Индустрияландыру: 7 жоба, 700 жұмыс орны

Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы экономиканы нығайтып, өңірдің өрлеудегі қазығын нықтайды. Құны 512 млрд теңгеден асып жығылатын байыпты бағдарлама толық іске қосылғанда 5 жарым мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Осы күні 700-ге жуық жанды жұмыспен қамтыған жеті жоба ел игілігіне жарап тұр.
Өткен жылы өңірде екі бірдей өндіріс орны іске қосылды. Аймақтың оңтүстік аудандарынан ашылған бұл нысандардың бірі – Жаңақорғандағы қуатты­лығы 75 мың тоннаға жететін әк зауыты болса, екіншісі Шие­лідегі тампонажды цемент өн­діретін кәсіпорын. Облыстық ин­дустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, әк зауыты осы күннің өзінде өнімін облыс аумағынан әрі асып, өзге аймақтарға да жөнелту үстінде.
Мемлекет басшысының қа­ты­суымен өткен Жалпыұлт­тық телекөпір аясында мер­зі­­­мі­нен бұрын ашылған там­­­по­­нажды цемент өндіретін кә­­сіп­­­орында Қытайдағы зауыттардан тәжірибе жинап келген жергілікті мамандар еңбек етеді. Осы күні аталған мекеме цемент өндіруде негізгі компонент болатын клинкердің 11 мың тоннасын шығарды. Мамандардың айтуынша, зауыт өнімі құрылыс индустриясында ғана емес, мұ­най-газ, атом өнеркәсібі саласында да кеңінен қолданылатын болады.
Өңір экономикасын өрге бас­таған басқа да жобалар қатарында шыны зауытының құрылысы да қарқынды жүргізіліп келе­ді. Одан бөлек, «Шалқия» қор­­ғасын-мырыш кенішіне ин­­женерлік инфрақұрылым жет­­кізу жұмыстары жалғасын таппақ. Атап айтқанда, техника­лық және шаруашылық ауыз су құбыры, сыртқы электр энергия­сымен жабдықтау, Жаңақорған су тартқышын электрмен жаб­дықтау тәрізді ауқымды тір­лік істелуде. Ал кен байыту ком­бинатының құрылысын қол­ға алған «Доберсек» неміс ком­паниясы биыл құрылыс жұ­­мыс­тарын бастайды деп кү­ті­луде.
Солтүстік аудандар да бұл тұрғыда қалыс қалып жатқан жоқ. Арал ауданында республиканы 75 процент кальцийленген содамен қамтамасыз ететін зауыт капсуласы салынды. Ал жылына 1500 тонна өнім шығаратын құс фабрикасы мен балықты тереңінен өңдеу өндірісінің құ­ры­лысы да кезең-кезеңімен ат­қарылар тірлік қатарында.
Іске қосылған жобалар аясында «Баласауысқандық» ванадий кенішінен Ұлыбритания мен Ресейге 218 тонна метаванадат аммоний экспортталды. Бұл өткен жылғы экспортталған өнімнен 70 процентке артық.
Экспорттық әлеуетіміздің арт­­­қаны экономиканың нығайға­нын байқатады. Өткен жыл экспортқа шығарылған жалпы өнім көлемі 27,7 процентке, ал өндірілген өнім 32 процентке өсті. Ал мұнда индустриялық жобалардың өнімі жалпы көлемнің 20,6 процентін құрады. Саланың дамуға бет алғаны осыдан-ақ айқын сезіледі. 

ИНВЕСТИЦИЯ – ӨРГЕ БАСТАР ҚАДАМ

Өткен жылы инвестиция тарту мәселесінде аймақ айтарлықтай жетістікке жетті. 2017 жылмен салыстырғанда 25,5 процентке өсім бар. Бұл дегеніңіз 325,5 млрд теңге. Ел экономикасын нықтаудың алғышарты ретінде қарастырылатын бұл бағыт әрдайым назардан тыс қалған емес.
Өңдеу өнеркәсібі өңірде жол­ға қойылып келетін сала­лардың бірі. Мұнда тартылған инвестиция 37,6 процентке артқан, яғни, 33,3 млрд теңге. Сыртқы инвестиция да кем түсіп тұрған жоқ. 2018 жылы 1,7 есеге өсіп, 98,2 млрд теңгеге жеткен. Алға қой­ған мақ­сат та айқын. Биыл инфра­құ­рылымдық, әлеуметтік және ин­дустриялық жобаларды іске асыру есебінен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің 10% өсуі жос­парлануда.
Инвестиция тартудың негіз­гі жолы өңірдің барлық мүмкін­діктерін қарастыра отырып, ин­весторларға бағыт беру. Мә­селен, бір ғана «Жасыл эко­номика – өңір дамуының жаңа бағыты» тақырыбында ұйым­дас­тырылған Х «Baiko­nyr Invest» халықаралық  инвес­тициялық форумына 15 мемлекеттен өкілдер, 5 елдің Өкілетті және Төтенше елшілері қатысты. «Rino Asia» түрік компаниясымен керамикалық бұйымдар өндірісі жобасын іске асыру бойынша келісім жасалды. Осы арқылы өңірде жаңа өндіріс өріс алмақ. Жалпы, форум аясындағы 14 меморандум – осы шараның жемісі болса керек-ті. Сонымен қатар, ҚХР, Татарстан, Украина, Ресей, Белоруссия және Қазақстанның қатысуымен «Цифрландыру: Өңір­лерді дамытудың жаңа мүм­кіндіктері» тақырыбында ІІІ халықаралық интернет-форум өтті. Нәтижесінде инвести­циялық жобаларды іске асыру бойынша 4 меморандумға қол қойылды.



Дәулет ҚЫРДАН,
"Сыр бойы".
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 ақпан 2019 г. 442 0