БАСПАНА – БІР БАҚЫТ

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекет үшін қай кезде де маңызды. Бұл бағытта Сыр елінде үлгі етерліктей іс бар. Соңғы бес жыл бедеріндегі толайым табыстың бірі – тұрғын үй құрылысының қарқын алуы десек, қателеспейміз. Елдің әл-ауқатының көрсеткіші саналатын құрылыс қарқыны жағынан аймақ өткен жылды да жақсы қорытындылады.
Сөзіміздің дәлелі ретінде сандарды сөйлетсек, 2018 жылы 1790 пәтерге арналған 70 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді, оның ішінде  сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 17 тұрғын үй, 4 несиелік үй, апаттық тұрғын үй орнына 27 жаңа баспана және жеке құрылыс салушылар есебінен 22 тұрғын үй. Есепті кезеңде 1222 пәтерге арналған 56 тұрғын үй пайдалануға берілді.
Халықты баспанамен қамтамасыз етуде тұрғын үй құрылысы облыс орталығында ғана емес, аудандарда да салынуда. Мәселен, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 7 тұрғын үйдің бесеуі Байқоңыр қаласында, екеуі Сырдария ауданында бой көтерді. Сонымен қатар апатты үй орнына салынған 27 үй Арал ауданында пайдалануға берілді. Айта кетелік, құрылыс алаңында сырбойылық кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен үйлер салып, құрылыс қарқынына қарқын қосты. Өткен жылы кәсіпкерлер қаражатымен салынған 22 үйдің 14-і сол жағалауда, 5-і облыс орталығындағы шағын аудандарда, ал 2-і Жаңақорған ауданында салынды.
Құрылыс қарқыны биылғы жылы да бә­сеңдемейтіні белгілі. Өңірімізде 34 көпқабатты үйдің құрылысы басталмақ. Оның 17-сі арен­далық, 17-сі несиелік үйлер. Тарқатып айтар болсақ, 17 арендалық үйдің 6-ы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде, қалғаны сол жағалауда бой көтермек. Ал несиеге салынатын 17 үйдің барлығы да сол жағалаудағы жаңа қоныста.
Есептеп қарасақ, өткен жылы Сыр өңірінде  мыңнан аса тұрғын баспаналы болған екен.
Атап айтарлығы, аймағымызда салынып жатқан жаңа үйлерден тұрғындардың пәтер алуына барынша мүмкіндік жасалуда. «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы, «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкінің «Өз үйімнен» бөлек сырбойылықтарға арналған облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан «Орда» бағдарламасы да қарапайым тұрғындардың баспаналы болуына жол ашты. 

Гүлмира ДІЛДАБЕКОВА,
"Сыр бойы".
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 ақпан 2019 г. 504 0