Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті: Үкіметтің барлық жұмыс нәтижесін халық сезінуі тиіс

Кеше Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңей­тілген отырысы өтті.

Онда еліміздің әлеу­меттік-эко­номикалық даму барысы тал­қыланып, экономика­лық өсімді одан әрі қамтамасыз ету жөніндегі шаралар айқындалды.

Отырысты ашқан Қазақстан Президенті 2018 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық көрсеткіштердің жақсара түскенін атап өтті.

– Экономикалық өсім 4 пайыздан асты. Жалпы, сауда саласында – 7,6 пайыз, көлік саласында – 4,6 пайыз және өнеркәсіпте 4 пайыздан астам өсім бар. Өзге салаларда да жақсы қарқын байқалады. Жылдық инфляция 5,3 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 17,2 пайызға артты, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Үкімет, Ұлттық банк және өңірлердің әкімдері дамудың жақсы көрсеткіштеріне қол жеткізуге жол ашқан ауқымды жұмыстар атқарғанын атап өтті.

– Ең төменгі жалақы көлемі 1,5 есе өсті. 500 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. 113 мың отбасы жаңа баспанаға ие болды. Кәсіпкерлік үшін мейлінше қолайлы жағ­дайлар жасалды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Еліміздің қаржы және банк секторындағы мәселелерді уақы­тылы шешу қажеттігіне назар аударылды.

– Соңғы 3 жылдың ішінде банкротқа ұшырағалы отырған кәсіпорындардың саны 3,7 мыңға дейін, яғни 2 есеге жуық өсті. Қазір олардың қарызы 4 триллион теңгеден асты. Шағын бизнеске шектен тыс көп несие берілді. Бизнестің дамуына қарыздың көптігі мен өз капиталының тапшылығы кедергі келтіруде, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы банкроттық рәсімді жеңілдету және оның ашық болуының деңгейін арттыру маңызды екенін атап өтті.

– 5 жыл ішінде заңнамаға 30 өзгеріс енгізілсе де, жағдай жақсарған жоқ. Банкроттық рәсім қаржылық сауықтыру шараларын қолдануға мүмкіндік бермейтін кезеңде қолданылады. Үкімет және Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың тікелей өзі өңірлер мен кәсіпорындар бойынша осы мәселелерді нақты әрі жүйелі шешу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев экономикадағы көлеңкелі айналыммен күресу мәселелеріне тоқталды.

Халықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселесіне ерекше назар аударып, Үкімет пен әкімдіктер алдына бірқатар міндет қойды.

– Менің тұрмыс сапасы мәселесін мемлекеттік басымдық ретінде белгілегенім кездейсоқ емес. Өңірлерге жиі барамын және жергілікті жерлерде жұртшылықты қандай мәселелер алаңдататынын жақсы білемін. Тұрмыс сапасы абстрактілі ұғым емес. Бұл дегенің – тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, экология, жол, қоғамдық көлік, қауіпсіздік мәселелері. Менің тапсырмам бойынша, Президент Әкімшілігі әлеуметтік зерттеулер нәтижесінің негізінде еліміздің Проблемалы мәселелер картасын жасады. Онда әр өңір бойынша жолдар, ауылдардың сумен қамтылуы, ауруханалар, мектептер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және желілер жағдайы тәрізді жүйелі әрі инфрақұрылымдық проблемалар қамтылған. Осы сияқты мәселелерді шешуге күш жұмылдырған жөн. Әзірленген картаны Үкіметке беру керек. Ең алдымен, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Отырыс барысында тұрғын үй салу және оған халықтың барлық санатының қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажеттігі айтылды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы миллионнан астам тұрғыны бар қалаларда жастарға арналған жалдамалы пәтер салу, халыққа сапалы білім беру ісін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Еліміздегі денсаулық сақтау жүйесінің жақсы дамып келе жатқаны айтылды.

– Шалғай ауылдарда жылжымалы медициналық тексеру орындарын ұйымдастыруға болады. 3 жыл ішінде жедел жәрдем қызметін автомобильдермен және реанимобильдермен қамтамасыз ету ісін шешу керек. Осының бәріне 27 миллиард теңге бөлу қажет. Әкімдер 2020 жылдың аяғына дейін инвентаризациялау негізінде, ең алдымен, аудандық ауруханалар мен емханаларды қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етуі қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы әлеуметтік қолдау көрсету ауқымы айтарлықтай өскенін атап өтіп, Үкіметке 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін әлеуметтік төлемақылардың орташа мөлшерін 30 пайызға дейін арттыруды, сондай-ақ мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде Ұлттық жоспар қабылдауды тапсырды.

– Прокуратура еңбеккерлердің еңбек құқығына қатысты 37 мыңнан астам заң бұзушылықты анықтады. Соның ішінде еңбекақы жөніндегі қарыздар, еңбек ету жағдайы қауіпсіздігінің бұзылуы, жалақының дұрыс есептелмеуі, денсаулыққа зиян келтіретін жағдайларға байланыс­ты қосымша төлемақының берілмеуі, шетелдік кәсіпорындарда жұмыс істейтін азаматтарымыздың құқықтарының шектелуі сияқты мәселелер бар. Үкімет, әкімдер мен прокуратура органдары бұл мәселені қатаң бақылауға алуы тиіс, – деді Елбасы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің барлық жұмысының нәтижесін халық сезінуі тиіс екенін атап өтіп, «Қазақстан – 2025» стратегиялық даму жоспарына сәйкес, 2019 жылғы Министрлер кабинеті жұмысының тиімділігі жөніндегі негізгі критерийлерді бекітті.

– Экономиканың тұрақты өсімін 4 пайыздан кем емес деңгейде қамтамасыз ету керек. Озық 30 елдің қатарына қосылу үшін болашақта 5 пайыздық көрсеткішке қол жеткізу қажет. Ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 28,2 пайызға дейін жеткізген жөн. Шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер көлемінің өсімін 24,7 миллиард долларға дейін, еңбек өнімділігінің өсімін 2016 жылғы мөлшерден 12,3 пайызға, инвестиция өсімін ішкі жалпы өнімнен 16,8 пайызға дейін жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Өсімнің инклюзивті моделі аясында тұрғындардың орташа жан басына шаққандағы нақты кірісін 2016 жылғы көрсеткіштен 6 пайызға дейін арттыру керек, – деді Мемлекет басшысы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 қаңтар 2019 г. 320 0