Қызылордада көпбалалы аналарды қабылдау ұйымдастырылды

9 ақпан күні сағат 09.00 бастап А. Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде облыс әкімінің орынбасарлары, Қызылорда қаласының әкімі, облыстық мәслихат хатшысы мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары, сондай-ақ облыстық басқармалардың басшылары қатысқан Ашық есік күні өтті.

Мемлекеттік органдардың басшылары әрбір келушіні қабылдады және тыңдады. Қабылдау қорытындысы бойынша олардың байланыс ақпараты мен өтініш-ұсыныстары жөнінде мәліметтер базасы құрылады.

"Таңертеңнен бастап азаматтарды қабылдау жүргізілуде, келушілердің  басым көпшілігі - көпбалалы және жалғызбасты аналар, бастапқыда түсініспеушілік орын алып, жағдай шиеленіспен басталған болатын. Бірақ біз ортақ шешімге келіп, айқай-шумен мәселе шешілмейтінін айтып, сөйлесіп мән-жайды шешуге келістік. Әйелдерге Қызылорда облысы әкімінің орынбасарлары мен Қызылорда қаласы әкімінінің қабылдауында өз талап-тілектерін жеткізу ұсынылды", - деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов.

Келушілердің негізгі сұрақтары: "көпбалалы ана" және "жалғызбасты ана" санаттары үшін тегін тұрғынүй және бірқатар жеңілдіктер беру, мысалы, коммуналдық қызметтер, салықтар, жәрдемақыларды арттыру және өзге де әлеуметтік төлемақылар. Әрбір келушінің сұрақтары бойынша түсініктеме берілді, мәселелері әрі қарай талқыланатын болады, содан соң жауабы жолданады.

Айта кетейік, қабылдау бүгін соңғы келушіге дейін жалғасады.

Бұдан бұрын барлық өңірлік БАҚ-та, әлеуметтік желілердегі және интернет-ресурстардағы ресми аккаунттарда азаматтарды алдағы қабылдау туралы хабардар ету мақсатында Ашық есік күнін өткізу туралы ақпарат жарияланғанын атап өткен жөн.

Сонымен қатар, 6 ақпан күні облыс орталығында қала әкімінің орынбасарлары мен қалалық бөлімдердің басшылары күн сайын көп балалы әйелдердің мұқтаждықтары мен ұсыныстарын анықтау мақсатында қабылдау өткізген болатын.

Сондай-ақ, облыс бойынша көп балалы отбасыларды аралап, бірінші кезектегі қажеттіліктерін анықтап, олардың мәселелерін  шешу жолдарын қарастыруға бағытталған арнайы комиссия жұмыс істейді.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаевтың басшылығымен жұмыс тобы құрылды.

Бүгінде облыста 35 мыңнан астам көп балалы отбасы бар. Барлық отбасыларға жәрдемақы уақытында төленуде. 2018 жылы әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан оқушыларға келесі көмек түрлері көрсетілді.

25 232 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды;

17420 оқушы жалпы білім беру қорының қаражаты есебінен киіммен қамтамасыз етілді;

10295 оқушыға демалыс лагерлеріне жолдама берілді;

"Қамқорлық" акциясы аясында аз қамтылған отбасынан шыққан 1591 студент шәкіртақы алады, тегін ыстық тамақпен қамтылып, қоғамдық көлікте тегін жүреді.

Ақылы негізде оқитын халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарының студенттеріне оқуға 50 пайыз жеңілдік және бірінші кезекте жатақханадан орын беріледі.

2013 жылдан бастап аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан, әсіресе ауылдық жерлерден шыққан балаларды оқытуға әкім гранты тағайындалған, аталмыш гранттардың 900-ге жуық иегері  ҚР жетекші ЖОО-да оқиды. 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 ақпан 2019 г. 760 0