ЖАППАЙ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

Мемлекет басшысының жеңілдетілген шағын несие беру бастамасы халықтың әлеуметтік әлсіз топтары мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған, сондай-ақ жұмыссыз азаматтарды, соның ішінде ауыл тұрғындарын жаппай кәсіпкерлікпен айналысуға ынталандырудағы мықты құралға айналды. Сонымен қатар, халық арасында кең қолдауға ие болды.

Өңірде 2018-2020 жылдар жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы болып жариялануы шағын және орта кәсіпкерлікті ілгерілетуге серпін берді. Осы орайда әзірленген кешенді жоспар алғашқы нәтижесін беруде. Өткен жылы біздің облыс «Бизнесті жүргізудің жеңілдігі рейтингісі» бойынша республикада көш бастады. Атап айтқанда, рейтинг жүргізілген 197 елді мекеннің қатарына біздің өңірден 4 аудан және Қызылорда қаласы енді.

Сондай-ақ, аймақта жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 13,1 процент өсімі бойынша да біздің өңір  республикада алғашқы орында болды. Жалпы, өткен жылдың қорытындысымен жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің көлемі тіркелгендерімен салыстырғанда 74,9 проценттен 82,9 процентке өсті.

Мұнан өзге, өткен жылы өңірде кәсіпкерлік салада жұмыс жасайтын азаматтардың саны 10,6 процентке, шығарылған тауар көлемі – 15 процентке артты. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды және шағын кәсіпкерлік субъектілерін шағын несиемен қамту үшін әр түрлі көздерден 4,6 млрд.теңге қаржы бөлінді. Оның  1 млрд теңгесі «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы кәсіпкерлерді қаржыландыру үшін облыстық бюджеттен қаралды.

Жолдауда берілген тапсырмаға сәйкес экономиканың басым бағытын несиелендіруді кеңейту мақсатында 600 млрд теңге қаржы да қарастырылып отыр. Бұл бастаманың «Бизнестің жол картасы» бағдарламасынан ерекшелігі, оған ірі кәсіпкерлік субъектілері де қатыса алады.

Ғалымбек ЖАҚСЫЛЫҚОВ, 

облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 ақпан 2019 г. 616 0