Суармалы жер – Сырдың алтын қоры, оны жетілдіруде жүйелі бастама бар

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен суармалы жерлерді дамытуға қатысты селекторлық жиын өтті.

Аймақ басшысы атап өтке­ніндей, Сыр өңірінің эконо­микалық дамуы мен экологиялық ахуалын жақсартуда  Сырдария өзенінің әрі одан нәр алатын суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайының алар орны айрықша. Біздің басқа өңірлерден ерекшелігіміз – суармалы жер – алтын қорымыз. Жалпы республикада егістік алқаптардың 7%-ін суармалы жерлер құраса, тиісінше еліміздегі егістік өнімінің 40% береді екен. Сол себепті Елбасы республика бойынша қазіргі 1,4 млн гектар суармалы жер көлемін 3,5 млн гектарға дейін ұлғайту жөнінде тапсырма беріп отыр. Бұл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауылшаруашылық өнімдерінің экспорт көлемін арттыруға негіз болмақ. Осы себепті облыста суармалы жерлерді қалпына келтіру, айналымға қосу бағы­тында жобалар жасалып отыр.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айдар Абдуалиевтің айтқанындай, өткен жылдың 1 қарашасындағы есепте облыста 249,8 мың гектар суармалы жерлер тіркеліп, оның көлемін 300 мың гектарға жеткізу туралы тапсырмаға сәй­кес, қосымша жерлерді ен­гізу мүмкіндіктеріне зерттеу жүр­гізілген. Нәтижесінде, суар­­­малы жерлердің көлемін 300 мың гектарға жеткізу үшін қосымша жаңадан 116 мың гектар жерді қосу қажет екендігі анық­талды. Олардың ішінде, пайдаланылмай тұрған 29 мың гектарды айналымға қосу жобасын атап өтуге болады. Өткен жылы осы жоба бойынша су ны­­сандарын құ­жаттандыру жұ­­мыс­тары толық аяқталып, респуб­­ликалық меншікке өт­кізіл­ді. Жобаның техни­калық-эконо­микалық негіздемесі әзір­лен­ді, оның жалпы құны – 13,4 млрд теңге. Жоба Азиялық Даму Банкінің қарыз қаражаты есе­бінен іске асырылатын болады.

Екінші мүмкіндік, 87,5 мың гектар жаңадан суармалы жерлерді анықтап, қосу ар­қылы жүргізуге болады. Со­ның ішінде бірінші кезекте бас­қарма мамандары Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне жаңа 51 мың гектар суармалы жерлер  ұсынған. Сонымен бірге, қосымша 36 мың гектар жаңа­дан суармалы жерлерді анықтап, қосу жұмыстары жүр­гізілетін болады. Осы мақсатта бұрынғы кезеңдердегі суармалы массивтерді ашу жоспарлары туралы архив материалдары қаралып, жаңа кіші массив ашу мүмкіндіктері және қазіргі пайдаланылмай тұрған жерлердің көлемдері алдын ала зерттелді.

«ҚазСуШар» кәсіп­орны­ның ақпара­тына сәйкес облыс­та жобалық көлемі 223 мың гектарды құрайтын 6 массив бар болса, (Түгіскен массиві 35,8 мың гектар, Жаңақорған-Шиелі массиві 38,8 мың гектар, Қызылорда оң жаға массиві 26,3 мың гектар, Қызылорда сол жаға массиві 91,2 мың гектар, Қазалы оң жаға массиві 12,8 мың гектар, Қазалы сол жаға массиві 17,7 мың гектар) бүгінгі күні осы массивтердің 34%-і пайдаланылмайды. Осы массивтерді және қосымша жаңа алаңдарды айналымға қосуға мүмкіндіктер бар. Сондықтан, осы жерлердің көлемін айқын­дау, суландыру көздері мен ирригациялық жүйелерді жүргізу мүмкіндіктерін нақты­лап, зерттеу жұмыстары ұйымдастырылады. Бұл жерлерге өнімділігі жоғары, суды аз қажет ететін, сұранысқа ие және су үнемдеу әдістерін қолдана отырып өсірілетін дақылдар егу жоспарлануда. Бұл бағытта облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жұмыс жасайды. Басқарма басшысы аталған жұмыстарға зерттеулер жүр­гізуге қажетті қаржы көлемі анықталғаннан кейін, бюджеттен қаржы бөлу үшін тиісті ұсыныс енгізілетінін жеткізді.

«ҚазСуШар» РМК облыс­тық филиал директоры Болат Арыстанбаев өз кезегінде суармалы жерлер көлемі арт­қан жағдайда облысқа бө­лініп отырған су лимитін то­лығымен жеткізуге мүм­кіндік бар екенін атап өтті. Алайда,  бөлініп отыр­ған лимит көлемін болашақта кемі­тіп алмауды назарда ұстау қажет.

Ол сонымен қатар «Күміс­кеткен» және «Қараөзек» су қоймалары іске қосылған жағдайда су деңгейін сақтауға, үнемдеуге көп мүмкіндік болатынын айтты. Ал сала ардагері Бегеш Жақып суармалы жер көлемін 300 мың гектарға жеткізу өте құптарлық мәселе. Кешегі 90-жылдарға дейін пайдаланылып келген 286 мың гектар суармалы алқаптарға егін егіліп, өнім алынды. Сол алқаптардың, ондағы каналдардың ізі бар. Ал биіктеу орналасқан жерлерге насостар қосқан жөн. Сондай-ақ облысқа бөлінетін су көлемін заңдастырып алу керек» деді.

Арал-Сырдария бассейндік инспек­ция­сының басшысы Әділхан Қарлыханов жаңа­дан ашылатын алқап­тардың су көздерінен алыс ор­на­ласпағаны дұрыс еке­нін айтты. Жиында «Мелиоратор» ЖШС директоры Бердібек Мыханов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов өз ойларын білдірді.

Облыс әкімі «Күміскеткен» және «Қараөзек» су қойма­лары­ның құры­лысын тездетіп бастау бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ал су лимиті бойынша көрші облыстар және рес­публикалармен тиісті шаралар атқарылатын болады. Осы ретте аймақ басшысы күріш егісінің жалпы көлемін 85 мың гектардан асырмау туралы аудан әкімдеріне ескертті. Жобаларға қаржы табуға мүмкіндік барын айтып, сонымен бірге мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік байланысты да қарастыруды  тапсырды. Суармалы жер көлемін арттыруға байланыс­ты ойға алынған бастамалар, қолға алынып жатқан жұмыстар жөніндегі материалдарды облыстық ба­сылымдарда, әлеуметтік же­лілерде жариялап, сала ардагерлері мен мамандардың, жұртшылық өкілдерінің ұсы­ныс-пікірлерін жинақтаған дұрыс. Осы бағытта құрылған облыстық комиссия барлық ұсынысты зерттеп, саралайтын болады.


Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 ақпан 2019 г. 502 0