Мал басы көбейіп, өнім көлемі артып келеді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық үш басқарманың 2018 жылғы атқарған     жұмыстары баяндалды. Алғашқы кезекте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сейілбек Нұрымбетов Елбасының қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімін 2,5 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасына орай құрылған жоспарға және Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

         Былтыр аймақта 96,6 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Облыс бойынша 184,5 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, негізгі дақыл күрiштің көлемі 87,3 мың гектар болды. Күріштен барлығы 473 422 тонна өнім жиналып, гектарынан орта өнім 54,5 центнерден келді. Өткен жылы шаруашылықтар «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 4 906,7 млн теңгеге 104 дана әр түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Сонымен қатар, шаруашылықтардың өз қаржысы есебінен барлығы 1022,6 млн теңгеге 93 дана әр түрлі ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынған.

          2017 салыстырғанда мал басы, атап айтқанда, мүйізді ірі қара 4,6%, қой мен ешкі 4,5%, жылқы 13,2%, түйе 7,9%, құс 12,7% көбейді. 2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы статистикалық деректер бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында барлығы 40 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 104% құрады.

Былтыр 253 жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуімен 19 кооператив құрылып, 5 кооперативке 167 бас МІҚ малын және 14 200 бас құс алуға 55,2 млн теңге несие берілген. 2018 жылы 23 875,7 мың долларды құрайтын 66 564,9 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, өткен жылмен салыстырғанда 27,2 процентке немесе 5,1 млн долларға артып отыр. Оның ішінде өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі 97,7%.

         Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ахмет Берлібек айтуынша эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы республикалық бюджет есебінен бөлінген 5190,4 мың доза және энзоотиялық ауруларға қарсы облыстық бюджет қаржысына (204,0 млн. теңге) сатып алынған 641 мың доза ветеринариялық препарат облысқа уақытылы жеткізілген. Егу бекітілген жоспарға сәйкес, толық 100% орындалды. Облыс көлемінде 34 мал сою алаңы және 4 мал сою пункті тіркелген.  Мал сою алаңдарында 13551 бас МІҚ, 2159 бас уақ мал, 1653 бас жылқы, 193 бас түйе сойылды. Облыс аумағында 2 мал базары (Қызылорда қаласы мен Шиелі кенті) жұмыс жасайды. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына қарсы эпидемиологиялық маусымда қолайсыз 127 елді мекенде тиісті механикалық тазалау және залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.

         Облыстық табиғи ресурстар мен табиғат реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Шәменов мәлімдегеніндей, 158 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру және пайдаланылмай тұрған 29 мың гектар жерді қайта айналымға қосу жөніндегі, жалпы құны 164,2 млрд теңгені құрайтын 3 жобаны іске асыру жұмыстары жалғастырылуда. Елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету, көлдерді суландыру үшін облыстық бюджеттен 426,8 млн теңге бөлініп, 6 канал (Арал ауданы Ақирек ауылдық округінде Басықара, Бөген ауылдық округінде Балғабай, Бекетай, Стан, Райым ауылдық округінде Бесжарма, Қармақшы ауданында Балажарма) тазаланып, 3 насос қондырғысы  (Бірқазан, Талсуат ауылдары, Кейден ауылдық округі) алынды. Нәтижесінде, елді мекендер аяқ сумен қамтамасыз етіліп, 180 гектар түрлі бау-бақша және көкөніс дақылдарын егуге және Арал ауданындағы Тұщы-1, Тұщы-2, Қаракөл көлдері суландыруға мүмкіндік болды.

         Былтыр облыс бойынша 8186 тонна балық ауланды. Қазір жылдық қуаттылығы 11 мың тонна болатын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Балық өңдеу көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4% артып отыр. Облыс аумағынан 3802,8 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылды.

         Облыс аумағында мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 6,5 млн гектар болса, оның 3,03 млн гектары орманды алқапты құрайды. Орман шаруашылығы саласының 545 қызметкерлері орманды күзету, қорғау және өсімін молайту жұмыстарымен айналысады. Бүгінгі күні, басқармаға қарасты 8 орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме жұмыс жасайды. Мемлекеттік орман қоры жерлерінде 10334 гектарға орман отырғызу жұмыстары жоспарланып, толығымен орындалды. Оның 5 мың гектары Арал теңізінің құрғаған ұлтанында орналастырылды. Орман көлемін арттыру мақсатында ағаш көшеттерін өсіретін 17,8 гектарлық уақытша тұқымбақ ұйымдастырылуда.

         Ал Қызылорда қаласының іргесінде мемлекеттік – жекешелік әріптестік механизмі бойынша тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының қалдықтарды сұрыптау кешені құрылысы жоспарлануда.        

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

"Сыр бойы".

 

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 ақпан 2019 г. 590 0