Жасампаз қаланың жаңа дәуірі

Қызылорда – аумағы жағынан да, халық саны жағынан да қарқынды дамып келе жатқан қала. Қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жаңа нысандар мен аудандардан, тұрғын үйлер мен саябақтардан, көшелерден анық байқалады. Аумақ ұлғайып, тұрғындар тығыз қоныстанған сайын жаңа проблемалардың пайда болуы заңдылық. Оның үстіне «Бәйтерек» шағын ауданынан басқа қаланың шет аймақтары жоспарсыз, ешқандай инфрақұрылымсыз салынған. Жол, жарық, газ, көлік қатынасына қатысты түйткілдер бірте-бірте тарқатылғанмен, уақыт пен қарыштап дамыған технология жаңа мүмкіндіктерді алға тартады.

Кеше Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халық алдында есепті кездесу өткізіп, жылды қорытындылады. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. 

Соңғы уақытта екі ғасырлық тарихын түйіндеп, үшінші жүз­жыл­дығына қадам басқан қала Сырдарияның сол жағалауына қарай ойыса бастады. Бюджет қаржысының 41 проценті – білім, 18 проценті – құрылыс, 14 проценті коммуналдық шаруашылыққа бағытталды. Кәсіпкерлік субъекті­лерінің саны 26 мыңға жуықтады. Облыстағы нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 48,8 проценті Қызылорда қала­сының үлесінде екен. Өйткені облыс орталығындағы тұтынушылардың сұранысы мен ұсынысы арақатынасын есептеген іскер азаматтар өз кәсібін қаладан ашуды қолай көреді.

Қаланың тұрғын үй-комму­налдық шаруашылығы тіршіліктің күретамыры іспетті салаларға жауапты болғандықтан, қыруар жұ­мыс атқарып, көп ретте сынға да ұшырап жатады. Өткен жылы 10 шақырым ауыз су, 7 шақырым кәріз су құбыры қайта жаңғыртудан өтті. «Мерей», «Ақмешіт» шағын аудандарында 12 шақырым кәріз су құбыры қайта жаңғыртылды.

Қалаға қарасты елді мекендерге 56 шақырым ауыз су құбыры тартылды. Бүгінде Қызылорда – республикадағы қалаішілік су құбырлары 70 процентке жуық толық жаңарған, таза жерасты ауыз суын тұтынатын бірден-бір қала.

Бұрын 11 мың гектар болған қала аумағы жаңа жоспар бойынша 20 582 гектарға ұлғайды. Бас жоспарда 2025 жылға дейін қаланың даму бағыттары көрсетіліп, барлық инженерлік инфра­құры­лымдардың сызбаларына өзгерістер енгізілді.

Жеке тұрғын үй құрылысы жаңадан ашылған «Бәйтерек» шағын ауданына қарай дамып, көпқабатты тұрғын үйлер Сырдария өзенінің сол жағалауында салынады. Былтырғы есепті кездесуде «Арай», «Сабалақ», «Эдельвейс» саяжай тұрғындары қала аумағына қосылу, жол, ауыз су, жарық мәселелерін көтерген. Бас жоспарға енгізілген өзгерістер нәтижесінде аталған саяжайлар қала аумағына енгізілді. Бұл аумақтарға тиісті қаржы бөлініп, кезең-кезеңімен инженерлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілуде.

Облыстағы құрылыс жұмыс­тарының 40 % Қызыл­орда қала­сының үлесінде. Қаржы­ландырудың барлық көздері есебінен жалпы ауданы 473209 шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазір 46 көпқабатты тұрғын үй салынуда.

Жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда ауқымды жобалар жүзеге асты.  Қалада 114 көшеге, Ақсуат, Қызыл­жарма ауылдық округтері, Тасбөгет, Белкөл кенттерінде 23 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы автобус паркінің техникалық базасын нығайту мақсатында бірнеше жаңа автобустар алынды. Қала мерейтойына барлық аудандар бірдей атсалысып, парк, скверлерді қайта жаңғыртты.

Қала басшысы мектептердің компьютермен жабдықталуы, интернет же­лісіне қолжетімділігі, «Күнделік» жүйесіне қосылу көрсеткішіне тоқ­талды. Қалаға жақын орналасқан елді мекендерден мектептерге қатынап оқитын  балаларды тасымалдау мәселесі толық шешілген.

Өткен жылы облыстық бюджеттен 35 млн теңге бөлініп, 2 спорттық ойын алаңы, демеушілер тарапынан 2 алаң салынды. Соңғы екі жылда қаламызда 30-дан астам спорт алаңдары іске қосылды. Бұл халықтың спортпен шұғылдану ынтасын арттырып отыр.

Жоғарыда атап өткеніміздей, былтыр атқарылған ең ауқымды мәдени шара –  Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы. Республикалық жас ақындар айтысы, қыркүйек айын­дағы мәдени-көпшілік, жыл аяғындағы қорытынды шаралар тарихи шаһардың жылнамасына жазылып қалды.

Қалада жыл сайын денсаулық сақтау нысандарының саны көбеюде. Демо­графиялық өсімнің көрсеткіші тәп-тәуір. Былтыр 8 мыңнан аса сәби дүниеге келді.

Цифрлық дәуір қала тіршілігіне елеулі өзгерістер енгізуде. Оны пайдалануды уақыттың өзі талап етіп отыр.  «Ипподром» шағын ауданында көпқабатты тұрғын үйлердің инженерлік жүйелеріне демеушілер тарапынан цифрлы есептеме қон­дырғылары орнатылды. Тұрғындар жаңа технологияларды пайдалана отырып, тұтынып отырған коммуналдық қызметтердің сапасын, шығындарын бақылай алады.

Қала көшелерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақ­сатында білім ордаларының тұстарына светодиодты жол белгілері қойылды. Жібек жолы даңғылындағы жаяу жүр­гіншілер көпіріне мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы лифт орнатылды. GPS геодезиялық құралы мен «Ар Гис» бағдарламасын қолдану арқылы жер қатынастарында туындайтын мәселелерді анықтау 15 күннен 2 күнге дейін қысқарды. Халық көп шоғырланатын демалыс орындары мен саябақтарда «Orda Wi-Fi» жобасы іске асырылды. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының қаржысы есебінен тұрғын үйлерге бейнебақылау камералары қойылуда. Бұл жүйеге «Астана», «Мерей», «Ипподром», «Сырдария», «Арай-2» шағын аудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлер қосылды.

Одан әрі қала әкімі алдағы жоспарларымен бөлісіп,  Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жұмыстары Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес жүзеге асатынын айтты. Жаппасбай батыр көшесі бойында 600 орындық мектеп құрылысын аяқтау, сол жағалауда 900 орындық мектептің, «Арай» ықшам ауданында 600 орындық, «СПМК-70» ауданында 600 орындық, Қызылжарма елді мекенінде 900 орындық, «Саяхат» ықшам ауданында 300 орындық мектеп ғимараттарын салу – алдағы уақыттың еншісінде. Одан бөлек, сумен жабдықтау, жол құрылысы, аллея, скверлер салу, «Сыр ана» кешенін қайта жаңғырту, Тұңғыш Президент саябағы мен Рәміздер алаңы аралығындағы жаңа демалыс саябағы құрылысын аяқтау сияқты ауқымды жобалар бар.

Есепті баяндамадан соң облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сөз алып, облыс орталығының келешек дамуына, шешімін күткен мәселелеріне қатысты ойларын айтты. Өткен жылдың қорытындыларына шолу жасады.

– Бізде тек бір күрделі проблема бар, ол – мұнай өндіру көлемінің төмендеуі, кен орындарының ескіріп, скважиналардың сулануы, «қара алтын» өндірудің 11 млн тоннадан 6,5 млн тоннаға дейін қысқаруы. Биыл тағы 1,1 млн тоннаға төмендемек. Осы жағдайлар Елбасының индустриялық-инновациялық бағдарламасының маңыз­­дылығына көзімізді жеткізді. Өңдеу өнеркәсібін дамытып, қиыншы­лықтарды жеңіп келеміз, – деді аймақ басшысы.

Қызылорда өңдеу өнеркәсібін дамытуда республика аймақтарының ең алдына шықты. Ең қарқынды дамып келе жатқан 5 аймақтың қатарында. Инвестиция, құрылыс, шағын және орта бизнесті, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту, әлеуметтік мәселелер бойынша озық көрсеткіштер көрсетіп тұр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, жобалық басқару, цифрлық технологияларды игеру бойынша да жақсы жобалар жасалған.

Кездесуде аймақ басшысы алдағы Қауіпсіздік кеңесінде қаралатын Қы­­зылорда облысына қатысты мәселелерді атап көрсетті. Кеңесте САРАТС жобасының 2 кезеңі, Тасбөгеттегі су торабының ахуалы, «Күміскеткен», «Қараөзек» су қоймалары, мұнай мен газ, газотурбиналық электростанция мәселесі, Байқоңыр қаласының болашағы талқыланбақ.

– Елбасының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін әкімдермен кездесу барысында Сырдарияның сол жағалауына қатысты құрылыс жайын егжей-тегжейлі баяндап бердім. Сондықтан бұл жобаның болашағына күмән болмауы керек.  Өткен жылы  бір шағын аудан салсақ, биыл 3 шағын ауданның құрылысын бастаймыз. Елбасы бізге нақты тапсырмалар берді. Оны орындауға әлеуетіміз жетеді. Алғышарттарымыз да бар. Ал шыны зауытына келсек, пешті жағуды құрылтайшылардың құрамындағы АҚШ компаниясы жүзеге асыру керек еді. Олар өздерінің позициясын өзгертіп, жобадан шығатынын мәлімдеді. Келіссөздер жасалғанша, жобаны тоқтатуға мәжбүр болдық. Енді мәселе шешілді, қыркүйекке таман алғашқы шыныны аламыз, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы Қызылорда қаласы әкімі атқарған жұмыстарға оң баға бере отырып, шағын және орта бизнесті, салық базасын дамытуға қатысты тапсырмалар жүктеді. Қала халқының кәсіпкерлікпен айналысу көрсеткіші төмен. Резервтер бар, жаппай кәсіпкерлікті қолдау үшжылдығының мүмкіндіктерін пайдалану керек.

Коммуналдық мекемелердің жұ­мы­­­сына, әсіресе, «Су жүйесі» меке­­ме­сіне байланысты сын көп. Ма­гистраль­ды су құбырларының 70 проценті жаңар­тылған. Су есептеу, суды көп тұ­тынатын, бірақ ақшасын тө­ле­мей­тін­­дерді анықтау, жауапқа тарту бойынша тексеріс жүргізілмейді. Кәріз жүйесінің исіне төзу мүмкін еместігін тұрғындар айтып келеді. Мекеменің кезекші диспетчер қызметіне шағым көп.

«Қызылорда тазалығы» мен тұрғын үй инспекциясының жұмысына қа­тысты да ескертулер үздіксіз түседі. «Қызылорда электр тораптарын тарату» компаниясының басшылығы қаланың шет аймақтарына қызмет көрсету сапасын арттыруы тиіс. Бірқатар көшелердегі трансформатор пункттерінің жағдайы сын көтермейді.

Облыс әкімі «Бәйтерек» ықшам ауданында әлі күнге дейін игерілмеген жер учаскелерінде желілерді ұрлау фактілерінің орын алғанын айтты. Қыруар қаражат бөлініп, барлық инфрақұрылымы тартылған аумаққа тұрғындар қоныстанбай отыр. Тамыз айында белгіленген 3 жыл мерзім аяқталады да, құрылыс салынбаған учаскелер кезекте тұрған басқа азаматтарға беріледі. Бұл жерде жергілікті полицияның да қырағылығы керек. Қоғамдық тәртіпті сақтау ісіне де халықтың көңілі толмайды.    Қала тұрғындары Жанқожа батыр мен Мұратбаев көшелерінен жерүсті жаяу жүргіншілер көпірлерін, С.Бекшора көшесінен жаяу жүргіншілер жолын салу туралы ұсыныстар айтуда.

Тағы бір мәселе, қаланың ішкі жолдарына қатысты.

– Біз Әл Фараби, Қорқыт ата көшелеріндегі үлкен жолдарды, қалаға кіреберіс көшелерді асфальттадық. Ендігі күшімізді ішкі жолдарға саламыз. Жыл сайын кезең-кезеңмен жүзеге асырамыз, – деді облыс әкімі.

Кездесуде  «Сабалақ» шағын ау­данының тұрғыны Ү.Бәйімбетова газ, жарық мәселесін көтерді. Бұл шағын аудан қала аумағына енгізілді. Енді бұрынғы саяжайдың коммуналдық мәселелерін шешуге заңдық тұрғыдан негіз бар. Ж.Жақыповтың жастар кәсіпкерлігін дамытуға қатысты сауалы да – қазіргі уақыттың үдесінен шығатын мәселе. Өз ісін бастап, кәсіп ашам деген талапкерлерге барлық мүмкіндік бар. Кеңес алудан бастап, бизнес жоспар жасауға дейінгі процедуралар бір ғимаратта жүргізіледі. Қала іргесіндегі Баймұрат батыр аулынан келген М.Асанбаева ауылдастырының мәдениет үйіне мұқтаждығын айтты. Бұл мәселе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында алдағы уақытта шешімін табатын болды.

Кездесуде аға буын ардагерлер қала­ның экономикалық даму қарқыны мен жаңа бастамаларына ризашылық білдірді.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 ақпан 2019 г. 499 0