Жамбылдың домбырасы Жалағашта тұр, біз оны қолымызбен ұстап көрдік

– Біздегі музейде Жамбылдың домбырасы сақтаулы тұр, – деді әріптесім Нұрсұлтан Қазбеков. 

– Рас па? Кәдімгі Жамбыл Жабаевтың ба? 

Ол маған «осы шынымен сенбей отыр ма» дегендей көзілдірігінің астымен сүзіле қарады.

– Рас. Менде толықтай мәлімет де бар, сенбей отырсың-ау, апарып көрсетейін.

– Ойпырмай, жарылып кетпей, осындайларды қалай ішіңе жиып жүресің?! – дедім күліп. Сөйтіп, екеуміз музейге қарай тарттық.


Құрылғанына 20 жыл уақыт болған Жалағаштағы тарихи-өлкетану музейінде 7 мыңға жуық экспонат бар екен. Егер сіз хроно­ло­гиялық ретпен қойылған экспонаттарға үңіле қарап, іштей түйсініп көрсеңіз, үнсіз, сілтідей тынған тұтастай тарих бір-бірлеп сөйлеп қоя берер еді. Іші кең, ауқымды мұндай залда Жалағаш жерін­дегі миллиондаған жыл­дан бергі (археозой  эрасы мен мезозой дәуірінің бор кезеңінен) геологиялық тари­хынан бастап, бүгінгі уақытқа дейін шежіреден сыр шертер, ата-баба қолынан шыққан қолөнер бұйымдары, түрлі дәуір оқиғаларының куәсі болған құнды құжаттар тұр. Сыр бойына белгілі би-батырлардың тұтынған заттары, берірек келсеңіз, кеңес заманы мен Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы жалағаштықтар жеткен жетістіктер... Жер­гі­лікті халық арасынан шыққан, қалың қазаққа белгілі Бұхарбай мен Сәрке батырдың, тұңғыш генерал Нұрілда Әлмағанбетов, Москваның Қызыл ала­ңын­дағы Жеңіс шеруіне қатысқан Ілияс Қарақұлов пен Болтай Тасыбаев, ҚР ҚК әскери-теңіз күштерінің тұңғыш кеме командирі Болат Алтынбаев сияқты ардақтылардың аңызға татитын ерлік істері... Мәдениет пен түрлі шаруашылықтың тасын өрге домалатқан қайрат­керлердің дүниесі... Көзбен көріп, көңілмен ұғын­сақ, бұның бүгінгі ұрпаққа зор тәрбие екені даусыз нәрсе ғой.

Қош. Тақырыпқа ойыссақ. Аудандық музей қорында бірнеше домбыра сақтаулы тұр екен. Солардың ішінде Жамбыл Жабаев пен оның немересі Әлімқұлдың тұ­тын­ған домбырасы да бар екеніне Нұрсұлтанға еріп келген менің көзім анық жетті. Жамбыл Жабаевты бар қазақ таниды. Ал жоғарыда айтылған немересі Әлімқұл жайлы бұрынғы буын білсе де, бүгінгі жастарға ол есім бейтаныс.

Әлімқұл Тоққұлыұлы Жам­былов 1927 жылы қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. Бала кезінен Жамбыл ата­сы­ның тәлім-тәрбиесін көріп өседі. Өз замандастары Манап Көкенов, Надежда Лушникова, тағы да басқа айтыскер, ақын-жыраулармен сөз додасына түскен тұлға. Атасы Жамбыл мен қазақтың басқа да ақын-жырауларына арнап көптеген толғаулар жазған Қазақстанның халық ақыны. Тектінің ұрпағы жарты ғасырдан астам мәдениет саласында еңбек етіп, 2015 жылы өмірден озды. Қысқаша айтсақ, осы ғана. Айтпақшы, мұндай құнды дүние Жалағаш топырағына қалай келген? Осы сұрағымызға орай әріптесім екеумізге музейдің ғылыми қызметкері Марат Шөмекей жыр алыбы тұтынған жәдігердің сырын толықтай айтып берді.

– Бұл домбыраны Әлімқұл Жамбылов ғалым, фольклортанушы, жерлесіміз Мардан Байділдаевқа 1982 жылы Қармақшы ауданында ұйымдастырылған рес­публикалық айтыста сыйға тартыпты. Домбыраны музей қорына Мардан Бай­діл­даевтің қызы Жанат 2006 жылы өткізген. Аталған дом­быраны кезінде ақын-жырау Жамбылдың өзі ұстаған көрінеді. Атасы тарт­қан дом­быра шанағынан басқа бөліктерінің барлығын не­ме­ресі Әлімқұл қайта жөн­деп, қалпына келтірген, – дейді Марат Шөмекей.

Қасиет қонған домбыраны қолға абайлап алып, ұстап көрдік. Жыр алыбы аспабының шанағы қатты ағаш­тан тұтас шабылған сияқты. Музей қызметкерінің айтуынша, музыкалық ас­пап жетісулық үлгіде жа­сал­ған. Шанағы ұзын, бесбұрышты, мойынтұғыр жағы сүйірлеу, түйметұғыр жағы төртбұрышты, екі бүйірі түйметұғыр тұсынан бастап жоғарыға қарай сәл кеңейіп, мойынтұғырына қарай қай­та тарыла түскен. Мойны жі­ңішке әрі ұзын. Арқасы үш­кірлі әрі дөңес. Шанағының беті қара­ғай­мен, ал қапсырма беті жұқа тақтайшамен жабы­лыпты. Дыбыс ойығы адам шынашағының ұшы сияр­лықтай ғана. Құлақ тесік­тері қос шектің ара қашық­ты­ғына ыңғайланып, сәл ғана қиғаштау орналасыпты. Құлақтары мен түй­ме­тұғы­рығы ағаштан жасалған.

Міне, музейдің  басты құндылығының бірі болған Жамбыл бабамыздың домбырасы Жалағаш жеріне осылай жеткен. Ұлттың ұлы мұрасын ұлықтаған Сыр бойына бұл ұлттық  аспаптың орны тым ерекше.

Ержан ҚОЖАС.

Жалағаш ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 ақпан 2019 г. 919 0