және мұндай ұйымдар экономикалық даму талабынан
туындағанын жеткізеді. "Қазірдің өзінде
әлемде 200-ден аса әртүрлі деңгейдегі ықпалдастық ұйымдар бар. Бұл – сән қуу
емес, экономикалық қажеттілік. Өйткені, үлкен нарықтар дамудың жоғары қарқынын
көрсетіп отыр. Бүгінде 40-қа жуық мемлекет Кеден одағы арқылы еркін сауда
аймағына кіруге ниет білдіруде. Нақтырақ айтсақ, Түркия, Үндістан, Жаңа
Зеландия, Вьетнам және тағы басқалар. Еуразиялық одақ, Экономикалық
ынтымақтастық және даму ұйымы секілді бірқатар блоктармен серіктестік те жолға
қойылды. Еуразиялық экономикалық одақпен сауда қатынасын орнатуға Оңтүстік
Американың ең ірі "Меркурос” интерациялық ұйымы ниетті” дейді ол.
"Лос Амигос” компаниясының басқарушы директоры Галяль Элгор өз кезегінде мынадай ой айтады. "Қазақстан әлемнің минералды байлығының айтарлықтай бөлігіне ие. Ал оның бәрін игеру, өндірісті дамыту, өнімді нарыққа шығару үшін сауда-экономикалық ықпалдастықтың пайдасы зор. Одақ туралы шарт осы мүмкіндіктерді ашып, барлық инвесторларға тиімді алаң тудырғалы тұр. Енді біз сіздердегі 17 млн. емес, 170 млн. халқы бар нарықты айтатын боламыз. Бұл – бизнес үшін өте ауқымды нарық.”
Қазақстан-Австрия қауымдастығының мүшесі Анна Цайтленгердің пікіріне ден қойып көрелік. "Еуропалық инвесторлар Қазақстанды перспективалы нарық ретінде көреді. Еуразиялық ықпалдастықтың арқасында Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін бастапқы алаң болады. Қазақстанды шетелдік инвесторлар бизнеске қолайлы, болашағы зор ел ретінде санайды. Енді Еуропалық инвесторлар Қазақстанға келе отырып, Қазақстаннын да, Ресей мен Беларусьтің де нарығын игеруді көздейді.”
"Еуразиялық экономикалық одаққа кірудегі негізгі тірек болатын дәйек – 170 миллиондық базар. Онсыз біз өндірістің бәсекеге қабілеттілігін құра алмаймыз және инвестиция тарта алмаймыз. Отандық кәсіпкерлердің ең бірінші көздеп отырғаны шекаралас аймақтар. Ондағы халықтың саны 27 миллионды құрайды. Бұл біздің нарықтан 10 миллионға артық. Біз бір миллионнан артық тұрғыны бар шекаралас қалалардың әрқайсысында сауда өкілдіктерін ашуды көздеп отырмыз. Бірінші кезеңде Омбы, Саратов, Самара, Новосібір қалалары” дейді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Рахым Ошақбаев.
"Бәсекелестіктен қорықпауымыз керек. Керісінше, оған дайын болуымыз қажет. Барлық одақтарда, интеграцияларда тек әділ саясат жүргізген мемлекет жеңіске жетеді. Толық тәуелсіз ешбір мемлекет жоқ, бәрі бір-біріне тәуелді. Біз осы ортада өмір сүруіміз қажет, одан қорқудың қажеті жоқ. Тәуелсіздігімізді ешкімге бермейтін ұрпақ өсті бүгінде. Ешкім де билікті ешкімге бермейді” дейді осы ретте жерлесіміз, "Қазақстанның азаматтық Альянсы” заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Нұрлан Ерімбетов.
Сонымен Елбасымыз 20 жыл бұрын бастамашы болған Еуразиялық интеграцияның ғаламдық идеясы өзінің елеулі пішіні мен нақты бейнесін тапты. Қазақстан аса ірі адами және өнеркәсіп әлеуеті бар, 170 млн. тұрғыны бар нарықты біріктіретін, жалпы ішкі өнімі 2,2 трлн. долларды құрайтын, 20 млн. шаршы шақырымнан астам территориясы немесе жер шарының 15 пайыз құрлығын құрайтын орасан зор табиғи ресурстары бар, табиғи газ өндірісі (14,4 пайыз) жағынан әлемде бірінші орын, электр өндірісін өндіруде үшінші орынға (9 пайыз) иелік ететін қуатты ұйымның мүшесі болды. Осы орайда экономикалық одаққа мүше елдердің экономикалық интеграциясының мақсаттарын келтіріп кетелік. Ол – экономиканы нығайту арқылы даму тұрақтылығын арттыру, Ұлттық мемлекеттілікті нығайту және ұлттық экономикаларды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашу. Ал енді экономикалық қағидаттары төмендегiдей. Егемендікті сыйлау, еріктілік, экономикалық прагматизм, Еуразиялық кеңістіктің ашықтығы, дамудың эволюциялығы және барлық шешімдерді қабылдаудағы тең құқықтылық.
Сарапшылар ЕАЭО-ға енуден елімізге келетін тиімділіктерді де атаған. 2030 жылға дейін ІЖӨ-ні 25 пайызға дейін өсіру, әлемдік дағдарыстарға тұрақтылықты арттыру, бәсекелестіктің артуынан бағаны төмендету, тарифтік және тарифтік емес 170 млн. адам үшін біртұтас рынок, өндіріс пен технологияны жаңарту және өндірістік қуатты ұлғайту секілді тиімділіктер бар. Бұл тізімді әрі қарай жалғастырсақ экономиканың шикізаттық емес секторының айтарлықтай дамуы, бірлескен кәсіпорындарда жаңа жұмыс орындарын құру, бәсекелестіктің артуынан бағаны төмендету, сыртқы сауданың өсуі, инвестициялық ахуалды жақсарту, қызмет көрсету рыноктарын, адам ресурстарын дамытудың жаңа деңгейіне шығу, неғұрлым жоғары талаптар есебінен өнім сапасын жақсарту және жаңа капитал мен ғылымды қажетсінетін салаларды ашу сияқты тиімділіктерді айтуға болады.
Сонымен, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылды. Әрине, шартқа қол қоюмен бәрі бітті деген сөз емес. Осы сәттен бастап жоғарыда айтылған игіліктер өздігінен орнай қоймайды. Ол үшін тынымсыз еңбек етуге тиіспіз.
Иә, тарихтың жаңа парағын ашып отырмыз. Одан қауіптенуге ешқандай негіз жоқ. Мақаланы Елбасымыздың "Ұзақ мерзімді болашақта Еуразиялық экономикалық одаққа балама жоқ” деген сөзімен аяқтағанды жөн көрдік.
« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |