АДАМЗАТҚА ОРТАҚ АСЫЛ МҰРА

Өткен жылдың мәдени және рухани өміріндегі ең негізгі жаңалығы –  Қорқыт ата мұраларының ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енуі.  Бұрын Қорқыт ата күйлері, асыл сөздері туыстас түркі халықтарының ортақ мұрасы еді. Енді бүкіл адамзатқа ортақ қазынаға  айналды. Осылайша Қорқыт атадан бері айтылып келген «өмірді мәңгілік ететін – өнер» деген байлам өміршеңдік сатысына көтеріліп, мәңгілікпен ұштасты.
Екінші дүниежүзілік соғыс­тан кейін құрылған ЮНЕСКО халық­аралық ұйымы өткен ғасырдың тоқ­саныншы жылдарына дейін жер жаһандағы қайталанбас біре­гей мә­дени, тарихи немесе экология­лық маңызы бар, табиғи немесе   адам қолымен жасалған нысан­дарды ті­зімге алып келген еді. «Мате­риалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» халықаралық конвенция жаңа ғасырдың басында қабылданып, біз­дің еліміз оны ратификациялады. Содан бастап Қазақстанда материалдық емес мәдени құндылықтарды қор­ғау, танымал ету және дамыту бағы­тындағы жұмыстар бір ізге түсті.
Осы уақыт аралығында бүкіл әлем­дік адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне қазақ­тың киіз үйі, айтыс және күй өнері енгізілген. Сондай-ақ «Наурыз», «Саят құстармен аң аулау», «Жұқа нанды дайындау дәстүрі: лаваш, қа­тырма, жұқпа, юфка» көпұлтты номинациялары және «Қазақ күресі» ұлттық номинациясы енді.
Халықаралық ұйымның таңдау­лыларының тізіміне қосылу бір-екі жылдың бедерінде бітетін шаруа еместігі бұл істі қолға алған кезде-ақ байқалған. Аймақта 2013 жылдан бері жұмыс істейтін, құрамында елімізге белгілі тарихшы, археолог, этнограф ғалымдар, реставратор-мамандар бар облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес мақсат жолында көп жұмыс тындырды.  Кеңестің 2014 жылғы отырысында облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қолдауымен Қорқыт ата мұраларын ЮНЕСКО-ның «Материалдық емес мәдени мұралар тізіміне» енгізу мәселесі көтеріліп, одан бері қажетті материалдар жинақталып, Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық Комиссиясына ұсынылған еді. Кейін Қызылорда, Алматы қалаларында сарапшы өкілдердің қатысуымен тиісті жұмыстар атқарылып, «Қорқыт ата мұралары» көпұлттық номинация­сын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезен­тативтік тізіміне енгізу бойынша сараптамалық кездесулер ұйым­дас­тырылды. «Қорқыт атаның мұ­ра­сы: эпикалық мәдениет, халық аңыз-әңгімелер және әуендері» но­мина­циясы бойынша тиісті өті­нім әзірленіп, ЮНЕСКО-ның репре­зен­тативті ті­зіміне қосуға көктемде ұсыныл­ды. Оған қоса Қызылордада түркі­тілдес елдердің дәстүрлі орын­даушы­ла­ры­ның басын қосатын «Қор­қыт және Ұлы дала сазы» ха­лықаралық фестивалі, «Қорқыт. Қо­быз» атты қылқобызшылар мен қобызбен жыр айтушылардың рес­пуб­ликалық бай­қауы өтті.
Жыл соңына таяу Шығыс Аф­ри­кадағы Маврикий елінде өт­кен ЮНЕСКО-ның 13-сессиясына әлемнің 217 елінің өкілдері қа­тысты. Үздіксіз жүргізілген жұ­мыстар нәтижелі аяқталып, Порт-Луис қаласынан ақжолтай жаңалық жетті. Сол басқосуда ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитеті «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен ұлы ұзанның бүгінге жеткен қазыналарын әлемдік жауһарлардың тізіміне қосты.
Қорқыт ата мұраларының әлемдік рухани құндылықтар қатарына қо­сылуы біздің ұлттық өнерімізге де­ген қызығушылықты арттырып, му­зыкалық дәстүрдің кеңінен наси­хатталуы түркі халықтарының бірі­гуіне қызмет етеді. 

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
"Сыр бойы".
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 ақпан 2019 г. 608 0