Қоғамда адами капитал маңызды фактор десек, оны дамытуға үлес қосатын басты сала ретінде білім мен денсаулықты айтамыз. Себебі, дені сау, білімді ұрпақ ғана мемлекеттің, ұлттың құнды қазынасы, ел ертеңі саналмақ. Осы орайда мемлекетімізде, оның ішінде облыс көлемінде білім мен денсаулық сақтау саласын дамытуда айтарлықтай ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Білім саласы бойынша айтсақ, облыстағы 293 мектепте 153502 оқушы білім алуда. Былтыр 1800 орынға арналған 7 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Аймақта үш ауысымда білім беру жойылса, апаттық деп танылған 2 мектептің мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде.
Саланы цифрландыру қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, облыста 293 мектеп кең жолақты интернетке 100 процент қосылған. Барлық мектептер «Күнделік» электронды жүйесінде жұмыс жасайды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 8096 дана компьютер жаңартылған. Мектептер 156 жаңа модификациялық физика, химия, биология пәндік кабинеттерімен, 92 робототехника кабинетімен жарақтандырылған. Қызылорда қаласындағы Оқушылар үйі – IT-IMAQORDA» ресурстық орталығы ретінде ашылды. Жалпы, саланы цифрландыру шараларына облыстық бюджеттен былтыр 1,5 млрд теңге бөлінген.
Өткен жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге 7113 мектеп бітірушінің 4742-сі қатысып, қорытындысы бойынша орташа балл 85,8-ді құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 3,4 балға көтерілген. Түлектердің 5027-сі жоғары оқу орындарына, 1836-сы колледждерге түскен. Жоғары оқу орындарына түскен түлектердің 2725-і мемлекеттік грант, 200-і облыс әкімінің гранты, 31-і әскери грант, 77-сі ректорлық грант есебінен оқуда. 58 бітіруші Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарына түскен.
Аймақта мектепке дейінгі білім беру мен тәрбие ісіне де жіті көңіл бөлініп келеді. Мәселен, облыста 662 мектепке дейінгі білім беру ұйымында 59421 бала тәрбиеленуде. 3 пен 6 жастағы балалардың қамтылуы 100 процент. Жекеменшік балабақшалар үлесі барлық мектепке дейінгі ұйымның 71,8 процентін құрайды.
Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 650 орындық 7 балабақша құрылысы салынып, ел игілігіне берілді. Былтыр сонымен бірге жекеменшік балабақша желісі 11-ге көбейген. Есепті кезеңде мектепке дейінгі ұйымның 566 педагог маманы біліктілігін арттыру курсынан өткен.
Облыс бойынша 29 техникалық-кәсіптік білім беретін оқу орнында 97 мамандық 167 біліктілік бойынша 21078 студент білім алуда.
Кәсіптік білім беру саласына 2014 жылы бірінші рет дуальді оқыту технологиясына негізделген білім беру жүйесі енгізілгені белгілі. Қазіргі таңда 24 колледжде 78 мамандық бойынша 3500 студент білім алуда.
2018-2019 оқу жылына «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы бойынша жастардың жұмысшы мамандығын алуына мүмкіндік беру үшін жергілікті бюджеттен 3608 орын бөлінген.
Облыста сырбойылықтар саулығын жақсарту, аурудың алдын алу, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, сапасын көтеру бағыттарында облыс әкімінің қолдауымен нақты жоспарлар бекітіліп, мақсатты шаруалар қолға алынған болатын.
Мәселен, «2016-2019 жылдарға арналған Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілгені белгілі. Бұл орайда жалпы өлім-жітімнің негізгі себептерінің 52 процентін құрайтын, демографияға әсер ететін 5 ауру тобы бойынша 2016 жылы 5 Жол картасы әзірленген болатын. Осыған орай, барлық 5 бағыт бойынша бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсетудің бірінші деңгейін 89 профильді кабинетпен жарақтандыру арқылы науқастың бағытын ескеретін 3 деңгейлі көмек көрсету жүйесі құрылды.
Соңғы 5 жылда бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін ұйымдардың 63 проценті жаңартылды. Былтыр Арал және Қазалы аудандық орталық ауруханалары қолданысқа берілсе, Шиелі аудандық орталық ауруханасының құрылысы жүргізілді. Өткен жылы сондай-ақ, Байқоңыр қаласындағы облыстық медицина орталығы филиалында емхана ашылып, осы уақытқа дейін Ресейдің медициналық ұйымдарынан қызмет алып жүрген 24 мыңнан аса қазақстандық азамат тіркелді. Ақай, Төретам елді мекендеріндегі тұрғындарға мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында биылдан бастап осы елді мекендерде орналасқан медициналық ұйымдар Байқоңыр қаласындағы облыстық медицина орталығы филиалы құрамына берілді.
Соңғы 2 жылдың өзінде 25 медициналық нысан қолданысқа берілген. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталуы 80 процентке жеткен. Атап айтқанда, соңғы бес жылда заманауи медициналық техникамен жабдықтауға 8 млрд теңгеден аса қаржы бөлініп, нәтижесінде медициналық ұйымдардың жарақтандыру көрсеткіші 34,9 процентке өсіп, 79,26 процентке жетті. Ал саланы қаржыландыру көлемі соңғы бес жылда 39,8 процентке артқан.
Аймақта дәрігерлер даярлауда да соны серпін бар. Мәселен, 2016 жылдан бастап облыс әкімінің гранты тағайындалып, өңірге қажетті медицина мамандықтары бойынша қазіргі кезде 42 резидент еліміздің 5 жоғары оқу орнында даярлануда, 30 дәрігерді даярлауға мектеп пен медициналық колледж оқушыларының үздіктері іріктеліп алынды.
Осындай ауқымды жұмыстар нәтижесінде былтыр жалпы өлім көрсеткіші 1,8 процентке төмендеп, 1000 тұрғынға шаққанда 5,44-ті құраса, қан айналым жүйесінен өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 10,4 процентке төмендеп, 110,6 -ны құрады. Қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 100 мың тұрғынға шаққанда 13,3 процентке төмендеп, 61,1-ді құрады. Ал туберкулезбен аурушаңдық 100 мың тұрғынға шаққанда 9,2 процентке төмендеп, 53,7-ні құрады.
Айнұр БАТТАЛОВА,
"Сыр бойы".