Біздің облысымыз кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлерді қолдау бағыты бойынша республиканың алдыңғы қатарында тұр. Мұның жарқын мысалдары көп. Сырдарияның сол жағалауынан бой көтеріп келе жатқан жаңа қаланың алғашқы 18 көпқабатты тұрғын үйін он сегіз кәсіпкердің өз қаражаты есебінен салуы – аймақтағы кәсіпкерлердің ахуалы мен белсенділігінің бір көрсеткіші.
«Индустрияландырудың екінші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық телекөпірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығын тапсыруы біз айтып отырған саланың қарышты қадамына берілген баға.
Мемлекет басшысының қолдауы арқасында және облыс әкімінің тікелей бастамасымен 2018-2021 жылдар «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып белгіленіп, осы саланың дамуына жаңа серпін әкелді.
Алдымен облыс көлемінде кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасы әзірленді. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдау үшін облыстың тауар өндірушілерінің каталогы құрылды, дайын бизнес-жобалар бар және өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарында бизнесті бастау туралы практикалық ұсыныстар жарияланып, шалғай елді мекендердегі кәсіпкерлер үшін қашықтан кеңес беру іске қосылды.
Қызылордада экспортқа арналған сертификат алушылар қатарының соңғы екі жылда 40 процентке өскендігі де осындай қолдаулардың нәтижесі.
«Тауардың шығу тегін анықтайтын сертификатты рәсімдеу және беру шараларын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік палаталары осыдан бес жыл бұрын қолға алған болатын. Облыс көлемінде тауарларды экспорттауға арналған сертификат негізінен күрішке, балыққа, ас тұзы мен мазутқа, мұнай мен ванадий кеніне берілуде. Кейбір кәсіпкеріміз тіпті сафлор майын өндіріп, Қытайға экспорттауда. Бұл өңірімізде экспорт көлемінің артқандығын көрсетеді» – дейді облыстық кәсіпкерлер паласының басшысы Ғалымбек Жақсылықов.
Палата тарапынан мамандарды оқытып, жобаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, сүйемелдеу жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Өткен жылы облысымызда «Бастау» жобасы бойынша 1600 азамат оқып шыққан. Бүгінде олардың 400-ден астамы өз жобаларына әртүрлі қаржы көздерінен 1 млрд теңге алып, кәсібін бастап отыр.
Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталатын Жолдауында «Біздің стратегиялық мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу» деген болатын.
Дәл осы жолда халқымыздың әл-ауқатын арттыруға айрықша үлес қосып, мемлекетіміздің дамуын озық елдер қатарына қарай алып бара алатын сала, бұл – кәсіпкерлік.
Олай болса, аймақ тіршілігінің өрлеуі кәсіпкерліктің даму айғағы екені де айдан анық.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
"Сыр бойы".