2018 жыл қазақ еліне тарихи тартуын ала келді. Ақордалы Астананың 20 жылдығы жалпыхалықтық мерекеге айналып, елде ерекше аура қалыптасты. Бұл – Сырдың бас қаласы Қызылорданың 200 жылдық тарихты түйіндеп, үшінші жүзжылдыққа қадам басқан жылы. Қазақстанның алғашқы астанасы мен бүгінгі Астана арасындағы рухани байланыс, екі қаланың егемендік жылдарындағы қалыптасу тарихы ұлтқа ұпай, Алашқа абырой әкелгені анық.
20 жыл бұрын Ақмоланың астана ретінде таңдалуы батыл ғана емес, аса маңызды тарихи шешім болды. Айбары асқақ Астана – тәуелсіздіктің тірегі. Бүгінде экономиканың күретамырындай болып, инновациялық жаңалықтарды енгізуде көшбасшы шаһарға айналды. ХХ ғасырда әлемде Германия мен Бразилия астаналарын ауыстыру туралы шешім қабылдаса, жаңа ХХІ ғасырда тек Қазақстан ғана батыл қадамға бел буған. Сарыарқаның жазық даласында жаңадан бой көтерген қаланың халқы қазір 1 млн 200 мыңға жетті. Биыл мегаполисте соңғы технологияға негізделген нысандар ашылса, мерейтойға орай барлық өңірлер де қала инфрақұрылымы мен туристік әлеуетін арттыруға үлес қосып, тарту жасады.
Қызылорда облысының қаржыландыруымен былтыр Сарыарқа даласында зымыран – ғарыштық техникасы музейінің ашық экспозициясы бой көтерді. Бұл – ғарышқа сапардың қазақ жерінен басталғанын білдіретін керемет кешен. Бүгінде ашық аспан астындағы музей – Астананың туристік кластерінің маңызды бөлшегі. Елордалықтар қызығып барып, ғарыш аппараттарымен танысуға мүмкіндік жасайтын танымдық орынға айналды. Мұнда «Королевтің жетілігі» аталып кеткен Р-7 жинақтамасының ең танымал зымыраны – «Союз», «Протон» зымыран тасығыштары, ұшырылым құралында персоналдың болуын қажет етпейтін алғашқы әмбебап кешен – «Зенит», «Боран» ғарыш кемесінің үлгілері қойылған.
Ал Сыр елі Қызылорда қаласының 200 жылдығын барша халық болып қала күніне орай күзде атап өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қызылордалықтарды құттықтап хат жолдады. Мерейтойға келген ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова жылы лебізін айтып, Елбасының құттықтауын жеткізді. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, академик Асқар Жұмаділдаев, ҚР Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков сынды Сыр өңірінен шыққан танымал тұлғалар, өнер иелері келіп, ел қуанышымен бөлісті. «Сыр сүлейлері» аллеясынан бастау алған мерекелік шарада «Қауын-қарбыз», «Қымыз-шұбат», «Бауырсақ» дәстүрлі фестивальдары, қолөнер бұйымдарының көрмесі, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, ұлттық-этнографиялық концерт ұйымдастырылды. Қос мерейтойға орай және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында былтыр 1 халықаралық, 9 республикалық, 29 облыстық конкурстар мен фестивальдар ұйымдастырылған.
Мерейтойдың ең басты тартуы – Сырдарияның сол жағалауында бой көтерген жаңа қала. Оның алғашқы нысаны – Қазақ Орталық атқару Комитетінің (КазЦИК) ғимараты үлгісіндегі қалалық музей мен «Рухани жаңғыру» орталығы пайдалануға беріліп, алғашқы қоныстанушыларын қабылдады. Қала тойында аудандар да қалыс қалмады, ұйымшылдықпен облыс орталығындағы парк, скверлерге қайта жаңғырту жұмысын жүргізді. Белгілі, Қызылорда – құрылысы қызу, дамуы қарқынды қала. 2018 жылы – Сыр елінің бас шаһары екі жүз жылдық тарих шежіресін табысты қорытындылап, өткен жылдың ел есінде маңызды оқиғалармен қалғаны айқын.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
"Сыр бойы".