Дамыған елде руханият бірінші орында. Себебі, ол – барлық адамға азық. Рухани бай ел ғана мәдениеттің дамуына үлес қоса алады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осы дүниелер қамтылды.
Мазмұнды мақалада ұлттық идеологияны жаңғырту, бүгінгі ұрпақтың бабалар аманатын, олар қорғап қалған ұлан-ғайыр жердің қыр-сырын, тылсым құпияларын жете білу тиістігі айтылды. Иә, бұл құжатта бірқатар маңызды мәселелер көтеріліп, нақты мақсаттар жүктелді. Оның жарияланғанына да жыл толыпты. Бірақ, осы аз уақыт ішінде көп іс еңсеріліп отыр.
Аймақта «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға бағытталған шаралар жоспары бекітіліп, түрлі жобалар жемісті жүзеге асты. Ең бастысы, Сырдың сол жағалауынан аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы мен «Қызылорда қаласы тарихы» музейі бой көтерді. Ғимарат 1925 жылы бұған дейін «қырғыз-қайсақ» атанып келген ұлтымызға «Қазақ» атауын қайтарып беру туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызба-нұсқасы негізінде салынған. Оның ашылу салтанатына облыс басшысы Қырымбек Көшербаев қатысып, «Бұл – Сырдария өзенінің сол жағалауы игеріле бастағалы алғаш құрылысы аяқталған нысан. Мәдени орталық астана болған Ақмешітте халыққа қызмет еткен Жалау Мыңбаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Ұзақбай Құлымбетов, Әлихан Бөкейханов секілді Алаш қайраткерлерінің ұлт алдындағы еңбегіне құрмет іспетті» деген пікірін білдірген еді. Расында, дарияның арғы жағынан менмұндалап тұрған нысан тарихтан сыр шертетіндей. Қазір мәдени мекеменің ісін жандандыруға Алматы, Түркістан және Қызылорда қаласындағы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының ғалым мамандары тартылған.
– Бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті анықтау, рухани құндылықтарды жаңғырту және білім сапасын жақсарту. Елбасы мақаласында басымдық берілген бес бағыт. Орталық осы бағыттарды жүзеге асыру мақсатында «Атамекен», «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпараттар толқынында» секілді жобаларды қолға алған. Қазір Әлима Әбдіхалықова, Серікбай Қосанов, Гүлмира Әшірбекова секілді тәжірибелі ғалымдар осы жұмыстарды бірігіп атқаруда. Шараларға көбіне меценаттарды тартып жатырмыз. Осы арқылы өңірде білім, мәдениет ұйымдарының ғимараттарына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, балаларға ойын алаңдары салынды, аллеялар мен скверлер ашуға 13,2 млрд теңге қаржы жұмсалды, – дейді орталық директоры Нұрлыбек Мыңжас.
Нұрлыбек Кәрібозұлы Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы да «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жаңа мазмұнмен байытып, тың жобаларды жүзеге асыруды міндеттеп отырғанын айтады. Осы орайда орталық биыл жаңа бастамаларды жүзеге асырмақ. Атап айтар болсақ, үш тілде «Қорқыттың даналық сөздері», «Сыр бойының сакральды ескерткіштері: мифтер, хикаяттар, аңыздар» жинағы, «Алаш қайраткерлерінің Ақмешіт-Қызылорда кезеңі», «Қорқыт ата кітабы» бірнеше нұсқалар бойынша қайта аударылып, жарыққа шығады. Аталған еңбектердің барлығы мақалада көрсетілген «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобалары аясында орындалады. Сонымен қатар орталық ғалымдары Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстанға арнайы сапармен барып, мемлекеттік мұрағаттарда сақталған қазақ тарихына қатысты құжаттарды жинайды. Ал, тарихи сананы жаңғыртуға байланысты тапсырмаларды орындауда бұл жобаның маңызы зор екені түсінікті.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
"Сыр бойы".