Түлік – табыс, балық – байлық

  Сыр өңірі – бұрыннан төрт түлікті түлеткен, атакәсіптен айнымаған аймақтың бірі. Сол себепті қай кезде де елдегі ағайын мал шаруашылығына барынша мән беріп келеді. Соңғы жылдары өңірде түлігін төлдетіп, қыс-жаз демей маңдай терін төккен шопандар еңбегі елеусіз қалмауда.

Оның айғағы – төрт жылдан бері өткізіліп келе жатқан малшылар слеті. Еңбекті еселеп, шопандар мерейін бір асқақтататын шараға жыл өткен сайын қатысушылардың қарасы да артып келеді. Бұл аймақ экономикасында мал шаруашылығының үлесі артып келе жатқанының дәлелі десек артық айтпағандығымыз. Бізге слет не береді? Ең әуелі малшылар қауымының бір-бірімен тәжірибе алмасуына септеседі. Сондай-ақ, шопандар еңбегі бағаланып, олардың келер жылы бұдан да жоғары жақсы көрсеткішке жетуге деген ынтасын оятады.

Осы ретте айта кеткен жөн, өткен жылғы слетте облыс тарихында алғаш рет ауыл шаруашылығы өнімдерін тарату нарығына маркетингтік зерттеулер жүргізіліп, облыс­тың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2020 жылға дейінгі «Агрокартасы» қабылданды. Жоспарға сай 2022 жылға дейін аймақта ет өндірісін 13 мың тоннаға, сүт өндірісін 68 мың тоннаға ұлғайту жә­не 2021 жылға қарай ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің экспортын 5 есеге дейін арттыру көз­делуде.

Бүгінде мал шаруашылы­ғы­мен айналысамын деушілердің қатары көбейген. Мемлекет тарапынан жасалатын қолдаулар мен арнайы қабылданған бағ­дарламалар салаға серпін берді. Мәселен, өткен жылы облыста 324,0 мың бас ірі қара, 612,8 мың бас қой мен ешкі, 136,4 мың бас жылқы, 45,7 мың бас түйе және 127,1 мың бас құс тіркелген. Мал ша­руашылығы өнімдерінің сапасын арттыру, асылтұқымды  мал шаруашылығын дамыту мен мал басын көбейту мақ­сатында 2248,8 млн теңге игерілген.

Өңірде ет экспортын қам­та­масыз ету басты назарда. «Сыбаға» бағдарламасының аясында да мал басы көбейіп, асылдандыру жұмыстары же­місті атқарылуда. Жоспарға сәйкес өткен жылы 750 бас шетелдік селекциялы асыл­тұқымды ірі қара аналық мал сатып алу жоспарланса, нақты 1312 бас ірі қара сатып алынды. Тұрғындарды ет және ет өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында Шиелі ауданында “1000 бас ІҚМ бордақылау алаңын қалыптастыру”, Сырдарияда бордақылау алаңы, мал сою пункті және ет комбинатын құру, Жаңақорған ауданында  300 бас ірі қара асылтұқымды репродукторын, қуаттылығы тәуілігіне 10 бас мал сою  пункті құрылысын салу жобалары жүзеге аспақ. Ет бағытында түліктеріміз Өзбекстан, БАӘ, Иран, Ресей елдеріне  экспортталуда. Бұл ретте облыстың буферлік аймақтан шығуы да өз кезе­гінде оң септігін тигізуде. Осын­дай толағай табыстың ар­тында шопандар еңбегінің жат­қандығы айқын.

Қызылордада теңізден маржан терген ең­бек­шілердің мерекесі де ерекше аталып өтеді. Балықшылар слетін тойлау 2015 жылдан бастап жалғасып келеді. Оған жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен келген балықшылар қатысуда.

Арал теңізінің солтүстік бө­лігін сақтап қалу мақсатында дүниеге келген САРАТС жобасы теңіз бойын жағалай қо­ныстанған халықтың әл-ау­қатымен қатар өңірдің әлеу­меттік-экономикалық жағ­дайы­­ның жақсаруына сеп бол­­ды. Сондай-ақ, атакә­сіп­ті жан­дандырамыз деген халық­тың көңіліне үлкен үміт сыйлады.

Бүгінде Арал теңізінен жы­лына 8 мың тонна балық ауланып, жергілікті балық өң­деу зауыттарында өңделуде. Қазіргі таңда аймақта жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан асатын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс жасайды. Төрт кәсіпорынның Еуропалық Одақ елдеріне өз өнімдерін экс­порттауға мүмкіндік бере­тін “Еврокод” есептік нөмірі бар. Былтыр облыс бойынша 3802,8 тонна балық өнімдері экспортталды. Оның ішінде Ресейге – 2417,4 тонна, Еуропа елдеріне – 1305,4 тонна, аспан асты елі Қытайға 80 тонна жіберілген.

Жалпы алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын тауып, көрсеткіштер көлемі ұлғая бермек. Себебі, халықтың әлеуетін көтеріп, елдің ырысын еселейтін сала өңір экономикасының өзегіне айналуда.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 ақпан 2019 г. 542 0