« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Стратегиялық маңызы бар «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырының құрылысы – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асқан ауқымды жобалардың бірі. Төрт облыс арқылы өтетін газ құбырының жалпы ұзындығы – 1143 шақырым. Оның 846 шақырымы Қызылорда облысының аумағынан өтеді. Аталған құбыр бойында бірнеше газ компрессорлық станциялар салынды. Айта кетейік, аталған магистральді газ құбыры аймақ экономикасына қосымша қуат беріп, өңірді түгелдей газбен қамтуға жол ашып отыр.
Бірегей жоба аясында өткен жылы Ақтөбе облысындағы «Бозой» кентінен компрессорлық станция, Қызылорда облысында «Қараөзек» жоғары технологиялық газ компрессорлық станциясы пайдалануға берілді. 11 желтоқсан күні Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпірде осы компрессорлық станциядан «Сарыарқа» магистральді газ құбырының құрылысын бастау рәсімі өтті. Ол Жезқазған, Қарағанды, Теміртау қалалары арқылы Астанаға жеткізіледі.
«Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбыры мұнайлы өлкеден бастау алады. Былтыр Сексеуіл кенті тұсынан «Арал», ал қаңтарда Қазалы ауданы аумағынан «Қорқыт Ата» компрессорлық станциялары қолданысқа берілді. Аталған нысандар елдің оңтүстік өңірін газбен тұрақты қамтамасыз етуге және қазақстандық экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда облыс орталығы Қызылорда қаласы мен аймағымыздағы 4 аудан орталығының тұрғындары табиғи газдың игілігін көріп отыр. Облыстың қалған 3 аудан орталығы – Жосалы, Жалағаш және Тереңөзек кенттерін газдандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жосалы кентіндегі АГТС (автоматтандырылған газ тарату стансасы) құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 903,5 млн теңге қаржы бөлініп, нысанның құрылысы былтыр аяқталды. Сондай-ақ, өткен жылы Тереңөзек кентіне арналған АГТС орнату жобасы басталды. Қазынадан бөлінген 2,1 млрд теңге қаражатқа АГТС салынып, 43,4 шақырымдық газ құбыры жүргізілді. Нысанды аяқтау мерзімі – алдағы мамыр айы. Ал кентішілік газ желісінің құрылысы көктемде басталды. 2020 жылға қарай аймақтағы барлық жеті аудан орталығын «көгілдір отынға» қосу жоспарланған.
Сондай-ақ, Қызылорданың сол жағалауын газдандыруға облыс қазынасынан 650 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынмен жүргізілді. Осыдан екі жыл бұрын Байқоңыр қаласына газ берілгені белгілі. Нәтижесінде, нақты кезеңде облыс тұрғындарының 63 проценті, ал Қызылорда қаласы халқының 95 проценті табиғи газ тұтынып отыр.
Ең бастысы, облыс, аудан орталықтары ғана емес, ауылдағы ағайын да көгілдір отынға қол жеткізді. Алдыңғы кезекте 2016-2017 жылдары Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кенті мен Талсуат елді мекені газбен қамтылды. Ал өткен жылы Махамбет және Наурыз елді мекендерін кварталішілік газдандыру жобалары бойынша қаржы бөлініп, жоба-сметалық құжаттама жасалған. Бұл ауылдарда газдандыру жұмыстары басталатын күн алыс емес. Бұған қоса, қалаға қарасты Абай және Досан елді мекендерін газдандыру ісі 2019-2020 жылдары мемлекет пен жекеменшік әріптестігі арқылы жүзеге асырылатын болады.
Ұзаған жылдың мәресіндегі жағымды жаңалыққа келсек, аймақтағы ауылдар да табиғи газбен қамтыла бастады. Мұндай игілікке қол жеткізген алғашқы ауыл – Шиелі ауданы Ыбырай Жақаев елді мекені. Бұған осы ауданға сапар барысында куә болдық. Даңғайыр диқан атындағы ауылды Шиелі кентімен Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы көше бөліп тұр. Қыстың басында осы ауылдағы 73 отбасы экологиялық таза отын көзін пайдалануға мүмкіндік алды. Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Ержан Оралбектің айтуынша, Ы.Жақаев елді мекеніндегі тағы 115 үйдің иесімен газ кіргізу туралы келісім-шарт жасалған.
Сонымен қатар, Шиелі кенті іргесіндегі Бидайкөл елді мекеніне де табиғи газ жүргізілді. Гигант ауылдық округі орталығы – Бидайкөл елді мекенінде 4 мыңға жуық тұрғын бар. Мұндағы барлық 702 үйдің 35-і орталық газ құбырына қосылған. Мердігер компания «Демеу және К» серіктестігінің басшысы Медеу Құлжановтың айтуы бойынша, ақпанның 20-сына құбыр сынамадан өткізіледі. Үйге газ кіргізу қазір де жалғасуда. Сондай-ақ, Шиелі кентіндегі индустриялық аймақты газдандыру құрылысына облыстық бюджеттен қаржы бөлінген-ді. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, нысанды қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
Статистикаға сүйенсек, 4 аудандағы 25 803 тұрғын үйдің 21 мыңнан астамы қазір көгілдір отын пайдаланып отыр. Осылайша, соңғы 5 жылда Сырдағы мың сан отбасының тұрмысы жаңа сипатқа ие болды. Ал, қалған 3 аудан орталығы мен елді мекендерді магистральді газ құбырына қосу бағытындағы жұмыстар жалғаса береді. Айта кетейік, Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған жобаның мақсаты – тұрғындары тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік бөлігін түгел газдандыру. Негізі, Сыр бойындағы елді мекендердің 85 проценті магистральді құбыр бойында орналасқандықтан өңірді газдандыру кезең-кезеңімен жүзеге аса береді батыл.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |