« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Сенбі күні облысымызға Қазақстанның Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев бастаған топ жұмыс сапарымен келді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мәртебелі меймандарды өңірімізде жүзеге асып жатқан жобалармен таныстырды. Қонақтар мұнан кейін облыстық кәсіпкерлер палатасында болып, аймақ іскерлерімен кездесті.
Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының жетекшісі алдымен облыс орталығындағы «Даму» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» АҚ облыстық филиалының жұмысымен танысты. Осы жерде филиал директоры Жансұлтан Матаев облыс басшысы мен қонақтарға стенд арқылы «Даму» қорының жұмысы туралы айтып берді. Орталық кәсіп иелеріне ақпараттық және консалтингтік қызметтерді тегін көрсетіп келеді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарды қысқаша мәлім еткен филиал директоры өңірдегі кәсіп иелеріне берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау жайын да баян етті.
Аймағымызда Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Ұлттық палата төрағасы Т.Құлыбаев бастаған топ сондай инновациялық жобаны қолға алған «Smart Rubber» ЖШС зауытында болып, оның тыныс-тіршілігімен танысты. «Автокөліктердің тозығы жеткен дөңгелектерін механикалық қайта өңдеу арқылы резеңке ұнтақтары мен жерасты түтіктерін шығару өндірісін ұйымдастыру» жобасын осыдан бір жыл бұрын қолға алған кәсіпкер аталған жобаны Рисмаш ауданында жүзеге асыруда. Нақты кезеңде өндіріс орны толық қуаттылығында жұмыс жасап тұр. Жергілікті зауытқа өндірістік технологиялар желісі Германиядан әкелінген. Мұнда қазіргі күні 40 адам еңбек етіп жатыр. Қысқа мерзім ішінде ел нарығында жоғары сұранысқа ие болып үлгерген өнімді дайындауға небәрі жылына 2 тонна шикізат, нақтырақ айтсақ, ешкімге керексіз тозған дөңгелектер қажет екен. Өндіріс орнына арнайылап ат басын бұрған қадірлі меймандарға зауыт директоры Бижан Жанамқұлов осы ақпаратты жеткізді. Бұған қоса, ол бүгінгі таңда астаналық компаниялар Сыр бойында жасалған сапалы өнімді сұраныс бойынша алдырып, халық демалатын үлкен тынығу орындарын көркейту-көгалдандыру ісіне пайдаланып жатқанын да қуанышпен жеткізді. Нақты кезеңде мұндағы мамандар Шымкент, Ақтөбе секілді ірі қалалардан түскен сұраныс бойынша еңбек етуде.
Өңір экономикасының ілгерілеуіне өзіндік серпін қосатын зауыт өнімінің ерекшеліктеріне келсек, біріншіден, жерасты түтіктерін ауыл шаруашылығы саласы мен жылыжайларда пайдалану егінге қажетті аяқ суды 70 пайызға дейін үнемдей алады. Екіншіден, жоба еліміздегі шикізат қорын едәуір үнемдеуге септігін тигізбек. Ал, ең бастысы, инновациялық жоба Елбасымыз айтып жүрген «Жасыл экономика» принциптері аясында жұмыс жасайды.
Осы зауыт жанынан тағы бір өндіріс орны ашылмақ. Жағымды жаңалықты «КазКор – Полимер» БК» ЖШС атқарушы директоры Ельдар Шаймағамбетов жеткізді. Зауыт ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында іске қосылады. Жаңа зауыттың жалпы құны 4 млрд. АҚШ долларын құрайды. Жобаның инвесторы – жергілікті «Дорстрой» ЖШС. Аталған серіктестік басшысы Мұрат Тілеулиев бұл жобаны Оңтүстік Кореялық «K2 G.B.S» және қазақстандық «K–Smart» компанияларымен бірлесіп жүзеге асырмақшы. Осы үш компания бірлесіп, «ҚазКор-Полимер» атты серіктестік құрған. – Зауытқа қажетті қондырғылар жақын арада әкелінеді. Ал, қажетті шикізат Оңтүстік Корея мемлекетінен жеткізіліп тұрады. Жаңа зауыт жұмысын бастаған кезде 40 жұмыс орны ашылады, – дейді атқарушы директор Ельдар Шаймағамбетов.
Зауыт басышылығы құрылыс нарығында сұранысқа ие пенополиэтилен құбырлары мен жоғары сапалы жылусақтағыш материалдар, түрлі кабельдер мен проводтар шығаруды, сондай-ақ дыбыстың күшін әлсірететін құрылыс материалдарын жаңа технология бойынша өндіруді жоспарлап отыр. Ол толық қуатында жұмыс жасаған кезде айына 60 тонна өнім шығарады. Кәсіпкер болашақта өз өнімдерін еліміз нарығына ұсынуды және шет елдерге экспорттауды жоспарлап отыр.
«Smart Rubber» ЖШС базасында назарға тағы бір тартымды жоба ұсынылды. Бұл «Байқоңыр» ӘКК» Ұлттық компаниясымен бірлесіп қолға алынған астаналық «Waterlab» компаниясының бірлескен жобасы. Мембранды қондырғылар орнату ісін жергілікті «ҚазРосИнновация» компаниясы жүзеге асыруда. Осы жерде қонақтарға аталған жобаның тиімділігі айтылды. Жобаның мақсаты – аймағымыздағы су ресурстарын үнемдеу және ауыз судың сапасын арттыру. Қазіргі күні бұл компания мұндай қондырғыны облыс орталығы мен Жаңақорған ауданының 6 елді мекенінде орнатыпты. Компания келешекте осындай су тазартқыш қондырғыларды барлық ауылдарға, ондағы әлеуметтік нысандарға орнатуды жоспарлап отыр.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының
бизнес алаңында Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының президиум төрағасы және облыс
әкімінің қатысуымен аймақ кәсіпкерлерімен кездесу өтті. Нақты кезеңде облыста
44 мыңнан астам кәсіпорын тіркелген. Өсім өткен жылмен салыстырғанда 18,6 пайызға артып отыр. Т.Құлыбаев мұны жергілікті билік пен
кәсіпкерлер палатасы ортақ жұмысының нәтижесі деп есептейтінін мәлім етті. Осы
орайда аймақ басшысы Қ.Көшербаев шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға
мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатқанына тоқталды. «Бизнес жоспардың жоқтығынан мемлекет
берген мүмкіндікті кәсіпкерлердің көпшілігі пайдалана алмай келеді. Бұл
саланың бойына енді ғана қан жүре бастағандай. Бұған қоса, облыста металлургия
кластерін қалыптастыру бағытында қыруар шаруа атқарылып жатыр. Бұл
болашағымызға бағдар болмақ», – деді Қ.Көшербаев.
Жиында кәсіпкерлер палатасының басшысы Дінмұхамед Әбсаттаров биылғы жылдың 5 айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы хабарлама жасап, облыстағы кәсіпкерлікті дамытудың бағыттары туралы баян етті. Сондай-ақ, басқосуда алдағы маусым айында Астанада өтетін ҚР ҰКП І съезіне Сыр өңірінен баратын бизнес өкілдері мәлім болып, съезд делегаттарының есімдері аталды. Бұған қоса, осы кездесуде облыс кәсіпкерлерінің ұсыныс-пікірлері талқыланды.
Жиынды қорытындылаған ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Т.Құлыбаев облыстың инвестициялық ахуалын көтеруге кәсіпкерлерді кеңінен тарту қажеттігін жеткізіп, бизнес қауымдастығының алдында салмақты жауапкершілікті қажет ететін бірқатар маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |